Болашағынан зор үміт күттірер кіл таланттардан құралған жастар театры шығармашылық шыңдалу үстінде. Әсіресе, тарихи тақырыптарға батылдықпен барып, көпшілікке өткеннің ұлағатын ұғындырып келеді. Былтыр қазақтың бас ақыны Абай Құнанбайұлына арналған ойлы қойылымды жұртшылыққа ұсынды. Енді жуырда әлемнің екінші ұстазы атанған Әбу Насыр Әл-Фарабидің болмысын айшықтайтын «Отырардың жасыны» атты тарихи драманың премьерасы өтпек. Театр труппасы қазір соңғы дайындықтарын пысықтауда.
Фараби феномені – өте көп қырлы құбылыс. Сонысымен уақыт сынынан өтіп, ғасырлар тезінен көмескіленбей бүгінге жетті. Адамзаттың екінші ұстазы атанған тұлғаның болмысын бұқараға баз қалпында көрсету оңай шаруа емес. Сол үшін көптеген өнер ұжымы тарихи тақырыпты қаузауға жүрексінеді. Ал, құрылғанына нәбары бес-ақ жыл толған жастар театры парасатты тұлғаның парқына бойлаудан жасқанған жоқ. Талантты жастар жауапкершілік жүгін сезінеді. Сондықтан дайындықты аса ыждағаттылықпен жүргізуде.
Оңталап Нұрмаханов, ҚР Мәдениет қайраткері, қалалық Жастар театрының көркемдік жетекшісі:
– Мұнда Әль-Фарабидің жас кезі, білімге құштар кезі, ұлы білім сапарына аттанар алдындағы өмірі баяндалады…
Жаңа қойылымның бір ерекшелігі, театр труппасының барлығы өнер көрсетеді. Спектальде Әбу Насыр Әл-Фарабидің өнер, білімге ынталы жастық шағындағы жалынды сәттері көрініс тапқан. Басты рөлді талантты актер Әль-Мұхаммед Алдажаров сомдайды. Дарынды жас осыған дейін де бірнеше спектакльде кәсіби шеберлігімен көзге түскен. Енді тарихи туындыда талантын тағы да паш етпек.
– Бұл қойылымда аты әлемге мәшһүр Әбу Насыр Әл-Фараби бабамыздың рөлін сомдаймын. Рөлімді шығару барысында көптеген ізденістер, зерттеулер болды. Тарихи тұлғаны сомдау біршама қиындықтарымен келді, – дейді актер Ә.Алдажаров.
Жолтай Жұматтың бұл тарихи драмасы бұрын-соңды ешбір театрда сахналанбаған. Алғаш рет жастар жарыққа шығарғалы отыр. Тақырыпқа сай сахна, шырақты шығармашылық ұжым, өрелі өнерпаздар. Барлығы бір арнаға тоғысып, таңданысты туынды жасауды көздейді. Жаңа спектакльде ойнайтын әрбір актердің бет-бейнесін, қойылымдағы костюмін кәсіби мамандар бағдарлап жатыр. Тіпті, әнмен әрлеу үшін арнайы маман айналысуда. Ал жастар осы еңбекті түсініп ізденістің ізінде жүр.
– Осы биылғы алғашқы жұмысым. Бұл спетакльде сол кездің билерін табу қиынға түсті, сол кездегі шаманизммен үйлестірілген, – дейді актер, балетмейстер Әділет Әбенов.
Жастар театры 2016 жылы құрылған. Қас сұлудың көзіндей мөлдір өнер өкілдері аз уақытта толайым табысқа жетті. Белсенді жастар әлі де кәсіби тұрғыда жетілуді көздейді. Тұсауы кесілгелі тұрған жаңа қойылым осының айғағы. Айта кетейік, «Отырардың жасыны» атты тарихи драманың премьерасы 29 қаңтар күні көрермен назарына ұсынылмақ.
Ілияс Өтетілеу
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!