Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Екпе егуге кім келісті?

27.01.2021, 14:00 753

HALYQLINE.KZ

Апта басында өңірлік коммуникациялар қызметінің ақпараттық алаңында Қызылорда облысындағы эпидемиологиялық ахуал, коронавирус инфекциясына қарсы егілетін вакцина қоры және арнайы дайындалған орындар тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Брифингке спикер ретінде облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова, облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова қатысып, БАҚ өкілдерінің сұрақтарына жауап берді. Алғашқы сұрақ облыста тіркелген оқушы өліміне қатысты бағытталды.

Облыс орталығында оқушы өлімі тіркелді

24 қаңтар күні қайтыс болған оқушыдан коронавирус инфекциясы анықталмаған. Бұл туралы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов мәлімдеді.

– Қайтыс болған оқушы 2010 жылы туған. Денесінде бөртпе пайда болып, ауырған. Бастапқыда үй жағдайында ем алған. Дәрігерге көрінгеннен кейін инфекциялық ауруханаға жатқызылды. Коронавирусқа қатысты сынама алынып, нәтижесі теріс болды. Сондықтан 19 қаңтарда көпбейінді балалар ауруханасына ауыстырылды. Республиканың білікті мамандарынан кеңес алынды. Өкінішке қарай, 24 қаңтар күні оқушы қайтыс болды. Жүрек, өкпе жұмысының жеткіліксіздігі негізгі себеп болып отыр. Қосымша комиссия құрып, жұмыс істейтін боламыз, – деді Сәбит Пазилов.

Аталған жағдайға байланысты «Бұл дәрігерлердің салғырттығы емес пе?» деген журналистің сұрағына басқарма басшысы «Жоқ, олай деп ойламаймын» деп жауап берді. Ал, облыстық білім басқармасының басшысы Ақзира Қасымова:

– Қайтыс болған бала – Қызылорда қаласындағы №8 П.Осипенко атындағы мектептің 4-сынып оқушысы. Бала І оқу тоқсанынан бастап онлайн форматта қашықтан оқып келген. Оқушының оқу үлгеріміне қатысты айтарлықтай мәселе туындаған емес. Қашықтан оқытуға байланысты бала электронды жабдықтармен қамтылған. Ұстаздары тарапынан баламен кері байланыс жұмыстары жүргізілген, – деді.

Қазіргі таңда облыс бойынша 89 258 оқушы (53%) қашықтан, 80 636 оқушы (47%) дәстүрлі білім алып жатқанын айта кетейік.

Екпе ақпан айынан бастап егіледі

Облыста ақпан айынан бастап коронавирус инфекциясына қарсы екпе салынады. Өңірге ресейлік «Спутник V» вакцинасының 80 мың дозасы кезең-кезеңімен әкелінеді. Бүгінде дайындық жұмыстары жүруде.

– Бірінші кезекте ерікті түрде медицина қызметкерлеріне, педагогтерге, созылмалы аурулармен ауыратын топтағы адамдарға салынады. 18 жасқа дейінгі балалар және 65 жастан асқан қарияларға екпе салынбайды. Бүгінде облыс бойынша 154 егу кабинеті белгіленді. Бұдан бөлек, шалғай елді мекенде тұратын азаматтарға вакцина салу үшін 64 жылжымалы егу бригадасы ұйымдастырылды. Вакцина бір адамға екі мәрте салынады. Яғни, бірінші екпе қабылданғаннан кейін 21 күннен кейін қайта егіледі, – деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов.

Иә, қазіргі таңда екпе егуге қарсылық білдіріп жатқандар баршылық. Халық арасында екпе жұмыстарына күдік бар секілді. «Екпе егуге қарсылық білдірген адамдар жұмыстар шығарылып, қысым көрмей ме?» деген сұраққа спикерлер «Бұл – кез келген адамның ерікті таңдауы» десті.

– Егу жұмыстарына көпшілік үрке қарайтыны түсінікті. Өйткені, мұндай вирус бұрын болған жоқ. Аты жаман аурулардың басқа түрлері болды. Оларға қарсы екпе егудің арқасында кең тарауына жол берген жоқпыз. Сондықтан, түсіністікпен қараған жөн. Тағы бір ескертетіні вакцина жалпыламай салынбайды. Оның өзінде ерікті түрде жүзеге асырылады. Ешкімді мәжбүрлеп, күштелмейді, – деді облыс бойынша санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Әлия Әбдіқайымова.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың төрағалығымен онлайн форматта ҚР Үкіметінің кеңейтілген отырысында Қызылорда облысының әкімі Гүлшара Әбдіқалықова: «Бүгінде Қызылорда облысы «жасыл аймаққа» тұрақтап, эпидемиялық күрделі жағдайдың алдын алуға дайын. Қосымша 3200 төсек-орынмен, 3500 медицина қызметкерінен тұратын кадрлық резерв қалыптастырылған. Облыстағы медициналық ұйымдар қажетті медициналық жабдықтармен толық қамтылған. 2 айға жететін дәрі-дәрмек қоры қалыптастырылып, оған жергілікті бюджеттен 488 млн теңге қаржы бөлінді. 9 ПЦР аппараты жұмыс істеуде. Тәулігіне 1000-1500 сынама алынуда», – деген еді.

Иә, қазір облыс «жасыл аймақта». Эпидемиологиялық ахуал тұрақты. Күрделенген жағдайда 8 стационар, 61 алғашқы медициналық-санитарлық мекеме жұмылдырылатын болады. 54 фильтр кабинеті, қосымша 79 телефон шақырулар мен консультациялар үшін жұмыс істейді. Сондай-ақ, үй жағдайында қызмет көрсету үшін қосымша 81 автокөлік қарастырылып отыр.

Брифинг соңында спикерлер мен БАҚ өкілдері арасында сұрақ-жауап кезеңі қыза түсті. Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Сәбит Пазилов өзі екпе салдыруға қарсы емес екенін, қажет болса, ақпараттандыру үшін журналистердің қатысуына жағдай жасайтынын айтты. Қалай десек те, бұл амандығымыз үшін істеліп жатқан жұмыс болуы қажет. Ал, екпе күштеп салынбауы керек.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: