Жаңа жыл жақындап қалды. Мектепте дайындық басталды. 6-сынып та жаңа жылды қарсы алуға кірісті. Барлық оқушылар көрсететін өнерін қызу талқылап жатты. Тек соңғы партада отырған Ару ғана әдеттегідей ештеңеге араласпастан, үндемей отырды. Бұл Ару үшін қалыпты жағдай еді. Өйткені, оны ешкім елемейтін. Мұғалімдер де Аруды ортаға тартып, ынталандыруға тырыспайтын.
Дегенмен, Аруды қызықтыратын бір өнер бар еді. Ол сахнаға шығып, билеуді қалайтын. Көрермендерге керемет биі арқылы ғажап әсер сыйлап, ыстық ілтипатқа ие болғысы келетін. Алайда Арудың ата-анасы би өнерін «пайдасыз бір дүние» деп ойлайтын және қыздарының бұл өнерге әуес болғанын қаламайтын. Оның үстіне, мұғалімдер де би өнеріне аса бір мән бермейтін.
Мектептен оралған Ару сыныптастарының бүгінгі жаңажылдық дайындығын есіне алып, тағы да қиялға батты. Кенет оның қиялын әдемі бір саз үні бұзды. Осы сәтте Арудың бөлмесіне бір жасқа енді ғана толған інісі томпаңдай кірді. Қолында әуен ойнаған ұялы телефон бар еді. Аруға әуеннің ұнағаны соншалық, ол өзінің қалай әуенге қосылып, билеп кеткенін байқамай қалды. Билеп жүргенде інісінің өзіне таңырқай қарап, қол соғып отырғанын байқады да, есіне анасының: «Сәбилер таза, бейкүнә болады. Олар ешқашан өзін де, өзгені де алдамайды» деген сөзі түсті. Ару сонда: «Егер сәбилер алдамайтын болса, демек, менің биім ініме ұнағаны ғой. Мүмкін, мен, шынымен де, жақсы билейтін шығармын» деп ойлады. Арудың бойына белгісіз бір күш-жігер ұялап, өз-өзіне сенімділігі арта түсті. Енді ол жаңа жылда сахнаға шығып, өзінің өнерлі екенін, өзгелерден кем еместігін дәлелдегісі келіп кетті. Осы мақсатпен Ару құпия түрде жаңажылдық кешке қызу дайындала бастады.
Көптен күткен жаңажылдық мерекелік кеш те басталды. Залға барлық мұғалімдер, ата-аналар және оқушылар жиналған. Кеш өнерпаздар өнерімен өрнектеліп, көңілдене түсті. Кезек Аруға да жетті. Арудың сахнаға шығатынын естігенде ата-анасы, мұғалімдері мен сыныптастары алғашында аң-таң қалып, артынша «ұятқа қалады-ау!» деп қобалжи бастады. Сахнаға алғаш шыққан Арудың да қол-аяғы аздап дірілдеп, қара терге түсе бастады. Залдағылар да «енді не болар екен?» дегендей оған үнсіз қарап қалған. Кенет құлағына біреу: «Қазір билемесең, енді мұндай мүмкіндігің болмайды. Биің арқылы «Үндемейтін, қарапайым жандар «дарынсыз адамдар» деген ұғымды жоққа шығар. Саған үмітпен өзің сияқты өз қабілетіне сенімсіз қаншама оқушы қарап отыр. Олардың да бойына батылдық сыйла, өзін бағалауды үйрет. Жаңажылдық ғажап жаса!» деп сыбырлағандай боп селк еткізді. Көзін ашып, залға қараса, кейбір оқушылар Арудың қателескенін қалап, мазақ ететін сәттерін күтіп отырғандай көрінді. Ару ішінен: «Жоқ, адамдардың бәрі бірдей. Тек, Құдай оларға әртүрлі қабілет берді. Біреуін біреуінен кем қылмайды. Қабілетімді байқап көрмей тұрып, өзімді қалай дарынсызбын дей алам. Қане, Ару, жинал!» деп өзін қайрап алды. Осылайша бойына күш-жігерін қайта жинаған Ару өзі дайындалған өнерін көрсете бастады.
Арудың биі көпшілікті таңғалдырды. Тіпті, би өнерін қолдамайтын ата-анасы, елемейтін мұғалімдерімен қатар, оны өзінен төмен санайтын сыныптастары да орындарынан қалай тұрып, қошемет көрсеткендерін аңғармай да қалды.
Бұл би өз қабілетіне сенімсіз, арманына күмәнмен қарайтын талай оқушы үшін де үлкен толқыныс туғызды. Осыдан бастап өзін қабілетсіз санап келген барлық оқушылар бойына сенімділік ұялады. Олар да қабілетін көрсетіп, өзін дарынсыз санайтындарға жауап бергісі келді. Ал, Арудың ата-анасы қызына қолдау танытпағанына, мұғалімдері оқушысын дарынсыздар қатарына қосып, ынталандыруға тырыспағандарына, сыныптастары оны төмен санап, кемсіткендеріне қатты өкінді.
Өзгелерге ықпал жасап, бойларына рух, күш-жігер ұялату, арманы үшін күресуге үйрете білу – кез келгеннің қолынан келе бермейтін таңғажайып. Өйткені, нағыз ғажапты қандай да бір тылсым күш емес, адамдардың өзі жасай алады. Осы сәтте, Ару өзінің жаңажылдық ғажайып жасағанын түсінді.
Гүлназ НҰРБАЙҚЫЗЫ,
Арал ауданы,
Қамыстыбас ауылы
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!