Әлемнің үздік платформалары Apple-ге қарсы соғысты бастап кетті. Дәлірек айтсақ, Telegram, Fortnite және Spotify. Даудың басы онлайн кинотеатр Netflix Appstore-ден өз қосымшасын жапқаннан басталды. Себебі, мамандардың есептеуі бойынша 2018 жылы Netflix американдық корпорацияға Appstore бағдарламасын пайдаланғаны үшін 256 миллион доллар төлеген. Бұндай үлкен шығынды ұнатпаған Netflix басшылығы көрермендеріне сайтқа жазылуға мүмкіндік беріп, Apple-ден түбегейлі бас тартты. Мұндай шығынның болу себебі, Appstore-ден жазылған кез келген қосымша пайдасының 30%-ын беру керек. Бұл индустриялық стандартқа сай келсе де, жоғарыда атап өткен үлкен компанияларға орасан зор шығын келтіреді. Швециялық Spotify-дың басшысы Даниэль Эк Apple корпорациясына сын айтудан жалығар емес. Оның айтуынша, 30 пайыз өте көп және ол өз бәсекелестерін жою үшін әдейі жасалған жүріс дейді. Шынында, бұл сферадағы Spotify-дың бәсекелесі болып келетін Apple music өз қолданушыларына көп мүмкіншіліктер сыйлай алатынын жеткізді. Швециялықтар да өз тыңдармандарын сайтқа алып кеткісі келген, олар бұны өз қосымшалары арқылы тыңдармандарына ұсына бастады. Дегенмен, Купертино дер кезінде араласып, оған шектеу қойды.
Apple-ға қарсы ең батыл шешім қабылдаған Epic Games компаниясы болды. Олар Fortnite ойынынан түскен ақшаның барлығын өздерінің есепшотына аударып алған. Осы жағдайдан кейін, Apple бұл компанияның барлық ойындарын өз қосымшаларынан өшіріп тастады. Дегенмен, Epic Games-тің бұл жүрісі әдейі жасалған екен. Олар осыдан кейін бірден американдық гигантты монополизация жасағаны үшін кінәлай бастады. Осыған ұқсас, Telegram платформасының басшысы Павел Дуров та бұл компанияны әлемдік саудада үстемдік орнатқаны үшін кінәлады. Себебі өзінің бәсекелестерін бұғаттап, гаджеттеріне қосуға мүмкіншілік бермеуде. Мұндай сынды Microsoft компаниясы да айтты. Себебі, бұл компанияның да ойын стримингі Project xCloud-ті қабылдамаған көрінеді. Оның себебі, алдымен компания стриминг ішіндегі барлық ойындарды көргісі келеді. Сыншылардың барлық сынынан өткен ойын платформасына рұқсат бермеуін заңсыз деп есептейді. Осы мәселелерге қатысты Еуроодақ қазіргі таңда тексеріс жүргізу үстінде. Appstore-дегі салықтың көптігі мен бәсекелестікті жасанды жоюдағы іс-әрекеттерін де тексеретін болады. Әлемдік гиганттардан келген осыншама көп сыннан американдық компания қалай шығатынын уақыт көрсетпек.
Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!