Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Аманат

16.11.2020, 14:50 960

HALYQLINE.KZ

Әңгіме

Ауылдан арнайы тапсырыс бойынша хат келгелі Сағыныштың санасы астан-кестен. Інісінің шемендей қатқан шерін жеткізген көгілдір конвертті ашып, хаттың алғашқы жолын оқығаннан, тамағын ащы өксік буды.

«Көке, – деп бастапты Тұрар хатын. – Мамама өкпелі екеніңізді білемін. Бізге неге хабарласпай жүргеніңізді де жақсы түсінемін. Анамның сіздің алдыңызда кінәлі екенін де мойындаймын. Алайда менің не жазығым бар?!. Менің қолымнан не келеді?!

Анам шайтанның азғыруына еріп, ішкіліктің соңына түссе, нәпсісін тия алмаса, қандай амалым бар?! Өз қолымды өзім шабамын ба?! «Әке-шешең жынды болса, байлап бақ».

Көке, айтыңызшы, не істеуім керек?!. Мамама «арақты біржолата тасташы, есіңді жишы… Екі дүниеде риза болайын… Не бұйырсаң, соны орындайын… тек, ішімдік ішкеніңді қойшы!» деп қаншама жалындым… жыладым… өтіндім… Сау уақытында мамамнан асқан мейірімді, ақылды адам жоқтай көрінеді… Ондай кезде Алладан, әкемнің аруағынан қайта-қайта кешірім сұрап, құран оқытып, жеті шелпек таратады. «Мырза бала-ау, мендей ақымақ жеңгеңе өкпелеп жүрсің бе?!» деп сіздің суретіңізді қолына ұстап, егіледі… Әрі-бері жұбатам… ақыры екеуміз қосыла жылаймыз…

Көке, сіз ауылға келмегелі арада төрт жыл өтті.

Сағындым!!!

Сізге қоңырау шалайын десем, ұялы телефоным жоқ… Нанын зорға тауып жеп жүрген, «алқаш қатынның сорлы жетімегіне» (Бақытжан ағаның әйелінің сөзі. Сіз Бақытжанды білесіз, бұрын папамның шофері болды) ондай байлық қайдан қонсын?!».

Сағыныш осы жерде өкіріп жылап жіберді. Іле-шала бойын жиып, әріптері маржандай тізілген жазуға қайтадан үңілді.

«Көке!!!

Мамам әбден араққа салынып кетті. Күндіз-түні таусылмайтын ырың-жырың… өңшең мастар… үйімізді жайлап алды. Бәрінен шаршадым…

Папамның бейітіне барамын. «Мені неге жалғыз тастап кеттің?!» деп мұңымды шағамын. Сондайда «әкесі бар балалар қандай бақытты, шіркін, папам тірі болғанда ғой» деп ойға шомамын.

Көке!!!

Папамды жерлеген күні егіліп тұрған сізге «Мен сабағымды үздік оқимын. Әкем сияқты елге сыйлы боламын. Атына ешқашан сөз келтірмеймін. Мамамды, сізді ұятқа қалдырмаймын» деп уәде берген едім.

Арада жылдар өтті. Мен қазір тоғызыншы сыныпта оқимын. Оқу үлгерімім өте жақсы. Бірақ… бір сабақтан, яғни тарихтан ғана үшпін. Шынымды айтсам, ең сүйікті пәнімнен бағамның төмендеуіне мамам кінәлі…

Бір күні үйге кештеу келгенмін. Мамам бізге тарих пәнінен дәріс беретін ағаймен арақ ішіп отыр екен. Мені көріп ағай өтірік күле берді… Қатты қорландым. Екеуін де қанға бояуға оқталған едім… Әкемнің «ашуға берілу – шайтанның ісі» деген сөзі есіме түсіп, зорға тоқтадым. Сол күннен бастап тарих пәніне қатысқан емеспін.

Жоғарыда есімін атаған, кезінде папамның шофері болған Бақытжан ағаның Нұрлан деген ұлы менімен бір сыныпта оқиды. Бақытжан аға папам барда бізбен туысындай қатысатын. Қазір күйлі тұрады. Жеке дүкендері бар. Біздің үйге ат ізін салмайды. Алқаш қатын мен жетім балаға араласуға арланатын да шығар. Мейлі ғой. Алайда мына оқиға менің көңілімде қалып қойды…

Бақытжан ағаның дүкенінен қарызға туфли алған едім. Ақшасы ұзап кетті. Шыдамы таусылған Бақытжан аға қарызын сұрап, мектепке келді.

«Шамаңа қарамай қарызға киініп нең бар?!» деп айғай салғанда, сыныптастарымнан қатты қысылдым.

Енді менің ешқандай досым жоқ. Жападан-жалғызбын.

Жуырда мектепшілік «Жігіт сұлтаны» байқауында жеңімпаз атандым. Арнайы дайындалған марапатты иелендім. Кенет… Бақытжан ағаның әйелі, Нұрланның анасы «Алқаш қатынның бағын қарашы?!. Сорлы жетімек несіне жетісіп тұр?!» дегені… Құлағым шыңылдап, көзім қарауытып кетті… Ал мамам… удай мас… аяғында әрең тұрған еді…

Көке!!! Сіз, мені басқаша түсініп қалмаңыз.. Бірнәрсе дәметіп, көмектессін деген ниетім жоқ… Әлгі қалай еді…?! «Жетім қозы тасбауыр, маңырар да отығар» дегендей, мен де жетілермін…

Аман болыңыз!!!».

Сағыныштың күзгі жаңбырдай тамшылаған көз жасы бетін жуды. Солқылдап ұзақ егілді. Тұрар Сағыныштың ауыр науқастан көз жұмған ағасы Қайраттың жалғыз ұлы еді. Әскери борышын Ауғанстанда өтеген бауыры сабырлы да жігерлі жан болатын. Қарулас серіктері Қайраттың батылдығын, адалдығын әлі күнге жырдай қылып айтады. Сағыныш ағасын әрдайым мақтаныш тұтатын. Қайрат қызмет жолында жақсы көтерілді. Үйленді. Перзент сүйді. Бірақ… өмірі қысқа болды. Соғыста алған жарақатының зардабынан дүниеден озды.

Қайран, Қайрат! Соңғы сәтінде ағасы бұған әлсіз үнмен жалғыз ұлын аманаттады. Сол ағасының көзі Тұрар..!

Сағыныш өкіріп жіберді… Дүр сілкініп, бір шешімге бекінді. Ертеңіне өзінің бастығы, Қайрат ағасының қарулас серігі Сәбитке мән-жайды білдірді. Мұны естіген Сәбит шамырқана, ширықты. Тиісті орындарға тілдесіп, Сағыныштың қызметін ауылына ауыстырды.

Жүйрік поездың жұмсақ купесіне орналасқан Сағыныш «Аманатыңды ақтаймын, аға!» дегенді іштей, үздіксіз қайталай берді…

Жұмабек  ТАБЫНБАЕВ,

Қазалы  ауданы

Көрнекі  сурет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: