Дәл қазір Қазақстанда толқынды түрде жүріп жатқан құс тұмауының Н5N1 түрі 1997 жылы Гонконгта тіркелген. Мұнда вирус штамының мутацияланғаны соншалық адамдарға жұғып, салдарынан 20-ға тарта адам осы аурудан қайтыс болған. Араға 6 жыл уақыт салып дәл осы ауру белгілері Вьетнам, Камбоджа, Қытай, Индонезия, Лаос, Пәкістан, Корея, Тайланд, Тайвань мен Жапонияда анықталды. Жан-жануарлардан жұқтырып, осы кеселге шалдыққан адамдардың жартысынан көбі өмірімен қош айтысқанын дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы да растады. Ал 2005 жылғы әлем бойынша таралған құс тұмауы кезіндегі қорқыныш, үрей әлі көз алдымызда. Өйткені бұл вирустың адамнан адамға жұғуы анықталмаса да, жан-жануарлардан, жабайы құстардан жұққан вирус салдарынан тағы да адамдар зардап шекті.
150 МИЛЛИОННАН АСТАМ ҚҰС ЖОЙЫЛҒАН
Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежүзілік ұйымының мұрағаттағы мәліметінше, тура 15 жыл бұрын пандемия сипатына ие болған құс тұмауы 150 миллионнан астам құстың жойылуына әкеп соқтырған. Бұл тек құсқа қатысты шығын болғанымен, астарында ауыл шаруашылығы, аулалық табыс, фермерлер үшін орасан кесір бар еді. Ал жыл басынан бері көкжиекте орналасқан кей елдерде тарай бастаған құс тұмауына аса зер сала қоймадық. Өйткені адамдар арасындағы коронавирустық инфекция оған мойын бұрғызбады. Сондықтан болар, тасада қалған тұмау жаһан елдерінің жартысына тарап үлгерді.
– Құс тұмауымен ауырған адамдардың дені ауылдық жерде тұрады. Кейбірінің өлген құс етін жегендігі анықталды. Әзірге құс етімен тікелей байланыста болған адамдардың ауру жағдайы Вьетнам, Тайланд, Камбоджа және Индонезияда анықталды. Адамнан адамға таралудың шектеулі жағдайлары тіркелгенмен, Жапония, Малайзия және Корея Республикасында H5N1 құс тұмауының ошақтары қатаң бақылауда, – деп хабарлады Жануарлардың денсаулығын сақтау дүниежүзілік ұйымы баспасөз қызметі.
Құс тұмауынан тіркелген құстардың ең көп шығыны сәуір айының соңында Қытайдың орталық бөлігіндегі Цинхай көлінде тіркелген. Онда 6000-нан астам өлі құстан H5N1 вирусы табылған. Бұл вирус соңғы екі жылда Азияның оңтүстік-шығысында құстар арасында таралған вирусқа өте ұқсас.
ИНФЕКЦИЯ ЗООНОЗДЫ БОЛСА…
Географиялық аумақ талғамайтын ауру Қазақстанның бес облысында тіркелді. Оның үш дерегі нақтыланса, екеуіне әлі ресми талдау жүргізілуде. Бес облысқа қарасты 26 аудан, 47 елді мекенінде құстардың қырылуы тіркелгенін ауыл шаруашылығы вице-министрі Гүлмира Исаева растады. Тиісінше, республикалық қордан құстарға егу жұмыстарын жүргізу үшін 1,5 миллион вакцина бөлінген. Ол 5 миллион құсқа жетеді. Министрлік тамыз айының басынан бері Ресейдің Қазақстанға жақын аумақтарынан құс өнімдері мен тірі құстарды импорттауға тыйым салған. Әзірге адамдар арасында ауру нышаны байқалмаса да, 400 адам медициналық бақылауға алынған.
Тіркелген жоғары патогенді құс инфекциясы өзге де аумақтарға таралу қаупі жоқ емес. Әсіресе оңтүстік аймақтар құстардың қоныс аударуына қолайлы орта болғандықтан қамсыз отыру да жарамас. Осыны ескерген Қызылорда облысының ветеринария басқармасының басшысы Е.Апетов құс тұмауына байланысты брифинг өткізді.
– Статистикалық мәліметтер бойынша бүгінде аймақта 124,8 мың бас үй құстары бар. Ал облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі аумақтық инспекциясының мәліметі бойынша жабайы құстардың саны – 702,6 мың. Әзірге облыстағы эпизоотиялық ахуал тұрақты,-деді ол.
ХЭБ-тің ресми сайтындағы ақпараттарға көз жүгіртсек, жануарлар денсаулығы мен өндіріске залал келтіретін құс тұмауы тіркелген әлем картасындағы эпизоотиялық ошақ көбейіп келеді. Эпидемиологиялық жағынан күрделі штамға ие АІ вирустық инфекциясы тіпті зоонозды болуы мүмкін. Сондықтан адам денсаулығына да тікелей қауіп барын айтып, әлем вирусологтары дабыл қағуда. Үнемі мутацияға ұшырап, жаңа ассортиментпен күрделенетін вирусқа құстармен қатар жануарлар да шалдығуы ықтимал. Сала мамандары эпидемияның инфекция көзі жабайы құстар дегенді алға тартып отыр. Өйткені күз бен көктем – құстардың қоныс аудару маусымы. Бүгінде құс тұмауының H5, H5N1, H5N5, H5N6, H5N8, H7N3, H7N7 және H7N9 түрлері Океания, Еуропа, Азия және Африкада әлі жалғасуда. Бастысы, аурудан өлген құстардың еті нарыққа шығып кетпесе, игі.
Н.ҚАЗИ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!