Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жолы болмаған тым қымбат жоба

26.11.2020, 11:30 771

Аспан мен Ақмешіттің арасын жалғаған «Қорқыт ата» әуежайы – Сыр елінің бас әуе қақпасы. Қонақ келгенін құтқа балайтын қазақтай елдің меймандостық мекені екені әуелден­ әуежайдағы жайлылықтан сезіледі. Алаштың анасына баланған­ Ақмешітіміз бас қақпадан бас сұққан жұртты бауыры­на бірден тартып тұрады. Қазақ елінің алғашқы астанасы­мен  танысу  осы  әуежайдан  басталады.

Хош, алысты жақындатып, уақытты үнемдейтін ұшақпен діттеген жерге тез жетуге әркім мүдделі, әрине, қолжетімді баға мен сенімді қауіпсіздік болса дейсің. Әлемді әбігерге салған пандемияның салдарынан көп елдердің барыс-келісі шектеліп тұр. Бүгінде қызылордалық әуежай аптасына 31 рейске қызмет көрсетіп отыр. Мұның өзі ішкі бағыттар екені белгілі, әсіресе Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларын байланыстырып отыр. Ал жаңа ғасырдың екінші онжылдығының басындағы арманымыз үлкен-тұғын. «Қызылордада жаңа халықаралық әуежай салынғалы жатыр­» деп сүйіншілегенімізге де ондаған жылдың жүзі болды. Жасыратыны жоқ, соңғы жылдары ұшақпен қатынайтын қызыл­ордалықтардың қатары артып келеді. Мамандардың алдағы он жылда Сырдың бас әуе қақпасы арқылы 400 мың жолаушы тасымалданады деп болжам жасағаны да – сол тұс. Берісі Бейжің, әрісі Дубай, Стамбул қалаларына көзді ашып-жұмғанша жетіп баруды­ көздегеніміз де – сол кез. Алдымен отауымызды сайламай тұрып, бірқатар әуе компанияларымен алдын ала келісімнің жасала­тыны да – сол уақыт. Бірақ біздің әуежай халықаралық талаптарға сай келмейтін еді ғой. Тіпті, әлгі болжамды айтылған жүз мыңдаған жолаушыны қабылдауға мүмкіндігі жетпейтіні де белгілі. Сөйтіп, жергілікті билік жедел іске кірісіп, бұдан алты жылдай бұрын Қызылорда әуежайына «халықаралық» мәртебесі берілді. Ақмешіттен Мәскеуге ұшақ ұшқаны шындыққа айналды. Бұдан бір-екі жыл бұрын осы әуежайдан Иранға экспортталатын қой да «ұшты»  ғой.

Бұл “халықаралық терминал” жобасы еді.

Бәрін қойшы, он жылдан бері жергілікті әкімдік тарапынан жобала­нған халықаралық талап­тарға сай жаңа әуежай термина­лы­ның құрылысы сағызша созылып келеді. Жоба үшін қыруар қаржы жұмсалғанын былай қойғанда, құрылысты қаржыландыру көзі де, инвестор да, басшылардың сөзі де мың құбылды. Ал әлгі жобада ішкі және халықаралық бағыттар бо­йынша жолаушыларға қызмет көрсететін 2 деңгейлі терминал, жолаушылардың ұшаққа тікелей өтуіне 2 телескопиялық қондыр­ғы, 180 орындық автокөлік тұрағы, VIP және CIP залдары, «Дьюти фри» дүкендері қарастырылған. Жаңа  әуежай  құрылысының 2014 жылдың мамыр айында басталып, 2015 жылы ел игілігіне бері­летіні айтылған еді. Сол кезде облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Б.Жұпарбеков Astana телеарнасына берген сұхбатында: «Жаңа жола­ушылар терминалы құрылысының қазіргі таңда техникалық-экономикалық негіздемесі мен жобалау-сметалық құжаты әзір­леніп, мемлекеттік экспертизадан өткізуде. Шамамен қазіргі таңда бағасы 6,2 миллиард теңгені құрап отыр» деген болатын. Сол жылы аптасына 24 рейс еліміздің бес қаласына қатынап тұрған аталмыш әуежайды халықаралық стандартқа көшіру жоспары бір­неше рет көтерілгенін жасыра алмай­мыз. Бірақ қаражат тапшылығы қолбайлау болып келді. Соным­ен, түптеп келгенде жобаға қажетті қаржының 70 пайызын «Қазақстан Темір Жолы», қалғанын «Байқоңыр» ӘКК беретін бол­ған. «Республикада бірыңғай логистикалық орталық ашу көз­делген. Сол орталықты «Қазақстан Темір Жолы» Ұлттық компаниясы құрамында ашу көзделген. Салынатын ғимаратымызды қаржыландырудың басым бөлігі «Қазақстан Темір Жолы» арқылы өтетіндігі сондықтан. Ең басты талап­тары, үш  жүйелі  болуы керек жолаушыларды өткізетін. Бізде ол үш жүйе жоқ, ғимарат аумағының тарлығынан. Және жолаушыларды тасымалдауға сағаты­на – 150-ақ адам. Ол да қазіргі заманның талабына сай келмейді», – деген еді «Қорқыт ата» әуежайы» АҚ бас директорының орынбасары С.Әбілқанов 2014 жылдың 8 сәуірінде Astana телеар­насына. Сөйтіп, сағатына 250 жолаушыны қабылдай алатын заманауи терминал құрылысына отандық «КазЭйрТранс», тәжік­стандық «ИстЭйр» және түркиялық «Пегасус» компаниялары бірлесе  жұмыс  істеуге  ниет біл­дір­ген  еді.

Алайда құрылыстың қадасы қағылғанымен, сұлбасы бой көте­ріп кете қоймады. Қызығы сол, темір­жолшылар қаржыландыратын әуе қатынасын жандандыратын жоба жұртты «қашпаған сиыр­дың уызынан» дәметтіріп қойды. Басшылар да уәде беруден жаңылмады.  Жергілікті  Kyzylorda телеарнасына 2016 жылдың 20 қаңтарында облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Д.Тілеуов: «Бұл жобаны мемлекеттік-жекеменшік әріптестік аясында жүзеге асыру жоспарланып отыр. Ұлттық экономика министрлігі жанындағы жобаларды сүйемелдеу орталы­ғымен келісімшарт жасалынып, қазіргі таңда стратегиялық инвестор айқындау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Бұл жобаға қызығушылық танытып отырған шетел­дік әуе компаниялары жетерлік. Жаңа халықаралық әуежай бой көтеріп жатса, ұшақ тасымалы аймақ  экономикасының дамуына да өзіндік серпін бермек», – депті.

Енді міне, «халықаралық терминал» сол жоба күйінде қалатын түрі бар. Оның нүктесін облыс әкімі Г.Наушақызы қойып отыр. Апта басында бас қалада болған брифингте аймақ басшысы журналистің осы мәселе бойынша қойған сауалына Қызылордада жаңа әуежайдың салынбайтынын қадап айтты. «Экономикалық тұрғыдан тиімді еместігін» алға тартқан Гүлшара Әбдіқалықова жобаның тым қымбат екенін меңзед­і. «Бұл – өте ірі және тым қымбат жоба, құны – 18 млрд теңге­. Дағдарыс кезеңінде бұл жоба­дан  бас  тарттық. Бізге жақын Түркістанда үлкен әуежай са­лынды. Байқоңыр қаласында да «Крайний» әуежайы бар. Сондықтан қазіргі әуежайды кеңейту және қайта жасау туралы шешім қабылдадық. Жобалық-сметалық құжаттары әзірленуде. Келер жылдың басында дайын болады. Құны да қолайлы, шамамен 1,5 млрд теңге­ні құрайды. Стандарттар бойынша барлық жағдай жасалады. Яғни, таспаларда жүк қабылдау, тіркеу, күтуді ұйымдастыру мәселелері және тағы басқалары бар», – деді ол. Аймақ басшысы өз сөзінде жұмыстарды жүргізуге арналған конкурс әлі өткізілмегенін, бірақ отандық мамандарға басымдық берілетінін  айтты.

Қымбат жоба дегеннен шығады, қайбір күні сенатор Мұрат Бақтиярұлы фейсбуктегі парақшасында аталған жобаға қатысты пікір жазды. «Талай жылдар жырға айналған Қызылорда қаласының жаңадан  салынатын  аэропортына­ қатысты пікір білдіргенді жөн көрдім. Өйткені жұмыс бабымен көбірек ұшуға тура келеді. Қызыл­орда аэропорты жылына небәрі 80-90 мың жолаушыға қызмет көрсетеді. Еліміздің ары кеткенде үш қаласына ғана әуе рейстері қатынайтын аэропортқа мил­лиард­таған қаржыға жаңа терминал салу керек деген әңгіменің қандай қажеттілігі бар еді? Кезінде Қызылорда қаласының әкімі болған Қожахмет Баймахановқа көп-көп рақмет айтуымыз керек. Қаржының жоқ кезінде жоқтан бар жасап, жиырма жылға жуық халыққа қызмет етіп келе жатқан қазіргі терминалды салып берді. Енді  азғантай қаражатпен осы терминалды күрделі жөндеуден өткізіп, қызмет көрсету сапасын қазіргі талаптарға сай етіп жасап алсақ, осы терминал жолаушы­ларға әлі жиырма жыл қызмет жасай­тын болады. Көрпеге қарап көсілгеніміз дұрыс болады» депті қоғам  қайраткері.

Айтпақшы, бұдан 4-5 жыл бұрын  германиялық  «Люфтганза»­ әуе компаниясының елімізде жүргізген зерттеу жұмыстарының есебі бойынша 2020 жылға қарай Сыр өңірінде әуе қатынасы екі-үш есеге дейін артатыны айтылыпты. Сондықтан, мамандар «мүмкіндігі мол жаңа әуежай терминалының құрылысы уақыт талабына айналып  отыр» деген-ді. Биыл Қытайдан басталған індет көп іске мұрша бермей, әлемнің өзін өзгеріске түсіріп жатыр. Біздің өзге мемлекеттер түгілі, ішкі бағытта да ұшып-қонуымыз, жүріп-тұруымыздың өзі құбылып тұр. Одан қалды, көп жылдан бері «жыр» болып­ келе  жатқан  «халықаралық терминал» да  көзден  бұлбұл ұшты. Енді  қайттік?!.

Н.НҰРМАҒАНБЕТОВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: