Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мансап баспалдағы (Фельетон)

07.10.2020, 10:00 1782

HALYQLINE.KZ 

– Менің Бәтөшіммен бірге бітірген Сансызбайдың қызы қазір «горонода» жоғары қызметте отыр. Біздің жүгермек өниверситетті үздік аяқтаса да, екі жылдан соң барып жұмыс­қа әзер дегенде орналасты, – деді Күлтай әжей көрші кем­пірге күйінішін білдіріп.

Манадан бері көлдей ғып мұңын шағып отырған ол Сәнімханның құлағы ауыр еститі­нін жақсы біледі. Сонда да сыпсың-сыпсың сөйлеп, әңгімені әріректен қозғап, әр істің басын бір шолып өтті. Ал құрбысы бірді айтып екіншісіне көшіп жатқан Күлтайдың күңкіліне ере алмай елеңдеп, ә дегеннен әлек боп, оған қарай жамбастай әлсін-әлсін жылжып қояды.

– Әй, Күлтай қоя қойшы. Менің бар ойым Ақкөжегімде­ болып отыр, – деді орамалының екі ұшынан иегінің астына түйін қалдырып.

– Оған не бопты?

– Кеше ғана телебизірден «Үйіне табытпен оралған солдат» деген тақырыпта жаңалық естідім. Сонда деймін ғой, ел тыныштығын күзетіп, ішкі тәр­тібін қадағалайтын орында тәртіптің болмағаны ма?

– Қайдан білейін. Сенің балаң емес ғой, сонша неге таусы­лып отырсың? Жә, өз-өзіңді қолыңа алып, көз жасыңды құрғат енді.

Ақкөжек дегені кіші баласының үл­кен ұлы еді. Әс­керде отан алдындағы борышын өтеп жүр. Аман-саулығын осыдан бір ай бұрын айт­қан. Одан соң хабар-ошарсыз.

Күлтай терең ой­дың жетегіне кетіп, онымен арпалысуда. Оған жағаласқан көршісі әлгі жаңалықтарды көріп ал­ған соң түнімен дөң­бекшіп ұйықтай алмағанын, түн ортасында келініне қиғы­лықты салып, немересімен хабарласпақ та болғанын жеткіз­ді. Бір кезде айтамын деген сөзін қа­пелімде ұмытты да қалды. Сәлден соң барып:

– Күлтай-ау, сен нағыз жауыз екен­сің ғой. «Сенің ба­лаң емес ғой» дегеніңе жол болсын! Менің жердегі құ­мырсқаға да зәредей зияным жоқ екенін білесің. «Адам аласы ішінде» деген. Сенімен дұрыстап араласу керек екен, – деді де теріс қарап, бұрқ-бұрқ етіп сөй­леп жатты.

Әуелгіде нілдей бұзылып, «құрысын, сөйлеспесе онан әрмен» дегенімен, өз әңгімесін көрші­сіне тыңдата алма­ғанын сезген Күл­тай лезде сарымайдай еріп, мақта жіптей жібіп сала берді.

– Сәнімхан, сені кешке үйге шайға шақырамын. Біздің соқыр­ қатын екі күнге бай-балас­ын қосақтап алып, буынып-түйініп төркініне кетіп бара жатыр. Оны қойшы, «апа, Сәнім апаның үйінен шай ішерсіз иә? Ертең кешке дейін жетеміз ғой» дейді мені мүсір­кеп. Өз шайымды өзім дайындай алмайтындай, түге!

– Өй, сенде түймедейді түйедей етіп. Олай айтса, мені саған серік болсын дегені де. Сен одан да кешке біздің үйге кел. Еркін отырып әңгімелесейік.

– Еркін дейсің бе, қайдағы? Екі немерең-ақ сілемізді тастай қатырады ғой. Дұрысы – біздің үй. Оңаша отырып біразын­ың құлағын шыңыл­датып-шуылдатпаймыз ба?

