Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Кітапханашы

12.11.2020, 9:00 637

Бір ауылда, не қалада сәлемдесіп жүргенмен, бір-біріміздің басымыздан өткен жайттарды толық білмейтініміз бар ғой. Биыл, ұмытпасам, жыл басында үйге жақын медициналық колледждің кітапханасына өзімнің екі кітабымды берейін деп барған едім. Сөйтсем, онда Күлбаршын Сисекеева отыр.

– Әу, сіз әлі жұмыс істейді екенсіз ғой, – деппін.

– Енді ше, – деді ол жайдары жүзбен күлімдеп, – рақмет, кітаптарыңыз кітапхана қорына қосылды.

Әйелміз ғой, әңгіме тиегі ағытылды.

– Сіздің, – деді ол, – Ресейдің Астрахань облысының тумасы екеніңізді сырттай естідім. Ал мен осы облыстың Сырдария ауданындағы Бесарық ауылының қызымын. Қаладағы №5 мектептен кейін Н.В.Гоголь атындағы Қызылорда педагогикалық институтты 1970 жылы бітірдім.

– Қай мектепте еңбек еттіңіз? – деп сұрадым.

– Жоқ, – деді ол, – жас кезімнен кітаппен еңбек етуді сүйетінмін, бірден облыстық кітапханаға бардым, кітапханашы етіп қабылдай қойды. Жаспын ғой, қатты қуандым. Бұл өте қызықты жұмыс екен, әрине, қиындығы да аз емес. Оқырмандардың көңілінен шығу, қажетті кітаптарын тез тауып беру, қайтадан қабылдап алу, тағы басқа тіршіліктері аз емес. Бұл мамандық мені ойландырды, ширықтырды, оқырмандар қаланың түкпір-түкпірінен келеді, ал кітапхана саны аз. Өз күшіммен кітапхана ашсам деп ойландым. Сөйтіп, 1971 жылы қалалық №7 кітапхананы, жылдарды артқа салып, 1978 жылы №8 кітапхананы ашып, өзім басшылық еттім.

Әңгіме ұзара берді. «Орда бұзар отыз жасқа» санаулы жыл қалғанда, қалалық екі кітапхана ашу оңай жұмыс емес, тұрмысқа шығып, ана атану да қарбалас іске асып жатыпты. 1989 жылы Қызылорда облыстық жасөспірімдер кітапханасына жетекшілік етеді де, 1990 жылдан бастап, 2009 жылға дейін Ә.Тәжібаев атындағы Қызылорда облыстық әмбебап ғылыми кітапханасының директоры болып, 39 жыл бір мамандықта қызмет атқарып, зейнеткерлік демалысқа шығады. Бірақ еңбекшіл ана қол қусырып, үйде отырғысы келмей, 2009 жылдан күні кешеге дейін (карантинге дейін) Қызылорда медициналық колледжі кітапханасына жетекшілік етті. Бір жылы кем елу жыл бір мамандықта тапжылмай адал еңбек ету  сирек кездесетін ерлік ғой.

Күлбаршын Рәушанбекқызы Қазақстан Республикасы Кітапханалар Ассоциациясы кеңесінің мүшесі, осы деңгейде Мәскеу қаласы, Түркия елінде өткен Халықаралық конференцияларға қатысқан. 1998 жылы кітапханашылардың республикалық съезіне қатысып, «Ағарту ісінің үздігі» белгісімен марапатталды. 2006, 2008 жылдары Судақ қаласында өткен Халықаралық Қырым конференциясына, Астанада өткен Халықаралық  оқу  конгресіне  қатысты. Осы жылдары Мәскеу, Санкт-Петербург қалаларындағы Ресейдің бас кітапханаларында болып, Қызылорда қаласының 1924-29 жылдары Астана болған кезінде басылып шыққан кітаптарды түгендеп, кітапхана қорына қосты.

К.Сисекееваның осындай ерен еңбектері уақытылы еленіп, 2008 жылы Тәуелсіздік күніне орай «Ерен еңбегі үшін» және сол жылы «Мәдениет қайраткері» медалімен марапатталды. «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерекелік медалін иеленді. Қажырлы ана қоғамдық жұмыстардың бел ортасында болды. Қызылорда облысы әкімі жанындағы отбасы және әйелдер істері комиссиясының мүшесі, облыстық мәдениет басқармасының алқа мүшесі болды, 1998-2005 жылдары «Руханият» партиясының облыстағы филиалын басқарды. Бұған сай еңбекшіл де іскер ана облыс, қала әкімдерінің алғыс хаттарын сан рет алды.

Ұл, қыз өсіріп, немере сүйген жадыра, жарқын жүзді ана Күлбаршын Рәушанбекқызы 70 жасқа толып отыр. Сыр елінің қайратты қызына зор денсаулық, ұзақ өмір, отбасының қуанышын тілеймін.

Рысты  БЕКБЕРГЕНОВА,

Қазақстанның  құрметті  журналисі

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: