Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Етікші атайды елегізіткен ой (әңгіме)

04.02.2021, 10:00 826

Елең-алаңнан тұратын әдетімен таң бозармай басын көтерді. Денесі дел-сал. Ыңғайсыз жатқан-ау. «Кәрілік деген осы» деп жымиды.

Есік жақтан тықыр естіледі. Кемпірі болар күйбең­деп жүрген. Тырп-тырп басады. «Кәртайып­ты-ау, сонда да оның үкіметше ойлайтыны бар» деді миығын тартып. Баласының елге із салмауын үкіметтің бітпейтін жұмысынан көреді.

Сәуіржанның не ойлап жүргенімен шаруасы жоқ, бәріне үкімет кінәлі. Бәтшағар сол баланың өзінен де бар ғой…

Өз ойымен күбірлеп жүріп, киіне бастады. Терезен­ің пердесін ысырды.

Кең аула. Жүзімдік ішінде әлденені түртінектеп кемпірі жүр. Аулақтан машина дыбысы талып естіледі. Тамылжыған  тыныштық.

Ауылда болса ит үріп, сиыр мөңіреп жатар еді-ау. Бұлардың үрерге иті де жоқ. Күрпілдетіп саума­ғасын ешкіні кім мал қылсын машақат­танып. Онан да ауладағы жер болса да, еңбегімен жер емгені көп артық.

Ал енді осы жерді сатамыз дегендер не ойлай­ды екен. Кеше телевизірде алқалы топ осыны мәселе етіп жатыр. Қазақтың жерін қазаққа сатудың өзін күнә көріп жүргенде шетелге сату деген не сұмдық?

Жүзімдік шетіндегі шағын кетпенді алып жерді қопсытуға кірісті. Кемпірінің бүкшиген беліне көзі түсіп, кеше кешкілік екеуінің арасында болған әңгіме ойына қайта оралды. Шындығында сол баласы бар болғыр немере мен келінді ізіне ертіп, осы өзі өсіп-өнген шаңыраққа жылына бір бас сұғып кетсе болмас па?!. Кемпірінің қынжылатыны сол. «Ана басқа қалалық немерлер мен келін біздің кім екенімізді де ұмытады. Бара-бара біздің бар екенімізді де естерінен шығаратын шығар… Біздің кезімізде ата-енеден алыс кету деген болды ма?!». Бұл – кешкілік екеуінің арасында болған әңгіменің ұзын-ырғасы.

– Әй, кемпір-ай, жас болып көрмегендей…, «Біз, біз» дейсің келіп. Ол заман қайда… Әр заман­ның өз жемісі болады. Біз – сол заманның жемісіміз. Мысалы, мына көшет былтыр қандай жеміс берді, биыл қандай жеміс береді? Оны бір Алла біледі, еткен еңбегіңнің нәтижесі біледі.

Дауысы қаттырақ шықты ма, кемпірі:

– Отағасы-ау, нені күбірлеп, не күйбеңдеп жүрсің. Жүр, бір-екі кесе шайыңды іш те күркешігіңе жөнел. Күркешіксіз отыра алмайсың ғой, байғұс… Осы алпардай аулада жалғыз өзім күйбеңдеу менің еншіме тиген шаруа ғой… Жүрейін сол… Ең болмаса «әжелеп» шалғайға оралатын «жүгірмектер» де, әкелері де ат ізін салуды ұмытты…

– Жә, жә, кемпір, күні ертең «бабушкалап» етегіңнен алғанда, осы сөзің ойыңда тұрмас еді-ау.

– Е, енді ол Алланың қолындағы нәрсе ғой…

– Жә, жетер енді, сөйтіп тәубеге келсейші.

Кемпірінің баптап берген қызыл күрең шайын терлеп-тепшіп ішіп алған атай әлден соң ауладан шығып, кең көшемен орталыққа беттеді. Қолында шағын қобдиша. Иығында шағын қапшық.

Көшенің екі бетіндегі зәулім үйлерге қызыға көз тастап келеді. Күнде осы. Осы зәулім үйлер көз алдында салынды. Сонда да қызықтап қарай бергісі келеді.

Көшеде жүргіншілер сирек. Салқын ауаны желпіндіріп су шашатын машина өтті. Жапырақ жайған ағаш көлеңкесі әзір мол саялы.

Сәл еңкіштеу, арықтау денесін ширақ қозғап, асықпай басады. Тал жапырақтарына, жапырақтар арасынан шашырай түскен күн сәулесіне жанары тая бастаған көздерімен сығырая қарайды. Маңдайындағы әжімдері молая түседі.

Осы асықпай аяңдауымен екі көшенің қиылысындағы күркешігіне де келіп жетті. Сырты көк сырмен сырланған бір адамдық, ашпалы терезесі бар кәдімгі етікшілердің күркешігі. Атайдың осы күркешікке орын тепкеніне де үшінші жылға қарап барады.

Кезінде тым жақсы-ақ етікші болды. Атакәсібі еді. Бертін келе бұдан да мықты шеберлер шықты. Оның  үстіне жасы да ұлғайды, зейнет жасына жетті.

Жарықтық үкімет әділ ғой, пенсиясын беріп, қолпаштап, үлкен-кішісі жік-жапар болып тілектерін айтып, ағалап, аталап, зейнет демалысына шығарып салды.

Сол жылы Сәуіржаны жоғарғы оқу орнын бітірді. Бірақ бұл жерден жұмыс табылмады. Келінмен екеуі аты қиын бір қалаға кетті.

Үйде кемпірі мен екеуі қалды. Бұрын байқала бермей ме, әлде екеуден-екеуі қалғасын ба, жүріс-тұрысы кемпіріне жақпайтынды шығарды. «Бірдеңені  істей  сал» дейді. Істесе жақпайды. Ештеңе істемей телевизор көріп отырып қалса, екі бастан жақпайды.  Содан бір айдай үйде отырар­-отырмастан, бұрынғы мекемесіндегі басшы балаға барып, осы күркешікті қалап алды.

Сәуіржаны сол кеткеннен сыртта. Демалыс­тарында келіп тұрады. Қазір кішкентайлары екеу болды. Келін босанар алдындағы демалысында осында болды. Кемпірге сонда да аз. Әй, қойсай­шы бұл ана дегенді…  Үйлі-баранды балаға да еміренеді де отырады. Бірақ, Сәуіржанның үйге балаларымен жиірек келгенін өзі де жек көрмейді. «Базарлы үйді» кім жек көрсін. Әйтпесе, өзі сұранып осы күркешікке келер ме еді. Атайдың ойын:

– Ой, аташка, мынаны ремонттай салыңызшы. Алик, атайдың ерте тұрғаны қандай удачный болған? – деген үн бұзды.

Бұтына сыптитып тар шалбар киген, шашы жалбыраған арықша қыз бала ентіге жетті. Қолынд­ағы өкшесі жұлынған биік өкшелі туфлиін ұсынды. Атай туфлиді қолына алып тұрып аяусыз тепкіленген аяқкиімге аянышпен қарап, аяқкиім иесіне назар  салды.

Көзі кіртиген. Тарақ тимегеніне біршама уақыт болған шашы жабағыланып тұр. Қасы-көзін қара қырау басқандай. Ерніндегі далабының да түсі оңа бастапты. Аузын кере есінеп қойды. Қаз-қатар тізілген алтыны, темірі аралас тістер жалт ете қалды.

Атай басын шайқады. Онысы қызға ұнамады.

Атай аяқкиімді тездетіп жөндеп, иесіне ұсынды. Өз ойымен болып отырып ақша төлеген жігітке де, төленген ұсақ тиындарға да назар салмай, алдындағы темір қалбырға сала салды.

– Старый нахал, о сдаче даже не думает, – деген қыздың ащы дауысы атайды елең еткізді.

Атай сонда ғана басын көтерді. Көзі кіртиген, шашы жалбыраған ақша төлеген жігітті, қасы-көзі боялмағаны болмаса, киген киімінен қасындағы қыздан ажыратып болмастай. Тек ерні ғана әнтек үлкендеу, ернінің үстіндегі мұрты ғана еркек екенін аңғартқандай. Кетерін де, күтерін де білмей абдырап тұр. Атай миығынан мырс етті.

– Балам, болашақ келіннің тісі азбас-тозбас темірден екен. Шекілдеуік алып берерсің, мә, – деп қолына ілінген тиын ақшаны жігіттің қолына ұстата  салды.

Ұзаңқырап кеткен қызға жеткен жігіт қолдарын сермеп әлде нені түсіндіріп барады. «Ыңғайсыз болды-ау» деп бара жатса керек. Ал қыздың жабағы шашты басы кекжең-кекжең етеді. «Әй, түсінсе болар еді-ау». Кейде қырық жыл отасқан кемпірмен де тіл табыса алмай қаласың…

Атай тағы ойға кетті…  Мына таңғы көрініс атайға бағанағы жер мәселесін қайта есіне түсірді.

…Түнімен жүріп, қыдырып қалада босқа жүрген жастарымыз бен туған жерден жырақтағы қалаларды паналап, жер-анадан қол үзе бастаған жастарымызға сенбегендіктен, қазіргі жастардың санасына ұялаған сатып алған нәрсе ғана өзіңдікі, қалған дүние – жер болсын, басқа болсын көптікі, оған жаның ашымасын деген пиғылын сезген­діктен  болып  отыр ма екен… Әттеген-ай…

Сонда деймін-ау, «кеткен досың келсін десең, кетпен алып жер шап» деген қазақ емеспіз бе?!. Жеті қат жердің астындағы мұнайға телміргенше ата-бабамыз жанын пида етіп жаудан қорғаған жерді игерілмей жатыр деп шетелге сатқанша, жердің жылуы мен шөңгесін табанымен сезіп өскен, ата-бабасы сол жерді еміп өскен, ауылда туып, ауылдағы көл-көсір жерде тұрып жұмыс таба алмай жүрген, қолынан іс келетін жастарымызды ұйымдастырып, бағыт-бағдар беріп, тіптен сол жерді, игерілмей жатқан жерді айтамын-ау, игеруге үкіметтің өзі көмегін беріп, су бармайтын жеріне су апарып, «…Егін сал, бақша ек, мал өсір, ал енді мына жерге еңбек ет, бұл сенің өзіңнің жерің, қазақтың жері, осыған ие бол!.. Бұл жер – сататын зат емес, бұл – сені емізетін анаң, анаңды аяла, күт! Жеті қат жер асты мен көк зеңгір аспанды игеріп жатқан адам ата ұрпағы емессің бе, осы жерді өңдеуге үкіметтен мынша шығын шықты, соны шетінен өніміңе қарай пайыздап құтыл»,- десе, жердің жылуы мен шөңгесін табанымен сезіп өскен, ауылда туған жастар қалаға қашпас еді-ау, мыналарға ұқсап таң атқанша қала кезіп қаңғымас еді.

Атай әлі өзін елегізіткен ойдан арылар емес…

Құдайберген  ЕСЕКЕЙ,

Қазалы  ауданы,

Әйтеке  би  кенті

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: