HALYQLINE.KZ Сейілда ағамыз – 1971-1981 жылдары ерте көктемнен қара күзге дейін қалың жанкүйердің назарында болған санаулы қазақ спортшысының бірі. Бұлай дейтініміз, атақты боксшылар мен балуандар әр апта сайын халықтың алдына шыға бермейді. Боз кілемдегі әлем чемпиондары жылына 6-7 рет жарысқа түсуі мүмкін. Онда да кей жарысын теледидардан көресің, ал, көп жағдайда көзден таса қалады. Ал, футбол дегеніңіз, оның үстіне кезіндегі «Қайраттың» ойындары теледидардың сәні болатын. Сол жылдары Қақпашы Құралбек Ордабаев пен қорғаушы Сейілда Байшақов апта сайын миллиондаған көрерменнің көз алдында ойқастап жүруші еді. Ол кезде Алматының өзінде қазақ баласы тым селдір. Біздің үстірттеу жобамыз бойынша жетпісінші жылдары Алматыдағы қазақтың үлесі 10 пайыздың шамасында, ал, сексенінші жылдардың ортасына қарай 20 пайызға жеткен шығар. Ауылдан келген, яғни, қанына тартатын бауырлардың көпшілігі ССРО жоғары тобындағы «Қайраттың» ойындарына Сейілда мен Құралбек ағаларды көру үшін баратын. Біз де жанкүйер едік. Орталық стадионның күнбатыс бетіндегі тунелден Сейілда мен Құралбек ағалардың төбесі көрінгенде мыңдаған тілеулестер мойындарын соза гуілдесіп, дуылдаса жөнелетін. Ал, екі ағамыз жай басып жоғары өрлеген кезде мың шақырым ауылдан артынып-тартынып әкеміз жеткендей мәз-мейрам болушы едік. Жасыратын не бар, алаңдағы жиырма екі жігіттің ішінен осы екі ағамыз көзге оттай басылатын.⠀
«Қайраттағы» ағайынды қоңыр қазды сол тұстағы ала доп жанкүйерлері ерекше қадір тұтты. Себебі, дәл сол кезеңде баскетбол, гандбол, шайбалы хоккей және регбиде дәл осы екеуіндей атақты ойыншыларымыз болған жоқ. Дүниежүзінің баскетбол мамандарын талассыз мойындатқан Әлжан Жармұхамедовтың Мәскеудегі дабысы бізге әлі толық жете қоймаған кез. ⠀
«Жан тартпайды, қан тартады» демекші, Сейілда Байшақов алаңға «Қайраттың» капитандық «повязкасын» тағып шыққанда жалымыз күдірейіп, қанымыз ысып шыға келетін. Сейілданың қимылы өзінің мінезі тәрізді орнықты, тиянақты. Кейбіреулер тәрізді ұшқалақтанып, сасқалақтағанын көрген емеспіз. Қашан көрсең аяқты еркін тастап, қарағайдай бойымен анадайдан көз тартады. Қарсы жақтың оқтай зулаған, қырық айлалы шабуылшылары үшін Байшақов нағыз асу бермес, тасқамал қорғаныстың өзі болатын. «Сейілда қарсыластың кез келген шабуылшысын тұсай білетін, – дейді Құралбек ағамыз.
– Зерек, алғыр спортшы. Есеппен, жүйелі ойнағанды ұнатады. Көп сөзге жоқ. Сабырлы. Командадағы ең абыройлы, ең сенімді футболшының бірі ретінде ұзақ уақыт команданың капитаны әрі серкесі болды. Екеуміз бірнеше жыл бір бөлмеде тұрдық…»⠀
Енді, міне, желмаядай жөңкіле көшкен жылдармен жарыса Сейілда Байшақов жетпістің жотасына шығыпты. Қазақ футболшыларынан ең алғашқы болып ССРО құрамасында ойнаған да осы Байшақов еді. Қырсыққанда, 1977 жылы ССРО құрамасы Байшақов қатысқан екі бәсекеде Венгрия мен Грекиядан ұтылып қалып, әрі қарай ағамызды ұлттық құрамаға шақырмады. Әділін айтсақ, Сейілда Байшақов сол тұста совет құрамасындағы қорғаушылардың қай-қайсысынан да кем соққан жоқ. Бірақ, Мәскеудегі футбол қожайындарының сырт көзден таса өз мүддесі, өз саясаты болды.⠀
«Қайраттың» құрамына Сейілдадан бұрын Сейітжан ағасы кірген еді. Сейітжан ала допты ұршықша иірген шебер деседі. «Қайраттың» атақты шабуылшысы Сергей Квочкин: «Егер Сейітжан Байшақов жаттығудан қалмай, жанын салып тер төксе, советтің небір мықты футболшыларын жолда қалдырар еді. Ол – тумысынан дарынды футболшы» деп еске алса, Сейілда Икрамұлы немере ағасы туралы: «Сейітжан ағам бүкіл Жамбыл өңірінің кумирі еді. Маған арқасында нөмірі бар футбол формасын ең алғаш сыйлаған осы кісі. Біздер Сейітжан ағамдай футболшы болуды ынтыға армандаушы едік. Сейітжан Байшақов – Жамбыл облысы бойынша футболдан шыққан ең алғашқы ССРО спорт шебері», – дейді.
Кейін «Қайраттың» сапында миллиондаған жанкүйерлердің көзқуанышына айналған Ваид Талғаев, Вахид Масудов, Антон Шох, тағы басқа шеберлер бала кездерінде Сейітжан ағаның ойынына керемет қызыққан екен. Шабуылшы Сейітжан Байшақов «Қайратта» ойнаған үш маусымда бірнеше маңызды сәттерде гол соғыпты. Сосын Жамбылдың «Энергетик» командасына қайтып оралған екен. Есесіне, інісі Сейілда Байшақов ССРО-дағы азулы команданың бірі саналған «Қайраттың» сапында 296 рет алаңға шығып, қарсы қақпаға 11 доп енгізді.⠀ Халқымыздың тұңғыш кәсіби футболшысы Тимур Сегізбаевтан кейін «қазақ доп тебе алмайды» деген тұтас бір ұлтты қорлауға бағытталған сыңаржақ, таяз, кертартпа пікірді теріске шығарған айбоз ұлдың бірі осы Сейілда Икрамұлы екенін ұмытпауымыз керек.
Тимур, Құралбек, Сейілда ағалар жасыл алаңдағы өрнекті, өрелі ойындарымен, қажырлы да табанды қимылдарымен мыңдаған қазақ баласын футболға еліктіріп, елітіп, әрі миллиондардың кумирі болғаны күні кеше ғана тәрізді еді. Міне, енді Сейілда ағам да кәріліктің ауылына ат шалдыра бастады.⠀
Сонау бодан заманда, тар кезеңде қазағыңның ала доптағы намысын әуелете көтерген ақтангер ағам, қалған ғұмырыңыз баянды, деніңіз сау болуына ақадал көңілден тілек қосамын!⠀
Қыдырбек РЫСБЕК,
журналист
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!