Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

МӘМС кемшілігі көп жүйе ме?

26.02.2020, 14:50 885

Тамақ шикі болса, пісіріп жеуге болады. Өнім шикі болса, оны өңдеп іске асыру шешімі бар. Ал қоғамның ортасына топ ете қалған жүйе шикі болса ше? Оны не істейміз? Жүйе деп отырғанымыз – сол баяғы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру. Қысқартып МӘМС деп жүрміз. Осының басын­дағылар «МӘМС-ті еліміздегі медицина жүйесіне енгізу үшін алдын ала зерттеуді он жыл бұрын жүргіздік» дейді. Иә, әлемнің 50-ден аса дамыған мемлекеті медицинада осы жүйені пайдаланады. Ал біз МӘМС-ті дөңгелетіп әкетуге дайынбы­з  ба? Әлде «аттыға еремін деп жаяудың таңы айырылыптыны­ң» керін келтіргелі отырмыз ба? Сәуірде жаппай­ енгізілгелі отырған МӘМС түгілі, алды әлдеқашан игілігін көріп үлгерген ұялы телефон желісі ұстамайтын ауылдар­  бар  өңірде.  Осыдан  кейін  МӘМС  біздің  не  теңіміз?

Міндетті  әлеуметтік  медициналық сақтандыру жүйесін енгізуге байланы­сты аймақтағы ау-жайды байқамаққа Елордадан «Әлеуметтік меди­циналық сақтандыру қоры» КЕАҚ Басқарма төрағасының бірінші орынбасары Е.Байжүнісов  бастаған  ресми­ өкілдер №6 қалалық емханасында БАҚ  өкілдеріне  брифинг  берді.

– МӘМС осыған дейін Қарағанды облысында пилоттық жоба ретінде тәжірибеден өткізілді. Негізі бұл жүйені Қазақстанға енгізбес бұрын біз алдын ала барлығын електен өткізгенбіз. Саладағы кемшіліктерден де хабардармыз. Жүйеде әлі де күр­меуі қиын мәселелер көп, – деп Е.Байжүнісов қаламгерлер қауымы қойғалы отырған сауалдардың үсті­нен дөп түсті.

Ол еліміз бойынша дәрігер мамандардың тапшылығын, күрделі технологиялардың жетіспеушілігін (КТ, МРТ) және ол жердегі ұзын-сонар кезектер күннің күйіп тұрған мәсе­лелері екендігін жеткізді. Сәуірден бастап жүйенің қолданысқа енетінін де тілге тиек етті. «Осындай кемші­лік­тер қатары түзелмей тұрып жүйеге бас қойып кету қаншалықты көңілге қонымды?» деген сауалымызға ол былай  деп  жауап  берді.

– Енді сәуірден бастап бәрі тәуір болып кетеді, аталған кемшіліктер жойылады деуден аулақпыз. Бұл – уақыттың мәселесі. МРТ, КТ мәсе­лесіне келер болсақ, көптеген өңір­лерде мемлекеттік-жекеменшік әріп­тестік негізінде жеке компаниялар өздерінің медициналық технологияларын емдеу мекемелеріне қондырып жатыр. Қызылорда облысында да осы үрдіс жалғасын табады деп естідім. Бұл жүйеге сәуірге дейін 100 пайыз Қазақстан халқы кіргізіледі деген жоспар да жоқ. Өз еркімен «маған жүйе керек емес» дейтіндер бар. Бізге халықтың 95-96 пайызы жүйені пайдаланса  да  жеткілікті. МӘМС жүйе­сіне  тек  ғана  мемлекеттік  ауруханалар ғана емес, жеке клиникалар да қызығушылығын танытып отыр. Өткен жылы жекеменшік клиникалардың 38 пайызы МӘМС-ті пайдалануға шешім қабылдаса, қазір олардың­  үлесі 50 пайыздан асты. Жыл соңына  дейін 70 пайызға дейін ұлғаяды­ деген сенім бар, – деді Е.Байжүнісов­.

Оның айтуынша, МӘМС-ті пайдаланушы ауруханалар мен клиникаларға адам денсаулығы үшін қаржы бірден аударыла салмайды. Мәселен, ауырған науқас бір ауруханаға көрі­ніп, артынша денсаулығынан тағы кінәрат  табылып қалса, міндетті түрде  сол  аурухана бөлінген қаржыға сәйкес  адам денсаулығы үшін жауап беруге  міндетті  дегенді  айтты.

Қазір облыс бойынша 800 мыңға жуық халық тұрады. Ал қалада  400 мыңға тарта адам бар. Енді қараңыз, осынша жұртқа шаққанда бір Қызылорда облысы бойынша 7 КТ,  4 МРТ аппараты ғана жұмыс істеп тұр. Бұған Қызылорда облысының ден­саулық сақтау басқармасының басшыс­ы Ж.Абдусаметов өз уәжін айтты.­

– Қымбат тұратын медициналық технологияларға қаралу пациентке жоспарлы түрде жүргізіледі. Бір нау­қасты түсірудің өзінің нормативі бар. Сол нормативпен есептегенде қазіргі қажеттілікті қамтамасыз ету жұмысы өзінің реттілігімен тұр. Алдағы уақытта­ аудандар бойынша тағы 3 КТ, 2 МРТ аппаратын іске қосу жоспарда тұр, – деді Ж.Абдусаметов.

Дәрігер мамандардың жетіспеу­шілігін айтпауға тағы болмайды. Өткен жылы облыста 206 дәрігер жетісп­ей, 95 дәрігер келді. Ал қазір дәрігерлердің 160-ы қызметтен қайта кетті. Ауылмен салыстырғанда облыс орталығында дәрігерлердің тапшылығы бар. Өйткені оларға көрсетіле­тін әлеуметтік қолдау аз. Сондықтан әркім өз басын күйттеп, айлық жал­ақысы жоғары медициналық мекемелерге қарай ойысады. Бұл – нарықтың талабы, оған ешкімнің зорлығы болмайды. Қызылорда облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ж.Абдусаметов маман тапшылы­ғын  жоюға барынша күш салы­п  жатырмыз  дегенді  айтты.

МӘМС-ке сенсек, 20-дан аса ауру түрі бойынша кез келген науқас тегін медициналық көмек ала алады. Алайда­ солардың ішінде тіс дәрігеріне емделу бағыты көрсетілмеген. Бұған С.Асфендияров атындағы ҚазҰМУ­-дың  дәрігерлерге  қосымша кәсіби білім орталығының жетекші­сі Қ.Құралбаев былай деп жауап­  берді.

– Тегін тіс емдеу шаралары 18 жас­қа дейінгі балаларға, жүкті әйелдерге қолданылады. Ал қоғамның өзге сатыс­ындағы тұлғалары тіс тазалығына барынша мән беріп, өздерін күткендері дұрыс. МӘМС қызметінде барлығына бірдей тіс емдеу шарасы әзірге енгізілген жоқ,- деп қысқа қайырды  ол.

ТҮЙІН. «Шешінген  судан  тайынбас». Ауыл-аймақтағы мамандар  мен  медициналық  технологиялар  жетіспеушілігі, ХХІ ғасырда өмір сүрсе де интернетке қолы жетпей отырған шалғай елді мекендер (қазір облыста 40-тан астам елді мекен интернетке қосылмаған) және осы сынды МӘМС-тің маңызды мәселелері шешімдерін тауып, бір арнада­ тоғыспай тұрса да, біз бұл жүйеден бас тартпаймыз. Мемлекет мұқым елге үстем етуші болса, халық бәріне бас шұлғып, салғанға көнуші  ғана. Бас қаладан  келгендер «болашағы бар жүйе» деп шығарып­ салды бізді. Бас-көзге қарамай басталған істің ендігі ісі ертеңнің­  еншісінде.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: