Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

«Үшеудің» аксиомасы

14.01.2021, 12:20 363

Әлемнің әртүрлі нүктелерінде бір мезетте саяси науқанның өтуі таңданарлық дүние емес. Бұған дейін де Одақтас, еншілес елдердің саяси науқанымен қатар жүргізілген «сценарийлер» болды. Өткен жылдың өзінде карантиндік ахуалға қарамастан Оңтүстік Корея, Сербия, Қырғызстан, Литва, Грузияда парламенттік, ал Польша, Беларусь, АҚШ-та президент сайлауы, теріскейлік көрші – Ресейде бірыңғай дауыс беру күні өтті. Айтпағымыз бұл емес, тақырып аясында қаузағымыз келгені – 2020 жылдың тамызында праймериз үлгісімен басталған саяси доданың 2021 жылдың алғашқы айында аяқталған адымы. Біз жазайық, сіз оқыңыз, оқырман!

VII ШАҚЫРЫЛЫМДА КІМДЕР БАР?

«Ә» дегенде көптің тілі сына бермейтін «праймериз» науқаны басталғанда елдегі жиын-терін уақыты да аяқталмаған тұс болатын. Екі саланың ұшын түйістіріп қою ойымызда жоқ, әрине. Десек те, әлеуметті алаң­дат­қан мәселеден гөрі осы партияішілік нау­қанның «арбасына» дөңгелек «жонғандар» жетіп артылды. Содан тамыздың үшінші онкүн­дігіне таяу саяси доданың қызу науқаны басталды. Алаулатып, жалаулатып демей-ақ қоялық, әйтсе де елі үшін ерні жыбырлайтын үміткерлердің денін әлеуметтік желі арқы­лы танығанымыз рас. Ал халық арасында бұл науқанның не үшін өтіп жатқанын ұқпағандар да аз болмады. Мақсат – біреу, 2021 жылы тәуелсіз ел болғалы жетінші мәрте өткізілгелі тұрған жергілікті мәслихаттар мен Мәжілістегі қосылғыштардың орнын өзгерту­ үшін жаңа көшбасшыларды айқындау. Естеріңізге салайық, бұл сөйлем – ресми анықтама емес.

Бұл жолғы ерекшелік, бұрынғыдай жеке адамға емес, партиялық тізім бойынша дауыс­ иеленіп, сол додадан 7 пайыздан кем емес жинаға­н партияға мәжілістен орын бұйы­рады. Бұл шешуші сәт ағымдағы жылдың 10 қаңтарында аяқталды. Орталық сайлау комис­сиясы Парламент мәжілісі сайлауының соңғы нәтижелерін жариялады. Нәтиже­сінде сайлаушылар берген дауыстың 3,57 және 5,29%-ы  «Аdal»  мен «Ауылға» бұйырса, 9,10% жұрт «Қазақстан халық партиясына», 10,95% өз таңдауын жасаушылар «Ақ жолдықтарға» үміт артқан. Ал еліміздің жетекші партиясы саналатын «Nur Otan» 71,09% дауыс­пен партияаралық көшті бастауға мүм­кіндік алды. Бұл – үштікке енген «үшеу­дің» «қосындысы» айқындалды деген аксиома. Жеңімпаздар тізімінде соңғы тұрған партияға – 10, екінші партияға – 12, мәрені айқын басымдықпен «кесіп» тұрған партияға 76 мандат берілді деген ресми ақпар бар. Айтпақшы бұлардан бөлек мәжіліс төріне Қазақстан халық­тары ассамблеясынан 9 адам жайғасты.

ӘДІЛДІК  һәм  ӘПЕНДІЛІК

Шетелдік «Nikkei Asia» ақпараттық агент­тігінің жазғанына сүйенсек, жексенбіде өткен парламенттік сайлауға ірі оппозициялық топтар­ дауыс беруге қатыспаған. Ал көше­лердегі кішігірім наразылық акциясын ұйымда­стырғандар  да полиция тарапынан тез таратылған. Оны елдегі саяси ахуалға «сүйкімсіз сценарий» ретінде қарайтын топтар­дың әдеттегі ісі деп қарасақ та, астарында әділдік  не  әпенділік  жатқанын  әзірге тап  басып  айту қиын.

Орталық сайлау комиссиясының мәлі­метінше, 11 миллион 919 мың 241 сайлаушының 7 миллион 539 мың 280-і дауыс беру науқа­нына белсене қатысқан. Жарамсыз деп танылған бюллетень саны – 297 мың 718. Өз таңдауын жасауға талпынбаған 4 миллионнан астам халықтың ортақ додаға оза шауып келмеген себебін әркімнің өзі біледі. Ал сайлау­ өткен күні заңбұзушылықтар болған.

 – Барлық сайлау процесіне қатысушы­лардың  заңнама талаптары мен азаматтардың конституциялық құқықтарын мүлтіксіз сақтау мәселесі – прокуратура органдары үшін жұмыстың басты басымдығы. Қазіргі уақытта «ҚР Сайлау туралы» конституциялық заң талаптарын бұзудың 2 фактісі рас­талды. Бұл – сайлау алдындағы үгітті оған тыйым салынған кезеңде жүргізу және дауыс беру нәтижелерін интернетте жариялау, – деді ҚР Бас прокурорының аға көмекшісі Азамат Саргазин  орталық коммуникация қызметін­де  өткен  брифингте.

«ҚЫШҚЫЛДЫҚ»  ҚОСЫЛМАДЫ

Өз кезегінде ел президенті Қасым-Жомарт Тоқаев та өз таңдауын жасады. Ізінше қазақстандық және шетелдік ақпарат құралдары үшін брифинг өткізді.

– Парламент сайлауы – әр елдің өміріндегі аса маңызды оқиға. Бұл сайлау мемлекеті­міздің одан әрі дамуына серпін береді. Жалпы,­ біздің Парламентке неғұрлым көп партия кірсе, еліміздің болашағы соғұрлым жақсы болады. Реформалар дайындалып жатыр­. Ол тоқтамауы керек. 15 қаңтарда Парлам­ентте депутаттардың жаңа құрамының алдында сөйлеймін. Одан кейін Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің отырысында алдағы­ реформалар жайы жан-жақты талқыланады, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Таздың таранып үлгерген, үлгермегенін қайдам­, әйтеуір тойдың бір бөлігі тарқады. Енді Үкіметтің отставкаға кетуі мен Парламенттегі жаңа саяси науқанның «шымылдығы» түріледі. Азаматтық қоғам үшін үлкен сынақ, ал саяси тұрғысынан қарар болсақ­, ауқымды саяси дода болған парламент сайлауы елімізде бұған дейін 1995, 1999, 2004, 2007, 2012 және 2016 жылдары өтті. 2012 жылы өткен бесінші, 2016 жылы өткен алтынш­ы  шақырылымдарда  Мәжі­лістегі  орынды  бөліп  алып  жүрген үш  партия  биыл да  құрамына «қышқылдық»  қоспады.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: