Тәуелсіздіктің 30 жылдығына қадам басып келеміз. Тарихи тұрғыдан бағамдасақ, бұл көп уақыт емес. Десек те, іргетасын бекітіп, негізін қалаған Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастауымен тәуелсіз Қазақстан мемлекеті дүниежүзілік картада өз орнын қалыптастырды.
Тарихты қашан да тұлғалар жасайтыны белгілі. Әлемдегі әр халықтың өз дәуірлеу тарихы болса, сол кезеңде басшылық еткен тұлғаның да істеген ісі мен ізі қалады.
Осы орайда, бүкіл түркі әлеміне ортақ тарихи тұлға, философ, абыз Қорқыт атаның «Ауыр жүктің мехнатын тұғыр емес, тұлпар білер» деген тәмсілі тәуелсіз еліміздің жүріп өткен жолындағы кездескен қиындықтар мен күрделі кезеңдер кемеңгер Көшбасшының ерекше қажыр-қайратымен еңсерілгенін айқындай түседі.
Тарих болашаққа дұрыс қадам жасауға жәрдемдеседі. Тұңғыш Президент күні мерекесінің бекітілуі де – халықтың Елбасына деген шынайы құрметі мен ыстық ықыласының белгісі.
Тәуелсіздіктің алғашқы қалыптасу жылдары ешкімге де оңай тимегені рас. Әсіресе, Елбасы «Алаштың анасы» деп атаған Сыр елі әлемдік проблемасымен жеке-дара қалғандай кезең туған еді.
Кезінде жал-жал толқыны жағаға ұрған Арал теңізі планетамыздағы ең үлкен теңіздердің қатарында болғаны белгілі. Суы тартылып, апатқа ұшырағанға дейін қойнауы бағалы балыққа бай, жағасы қоғалы, қамысты су айдыны еді. 1960 жылдардан бастап Арал аймағын игеру қолға алынып, Сыр мен Әму бойындағы мемлекеттердің игерілетін жер көлемі еселеп ұлғайып, халқының саны артты, қажеттілік те көбейді. Екі өзен бойында суды қажет ететін күріш, мақта дақылдарының қарқынды дамуынан Аралға құйылатын су мөлшері азайды. Судың тұздылығы артты. Тыңайтқыштарды, химиялық препараттарды толассыз пайдалану салдарынан Арал өңірі экологиялық апатқа душар болды.
Бұл адамзат баласының қолдан істеген қателігі ретінде әлемге танылды. Мәселелер тек экологиялық күрделі жағдайға ғана емес, әлеуметтік-экономикалық дамуға да қатысты еді. Жергілікті тұрғындардың жаппай көшуі басталды. Балықшылар Қапшағай, Балқаш, Каспий сияқты өзге аймақтарға кете бастады.
Тәуелсіздік жылдары ішінде Арал проблемасына және оның адамзатқа тигізген зардабына үлкен мән берілді. Елбасының қолдауымен 1992 жылы 30 маусымда «Арал өңіріндегі экологиялық қасірет салдарынан зардап шеккен азаматтарды әлеуметтік қорғау туралы» заң күшіне енді. Осы заң бойынша Қызылорда облысы ғана емес, экологиялық дағдарыс жағдайына жақындаған аймаққа Ақтөбе облысының Байғанин, Ырғыз, Мұғалжар (бұрынғы Мұғалжар ауданының елдi мекендерi шекарасының шегiнде), Темiр аудандарының, Түркiстан облысының Арыс (оның iшiнде Арыс қаласы), Отырар, Созақ, Шардара аудандарының,Түркiстан қаласының және Кентау қаласының Шаға, Жаңа Иқан, Ескі Иқан, Үшқайық, Иассы, Ораңғай, Қарашық, Жүйнек, Бабайқорған, Шорнақ, Жібек жолы, Майдантал ауылдық округтерінің, сондай-ақ Қарағанды облысының Ұлытау ауданының (бұрынғы Жезқазған облысының Жездi ауданының елдi мекендерi шекарасының шегiнде) аумақтары кiрдi. Бүгінде бұл заң Арал маңы халқының әлеуметтік мәселелерін жақсартуға айтарлықтай үлес қосып келеді.
Орталық Азия елдерінің басшылары 1993 жылдың 26 наурызында Қызылорда қаласында өткен саммитте бас қосып, Арал теңізі және Арал маңын экологиялық сауықтыру, аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуын қамтамасыз ету мәселелерін шешуде бірлесе қызмет ету туралы мәлімдеме қабылдап, Мемлекет басшысы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың бастамасымен Халықаралық Аралды құтқару қоры (ХАҚҚ) құрылды.
Ел ертеңіне сенген Елбасы – Аралды сақтап қалу мақсатында ғасыр жобасы атанған – «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасы жөнінде тарихи шешім қабылдады. Мұны қазір саяси тұрғыдан да, экономикалық тұрғыдан да өте көрегендікпен жасалған шешім деп айтуымызға әбден болады.
Осы ретте, Мемлекет басшысы ретінде Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың қасиетті Арал топырағында тұрып «Мен Аралға көмектессем деген арманыма жеткеніме қуаныштымын» деген сөзі Арал халқының жүрегіне берік орнықты.
Бүгінгі күні балық шаруашылығы қайтадан облыс экономикасының маңызды саласының біріне айналды. Кетіп қалған балықшылар туған жеріне қайта оралып, ата кәсібін жандандырды. Жобаның (САРАТС-1) бірінші кезеңін іске асырудың нәтижесінде Арал теңізіндегі балықтың көптеген биологиялық түрі қалпына келтірілді. Осы уақыт ішінде өңірде балық аулау көлемі 20 есеге, 400-ден 8 мың тоннаға дейін ұлғайды. Қазір теңізде 24-тей балық түрі бар.
Арал балығы Қазақстанда ғана емес, одан тыс жерлерде, тіпті Еуроодақ елдерінде де танымал, олардың ішіндегі ең құндысы – мұртты табан, сазан, ақмарқа, табан, жайын, көксерке, қаракөз, шортан, алабұға.
Бүгінде өңірде 9 балық өңдеу зауыты жұмыс істейді, олардың 4-інде Еурокод бар. Соңғы 5 жылда балықты қайта өңдеу 14%-ға, ал оның экспорты 2,5 есеге өсті. Балық өнімдері таяу және алыс шетелдің 14 еліне – Ресей, Грузия, Беларусь, Литва, Өзбекстан, Қырғызстан, Әзербайжан, Германия, Польша, Қытай, Чехия, Нидерланды, Аустрия, Данияға экспортталады.
Өңірдің балық саласының әлеуеті жоғары. Арал теңізі, Сырдария өзені, 207 балық шаруашылығы су айдыны – мұның бәрі аквамәдениет өсіруде пайдаланылады.
Биыл Қызылорда облысында балық шаруашылығын дамытудың 2030 жылға дейінгі бағдарламасы жасалды. Бұл тауарлық балық көлемін 34 есеге арттыруға мүмкіндік береді.
Өткен жылы Қызылорда облысына жұмыс сапарымен келген Президентіміз Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев: «Елбасының бастамасы бойынша «Сырдария арнасын реттеу және Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтап қалу» жобасы іске асырылуда. Осы жобаның және Көкарал бөгетінің арқасында Кіші Аралдағы су қалпына келді. Мәселелер мұнымен шектелмейді. Көкарал бөгетінің төменгі жағын Сырдария ағыны бұзып жатыр. Дереу қолға алмасақ, Кіші Аралдан айырылып қалуымыз мүмкін. Осы уақытқа дейін жиналған 27 млрд текше метр су зая кетпеуі керек», деп Үкімет пен әкімдікке тиісті шаралар қабылдауды тапсырды.
Осы жылдың мамыр айында Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі өкілдерімен бірге Арал ауданына барып, Көкарал бөгетінің жұмысымен танысып, «Сырдария өзенінің арнасын реттеу мен Арал теңізінің солтүстік бөлігін сақтау» (САРАТС) жобасының ІІ фазасын іске асыру мәселесін, Көкарал бөгетінің жұмысын қалпына келтіруді талқыладық. Бұл бағытта жұмыстар басталып кетті.
Осылайша, балық кәсібі жанданған Сыр елі Қазақстанды ғана емес, шет мемлекеттерді де қамтамасыз етуге мүмкіндігі мол өңірге айналды.
Тұңғыш Президентіміздің көрегендігі мен дер кезінде жүзеге асырылған саяси экономикалық реформалар арқылы Қазақстан экономикасын түзеп, тығырықтан шықты. Шұғыл бетбұрыс басталды. 2000 жылдың басында Еуропа қауымдастығы, ал 2002 жылы Америка тарапынан Қазақстан нарықтық экономикасын қалыптастырған ел ретінде танылды.
АҚШ-тың аты аңызға айналған Президенті Джордж Буш (үлкені): «Сіздің қиын-қыстау кезеңдердегі ұстанған саяси және экономикалық реформаларыңыз – әлемдік саясаттағы үлкен жетістік деп білеміз» – деп үлкен құрметпен жазуы сөзімізді дәлелдей түседі.
Елбасының тәуелсіздіктің алғашқы жылдарындағы экономиканы дамыту мен инвестиция тарту мәселесі ел дамыған сайын маңыздылығын жоймайды, керісінше, әрбір күрделі кезеңде соған қайта оралып, ісімізді пысықтап келеміз.
Осы ретте, биыл сынаққа айналған пандемия кезеңі бізден жұмысымыздың бағытын өзгертуді, дұрыс үйлестіруді талап еткені белгілі. Өңірімізде, елімізде ғана емес, әлемде экономика дағдарысқа ұшырады. Осы кезеңде жұмысты дұрыс үйлестіре білмесек, одан шыққан уақытта тіпті дағдарып қалуымыз әбден мүмкін.
Сол себепті, агломерациялық тәсіл негізінде қызмет түрлері бойынша саралау арқылы облыстың 2023 жылға дейінгі экономикалық картасын әзірлеп, оның шеңберінде бизнеске 4600-ден астам тұрақты жұмыс орындарын құруға мүмкіндік беретін жалпы сомасы 270 млрд теңгеден асатын 265 жобаны іске асыруды жоспарладық.
Қазіргі таңда аймақ өңірлік экономиканы әртараптандыруды жалғастыруда. Индустрияландыру бағдарламасының үшінші бесжылдығы аясында облыста 554 млрд теңге қаражатқа 6 мыңнан астам жұмыс орны құрылатын 26 жоба іске асуда. Олардың ішінде шыны, кальцийленген сода, пластик шыны және сорғы-компрессорлық құбырлар шығару, түйе сүтінен құрғақ ұнтақ өндіру, ет комбинаты, құс фабрикасы бойынша өндірістер құруға бағытталған экспортқа бағдарланған индустриялық жобалар бар. «Арал тұз» АҚ-да ас тұзын өндіру бойынша 3 испан цехын құру, «Шалқия» қорғасын-мырыш кен орнында кен байыту комбинатын салу, кварц құмдарын байыту бойынша жобалар іске асырылуда. Тек осы жобалар аясында өңір экономикасына 25 млрд теңгеден астам инвестиция салу жоспарланып отыр.
Елбасы айтқан жалпыға бірдей еңбек қоғамының идеясы – әрбір адам еңбек етіп, отбасының нәпақасын табуы қажет.
Осы орайда, бизнеске көп балалы аналар да тартылуда. «Еңбек» бағдарламасы бойынша бизнес-идеяларды іске асыруға 602 көпбалалы ана грант алды.
Карантиндік шектеулер кезінде шамамен 54 мың кәсіпкер салық жеңілдік алды, 5 мыңнан астамы міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, 9 мың сауда алаңы 700 млн теңгеге жуық сомаға жалдау төлемін төлеуден босатылды, жыл соңына дейін мемлекеттік меншікті жалға алатын 194 шағын және орта бизнес субъектісі де босатылмақ.
Мемлекеттік бағдарламаларды іске асыру нәтижесінде жыл басынан бері 19 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды, оның 14 мыңы – тұрақты жұмыс орны. «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында 277 инфрақұрылымдық жобаны іске асыру арқылы 9,5 мыңға жуық адам жұмысқа орналасты. Жұмыссыздық деңгейі 4,9% деңгейінде сақталуда.
«Еңбек ер атандырады» демей ме халқымыз. Сындарлы сәттерде де сағы сынбаған еңбекқор Сыр халқының үлгісіндей Абзал Ералиев пен Юрий Пя Тәуелсіз Қазақстанның Еңбек Ерлері екенін осы жерде мақтанышпен атап өтсем деймін.
Қызылорда облысы күріш өндіруші аймақ ретінде белгілі. Биыл күріштің әр гектарынан 61,8 центнерден өнім алынып, қамбаға 550 мың тоннадан астам өнім жиналды, жоғары көрсеткішке жеттік. Күріш дақылдарын тұрақтандыру және суды аз қажет ететін дақылдарды кеңейту туралы шешім қабылданды. Қазіргі заманғы суару жүйелеріне: аквагельдерге, жаңбырлату, тамшылау жүйелеріне назар аударылады. Жаңақорған ауданында алғаш рет аквагельдерді пайдалана отырып, күздік бидай 80 гектарға егілді, гектарына орта есеппен 18 центнерден өнім алынды.
Сыр елінен алғаш рет Германияға 420 тонна қамыс, Ресейге қызанақ пен мұздатылған көкөніс жөнелтілді. Әлемнің 17 еліне ауыл шаруашылығы өнімдерінің 11 түрі экспортталды.
Қазіргі таңда көгілдір отынсыз жайлы тұрмысты көзге елестетудің өзі қиын. Тіпті мемлекеттің болашағы да көп жағдайда осы саланың дамуымен байланысты десек болады.
Осы ретте, Елбасы тапсырмасымен 2014 жылы «Бейнеу-Бозой-Шымкент» магистральдық газ құбырын салу жобасы іске асты, оның 846 шақырымы Қызылорда облысы арқылы өтеді. Бұл ауқымды жобаны осы жылдар ішінде іске асыру Қызылорда, Байқоңыр қалаларын және облыстың 7 аудан орталығының 4-ін газдандыруға мүмкіндік берді.
«Қараөзек» қуатты газ компрессорлық стансасы салынды, ол Нұр-Сұлтан қаласына газ құбырының құрылысын бастауды қамтамасыз етті.
Елді мекендерді газдандыру – Елбасы көтерген бес бастаманың бірі. Осы орайда, биыл төтенше жағдай режімі мен шектеу шараларына қарамастан 5 мыңнан астам адам тұратын Арал ауданының Жақсықылыш кентіне газ берілді. Жыл соңына дейін қалған 3 аудан орталығының (Жосалы, Жалағаш, Тереңөзек) тұрғындары мен тұрғындарының жалпы саны 50 мың адам болатын Жаңақазалы ауданындағы Ғани Мұратбаев, Шиелі ауданындағы Байсын елді мекендеріне газ беру жоспарлануда. Нәтижесінде, ағымдағы жылдың соңына дейін халықтың 70%-ы табиғи газға қол жеткізе алады.
Қызылорда облысы – Қазақстанда ғана емес, Орталық Азияда ғарыштық кешен орналасқан стратегиялық маңызы бар өңір. Ғарышты игеру бүгінде өркениетті әлемнің басты мәселесіне айналғаны анық.
Елбасының қолдауымен 1991 жылы 2 қазанда Байқоңырда алғаш рет қазақ Тоқтар Әубәкіров ғарышқа аттанды. Бұл еліміздің ғарыштық әлеуетін дамытуға серпін берді. 1993 жылдың ақпан айында Тұңғыш Президентіміздің Жар-лығымен отандық ғарыш саласын дамытатын өкілетті мемлекеттік орган құрылды. 1994 жылы Қазақстан мен Ресей Байқоңыр ғарыш айлағын сақтап қалу мен қалпына келтіру мақсатында мемлекетаралық келісімге қол қойылып, елдегі ғарыштық құрылымдардың инфрақұрылымы жүйеленді. Содан бері Талғат Мұсабаев, Айдын Айымбетовтер қазақ баласының ғарышқа ұшу ғана емес, ғарышта ғылыми зерттеулер жүргізу арманына жол ашып берді.
Байқоңырдағы қазақстандық азаматтарға жағдай жасауға енді көңіл бөліне бастады. 30 жылда алғаш рет «Нұрлы жер» бағдарламасымен өткен жылы бес 50 пәтерлі тұрғын үй пайдалануға берілді. Сонымен бірге 2021 жылы тағы да пәтерлер салынып, су жүйесі жаңғыртылады.
Саяси қайраткерлер өмірін зерттеушілер Тұңғыш Президентіміз – Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың тарихи тұлғасын зерделеуде оның ең әуелі ішкі тұрақтылықты және халықтың бірлігі мен келісімін қамтамасыз ете алуы мемлекетті жаңаша қалыптастыру ісінде зор рөл атқарғанын алға тартады.
Егемендіктің бастапқы жылдарында мемлекет құрушы қазақ халқының саны 40% ғана болуы тәуелсіздікті қолда нық ұстап қалуға едәуір қауіп туғызғаны ақиқат. Елімізді мекен еткен барша ұлыстарға ортақ болашақты бірлесе қалыптастырмай тағдырласа өмір сүру мүмкін емес екенін, заманауи қуатты мемлекет құру жолында жұмылған жұдырықтай бірге еңбек ету қажеттігін сөз жүзінде айтып қана қоймай, іс жүзінде дәлелдеп берді.
Расында, Елбасы ешбір мемлекетте болмаған бірегей қоғамдық институт – Қазақстан халқы Ассамблеясын құрып, этносаралық қатынастарды жетілдіруде жемісті істерге жол ашты. Осы жылдар ішінде ҚХА өзінің басты міндетін нәтижелі орындады: қоғамдық-саяси тұрақтылықты қамтамасыз етті және мемлекеттік құрылымдар мен азаматтық институттардың этносаралық қатынастар саласындағы өзара іс-қимылының тиімділігін арттырды.
Қызылорда облысында 35 этнос өкілі (815 мыңдай адам) тұрады. Қазақстан халқы облыстық ассамблеясы жанында 11 этномәдени бірлестіктен басқа бірнеше құрылым бар. Олар коронавирус инфекциясымен күрестің шарықтау шегінде халыққа қайырымдылық шараларын толассыз ұйымдастырып, медицина қызметкерлеріне материалдық және қаржылай көмек беріп, 460 адам тұрақты жұмыс орнымен қамтылды. Маусымдық жұмыс барысында бұл көрсеткіш 1300-ге жетті. ҚХА мүшелері Арыс қаласындағы апат пен Мақтаарал ауданындағы су тасқыны кезінде де ел бірлігінің үлгісін көрсетті.
Елбасының «Бірлесе білген ел бәрін жеңеді» деген сөзі ісімізді қуаттай түседі.
Азаматтық қоғамның ажырамас бөлігі – еріктілер. Қызылорда облысы республика бойынша осы жылдың басында алғашқылардың бірі болып 700-ге жуық еріктіні біріктіретін «Сыр еріктілері штабын» құрды. Сыр волонтерлері пандемия кезеңінде 1000-нан аса шара ұйымдастырды, көмекке мұқтаж жандарға 11 баспана салып берді.
Елбасының тапсырмасымен «Birgemiz Qyzylorda» өңірлік қоры арқылы 24 мыңнан астам отбасына 50 мың теңге (1,2 млрд теңге) көлемінде көмек көрсетілді. Ал 12 мыңнан астам отбасына азық-түлік пен тұрмыстық техника алуға 129,8 млн теңге бөлінді.
Көз ілеспес шапшаңдықпен даму үстіндегі жаһандану дәуірінде ұлттық жадымыз бен ел тұтастығын, рухани қазыналарымызды сақтап қалу – аса маңызды. Осы орайда, Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалалары еліміздің қоғамдық-саяси өміріндегі маңызы зор оқиға ғана емес, ұлттық мүдденің ұлы мұраттарын айқындайтын жаңа идеологиялық тұжырымдама ретінде танылды.
Сыр елі қалың қазақтың қаймағы бұзылмаған, салт-дәстүріміз сақталған мекен екені баршаға мәлім. Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев айтқандай, Сырдың қасиетті жері бүкіл қазақ халқының тарихи өлшемі болып табылады. Бұл өңірде данагөй абыз Қорқыт ата дүниеге келді, бұл жер – Шығыс өркениеті орталығының бірі, Түркі мәдениетінің алтын көмбесі. Арал өңірінде мемлекеттіліктің қалыптасу тарихы туралы көптеген деректер сақталған. Қызылорда облысының аумағында әр дәуірде төрт бас шаһар: Сақ мемлекетінде – Шірік-Рабат, оғыздарда – Жанкент, қыпшақтар, Ақ Орда және Қазақ хандығында – Сығанақ, ал Кеңес тарихында қазақ атауы қайтарылған Қызылорда Қазақ АКСР-нің алғашқы астанасы болып қалды.
Бұл ретте, барша түркі жұртының данасы, ұлы ойшыл, ғұлама Қорқыт атаны әлемге таныту мақсатында Сыр елі халқының ұсынысы Елбасы тарапынан әрдайым қолдау тауып отырғанын айтуымыз керек. Осылайша, 2018 жылы ЮНЕСКО-да «Қорқыт ата мұрасы» ғаламдық материалдық емес мұралар тізіміне енгізілді, бүкіл әлемге танылды.
Биыл еліміз үшін де, өңіріміз үшін де айшықты оқиғаларға толы жыл екені белгілі. Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің – 1150, Ұлық ұлыстың – 750, хакім Абай Құнанбайұлының – 175, Ұлы Отан соғысындағы жеңістің 75 жылдық мерейтойлары өңірімізде жоғары деңгейде аталып өтілуде. Жыл басынан бері осы мерейтойлар аясында 2 мыңға жуық мәдени іс-шара ұйымдастырылды.
Мерейтойлық шаралардың ішінде шоқтығы биік өнер туындысы – Ахмет Жұбанов пен Латиф Хамидидің «Абай» операсы Сыр жерінде алғаш қойылды.
«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында ежелгі Бәбіш-Мола, орта ғасырлық Сортөбе, Жанкент, Сығанақ, Қышқала, Асанас қалашықтарында Сақ дәуірінен бастап Қазақ хандығына дейінгі тарихи кезеңдерді қамтитын тарихи-археологиялық зерттеулер жүргізілді.
Бұған қарап, Тұңғыш Президентіміз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың «Тәуелсіздік жылдарындағы жетістікті бір ғана Қызылорда облысынан көруге болады» деген сөзі қасиетті Сырдың заманауи келбетін айқындап тұрғандай көрінеді.
Елбасымыз айтқандай, «Ұлы жолдағы сапарымыз сәтті, болашағымыз жарқын болсын!».
Тәуелсіздігімізге ешкім сына қақпасын, тұғыры мәңгілік берік болсын!
Елі сүйген, елін сүйген кемеңгер Елбасымыз аман болсын!
Гүлшара ӘБДІҚАЛЫҚОВА,
Қызылорда облысының әкімі
egemen.kz
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!