Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Сартай батыр мен Нұрбай би

14.01.2021, 9:30 2268

Атам заманнан қазақта «Батыр – елдің тірегі, би – елдің тілегі» деген мәтел бар. Көбіміз Жақайым Сартай батыр мен Матығұл Нұрбай бидің замандас, бір-бірінің өкшесін басқан ағалы-інілі қарым-қатынаста болғанын біле бермейміз. Онан бері талай заман өтті ғой. Сан нешеме ұрпақ ауысты. Жер жаңарды, ел жаңарды дегендей.
Қазір саусақ бүгіп санамалап отырсақ, ол кісілер өмір кешкен уақыттан бері де үш жүз жылдан астам мезгіл өтіпті. Бірі Жақайымдар ту тіккен, қадам заманнан қоныс еткен Ақшатаудың айналасын мекендесе, екіншісі осы күнгі Бөген елді мекенінің төңірегінде тіршілік түтінін түтеткен көрінеді. Екі ауылдың арасы анау айтқандай алыс та емес, мынау айтқандай жақын да емес. Екі ортаны асау, арынды Сыр өзені бөліп жатады. Бірақ, түбі бір туысқан адамдар суға да, нуға да етегін жимайды. Барыс-келіс әсте бір тыйылмаған көрінеді. Әсіресе, бұл қарым-қатынас жоңғар шапқыншылығына қарсы Сартай батыр мың баланы бастап шығар алдында тіпті жиілеп кеткен. Қашаннан бірлігі мықты, ынтымақшыл қазақ баласы Ұлы жүздің жеріне жау баса-көктеп кірген сәттен бастап «тонның ішкі бауындай» тұтасып кетіпті. Сонан Кіші жүз мекен еткен Атырау, Арал, Орал даласында жаушылар жиілеп, жаманат хабардан Алты ата Әлім балалары да тегіс құлақтанады.
Осы тұста ғой Жақайым Байжанұлы Сартай батырдың бірыңғай жасөспірімдерден әскер жасақтап, жауға қарсы аттанғаны. Кейінірек бұл оқиғаның дүмпуі Үш жүзге кеңінен жайылып, оған «Мың бала» деген ат қойылып, айдар тағылды. Кейін 1990-2000 жылдары республикалық «Егемен Қазақстан» газетінде алматылық ақын Батық Мәжитұлының сөзіне жазылған «Мың бала туралы ән» жарық көрді.
Зерттеуші ғалым Т.Дайрабаевтың тарихи деректерінде Сартай батыр жайлы мағлұматтар молынан кездеседі. Осы деректі салыстыра отырып, Матығұл Нұрбай бидің Жақайым Сартай батырдан 3-4 жас кішілігіне көз жеткіздік. Ол аз болса, аталмыш деректе Нұрбай бидің шамамен 1714-1715 жылдары туғандығы айтылады. Бұл – дәл, нақты дерек. Себебі, Нұрбай бидің немересі Бекарыстан би 1765 жылы өмірге келіп, 1858 жылы 93 жасында дүниеден озады.
Қазақта «Бір жас – құрдас, екі жас – сырлас, үш жас – мұңдас» деген аталы сөз бар. Соған қарап Сартай мен Нұрбай сияқты Арал-Қазалы өңірінде өмір сүрген Кіші жүздің көрнекті қайраткерлерінің сырлас, мұңдас, жолдас болғандығын жорамалдауға әбден болады. Бұл жөнінде екеуінің аты-жөні 1786-1787 жылдарда жазылған орыс-қазақ арасындағы қарым-қатынас жөніндегі тарихи құжаттарда қатар аталады.
Матығұл Нұрбайдың замандасы, Сыр бойы қазақтарына ғана емес, күллі қазақ жұртына әйгілі болған Сартай батырдың өмір дерегі туралы осы жерде қысқаша айтып өткен абзал.
Әлім тайпасы Жақайым руының Ақбурасынан Асан батыр туады. Бір қызығы, Асан батыр баласының атын Асан деп қойыпты. Сол кіші Асаннан Бәйбіше Асан, Дәулет Асан, Тоқал Асан тарайды. Тоқал Асаннан Қосқұлақ тарайды. Қосқұлақтан Алшынбай, Байжан өсіп-өнеді.
Тарихи деректерде Сартайды би әрі батыр ретінде суреттейді. Оның әкесі Байжан бидің есімінің көзге шалынғаны, қазақ-орыс қатынастарындағы 1782 жылғы 6 наурыздағы деректе кездеседі. Әйгілі орыс елшісі М.Тевкелев өз күнделігінде ол жөнінде аз жазбайды. Тевкелев өзіне келген старшиналармен қатар өзін жақтырмайтын бірнеше старшиналардың келе жатқанын, оның ішінде Баби би, Ақша, Байжан би және Сартай батырдың есімдерін атағаны айтылады.
Сартай жөніндегі екінші бір деректе оның есімі Нұрбай бимен қатар айтылады. Оның себебін төмендегі мәліметтен танып-білуге болады.
1785 жылдың 21 шілдесінде 50-ден астам Кіші жүз билерінің Екатерина ІІ-ге Нұралы ханды тақтан түсіру жөнінде жазылған өтінішке қол қойғандардың басында Сартай бидің есімі тұр. Бұл хатты (сірә, өтініш дегені болар) бекіткендер қатарында «Кіші жүзге пір атанған Әбдужәлел Қосымқожаұлы мен Сырым батыр бар» делінген. Мұнан кейінгі 1786-1787 жылдардағы орыс-қазақ қатынастары туралы қатынас құжаттарында осы жылғы ант беру қағазына басқа билермен қатар Шекті руының 10000 үйі үшін Сартай бидің (көрдіңіз бе, бұл деректе де батырды би деп атап отырғанын) және Нұрбай бидің 8000 үй үшін ант бергені жазылған. Талай ғасырларды көктей өтіп, ел Тәуелсіздігі тұсында ғана қолымызға тиген бұл құжатта онан әрі осындағы Нұрбай би Бекарыстанның атасы екендігі айтылады. Бекарыстан бидің 1765 жылы өмірге келіп, 1858 жылы дүние салғанын шежірені зерттеу тәсілімен есептесек, Нұрбайдың 1714-1715 жылы туғанын білуге болатындығы айтылады.
Жоғарыдағы тарихи деректе Нұрбай бидің туысы (мұнда Қаракөбек деп аталынған) Көбек би туралы да маңызды мәлімет бар. Бұл үшінші құжатта да Нұрбай бидің замандасы, Сартай бидің (батырдың) есімі алдымыздан шыға келді. Онда былай деп жазылған: «Игельстром (Орынбор өлкесінің сол тұстағы генерал-губернаторы) өзінің патшайым Екатерина ІІ-ге жазған мәлімдемесінде төмендегі бірқатар жағдайды атап өтеді: «…басқаларға қарағанда өздері артықшылық халде боларлықтай қызмет жүктеу қажет» деп өз ойын білдірген. Осы үшінші құжатта «1787-1789 жылдар аралығында сайланған тексеру, басқару старшиналығына Әлім әулетінен Сартай би, Қаракөбек, Мұратбектер» тағайындалғаны айтылады. Нұрбай бидің туысы Көбек те әлгі құжатта Қаракөбек аталған кісі емес пе екен? Осындағы «Қара» деген анықтауыш сөз Көбек бидің ажарына, түр-түсіне байланысты айтылған болар мүмкін. Әлде малды, жанды (ел-жұрты көп деген мағынада) Көбек би дегені ме? Себебі, малды «қара» немесе «қара ормандай халқы бар» деген сөйлемдегі «қара» сөзі де көп сөзінің тура мағынасын бермей ме? Бәлкім, «Қара Көбек би» атанғаны содан болар.
Заманында Нұрбай бимен достық, жолдастық қарым-қатынаста болған, керек кезінде бір-біріне айнымас ақылшы, келелі кеңесші болған Сартай батыр Байжанұлы туралы алуан түрлі деректер А.И.Левшин, М.Тевкелев, М.П.Вятькин, Мейер сияқты орыс тарихшыларының қолжазбалары мен кітаптарында молынан ұшырасады.
Қалай айтқанда да, күнінде бірі қаумалаған сырт жаудан қалың ел қазағын қорғап, екіншісі ел-жұртының әділ биі атанғаны ақиқат.
Ақтан Керейұлының төмендегі төкпе жыры осындай игі жақсылардың халқына жасаған қызметіне берілген шайыр бағасы іспеттес.
Ер жігіт елін меңгерсе,
Жетімдерге жем берсе,
Жесірлерге жер берсе,
Алдында тентек жөнделсе.
Әділдігін ел көрсе,
Бұл азаматтың реті.
Қазір өткенге ойша ат шалдырып отырсам, Жақайым Сартай батыр, Матығұл Нұрбай билер ғұмыр кешкен, ұрпақ сүйген, ұлан-байтақ даланы қорғап қалған, өнген, өскен ортасында өнегелі әңгіме қозғап, билік құрған сонау ХVІІІ ғасырдан бері қаншама су ақты. Сонан бері үш жүз жыл уақыт өтіпті. Уақыт соққан желден, аққан судан ұшқыр деген осы-ау.
Матығұл Нұрбай бимен замандас, бірі аға, бірі құрдас Кіші жүзге аян батырлар мен билер сол тұстары аз болмаған. Біз жоғарыдағы тарихи деректі алға тартып, Нұрбай бабамыз 1714 жылы туған десек, онан үш жас үлкендігі бар әйгілі Сартай батырдан басқа Жылқайдар (1711-1786 ж.ж) Жылқаман (1712-1796 ж.ж) батырлар, Басықара би (1720-1788 ж.ж) сияқты тұлғалардың көзі тірісінде Нұрбай бимен ауылы аралас, қойы қоралас отырған жастары шамалас кісілер екенін аңғарамыз.
Матығұл Нұрбай би мен Жақайым Сартай батыр және басқа атын атап, түсін түстеп кеткен тұлғалардың өзара жылы шырайлы қарым-қатынаста болғандығы, ел бірлігі жолында ынтымақтаса тер төккені, күрескені ешқандай күмән туғызбайды. Бұл бүгінгі және ертеңгі ұрпақ үшін үлгі-өнеге болуы тиіс.

Марта САПАРОВА,
Әлия Молдағұлова атындағы
№173 орта мектептің мұғалімі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: