Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

ҚАЖ қызметі қынулы болса, қоғам қажымайды

22.10.2020, 12:00 860

Көш дәуіріндегі варварлар адамдарды өлтіріп, кейін сонысына өкінетін болған. Ал бұл өз кезегін­де жаңа қан төгудің алдындағы күнәдан арылу іспетті еді. Осы секілді фактілер хандық дәуірінде де көптеп кездесіп, тіпті қазірге дейін жалға­сып келеді. Демек, жасалған күнә һәм қылмыстың қайталануына жол бермеу үшін оларды жазалап немесе істеген істе­рінің бұрыстығына сендіру жеткілік­сіз. Өмір иірімінде қателікке бой алдырып, тіпті, қылмысқа барып жатқан адамдар көп кездеседі. Тиісінше, олар заң алдында­ жауап беріп, темір торға тоғытылып жатыр­. Өмірінің көп бөлігін түрмеде өткізген адам бостандыққа шыққан соң, қайта қылмыс жасамауына кім кепіл? Осы тұрғыда, «адасқандарды» түзеп, олардың қоғамға бейімделуіне көмек көрсетумен Қылмыс­тық-атқару жүйесі департаменті айналысады. Департа­менттің мақсаты – әлеуметтік әділдікті қалпына келтіру, сотталғандарды түзеу, олардың жаңа қылмыстар жасауына тосқауыл болу.

Өмір болған соң, «жаңылмайтын жақ, сүрін­бейтін тұяқ жоқ». Ал сотты болып жазасын өтеп жүргендерді өмірге қайта бейімдеудің мәні зор. Қызылорда облысы­ бойынша Қылмыстық-атқару­ жүйесі депар­таментінің құрылымына қауіпсіздігі аралас ЗК-169/5 мекемесі, қауіпсіздігі барын­ша төмен ЗК-169/4 және ЗК-169/1 тергеу изоляторы жатады. Сонымен қа­тар, 9 пробация қызметі бар. Оның ішінде екеуі Қызылорда қаласында болса,­ қал­ғандары Байқоңыр қаласы мен аудандарда орнала­сқан. Қазір бұл мекемелерде мыңға жуық азамат жазасын өтеуде. Мұн­да сан түрлі тағдырлар тоғысады. Кейбір жазасын өтеушілердің арасын­да тіпті, білім алып үлгермеген азаматтар да кезде­седі екен. Осыған байланысты, ҚАЖ мекем­елерінде орта және кәсіптік білім алып, маман­дық игеруге мүмкіндік бар. Тентектерді түрме түзетпесе де, білім түзетеді.­

Шәймерден Тәжіқұлұлы, Қызылорда облысы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департамен­тінің бастығы, әділет подполковнигі:

– Темір торда телміріп отырғанша, білімділігін арттыруды жөн көрген 36 азамат 2020-2021 оқу жылына қабылданып, орта білім алуда. Одан бөлек, 75 сотталған­ ЗК-169-5 мекемесінде тігінші, ағаш ұстасы­ және дәнекерлеу мамандықтары бойынша кәсіптік білім алып отыр. Айта кететін жайт, қазіргі таңда оқу жұмыстары онлайн режимде өтіп жатыр. Сонымен қатар, 10 кәсіпкер мекеменің өндірістік аймағ­ында  жұмыс  істеуде. Тиісінше, олар 198 сотталған азаматтарды жұмыспен қамтып­  отыр. Ал түзеу мекемелеріндегі жұмыспен   қамтылғандардың   толық   саны – 471. Жұмыс­шылардың жалақысы төменгі жалақы мөлшерінен де жоғары және уақытылы төленеді. Олар жалақысымен өз еркімен мемлекетке тигізген залал­ын 15%-дан 50%-ға дейін өтей алады.­ Қалған  ақшасын­ туыстарына  табыстауға немесе  түзеу мекеме­сінде орналас­қан дүкендерден керек-жарағын алуына­ мүм­кіндік қарастырылған, – деді БАҚ өкіл­дерімен  кездесуінде.

Бір қызығы, түзеу мекемелеріндегі заңсыз­дықтың көп бөлігін қылмыскерлердің өздері емес бостан­дықта жүрген қарапайым халық жасайды. Олар жазасын өтеушілерге тыйым салынған зат­тарды өткізуге құмар көрінеді. Жыл басынан бері есірткіні жабық мекемеге кіргізуге ұмтылған 7 азамат ұсталыпты. Оларға қазіргі таңда заң шеңберін­де тиісті шаралар қолданылуда. Қылмыскерлермен ауыз жаласқандар есірткіні түрме сыртынан лақтыруға дейін барады. Іштен кір­гізуге мүмкіндік тумағаннан кейін түрме ауласына лақтырып, айласы­н асырдым деп ойлаған 3 азамат ұсталған. Қылмыскерлерге тыйым салынған заттарды кір­гізу мақсатында есірткіні ғана емес ұялы телефонды кіргізу деректері де бар. Тіпті, кейде бұл жағдай­ мекеме қызметкерлерімен де іске асады екен. «Сүрінгенге – тірек, жығылғанға – демеу» болады­ деген жандар керісінше, қылмыскерлердің жағ­да­йын жасап, жаңа қылмыстың «тұсауы­н» кеспек­ші. Шынында, қолына ұялы телефон түскен қылмыс­кер жаңа қылмысты ұйымдастырып, бопсалауға дейін баруы мүмкін. Ағымдағы жылы түзету­ мекемесінде жұмыс істеген медицина қызметке­рі түрме ішіне ұялы теле­фон­ды жасырын алып кіріп, қылмыскерлерге тапсырмақшы болған­. Дегенмен, дер кезінде ұсталып, жұмыстан шыға­рылған.

Жазасын өтеушілердің денсаулығына да аса қатты назар аударылады. Дегенмен, медицина саласы­ қызметкерлерінің жеткілі­ксіздігіне  байланысты дәрігерлерді сырттан алдырып отырған көрінеді. Жыл басынан бері 5 науқасқа ота жасалып­, 19 науқас стационарлық ем қабылдаған. Департамент басшысының ай­туынша, қазіргі уақытта дәрігерлер мамандығына қызметкерлер іздеуде екен. Сонымен бірге, түзеу мекемелерінің қызметкер­леріне көңі­лі толмаған жағдайда, қылмыск­ерлер тікелей жауапты басшыларға шағымдана алатын терминалдар қойылады. Қазіргі уақытта бұл тер­миналдарға бюджеттен қажетті қаражат бөлінген және  жақын  арада  орнатылатын  болады.

Сотталғандар  өзінің  жеке кәсібін ашуға да мүмкіндігі бар. Ол мүмкіндікті өз игілігіне жұмсап үлгергендер де жеткі­лік­ті. Жыл басынан бері  проба­ция қызметінің ықпалымен есептегі 21 адам қайтары­мсыз грант ұтып алып, өз кәсібін бастап  кеткен. Олардың­  ішінде  шаштараз, бал ара асырау,­ мал шаруашылығы, бағбаншылық, бетон өндеу цехы, компью­тер жөндеу орталығы, т.б. кәсіптің түрлері  бар.

Халқымыз түрме тіршілігіне «басын сұққан» жанға қашанда күдікпен қарайтыны белгілі. «Сотталып келген» деген сүрең сөз өмір бойына соңынан қалмай, маңдайына қара таңба болып басылады. «Түрме толық түзейтін жер емес» деген түсінік қазақ халқының болмысында бар. Сол себепті абақтыға жабылғандардың қоғаммен етене араласып кетуі қиындау. Кез келген жерде жіберген ағаттық ісі алдын­ан шығып, бетіне шіркеу болады. Қазақта «ұра берсең, Құдай да өледі» деген­ сөз бар. Жасалған қылмысын бетіне басып,­ өмір бақи кінәлай берсең, қоғамнан алшақтап, сол қылмысын қайталауы әбден мүмкін. Бірақ жоғарыда көрсетілген Департамент қызметкерлерінің білік­тілігінің арқасында қазіргі таңда соттал­ғандардың қоғамнан орын тауып кетуі біршама жеңілденген. Жұмыстағы жауапкершіліктің ауырлығына қарамастан істеліп жатқан жұмыстар өз жемісін беруде. Ендігі мақсат – жоғарыда көрсетілген көрсеткішті ұлғайтып, сотталғандардың қайта қылмыс жасау деректерін азайту.

Бекзат  ЖАЛҒАСБЕКҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: