Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Алаяқтық астыңдағы атыңды алады

26.02.2021, 13:00 818

Қазақта «араны ашылды» деген сөз бар. Қазіргі таңда өзгенің қалтасын аңдыған қаскөйлердің сол араны ашылып отыр десе де болады. Тіпті олармен күресуге қалалық Полиция басқармасы да дәрменсіз екен. Өткен жылғы алаяқтық жолмен жасалған қылмыстардың басым бөлігі ашылмай, жабулы қазан күйінде қалған. Алаяқтардың басты құралы әлеуметтік желі болып отыр. Одан бөлек, ЖСН номер арқылы шағын несие алып та алдыңды орап кетуі әбден мүмкін. Осы тұрғыда, Қызылорда қалалық прокуратурасының ұйымдастыруымен алаяқтық әрекетпен жасалатын қылмыстардың алдын алу бойынша жедел мәжіліс өтті. Онда қаладағы қылмыс ахуалы айтылып, алаяқтықты жою жолдары талқыланды.

– Бүгінде өзге қылмыстармен бірге азаматқа моральдық және материалдық зиян тигізетін қылмыстардың бірі алаяқтық қылмысы өршіп тұр. Аталған қылмыс жылдан-жылға түрленіп, ерекшеленіп келеді. Бұл қылмыстың ерекшелігі – меншік иесі мүлкін қылмыскерге өз еркімен береді. Олардың айла-тәсілдері сан алуан. Қазіргі заманда алаяқтар алдап-арбаудың әртүрлі жолын ойлап тапқан. Әсіресе, қылмысты интернет арқылы жасау көбейгенін айта кеткен жөн. Біз бұл қылмысты толықтай жойып, алаяқтардың алдын алуымыз керек, – деді Қызылорда қаласының прокуроры Ағыбай Жақанов.

Бүгінде қаламыздағы кримогендік ахуал тұрақсыз болып тұр. Ресми деректерге сүйенсек, қала көлемінде 2021 жылдың екі айында 505 қылмыстық құқықбұзушылық тіркелген. Жауаптылардың айтуынша, қылмысты тоқтатуға қалалық Полиция басқармасы қауқарсыздық танытып отырған көрінеді. Алаяқтық қылмысты көбінесе бұрын сотталған азаматтар жасайды екен.

– Өткен жылдың екі айымен салыстырғанда алаяқтық қылмысының деңгейі 84%-ға өскен. Облыс орталығындағы қылмыстық ахуал ауыр сипаттағы қылмыстарға тосқауыл қоюға қаурқары жеткіліксіз деуге толық негіз бар. Бұл қауіпті жағдай. Алаяқтық қылмыстың ең көп белең алуы интернет ресурстары арқылы болып жатыр. Осы тұрғыда, Қызылорда қалалық Полиция басқармасы криминалды полиция бөлімінің осы сарындас қылмыстарды ашуда дәрменсіздігі анық байқалады. Өткен жылдың екі айындағы қорытынды бойынша, жасалған алаяқтық қылмыстар саны 160%-ға өскен. 99 қылмыстан небәрі біреуі ғана сотқа кеткен. Төртеуі өндірісте тоқтатылып, қалған 94 тұлға анықталмаған. Бұл қылмысты жасауға бейім адамдарды тиісті бақыламағандықтан да тұрақсыздық болып отыр деуге болады, – деді қалалық прокуратураның қылмыстық қудалау бөлімінің бастығы Бақай Тоғысұлы.

Сондай-ақ, бөлім бастығы қылмысты азайтудың бірнеше жолын ұсынды. Жергілікті атқарушы органдарға қала аумағындағы тұрғындарды толықтай жұмыспен қамтуды қолға алу, әсіресе, бұрын сотталғандарды жұмысқа тартып, оларды бақылауда ұстауды ұсынды. Сонымен қатар, ұялы байланыс операторларымен меморандумға отырып, жәбірленушілердің қаражаттары нақты қай жерден және кіммен шешілгенін дереу анықтауға көмектесуге шақырды.

Қызылорда қаласының әкімдігі тарапынан да алаяқтық қылмыстың алдын алу үшін біршама халыққа ескерту жұмыстары жүргізілген екен. Прокуратура тарапынан бұл жұмыстарды одан әрі көбейтуді ұсынды. Сондай-ақ, прокурор қылмыстың ашылу деңгейі өте төмен екенін айтып өтті.

Жалпы, қала халқы алаяқтық қылмысының түр-түрімен кездеседі. Жиында соның ішіндегі ең көп таралған алаяқтық қылмыстар да аталды. Әртүрлі хабарландыру беріп, тауар сататын сайттарда алаяқ сатушыға хабарласып, тауарының көңілінен шыққанын айтып, төлемді алдын ала жасағысы келетінін ескертеді. Сөйтіп, банк карточкасының номерін сұрап алып, телефонға келген 4 санды кодты айтуды өтінеді. Жәбірленуші әлгі кодты айтқан кезден-ақ алаяқ карточка ішіндегі ақшаны еш қиындықсыз шешіп ала алады. Осылайша, көптеген тұрғын қалтасында тұрған қаражаттан айырылып қалуда. Одан бөлек, кез келген адамның ЖСН номері арқылы шағын несие беретін компаниялардан онлайн несие алып, ақшаны қалтасына басады. Бұл жағдайда қылмыскер шетелде болуы да мүмкін. Бұл оның қылмыс жасауына кедергі келтірмейді. Осы тұрғыда, прокуратура өкілдері тұрғындарға 4 санды кодты және басқа да жеке құжаттарын танымайтын адамдарға бермеуді, көрсетпеуді сұрайды. Одан бөлек, қаржы пирамидасына ұрынып жүргендер де жетерлік екен.

Жауапты мамандарға жоғарыдағы мәселе бойынша онлайн несие алу кезеңінде FACE ID тектес құралдарды пайдаланып, несие алып жатқан адамның өзі екеніне көз жеткізуді заңдастыру ұсынылды. Сонымен қатар, тұрғындарға алаяқтық түрлерін толықтай хабарлап, жеткізудің маңыздылығын атап өтті. Қала прокуроры жедел отырыста көтерілген мәселелер толығымен шешілу керектігін айтып, сала басшыларына тапсырмалар берді.

Айдың күні аманында Полиция басқармасының алаяқтарға еркіндік беріп қойғаны кімді болмасын алаңдататыны белгілі. Заман дамып, жергілікті полицейлер сол ағысқа қосыла алмай қалған секілді. Алайда алдағы уақытта осы мәселе бойынша біршама шешімдер қабылдап, арнайы топ жасақтайтынын мәлімдеді. Бұл қатердің алдын алуды жеделдетпесе, жағдай ушығып кетуі мүмкін. Бәлкім, полицейлер айтқан арнайы жасақ қылмыспен күресуде сапалы көрсеткіштерге қол жетізер. Әліптің артын бағайық…

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: