Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазба қорлары азайып барады

20.02.2020, 11:13 758

Соңғы жылдары Қызылорда облысының өзінде мұнай ұңғымаларының сулануы 95 пайызға дейін артты. Бұл өз кезегінде экономиканың жетекші саласына тікелей әсер еткені анық. Мәселен, өткен жылы аймақтағы өнеркәсіп өндірісінің көлемі 862,9 млрд теңгені құраған. Әрине, ауыз толтырып айтуға тұрарлық көрсеткіш, дегенмен 2018 жылдың көрсеткішінен 10,7%-ға төмен. Себеп сол, жекелеген мұнай  ұңғымаларының сарқылуы мен сулануы. Нақты дерек­ керек болса, оны да айтайық. 2019 жылы мұнай өндіру көлемі 2018 жылмен салыстырғанда 828,8 мың тоннағ­а кем өндіріліп, 5,6 млн тоннаны құраған. Бұған дейін де әлеуметтік-экономикалық даму жоспары аясында Сырдария, Шу-Сарысу, Оңтүстік Торғай шөгінді бассейндеріне кешенді геологиялық зерттеу жүргізу жоспарланған еді. Бүгінде  республикалық  бюджеттен 2020 жылға Шу-Сарысу шөгінді  бассейнін зерттеуге қарастырыл­ған 11 млрд теңгені­ң 600 млн теңгесі игерілуде. Бұйыртса, тиісті жұмыста­р  басталады. Бұл мәселе тек Қызылорда  облысын  төңіректеп тұрған  жоқ, республика  бойынша  «таздың  тақиясын­»  киіп  тұрған  секілді.

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігінің статистикалық мәліметіне сүйенсек, еліміздің мемлекеттік базасында тіркеліп, жұмыс істеп тұрған 8 мыңнан астам кен орны бар. Оның 317-сі – мұнай, газ, конденсатқа (көмірсутек), 910-ы – қатты пайдалы қазбаларға, 3 мыңнан астам­ы – кең таралған пайдалы қазбалар мен 4 мыңға жуығы жерас­ты сулары кен орындарына тиесіл­і. Елдегі ішкі жалпы өнімнің коэффициентінің басым бөлігіне ие бұл мәселе үкімет үстеліне жайғасқандарды да бейжай қалдыр­мады. Бүрсігүні Үкімет сағатында премьердің қатысуымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасының жобасы қаралды. Министр­лер кабинеті түгел жиналған жиын­да  елдегі  жерасты кен орындарының  бүгінгі  ахуалы мен болашақтағы  мүмкіндіктері айтылды. Тіпті  жақын  жылдары қазба қорларының  сарқылу қаупі төніп тұр.

 – Соңғы онжылдықта Шығыс Қазақстандағы моноқалаларға жақы­н орналасқан Шемонаиха, Юбилейно-Снегирихин, Зырянов ірі қорғасын-мырыш кен орын­дары толықтай игерілді. 2025-2040 жылдарға таяу Орлов, Малеев, Тишин­, Риддер-Сокольный секіл­ді кен орындарында да пайдалы қазба қорларының толықтай сарқыл­уы күтілуде. Бүгінгі таңда «Қашаған» кен орнын есепке алмағанда, қорлардың өсім деңгей коэффициенті қатты пайдалы қазба­лар бойынша – 0,13, ал көмірсутек шикізаты бойынша 0,9-ды құрауда. Соңдықтан да, жаңа кен орындарын ашу және оны іске қосу үшін кем дегенде 10-15 жыл уақыт керектігін еске­ріп, геологиялық барлау жұмыстарын қазірден бастап жандандыру қажет, – деді ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев Үкімет  отырысында.

Шынын айту керек, Қазақстан қай істе болмасын нарықтық экономика­сы озық елдердің тәжірибесіне сүйенгенді тренд ретінде қабылдайды. Пайдалы қазба байлықтарын игеруде де тура осы жағдай. Соның нәтижесінде геоло­гиялық барлауды жүргізуге инвесторларды тартуда оң тәжірибеге айналды. Алдағы бес жылдың ішінде дәл осы бағытта­ғы жұмыстарды толығымен атқару үшін еліміздің геология саласына 6 триллион теңгеден астам инвестиция тартылады деп күтілуде.

 – Еліміздің кей аймақтарында мұнай-газ саласының өнімі 10-15 жылда тоқтап қалуы мүмкін. Мұнай-газ саласының әл-ауқаты үш алып – Теңіз, Қарашығанақ және Қашағанның арқасында құрылады. Алайда олардың да әлеуеті­ шектеулі. 20-30 жылдан кейін бұл мұнай өндірудің табиғи құлдырауына әкелуі ықтимал, – деген пікірде Қазақстан мұнайшылар-геологтары қоғамының пре­зиде­нті Б.Қуандықов.

Қазіргі күннің өзінде жерасты суларының кен орындары 4000-ға жуықтайды. Гидрогеологиялық ерекшеліктеріне байланысты жер­асты­ су ресурстары әр аймақта әркелкі орналасқан. Мәселен, 50%-ы – оңтүстік, 30%-ы – солтүстік, орталық және шығыс, 20%-ы батыс аймақтарында шоғыр­ланған деген дерек бар.

 – 90-жылдары жүргізілген зама­науи сейсмикалық зерттеулердің нәтижесінде Қашаған, Қаламқас-теңіз, Солтүстік Трува секілді бірнеше кен орындары ашылды. Бүгінгі таңда ескі сейсмикалық мәліметтер көп болғанымен, оның сапасы мен нақтылығы қазіргі талаптарға сәйкес емес. Сол себепті, Каспийдің терең қабатының әлеуеті әлі толықтай бағалан­ған жоқ. Бұл бассейн – инвесторлар үшін тартымды аймақ. Қазір көптеген отандық және шетелдік компаниялар осы бассейнде геологиялық зерттеу жүргізуге ниет білдіруде. Сондықтан жаңартыл­ған геологиялық ақпаратты алу үшін заманауи сейсмобарлау жұмыстарын жүргізу қажет, – деді еліміздің бас геологы.

Сала мамандарының зерттеулеріне сенсек, Қостанай облысының, Орталық пен Шығыс Қазақстан арасындағы аумақтардың және Қырғызстанға іргелес еліміз­дің оңтүстігінің алтын кен орындарының әлеуеті зор. Ал алдағы уақытта қорғасын мен мырыштың жаңа кен орындарын Қазақстанның орталық, оңтүстік және де Кенді Алтай өңірлерінен ашу жоспары тұр. Өйткені бұл аумақтарда вольфрам, молибден, алюминий, қалайы және сирек кездесетін элементтер жиі кездеседі-міс. Сонымен 2021-2025 жылдарға арналған геологиялық барлау мемлекеттік бағдарламасын іске асыру кезеңін­де көмірсутегін барлауға шамамен 680 млрд теңге, қатты пайдалы қаз­баларды геологиялық барлауға 100 млрд теңге инвестиция тартылады деген дәме бар.

Н.ҚАЗИ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: