Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Вакцина салдырасыз ба?

18.02.2021, 12:30 580

Екпе ектіресіз бе? Иә, бұл сауал осы уақытта өте өзекті болып тұр. Салдырмауға да болады. Жалпы, процесс ерікті түрде жүзеге асады делінген. Ол енді әр адамның өз құқығын толық қорғай алуына байланысты шығар. Оған дәлел бұға берсең, сұға беретіні бар емес пе? Бірақ, кейін белгілі бір өкінішті оқиғаларды «салдырмаудың салдары» деп бағалайтындар табылып жатса, сіз де таңғалмаңыз. Айтпақшы, қазір вакцина алу тегін. «Кейін ақылы түрде жүзеге асуы мүмкін» деп болжағандар баршылық. Пандемияның әдепкі дүмпуінде бетперденің бағасын бақылай алмай, «бетпердеміз» біраз ашылған-ды. Сондықтан биліктен қандай қадам боларын дөп басып айта алмаймыз. «Мәселе ақшада емес» деп басталатын денсаулыққа қатысты бірқатар сөйлемдермен таныс шығарсыз. «Тегін екен» деп елдің бәрі екпе ектірмейтіні айдан анық. Жалпы, вакцинаны мәжбүрлі түрде салып жатқан мемлекеттер де бар. Ал, осы уақытта «біздің жұртшылық басқаға сенсе де, ғалымға сенбейді» деген сарындағы әңгіме тарады. Ол да рас шығар, вакциналар арасында отандық өнімнің де аты аталды…

«Дәрігерге сенетін, дәрі ішіп емделетін, осы «вакцина қашан шығады?» деп күткен, вакциналар туралы шыққан жаңалықтың бәрін оқып отырған адам ретінде вакцина алуға қарсылықты түсінбедім. Адамзат тарихында вакциналаудан халық қырылған кез болмаған һәм осындай кең таралған вирустан вакциналаусыз құтылған да кез болмаған!» дейді журналист Алмас Алтай. Шешім шығарып, кесімді пікір айтудан аулақпыз. Десе де, айтылған сөздің жаны бар секілді көрінеді.

Ел көңілі елеңдеп тұрған шақта «Halyqline.kz» сайты «Вакцина салдырасыз ба?» деп сұрау салды. Жауап нұсқалары мынадай:

* Иә, пайдасы болатынына сене­мін;

* Мәжбүрлесе ғана салдырамын;

* Жоқ!;

* Бізді кім тыңдайын деп жатыр?;

* Ойланып жүрмін.

Бұл – 5 нұсқа. Сіздің де өз нұсқаңыз бар шығар.

Сонымен, сауалнама қорытындысына келейік. «Бізді кім тыңдайын деп жатыр?» деген нұсқа 8% ғана дауыс жинады. Яғни, билік пен халықтың арасында байланыс бар екенін, екеуара диалог орнайтынын растайтындар бар екен. Сауалнамаға қатысқандардың 9%-ы «Мәжбүрлесе ғана салдырамын» деп отыр. Осы мәжбүрлеу дегеннен біраз нәрсе шығады. Рас, сөз басында айтқанымыздай, вакцинация – ерікті түрде жүзеге асатын процесс. Десе де, шаш ал десе, бас алатындар немесе статистиканы «оң жамбасына» ыңғайлы еткісі келетіндер бәрін құртады. Бастысы, сенімнен айырады. Өйткені, ауысымдық жұмыс істейтіндер арасында екпе ектірмегендерді жұмысқа шақыр­май жатқан көрінеді. Қарап тұрсаң, бұл бір жағынан – мәжбүрлеу, екінші жағынан – өзінің және жұмысшылардың қауіпсіздігі.

Әлгінде сенім деп қалдық. Үміттің ең соңында ғана өлетінін бәріміз жақсы білеміз. Медицинада науқастың психо­логиялық тұрғыда беріліп қал­мауы да өте маңызды. Сондықтан көптің арасында вакцина алуға өз аяғымен бара­тындардың да саны аз болмайтыны әуелден-ақ белгілі еді. Сонымен, «Иә, пайдасы болатынына сенемін» дейтіндер қатары 15%-ды құрады. Осы орайда айта кетуіміз керек, екпе ектіруді министрлер, облыс әкімдері, түрлі басқарма басшылары бастап бергендей сыңай танытты. Тіпті, кейбірінің екпені өтірік салдырып отырғаны фото арқылы елімізге  кеңінен  тарап  кетті. Қалай десек те, бұл жағдайлар елеңдеп отырған елдің аптығын баспай, күдігіне күдік қосқандай  әсер  қалдырды.

25% жинағанына қарағанда «Ойланып жүргендер» саны да аз емес екен. Әрине, вакцина бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға салынып басталды. 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарияларға екпе егілмейді. Сондықтан ойлануға уақыт бар.

«Вакцина салдырасыз ба?» деген сұраққа  «Жоқ!» деп жауап бергендер – 43%. Бұл – ең жоғарғы нәтиже. Демек, сауалнамаға қатыс­қандардың арасында «вакцина құт­қармайды» деп ойлайтындар көп болып  тұр.

«Халықтың» сауалнамасы – халық­тың ойы, пікірі, көзқарасы. Бұған ешкімнің күмән-күдігі, талас-тартысы жоқ шығар. Жариялық пен ашықтық азаматтық қоғамды орнату, азаматтық пікірді дамыту жолында ауадай қажет. «Halyqline.kz» сайты алдағы уақытта да ел ішіндегі өзекті жаңалықтарға, жайттарға байланысты сауалнаманы тұрақты түрде ұйымдастыруды мақсат етіп отыр. Барлық оқырмандарды белсенді болуға, әділетті болуға шақырамыз!

Сондай-ақ, +77001962000 WhatsApp нөмірі арқылы бізге кез келген мәселеңізді жолдай аласыз. Біз оған жауап­ты мекеменің назарын аударамыз, шешілуіне мұрындық боламыз! Ел сенетін белсенді бар. Ол – сіз! Сын болсын, бірақ шын болсын!

Рыскелді СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: