Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жаңғырған уақытқа жаңа көзқарастар керек

27.02.2020, 12:05 891

Сайлаубай  ЖҰБАТЫРҰЛЫ,

жазушы,  эколог

6 ақпан 2020 жылы «Халық» газетінде жарияланған «Толғағы жеткен мәселе» атты көлемді мақалаға орай, (республикалық «Айқын» газетінде, бұл  дүние  сәл  қысқарған нұсқада, 11 ақпан күні тағы жарық көрді) Аралдағы ағайыннан, мақала авторы ретінде, маған бірнеше сұрақтар келді. Олардың негізгілері: көп уақыттан бері ұсынылып келе жат­қан бір деңгейлі Кіші Арал қалай көңіл­дегідей жүзеге аса алады? Бүгінгі таңда­ сол үлкен проблема кешенінде «Көкарал» бөгетін құтқарып қалу, Сыр бойындағы аса ауқымды су ысырабы­на тоқтам салу және кепкен Аралдың кей аумағын Үлкен теңіз сорына кетіп жатқан су есебінен көтеріп алу мүмкіндігі бар ма?

Ең алдымен, елдегі ағайынның айтылған мәселелерге шын ынталы ықыласы үшін ризашылық сезімін білдірсем деймін! Және жоғарыдағы сұрақтарға, сол мақала ізімен, «Халық»  газеті арқылы мүмкін жауап­тар қайтарған ретті деп отырмын.

Бір деңгейлі Солтүстік Арал теңізі жүзеге асуы керек. Бұл – халық талабы­. Балықшы жұрт өз кәсібінде айдалаға қаңғып, басын бәйгеге тіге жүріп балық аулауы – келеңсіз, тіпті, қасірет әкеліп жатқан жағдай. Бүгінгі жартыкеш Кіші Арал елді осыған мәжбүрлеп отыр. «Сарышығанақ» салын­са, бұл проблема солай сан жылдарға қала береді. Сондықтан да, алда-жалда, Кіші Арал көтерілмейтін болса, «Сарышығанақтың» бол­ғанынан  болмағаны  жақсы.

Аталған мақалада да біршама айтыл­ды: дария ағысы етегін орып жатқан «Көкарал» бөгетін құтқару үшін аймақ басшылығы осы күні бір қауым жұмыстар атқарып жатыр. (Әйтпесе, әупірімдеп жинап, елге 15 жыл мақтан мен талғажау болып келген Кіші Аралдың 30 текше шақырымдай суынан бір сәтте айырылып қалу қаупі анық). Бар екпіні бөгетке түсіп тұрған дария ағынын жоғарырақтағы Тұщы көлі арқылы Сары­терең (Бөген басаты), төменіректегі Қарашалаң (көлі) Тәуір, Сафуан және бұрынғы Тікаша өзегі бағыттарымен кіші теңізге құлату жұмыстарының техника-экономикалық, жоба-сметалық  құжаттары дайын. (Бұл облыс дамуының 2019-2022 жылдарға ар­налған кешенді жобасында қарас­тырылған және кеше өткен аймақ басшысының есепті жиналысында да айтылды). Сөйткен жағдайда, Сыр аяғына  да, кіші теңіз бойына да едәуір­ оң шаруашылық, экологиялық, әлеуме­ттік өзгерістер келеді. Әйтсе де, 15 жыл өтпей-ақ сыр бере бастаған «Көкарал» бөгетінің проб­лемасын біржолата жабу үшін оны түбегейлі бітеп, теңіздің артық суын Ақбасты ауылы маңынан салынатын шағын шлюзбен реттеу жайы баяғыдан айтылып келеді. Бұл – бір деңгей­лі Кіші Арал нұсқасымен шешілетін жайт. Әйтпесе, «Көкаралдың» қатерлі қаупі болашақта да әр нұсқада алдан шыға берері сөзсіз.

Бірнеше жылдан бері айтылып, «жауыр болған», үлкен теңіз сорына құлап  кетіп жатқан балықты қорғау ісі де, жоғарыда аталған жоба бо­йынша қолға  алына  бастады…

Ал жыл бойы үлкен теңізге кетіп жататын көп судың бір бөлігімен Кіші Аралдың тағы бір жаңа аумақтарын тірілте беруге бола ма деген сұраққа төмендегіні айтар едім: «Көкаралдың» бүгінгі 42 метрлік деңгейінен су бір 0,5-1 метр ғана биігірек ұсталғанда, «кемелер қорымы» аталған көне Мергенсай алды, Бірлестік ауылы іргесіндегі терең басат, Ақбасты (Ауан) ауылының шығысындағы үлкен ұлтан суға толып, оған балық, аң-құс айналып, пішен шығып, ел мен жерге  көп  игілік келген болар еді. Осының бәрін бір-ақ шешіп береті­н, бөгеті 46 метр деңгейде жоспарлап басталған Кіші Арал жұмысы 2005 жылы неге 42 метр төмен межеде­ шектеліп қалғаны түсініксіз? Міне, осы сұраққа әлі күнге жауап жоқ. Кезін­де сәл көтерілген теңізге қуан­ған жұрттың осыны індетіп сұрау ойын­а да келмеді-ау деймін. Бүгін елден­ есіткен күмәнім бойынша, «Көкаралды» солай төмен салғанда, түбі, уақыт өте, «Сарышығанақ» деген­ жартыкеш амалға қайта айналып соғу ниеті болған емес пе? Өйт­кені «Сарышығанақ» бөгетін 46 метр­лік тереңнен гөрі, 42 метр шалшықта салу оңайырақ шығатын сияқты ғой…

«Ақлақ» бөгетінің басшылығына «Көкарал шлюзін 42,5 м. көтеріп көріңдер, басаттарға су барсын» деп талай айтқанымда, олар бұл құры­лыстың бақылауда тұрғанын айтып, ақталыммен құтылды. Сонда да болса­, көне Мергенсай, Бірлестік, Ақбасты  маңына су жеткізу ісін әлі де  қолға алып көру керек. Көне Мер­генсайға кезінде Арал басшылығы (А.Баймырзаев) қазған арна қате. Сол маңда ежелден теңіз астының терең бұғазы бар еді, канал сол арқылы жүргізілмей, қиғаш түскен. Теңіздің бүгінгі  деңгейінде көп судың сол алып ұлтанға жете алмау себебі сонан. Ал Бірлестік маңына инженерлік есептеу жүргізсе, ұлтан тереңдігі дұрыс болса, ұзыны 3 шақырымдай, тереңі 2 метрдей ғана арнамен қолтыққа су барады. Аван маңының терең ұлтанын да солай есептеп, Бұйырғынды аралының шығысынан 7-8 шақырым арна тартса, ол суға бүгін-ақ толады. Бұл ұлтандар Үлкен Аралға пайдасыз кетіп жатқан судың біраз бөлігін өздеріне тартып алып қалады, Кіші Арал көлемін ұлғайта түседі. Құмырсқалы маңында теңіз Арал қаласына 10 шақырымдай жақындайды.­

Халықаралық Аралды құтқару қоры біраздан жоспарлап жүрген «Барсакелмес» атырауы (авандельта) идеясын, Кіші Аралды толтырып барып,­ Ақбастыдан құлайтын сумен, Құландының Тұщыбас қолтығына арна тартумен жүзеге асыруға болады. Бұл шара – Арал халқы үшін шаруашылық, экологиялық, әлеуметтік оңалтулардың ең соңғы кезегінде тұратын  жұмыс.

Ал енді, Іле-Балқаш, Каспий-Жайық атырабындағы өнегелі мысалдармен тағы да салыстыра айтсақ: енді Сырды артық су жыра берумен, артық су қоймаларын сала берумен қинап қажеті жоқ. Экологиялық апат аймағындағы бұл су нысандары – ерекше қамқорлыққа алынуы тиіс игі­ліктер. Осыны ұғынатын уақыт жетті. Баяғы КСРО-ның экстенсивті амалдары мен ескілікті көзқарастары келмес­ке кетуі керек. Жаңғырған, жаңа  заман  талабы  солай!

Пікірлер:

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: