Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сот сарапшысының кәсіби әдебі

28.02.2020, 11:47 1146

Қазіргі қоғамда сот процесінде маңызды рөл атқаратын дәлелдемелердің бірі сот сарапшысының қорытындысы болып табылады. Ал осындай маңызды құжатты беретін арнайы ғылыми білімі бар және заңда белгіленген өзге де талаптарға сай келетін, өзіне сот сараптамасын жүргізу тапсырылған, іске мүдделі емес жеке тұлға сот сарапшысы деп аталады.

Кез келген қызметті алып қарайтын болсақ, әр қызметтің, әр мамандықтың өз әдебі, өз тәртібі болатыны белгілі және әр қызмет иесі осы талаптарды сақтай білуі керек. Осы орайда аталған мақалада сот сарапшысының кәсіби әдебі жөнінде сөз қозғайтын боламыз.

Жалпы, әдеп нормалары адамзат қоғамының пайда болуынан бастап қалыптаса бастаған. Өткен ғасырдың 70-жылдары қылмыстық сот ісі субъектілерінің этикасы мәселелерін жасауға деген белгілі бір қызығушылық байқалды. Бұған дейін негізінен тергеушінің, прокурордың, соттың кәсіби әдебінің мәселелері қаралған. Ал сот сарапшысының қызметі үлкен қоғамдық резонанс туғызбағандықтан, ғалымдардың жұмыстарында сарапшының кәсіби әдебінің мәселелері тиісінше көрініс таппаған.

Бұл мәселе соңғы жылдары ғана қолға алынып, нәтижесінде Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2017 жылғы 27 наурыздағы №304 бұйрығымен «Сот сарапшысының әдеп кодексі» бекітілді. Аталған Кодекс «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 ақпандағы №44 Заңы негізінде әзірленген.

Мұнда сот сарапшысы қызметінің этикалық принциптеріне тәуелсіздік, адалдық және объективтілік, әдептілік, кәсіби құзыреттілік, мінсіз мінез-құлық, ниеттестік, ақпараттың құпиялығы жатқызылған. Бұл принциптер Кодекстің 2-тарауының 5-бабында көрсетілген, тарқатып айтсақ, сот сарапшысы өзінің лауазымдық міндеттерін орындау кезінде мынадай принциптерді сақтауы тиіс:

  1. тәуелсіздік:

сот сарапшысының тәуелсіздігі оның сот ісін жүргізуге қатысушылардың кез келгеніне: сараптама тағайындаған тұлғаларға, істің нәтижесіне мүдделі тараптар мен басқа да тұлғаларға қатысты тәуелсіздік пен турашыл көзқарасты ұстануын ұйғарымдайды. Сот сарапшысының тәуелсіздігі олардың қызметінің негізге алынатын принципі болып табылады;

  • адалдық және объективтілік:

сот сарапшысының адалдығы және объективтілігі оның кәсіби және жеке мінез-құлықтың мінсіз нормаларын ұстануын, өзінің тұжырымдары мен шешімдерінде тұрашылдықты сақтай отырып өз жұмысын білікті, ұқыпты орындауын ұйғарымдайды. Оның тұжырымдары мен сарапшылық қорытындыларына ағат түсінік немесе оған жасалатын қысым емес, тек қана заңды және шынайы ақпарат қана негіз болуы тиіс;

3) әдептілік:

сот сарапшысы адамдарға тілектес, өзінің кәсіби қызметіне ұқыпты және адал болуы, өзінің абырой-атағымен өз мүддесін білдіретін ұйымның абырой-атағын нығайтуы тиіс;

4) кәсіби құзыреттілік:

сот сарапшысы біліктілігі мен жұмыс сапасын, процестік заңнаманы, нормативтік-құқықтық актілерді, әдістемелер мен әдістемелік ұсыныстарды, оқу құралдарын білудегі білімдерін ұдайы арттырып отыруы, сондай-ақ практикалық дағдыларын жетілдіріп отыруы тиіс;

5) мінсіз мінез-құлық:

сот сарапшысы сот сараптамасы органының беделін нығайтуға әрдайым жәрдем көрсетіп отырады, құқықбұзушылық жасамайды және өзінің беделі мен сот сараптамасы органының беделіне зиян келтіретін мінез-құлықтан аулақ болады. Сот сарапшысы өзінің кәсіби қызметінде заңнама нормаларын, өзінің лауазымдық міндеттерін және жалпыға бірдей этикалық нормаларды бұлжытпай басшылыққа алады;

6) ниеттестік:

сот сарапшысы, өзінің немесе мекеменің беделіне нұқсан келтіруі, мүдделер жанжалын туындатуы, сот сараптамасы органының қызметіне тікелей немесе жанама түрде зиян келтіруі мүмкін жөнсіз қызметке тартылмауы тиіс;

7) ақпараттың құпиялығы:

сот сарапшысы сот сараптамасын жүргізуге байланысты істің мән-жайлары туралы өзіне мәлім болған мәліметтер мен өзге де мәліметтерді жарияламауы тиіс.

Бұл ретте сот сарапшысының қызметіне қойылатын талаптар мемлекеттік сот-сараптамалық мекемелердің қызметіндегі ұзақ тәжірибе негізінде жасалғандығын айта кету керек. Аталған нормалар біздің елде, сондай-ақ шетелде сарапшыға тән дәстүр мен мәдениеттің ажырамас бөлігі болып табылады.

Сот сарапшысының Кодекс талаптарын білуі және сақтауы олардың кәсіби қызметі мен еңбек тәртібінің сапасын бағалаудың бірден-бір критериі болып табылады.

Сонымен қатар, «Сот-сараптама қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2017 жылғы 10 ақпандағы №44 Заңының 11-бабына сәйкес сот сарапшысы сот-сараптама қызметін жүзеге асырған кезде сот сарапшысының әдеп кодексін сақтауға міндетті.

Мереке Сакупова,

Қызылорда облысы бойынша Сот сараптамасы институтының бас сарапшысы  

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: