«Адам мен қылмыс жатырлас». Иә, өз уақытының данасы Асқар Сүлейменовтың бұл сөзіне сенбеске амал жоқ. Себебі, заман қанша дамып, техника мен ғылым кеңістігі көз ілеспес жылдамдықпен алға жылжып келе жатса да, қылмысты тежейтін бірде-бір құрал һәм амал әліге дейін пайда болған жоқ. «Қылмысты тоқтатыпты» деп айды аспанға шығармасақ та алакөзділердің алқымынан алып, ақ ауыз қылуға әбес жұрттың санын азайтуға бар күшімізді салу қажет. Араны ашылғандардың аяғынан шалу облыс аумағында басталып та кетіпті. Өткен жылы өңіріміздегі қылмыс деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда 36%-ға төмендеген. Бұл туралы Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтылды.
– 2020 жылдың қорытындысы бойынша облыс аумағында 4178 қылмыс тіркелген. Аса ауыр қылмыстар – 2,1%-ға, ауырлығы орташа қылмыстар – 58,5%-ға және онша ауыр емес қылмыстар 40%-ға төмендеген. Ал ауыр қылмыстар саны болса, керісінше, 79,1%-ға өскен. Қылмыстарды талдау барысында адам өлтіру фактісі, тонау, зорлау, қарақшылық, бұзақылық, алаяқтық, есірткіге қатысты ұрлықтар біршама төмендегені анықталды. Қоғамдық орында жасалған қылмыстар саны да 41%-ға азайған. Зерттеу барысында қылмыстардың басым бөлігі жұмыссыз азаматтардың қатысуымен жасалғанын анықтадық. Сол үшін де жергілікті билік органдары халықты жұмыспен қамтамасыз ету керек деп санаймыз. Қылмыстар деңгейінің төмендеуіне пандемия тікелей өз әсерін тигізіп отыр деуге де болады. 2020 жылдың 16 наурызынан бастап енгізілген карантиндік шаралар еріккенге ерік бермеді. Сондай-ақ, өткен жылдың 12 айында уәкілетті органдармен 2 миллиард 110 миллион теңгеден астам айыппұл салынғанын айта кетейік, – деді Қазақстан Республикасы Бас Прокуратурасы құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі Комитеттің Қызылорда облысы бойынша басқарма бастығының орынбасары, әділет кеңесшісі Сәкен Олжабайұлы.
Жоғарыда айтылғандай, өңірімізде ұрлық деңгейі 2019 жылмен салыстырғанда біршама азайған. Алайда бұл қалтаңыздың қауіпсіздігін білдірмейді. Облыс аумағындағы ұрлық деңгейі біршама төмендегенмен әлі де барлық қылмыстың басым бөлігін дәл осы ұрлық құрап тұр. Дәлірек айтсақ, өңіріміздегі әрбір қылмыстың үшіншісі – ұрлық. Одан бөлек, қорқытып алу деңгейі де біршама өскен. Қара жұрттың екі көзін төрт қылған әпербақандарға өткен жылы ерік беріп қойыппыз. Әлсіздерді әлекке салып, қорқытқандар саны 16%-ға өскен екен. Сонымен қатар, облыс аумағындағы жол-көлік оқиғалары да өзекті мәселеге айналып отыр. 2020 жылы облыс аумағында 507 жол-көлік оқиғасы тіркеліп, 88 адам қаза тапқан. Оның 10-ы кәмелетке толмаған балалар екенін айта кеткен жөн. Жыл бойы көлік апатына түсіп, зардап шеккендер саны 670 адамды құрайды.
Комитеттің өңірлер арасындағы статистикасы да бар екен. Статистикаға сүйенсек, қылмыстың басым бөлігі, яғни 63%-ы Қызылорда қаласында жасалған. Бұл көрсеткішпен облыс орталығы басқалармен салыстырғанда оқ бойы озық тұр. Екінші орында 239 қылмыспен Қазалы ауданы тұрса, қылмысты көп жасайтын аумақтың үштігін 219 қылмыспен Шиелі ауданы жапты. Ал қылмыстар саны бойынша ең қауіпсіз аудан Жалағаш ауданы болып танылды. Онда өткен жылы 125 қылмыс тіркелген.
Одан бөлек, алдағы уақытта кез келген адам қай жерде қандай қылмыстың болғанын көре алады. Ол былай жүзеге аспақ. Ең бірінші қылмыс жасалған соң, ол қылмыстық қудалау органдарында тіркеледі. Осы уақыттан бастап, қылмыс арнайы картада пайда болады. qamqor.gov.kz сайтында қылмыстың болған орыны, уақыты, күні, қылмыстың қай түрі екені анық көрсетіледі. Осы арқылы халқымыз қауіпсіз жолдармен жүріп, қауіпсіз орын таңдай алады.
Қылмыстан бөлек, айналамызда болып жатқан құқықбұзушылықтар да жетерлік. Өткен жылы облысымызда 188 мыңнан аса әкімшілік құқықбұзушылықтар жасалған. 44 шетелдік азамат табылып, Қазақстан Республикасының шегінен әкімшілік жолмен шығарылған. Бір қызығы, құқықтық статистика және т.б. ресми деректерді бұрмалауға тырысатын басшылар да жиі кездесетін көрінеді. Алайда арам ойы алысқа апармай, тез құрықталған 65 лауазымды тұлға және жеке сот орындаушылары әкімшілік жауапкершілікке тартылып, айыппұл төлеген.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!