Сәнімхан бұ жолы сөзге тоқтады. Құрбысына қарап, шыбындаған шылбырлы атша басын изеді. Күлтайдың «соқыр қатын» дегені – Әзиза. Баласы Бәтөш үйленген күннің ертесіне-ақ жас келіннің инені сабақт­ай алмай, уақыт оздырып алғаны бар еді. Соны іліп алса керек, сыртынан осылай деуін тоқтатар емес. Ал, Бәтөштің шын есімі – Бақдәулет. Ол ауылдағы мектепте мұғалім болып жұмыс істейді. Мектеп директорына пәленбай мың ақша беріп, жұмысқа қосылғанын былайғы жұрт жақсы білетіндей. Алақандай ауылда сөз қуалау жағы басым екені рас. Тіпті, тракторшы Байсал ақсақалдың баласы Темірбе­к те қарауыл боп жұ­мысқа тұру үшін бұзаулы сиырын қара кеште ауылдың «бас педагогінің» үйіне жетектеп апарғанын көргендер бар. Ешқан­дай да туыстығы жоқ қос үйдің арасында мұндай алыс-берістің жүрмейтінін ауылдың ес білген кез келген баласы жатқа­ соғып, дәлелмен айтып бере алады. Тамыр-таныстық пен трайбализмге ғана жеңіл­дік жасалғандай. Алып шаһардағы үрдіс ұлтарақтай ауылдың сүттей ұюына кедергісін кел­ті­ріп жүргелі қашан?!

…Күн ұясын маңайлағаннан бастап Күлтай тыпыршыған аттай тыным таппады. Ауық-ауық Сәнімхан жаққа көз тастап қояды. Пеш ішіндегі шоқты түрте-түрте, үстіндегі шайды қайната-қайната шаршады. Сәл аяқ суытып, бел жазып алмаққа бекініп, бөлме бұрышындағы жинаулы жүкке арқасын беріп, сүйене кетті. Көз шырымын аламын деген ойы жоқ еді. Ұйқының құшағына еніп кете барды. Кенет есіктің сықырлаған дауысы естілді.

– Әй, Күләш тұр! Күләш… Күләш деймін, тұрсаңшы. Немене­ жын көрінген бе, сіресіп қалыпсың ғой. Осы Бәтөштерді ақ кеш, көк кеш деп ұйықтатпаушы едің. Не болып қалды саған? Өңің де бозарып кетіпті…

Күлтай жастықтан басын зорға дегенде көтерді. Денесі ауырлап қалғандай. Жо-жоқ, қайта дым жан жоқ секілді. Бірде былай, бірде басқаша. Түсініксіз. Миында майдан, санасында соғыс болып жатқандай. Аз ғана уақытта басы не аяғы жоқ түс көріп үлге­ріпті. Түсіне енген Айнаш кем­пір екен. Ол Күлтайдан 3-4 үй ары тұрған еді, қазір қаланы мекен етеді. Оған көрдегі шалы тыныштық бермей жатқан көрінеді. Айнаш ажары алты ағайындыны араздастырардай жалғыз қызын ұзатқан соң, баласы­ның сөзін тыңдамай, қызына еріп қалаға көшкен-ді. Ол уақытта күйеу баласы үлкен компанияда қызмет ететін. Сірә, «балдызымды да қасыма аламын. Осында көшіп келіңіздер. Қайтесіздер ауылды? Жұмыс жоқ я қызық жоқ» деп үйіндегілерді көндірген сыңайлы. Айнаш­ Күлтайға осыны айтып­ налыпты. Қазір қалада қуыстай пәтерді жалға алып тұрады екен. Қызы – ажырас­қан, баласы – жұмыссыз. Күйеу баласы да қызметте емес. Мақта­нғанда аузы көпіршей сөйлейтін ол «кез келгенді жұмысқа аламын да, дәл солай шығара аламын» дейтін уақытында. Артынан белгілі болғандай, қызметке тұруға біршама адамнан ақша алған екен. Солайша жегені желке­сіне шығыпты. Енді Айнаш ауылға қайтайын десе, ел-жұрттың өсегіне қалам ба дейді, олай жасамаса өлімнен ұят емес, ұяттан өлім күшті болып тұр. Болған жайттан өзгеге сеніп тірлік етпеу керектігін мықтап ұғынғандай. Күл­тайдың түсіне енгендегі шаруа­сы – ауылдағы үйінің жағ­дайын білу. Қара шаңырақтың қазіргі халі адам аярлықтай. Егесіз аула, ешкі кемірген тал, құлаған қора, сынған терезе…

Сәнімхан Күлтайды Күләш деп атайды. Өйткені, онымен аттас қайын апасы бар болатын. «Үйінің отымен кіріп, күлімен шығушы еді, жарықтық» деп ол кісіні есіне жиі-жиі алып тұрады. Сыйлата білгені болар, оған деген құрметі де ерекше-тін. Үлкендер келмес­тің кемесіне мініп кеткеніне де біршама жыл өтті. Сәнімхан келін болған сәтте өз-өзіне «өле-өлгенше төрге шықпаймын» деп уәде берген. Төрді сыпыратын уақытта қайын сіңлілеріне өтініш айтатын. Мұның бәрін Күлтаймен аттас­ қайын апасынан үйренгендері, түйгендері еді.

– Сәнімхан-ау, біздің уақытта әкелеріміздің тәрбиесі қандай еді!? Біреудің қорасы құлап жатқанын көрсе, сонда ауыл ақсақалдары барып: «Бұл үйде ер-азамат жоқ па?» деп ұрысушы еді ғой. Сонда деймін, қазір­гідей Ардагерлер кеңесі деген секілді ұйым, ол жерден ақы алып отырған ақсақалдар жоқ болатын. Өзінің ары алдындағы жауапкершілігінен жалтармайтыны ғой сол ісі, – деді түсін айна қатесіз айтып беріп.

– Оның рас, Күләш! – деді Сәнімхан ұнжырғасы түсіп. Ой жетегінде отырып қос қолымен санын үйкей берді, үйкей берді.

Күлтай қайнай-қайнай тау­сылуғ­а айналған шәйнектің үстіне су құйып, пешке отын салып, отты қайта жағып қойды. Дастарқанды жайып, анау-мынауды дайындап әлек. Сөйтсе де аузы бір тыным табар­ емес. Ал Сәнімханның онда шаруасы жоқ. Өйткені, бірін естісе, бір сөзі анық шықпай­ тұр. Мұны байқаған Күлтай дауысын күшейте сөйлеуге бел буды.

– Бағана айтқаным есіңде ме? Сансызбайдың қызы ше? – деді беті-жүзі бал-бұл жанып.

Сәнімханның сыр бергісі келмеді.

– Қайдам, сен ол туралы айтып­ па едің? – деді Күлтайдың әңгімеге деген аранын аша түсіп.

Әйтпесе түстегі айтқан сөзінің үтір, нүктесі толық есінд­е. Түп-төркінін білу үшін де осы жерге келіп отырғаны шындық еді. Сәнімхан – бір­сыдырғы, ешкімде шаруасы жоқ жан. Бірақ, өзінің кейінгі кездері Күлтайға ұқсап бара жатқанынан хабардар. Естігенін біреуге айтуға, тіпті дамытып айтуға даяр тұратынды шығарыпты.

Кезекті рет қайнаған шай буы бұрқыраған күйі қос кесеге құйылып, дастарқан басында Сансызбайдың қызы туралы біраз жайт айтылды. Күлтайдың көз алдында өскен соң жақсы біледі. Қыздың балалық шағынан бастап, бүгінгі қызметін де бүге-шігесіне дейін дым қалдырмай баяндап берді.

– Көтерілудің де түр-түрі бар екен, – деді Сәнімхан бетін шымшып. Айналадағы болған оқиғалардан Күлтайдың хабардар, ал өзінің мақұрым екеніне­ өзін кінәлі адамдай сезініп отыр. Іштей «менің көзім жоқ екен ғой, неткен беймарал жан едім, дәл жанымда неше түрлі оқиғалар болып жатыр. Мен оны бірнеше жылдан кейін ғана білемін. Неге?» деп өзіне сұрақ қойып, қаны басына шауып­, өтірік күлкімен ғана ештеңені білдірмеуге тырысып отырды.

Сансызбайдың қызы туралы әңгіме ол мектеп оқып жүрген кезде-ақ тараған еді. Сонда көрші ауылдың қатын-қалаштарына дейін бірнеше күндік айтатын «азық» табылып, бір-біріне асырып та, бір-бірінен жасыры­п та жарыса қозғаған болатын.­

– Сол уақта Сансызбайдың бәйбішесінің жылап-сықтап отырып:­ «Жақсы аты елге жа­йылған ұлың менен жаман аты шықпа­ған қызың болса, сол да бақыт­ екен ғой» дегені есімде қалыпты. «Қызға қырық үйден тыйым» деген бабаларымыз ақы­мақ емес болар.­ Несі бар, өзінен он жас үлкен еркекке жырпылдап? Тана көзін сүзбесе, бұқа жібін үзбек емес. Артын­ан айтылған әңгіме ауылда қалды дегеннің өзін­де, кейін кесірі тимейді деп ойлай­ ма? Олай беделді болмай-ақ қой­дық. Тіфу-тіфу, өз басын­а, мен аяғанмен не болады дейсің, Құдай аясын, – деді мүсіркей қарап.

– Иә, одан осы қалпымыз жақ­сы.­­ Жоғарыдағылардың же­тістігі сонымен байланысты болса­, онда біткен екенбіз! Қай­да­ барамыз, құрысын!? Ондай­лар «ұлтым, елім» деп айта ала ма? Хақыс­ы бар ма? – деді Сәнімхан шыр-пыр етіп.

«Көтерілудің де түр-түрі бар екен ғой» дегені мынау еді. Сансызбайдың қызы мектеп уақы­тында жаман атын шығарып, әлгі өзінен он жас үлкен ессіз еркектің үстінен арыз-шағым жазба­с үшін қомақты ақша алған-ды. Мектепте жары­тып оқыма­ғаны ауыл халқы­на аян. Себебі, мұнда жұмыс орны білім ошағынан өзге бірлі-жарым жерде ғана бар. Ал жоғары оқу орнын ілініп-салынып зорға бітірге­нін ана­сының өзі айтып отыратын. Сабақ­тан көп қалатын болғандықтан, «оқудан шығар­ғалы жатыр»­ деп ауылдан ақша алдыр- ғ­аны да бар. Бірақ, демде­ жоғар­ы қызметтен бір-ақ шықты.­ «Мансап баспалдағын қалай бағын­дырды?» деген сауалғ­а Сәнімханның ойында бір ғана нұсқа қалғандай.

Бақдәулет секілді білімді­лер­дің біліктілігі қызқұмар бас­шылар үшін көк тиын екен. Етегін ашып, жылтыраған саны­ны­ң шетін көрсетсе, қыз-келіншектерге бір­неше сатыны ең­серу, бағын­дыру қиынға соқпа­й­ды. Ел ішіндегі «пос­тель арқылы көте­рілген» деген­ әңгіме осы болса­ керек.­

Сәнімханның сұрағы тура­сында Күлтай да ләм-мим демеді. Қызметте «агашкасының» арқасында көтерілгендердің қай салада­ болмасын кездесетінін, оның арты жақсы­ болмайтынын екеуі де біледі. Сондықтан болар, іштей Сансызбайдың қызының тағдырын шамалап та қойды.

Арада бірнеше ай өткенде Бақдә­улетті аудан орталығын­дағылар жаңа жұмысқа шақырды. Бұл кезде оның оқушылары да үсті-үстіне республикалық жарыс­та­рдан жүлделі оралып жатқа­н еді. Уақытында түлкі заман­ын тазы болып­ шал­ғаны есіне­ түссе, Бақ­дәулет әлі күнге өзін қоярға жер таппай қалады. Бірқатар сәтсіз­діктер­ді сонымен байланыс­тыра­ды да…

Күлтай Сәнімханмен қи­май-қимай қоштасты. Бір күнде аудан тұрғыны болып шыға келді. Бір қызығы, Бақдәулет алғашқ­ы жұмыс күніне барған­да, Сансызбайдың қызы қызмет бабын асыра пайда­ланғаны үшін жұмыстан босады. Бірақ, Бақ­дәулетке ол орынға бару үшін мансап баспалдағын әлі де бірнеше рет аттауы керек…

Рыскелді ЖАХМАН,

республикалық қоғамдық-саяси тәуелсіз

«Халық» газетінің мұрағатынан алынды.

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: