Соңғы жылдары өңірімізде алаяқтық жолмен жасалатын қылмыстар саны тым көбейіп кеткені ешкімге жасырын емес. Бірі «үй алып беремін» деп арбаса, бірі «жұмысқа тұрғызамын» деп аузыңды айға қаратып кетеді. Алайда алаяқтық жолмен жасалатын қылмыстың ең «олжалы» түрі – әлеуметтік желі арқылы жасалатын қылмыстар. Интернет деген дүние пайда болысымен ел арасында «қаржы пирамидасы» деген бәле шығып, соған ұрынбаған адам қалмаған шығар. Дегенмен, «тез байып кетермін» деген ниеті бар қара халық сол бәлеге қайта-қайта ұрынып, қолындағы қаражатынан айырылып қалуда. Сондай деректердің бірі 2019 жылы Қызылорда қаласында тіркеліп, 152 адамның 90 миллионнан астам теңгесін жымқырған алаяқтың үстінен арыз түскен. Арнайы тергеу барысында Қызылорда қалалық Полиция басқармасы тергеу бөлімінің тергеушісі, полиция аға лейтенанты Нұрбол Нұрмағанбеттың қырағылығының арқасында бұл қылмыс толықтай ашылып, айып тағылған азаматша 5 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Осы тұрғыда, тергеушінің өзімен кездесіп, тергеу істері қалай өрбігені жайлы сұхбаттасқан едік.
Нұрбол НҰРМАҒАНБЕТ,
тергеуші:
АЙНАЛЫМДАҒЫ ҚАРАЖАТ 1,5 МЛРД ТЕҢГЕДЕН АСҚАН
– Нұрбол Бахытұлы, жалпы қылмысты тергеу барысы қалай болды? Басынан бастап айтып берсеңіз…
– Өмірдің мәні – қоғамға еңбек етіп, қызмет көрсету. Өзгені толғандырған түйінді шешіп, халық разылығын алу ғой. Құқық қорғау саласында қаншама жыл осы үшін еңбек етіп келе жатырмыз. Бала кезімізден бері «полицей болсақ» деп армандап келген қызметіміз. Сол үшін де кез келген тапсырманы тыңғылықты орындауға тырысамын. Жалпы, бұл оқиға 2019 жылы басталды. Қызылорда қалалық Полиция басқармасына Түркістан облысы Леңгір қаласында тұратын азаматша келіп арызданды. Арызданушының айтуынша, әлдебіреу «WhatsApp» әлеуметтік желісінде «Ай-шуақ» атты топ ашып, топ ережесі бойынша ақша салсаң, үстіне үстемемен қайтатындығы жайлы ескерткен. Сол уақыттан бастап, осыған ұқсас көптеген арыздар келіп, түсіп жатты. Басқармадан дереу тапсырма алып, зерттеуге кірістім. Зерттеу барысында топты ашқан азаматша Қазақстан Республикасының барлық аумағындағы тұрғындарды өз қақпанына түсіргені анықталды. Яғни, ол топта әр қаланың мүшесі болған. Дәлірек айтқанда, мың жарымға тарта салымшы болған. Айыпталушы өзі ашқан жобаны басқаларға таратып, жарнама жасаған. Жобада салымшылар 10 мың теңге мен 300 мың теңге арасында салым салып, оған 40% қаражат қосып, қайтара алатыны жайлы айтылған. Ал 300 мың теңгеден көп қаржы салса, 70% үстемақымен қайтарып алуға болатыны көрсетілген. Одан әрі зерттеуді жалғастыра келе айналымда 1,5 миллиард теңгеден астам қаражат жүргені анықталды. Бір қызығы, айналымдағы қаражат топ иесінің өзіне ғана емес, әртүрлі Kaspi gold карточкаларына түсіп отырған. Яғни, жымқырылған ақшаның барлығы бір адамның атына түспеген. Бұл тергеу амалдарын одан әрі шатыстыра бастады. Сол себепті телефон нөмірі және карточка нөмірі арқылы топты ашқан күдіктіні шақырдық. Көп күттірмей күдікті азаматша келді. Тергеу барысында өзінің ісін мойындады. Дегенмен, оны қылмыс ретінде санамайтынын алға тартты. Айыпталушы азаматша арнайы мекеме ашып, оны тіркеп, бұл әрекетін тек халыққа көмектесу мақсатында ғана жасағанын мәлімдеді. Одан соң, басқа да Kaspi gold карточкалардың иесіне хабарласып, оларды тергедік. Олардың айтуынша, айыпталушы танысы болған соң, банк карточкасын соған сеніп бере салған екен. Ал оның не үшін сұрағанын білмеген екен. Іс насырға шапқан соң, амалсыз айыпталушы ашқан «Ай-шуақ» ЖШС-нің кіріс-шығысын зерттедік. Зерттеу нәтижесінде белігілі болғандай, 90 миллион теңге қаражат жетіспеді. Тыңғылықты зерттеп, істі сотқа жібердік. Олар айыпталушыға тиісінше жаза қолданып, 5 жылға дейін бас бостандығынан айырды.
АЙЫПТАЛУШЫ БҰҒАН ДЕЙІН ДЕ ІСТІ БОЛҒАН
– Айыпталушымен алғашқы кездесу қалай болды?
– Мен бұл азаматшамен бірінші кездесуім емес. 2018 жылы да дәл осындай іспен айыпты ретінде танылған. Ол кезде де тергеу жұмыстарымен мен айналысқан едім. Ол уақытта да «қаржы пирамидасын» ашып, айналымда 300 миллиондай қаражат жүрген. Тергеп-тексеру барысында барлық ақпаратты ашып, кінәлі екенін дәлелдегенбіз. Ол кезде бір жарым жылға бас бостандығынан шектеген еді. Араға уақыт салып, баяғы әдетіне қайта басқан екен. Мені көре салысымен-ақ, «Артымнан қалмай қойдың ғой. Басқа айналысатын ісің жоқ па?» деп біраз сынап еді. Алайда біздің жұмыс бір адамға кінә арту емес. Мәселенің мән-жайын егжей-тегжейлі зерттеп, әділдікке қол жеткізу. Қарап отырсақ, бұл істе біріншісінен гөрі екінші мәрте құрған «пирамидада» қаржы айналымы бірнеше есе өскен. Осы іске әбден маманданған азаматша заңдастырып алғысы да келген көрінеді. Алайда заң барлығына ортақ. Еліміздің Конституциясы мұндай жолмен ақша табуға мүмкіндік бермейді.
– Жалпы, алаяқтықтың бұл түрі қанатын кеңге жайғаны белгілі. Деректер саны көп болса да алданып қалғандар азаяр емес. Осы орайда халықтың қайта-қайта алдануының себебі неде деп ойлайсыз? Арызданып келген азаматтар не нәрсені желеу етеді?
– Халқымыз ақкөңіл келеді ғой. Алданып қалуға бейім тұрады. Одан бөлек, «оңай ақша тапсам» деген де ниет болғаннан шығар. Көбінесе ауыл-аймақ тұрғындары осындай іске ұрынып жатады. Бұл ең алдымен білімсіздіктен болған жағдай деп ойлаймын. Қалтасын мұндай жолмен қампитып алу мүмкін емес екенін әр азамат түсінуі керек. Қазіргі таңда халыққа алаяқтықтан сақтануды насихаттау үшін көп жұмыстар атқарылып жатыр. Дегенмен, өкінішке қарай алданып қалушылар өте көп. Бойы бұлғаң, сөзі жылмаң болып келетін әккілер сендірудің барлық тәсілін игеріп алған. Сол үшін азаматтарға тек заң бойынша жүруін сұраймын. Заң салып берген жолмен жүрсек, ешқашан адаспаймыз. Бұл – нағыз әділетті һәм таза жол.
ҚЫЛМЫСКЕРДІ АЛЫСТАН ТАНУДЫ ҮЙРЕНДІК
– Қылмыскерлерді тергеу барысы қалай болды? Тергеушілік интуиция адамды алыстан таниды ма?
– Әрине, таниды. Бірнеше жыл тәжірибе арқасында адамның өтірік айтып отырғанын сыртқы мимикасы мен іс-әрекеттері арқылы байқауды үйрендік. Бұл кезде вербальды және бейвербальды әрекеттері арқылы байқауға болады. Одан бөлек, адам бейсанасы ішкі жан дүниесін сыртқа шығаруға бейім болады. Осылар арқылы анық байқалып тұрады. Бұны үйрену үшін көптеген психологиялық кітаптарды да оқыдық. Тәжірибе мен теория екеуі ұштасқанда ғана өз жемісін береді. Міне, бұл жерде де сондай жағдай. Алайда өз ішкі түйсігімді алға тартып адамға кінә артудан аулақпын. Менің басты принципім – нақты фактілердің болуы. Растайтын құжаттарды немесе дәлелдемелерді өз көзіммен көрмейінше ешкімді кінәламаймын. Тергеуші болғаннан соң, кәсіби біліктілігің мықты болуы керек. Мен өз ісіме адалмын.
– Өңіріміздегі осы немесе басқа да алаяқтық әрекеттер жайлы айтылмаған әңгіме бар ма?
– «Қаржы пирамидасы» – бұрыннан бері келе жатқан қылмыс түрі. Дегенмен, осы қақпанға түсіп қалушылардың көптігі қатты қамықтырады. Халқымыздың қай-қайсысы болса да ақша табудың оңай жолы жоқ екенін түсінсе деймін. Жоғарыда айтқандай, заңды әрекет етіп үйренсе екен. Көпшілік бұл істі тергеу оңай деп ойлайды. Және жылдам шешуді талап етеді. Алайда біздің алдымызда отырған айыпталушының да өз азаматтық құқығы бар. Барлығы бір адамның қолында тұрған дүние емес. Барынша толық зерттеу керек. Тергеу ісінде барлық дүние маңызды. Бұл істі ашу да оңай болған жоқ. Көптеген сараптамалық жұмыстарды күтуге тура келді. Куәгерлердің де барлығымен сұхбаттасу біраз уақыт алады. Осы тұрғыда, бұл уақыт алатын іс екенін түсіну керек. Одан бөлек, алдағы уақытта әр қадамды аңдап басып, түсініксіз жағдайға кезіксеңіз, құқық қорғау органдарының көмегіне жүгінуді ұсынамын.
– Сұхбатыңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!