Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кесірлінің кесапатынан сақта!

14.12.2020, 9:30 1287

HALYQLINE.KZ

Тылсым

Қазақта «кесірлінің кесапатынан сақта!» деген керемет сөз бар. Бір апта бұрын кенттегі Жанқожа бабамыздың кесенесіне белгісіз жандардың ұрлыққа түсіп, халықтың садақаға атаған ақшасы салынған сейфті өздерімен бірге алып кеткені жайлы әлеуметтік желідегі жеке парақшамда, «Халық» газетінде жазған едім. Бұл оқиға кеудесіне иман ұялаған жандарды дүр сілкіндірді. Құзырлы орындар тарапынан тиісті шаралар қолға алынып жатыр. Сұғанақ қолды ұрылар ұсталып, заңды жазасын алар деп сенеміз. Мәселе, сейфтегі ақшаның аз-көптігінде немесе ұрылардың сотталуында тұрған жоқ. Сондай жексұрындыққа барғандар жер бетіндегі жазадан бәлкім, құтылар… Алайда Алланың жазасынан, көзінің тірісінде «әулие» атанған Жанқожа бабамыздың аруағының наласынан қалай құтылмақшы?!

Әрине, жоғарыдағыдай қылмысқа барғандардың әке-анасын, өскен ортасын, тәрбиесін кінәлаудан аулақпын. Кез келген әке-ана бауыр еті перзентін жаман болсын деп тілемейтіні белгілі. Ал… ұрлығы ашылған жағдайда «пәленшенің баласы Жанқожа бабаның кесенесіне ұрлыққа түсіпті» деген айыптан байғұс ата-ананың қандай күйде боларын ойлаудың өзі қиын… Тіфә-тіфә, «мал құлағы саңырау»…. Оған қоса, көзінің тірісінде «әулие» атанған Жанқожа бабаның аруағының наласын жалпақ жұрт тартпаса, «кесірлінің кесапаты» қайманаға тимесе екен деп тілеймін.

Осы орайда Жанқожа бабамыздың киелі қасиеттерін оқырман назарына ұсынуды жөн санадым.

Қос  барыстың  мүсіні

Шыжыған шілде айы. Соңғы тәуліктерде үзбестен отты леп соғып тұр. Бүгін тіпті қапырық. Күн арайы төгілісімен төңірек тымырсық күйге бөленді. Сәл жел көтерілсе, таңдайыңды кептірер аңызақ қосыла есіледі. Қарға адым аттасаң, киіміңді сығып алғандай терге малшынады. Ми қайнатар аптап адам түгілі хайуанаттардың да берекесін қашырғандай. Жайшылықта жағын жаппайтын көршінің қара төбеті көлеңкеден шығар емес.

Телефон қоңырауы шырылдады. Тұтқаның арғы жағындағы дауыс Жанқожа батырдың кесенесіне келуімді өтінді. Алып-ұшып жетіп бардым. Қашанда кісі үзілмейтін қасиетті мекенде жұртшылықтың шоғыры мол екен. Көршілес аудандардың әкімдері, мәслихат хатшылары да жүр. Маңызды оқиға болары анық. Мәнісін білуге асықтым. Естігенім «Көпке танымал бауырымыз Алматыдан жүк көлігімен салмағы жарты тонналық қос барыстың мүсінін жіберді. Соны кесененің алдындағы бұрынғы мүсіннің орнына қоймақшымыз» деген жауап болды. Бірақ бұл пікірді қоштамағандар да баршылық. Олар «Баба рухына сыйынушылар кесенемен бірге салынған жолбарыстың бейнесін де киелі есептейді. Сондықтан қозғамаған жөн» деген лебізді алға тартты. Кешен ауласындағы талдардың көлеңкесін саялағандар мұндай қарсылыққа екіұдай сезіммен қарағандай.

Кенет… көкжиектен көтерілген қою қара бұл аспанды әп-сәтте жайлап өтті. Жаңа ғана тәніңді шоқтай қарыған кейпі күрт өзгерді. Жарқ-жұрқ етіп найзағай орнады. Күн күркіреп іле-шала бармақ басындай бұршақ құйып берді. Баршаның зәре-құты қалмады. «Аллалап» қашып кесененің ішіне тығылды. Ет асым уақытқа созылған табиғат құбылысы тылсым күштің құдіретін мойындатты. Үйлердің шатыры ұшып, ағаштар құлағанын БАҚ өкілдері жазды. Ал, жолбарыстардың ескі мүсіні қозғалған жоқ. Жаңадан жеткізілгендері шыға берістегі баспалдақ жанына орын тепті. Арада жылдар өтті. Аузын арандай ашқан, бабаның пірі есептелетін киелі барыстарды көрген сайын сол көрініс жадыма оралады. «Кереметіңнен айналайын, әз бабам» деп толғанамын.

Құмда  жүзген  кеме

Теңіздің кемерленген кезі. «Чкалов» кемесінің капитаны Насрадин Бижанов Жанқожа батырдың тікелей ұрпағы да, механигі Тұрман әзілқой кісі екен. Бірде шағын кеме қайраңдап қалыпты. Маңайда тірі жан жоқ. Бір шеті дала, келесі беті шалқар айдын. Команда өмірден түңіле бастапты. Егер мотор жанса… құрыды. Тұрман кейін «Насрадинге көзім түскенде денем түршікті. Оны Жанқожа бабаның ұрпағы екендіктен айрықша құрметтейтінмін. Осы жолы айран-асыр қалдым. Нәкеңнің ажарлы өңі қатты бұзылыпты. Бет-аузы жас әлде суға малшынған. Өзі баба аруағына сыйынып тұр. Оқыстан «Барынша алға» деген бұйрық берді. Мен «Қайраңда қалған кеме қалайша жылжиды?» деп аң-таңмын. Қатқыл үнмен «Кеме, алға!» деген пәрменін тағы қайталады. Бұйрық талқыланбайды, орындалады. Мен амалсыздан моторды іске қостым. Міне, қызық! Кеме құмды айқара тіліп, суға түсті. Бәріміз аман құтылдық» дегенді жиі қайталайды екен.

Баба  аруағына  сыйынған  казак-орыс

Өзге ұлт өкілдерінің арасында да қиналғанда Жанқожа баба рухынан жәрдем тілегендер кездесіпті. Бір ағамыздың айтуынша, бұл оқиға Қазан төңкерісіне дейін болыпты. Оның арғы атасы Оралдан қоныс аударған казак-орыспен бірге Үргенішке кіре тартуға жалданыпты. Бірде керуенге қарамай, асығыс жалғыз өзі жолға шыққан Артём қиындыққа тап келіпті. Қызылқұмның қиясында әлденеден үріккен аты шылбырын үзіп, шығынып кетеді. Шағыл құмның ыстығы тынысты тарылтады. Торсықтағы су қанжығада байлаулы.

Не істеу керек? Казак еңіреп жылап, атының соңынан қуалайды. Әбден сілесі құрып, титықтап құлайды. Есінен танып қалыпты. Сәлден соң басын көтеріп, жан-жағына қарайды. Биік төбенің басындағы Жанқожа батырдың бейітін көреді. Қазақшаға жетік орыс жолдастары арқылы баба туралы әңгімелерге қанық екен. Тізесін бүгіп мінажат еткен казак «Батыр баба, ұлтым бөлек болғанмен мен де пендемін ғой. Бала-шағам бар. Құтқара көр!» деп жалбарына жылапты.

О, ғажап! Көз ұшында желіп бара жатқан аты кілт тоқтапты. Төбе басын шыр көбелек айнала беріпті. Казактың кеудесінде үміт оты лаулап құстай ұшыпты. Бақса… зәулім сексеуілдің бұтағына аты шылбырынан байланып қалыпты. Атына мінген кіреші еш жерге аялдамастан қалаға аман жетіпті. Келісімен мал базардан семіз қой сатып алыпты. Аулаға құрақ пішен, қалақ қоға төсетіпті. Қазақы дәстүрмен жерге дастарқан жайыпты. Бабаға арнап Құран бағыштатыпты. Көзі жұмылғанша Жанқожа бабаның рухын құрметтеп өтіпті. Өзі батыр бабаның шыққан тегі Майдандар әулетінің шежіресін жатқа біледі екен. Ескіден жеткен есті сөз осылай толғайды.

Автобустағы  оқиға

Біздің ауылдың балалары Жанқожа батыр, Ақтан батырдың есіміне, батырлық жолына есін білгеннен қанық. Кеңестік жүйенің кезінде де үлкендер қос баба жайлы қызықты әңгімелер шертетін. Алайда «әулиелердің есімдерін тура атауға, жиі айта беруге де болмайды» деп баба, батыр ата деп атайтын. Бұл ұғым қазірде де бар..

Тоқсаныншы жылдардың аяғы еді. Қазалы қаласына бармақшы болып автобусқа міндік. Күз мезгілі. Жауын бүркіп, жауып тұрды. Автобус орнынан қозғалар-қозғалмастан аямай боянып, сыланған жастау әйел жүргізушіге «Мені Жанқожаның қасынан қалдырып кетші» деді қатқылдау үнмен. Шофер үнсіз басын изеді. Мұны естімеді деп санады ма, келіншек даусын жаңағыдан да қатайтып «Мені Жанқожаның қасынан тастап кет дедім ғой» деді тағы да. Шыдамаса керек, бір үлкен кісі «Балам, ол кісі аса киелі, әулие адам. Тура атын атамай баба болмаса батыр ата дегенің дұрыс» деген еді. Әйел өршелене түсіп, жаңағы сөзін тағы әлденеше мәрте қайталады. Отағасы енді ауыз ашса, ұрыс басталатынын түсінгендей үнсіз қалды. Бабаның кесенесіне жақындап қалғанбыз. Аяқ астынан тарс еткен дыбыс шықты да автобус бір қапталға қарай қисая берді. Салонда шыбынның ызыңы естілгендей тыныштық орнады. Сырғанап, жолдың нақ жиегіне аялдаған автобустан бәріміз түсуге асықтық. Балоны жарылып, жауынның салдарынан тайғанақтап барып тоқтапты. Жүргізуші болса «кеше ғана жаңадан салған едім, не болғанын қайдам?» дейді маңдайынан сорғалаған терін қолының сыртымен сүртіп. Дөңгелекті ауыстырып алып, қайтадан жолға шықтық. Кесір тілді келіншек болса сол жерден қалып қойды.

Арада қаншама жыл өтсе де аузы көбіктенген әйел, жарылған балон, бір бүйіріне қарай жантайған автобус жадымнан шығар емес.

Суретте: Жанқожа бабамыздың Қызылқұмдағы мәңгілік мекені, аудан орталығындағы кесенесі, батыр бабамыздың суреті.

Жұмабек  Табынбаев,

Қазалы  ауданы

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: