Бір шаруа уәзірдің қасында тұрып, қолындағы жарқыраған жүзігіне тесіле қарайды. Уәзір:
– Жүзігіме қызығып тұрсың ба? – деп сұрайды.
– Иә, тақсыр. Тасы қызықтырып тұр, – дейді.
– Алмас қой, – дейді уәзір.
– Жақсы екен. Алайда қандай пайдасы бар? – дейді шаруа.
– Ешқандай да пайдасы жоқ, – дейді уәзір, түсініңкіремеген қалып танытып.
– Енді, қандай пайда түсіреді дегенім ғой.
– Ешқандай…
– Өкінішті, менде де әкемнен қалған екі тас бар. Жылына елу ділдә пайда түсіреді.
– Айтасың-ау, сен де. Қандай тас ол? – дейді, сеніңкіремеген сыңаймен уәзір.
– Диірмен тасы. Мен ол тастың арқасында өз нәпақамды табамын, қайыр-садақа беремін әрі халыққа қызмет етемін, – деген екен шаруа.
Яғни, қалағаныңызша білім меңгеріңіз. Бір емес бірнеше университет бітіріңіз. Жеті жұрттың тілін біліңіз. Егер ол біліміңіз бен өнеріңіз не өзіңізге, не басқа жұртқа еш пайдасы болмаса, онда не қайыр? Құдды әлгі уәзірдің қолындағы жылтыраған жүзігінің пайда бермегені секілді.
Дүниеде де, ахиретте де зиянға ұшырағымыз келмесе, біліміміздің, өнеріміздің, мал-мүлкіміздің пайдалы болуы үшін Аллаға дұға етейік.
«Рахмет самалы» журналынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!