Ал, міне, бүгін жарқырап,
Нұрын шашты – Алтын заң!
Заң болғанда, қандай заң,
Көрмеген бұрын ешбір жан!
(Кеңес өкіметінің алғашқы Конституциясына арналған Жамбыл атамыздың жырынан).
Қазақ елі Тәуелсіздігін алғаннан бері екі Конституция қабылдады. Нақтырақ айтсақ, 1993 жылы бір Конституцияны бекітсе, 1995 жылы «бүкілхалықтық референдум» арқылы жаңа Конституция қабылданды. Қысқасы, алғашқы Ата заңымыздың өмірі екі жылдан аспады. Айта кетейік, бұл Конституциялардың негізгі айырмашылықтары (тәптіштеп, жіліктеп жатпасақ) біреу ғана болатын. Бірінші Конституцияда биліктің көптеген құзыреті, немесе билікке араласу, бақылау жолдары Парламентке (ол кезде Жоғарғы Кеңес деп аталатын) берілсе, екінші, 1995 жылғы Конституцияда биліктің басым бөлігі Президентке берілген болатын. Қызық ретінде қарап шығыңыздар, 44-бап – Ата заңдағы ең көлемді бап…
Мойындауымыз керек, тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында, демократиялық құрылымдар мен азаматтық қоғамның принциптерін қарапайым халық түгіл, саясат пен қоғамдық жұмыстарға араласып жүрген адамдар да терең түсіне қоймайтын кезеңде Конституцияға талдау жасау, оның кемшіліктері мен жақсы жақтарын алдымызға жайып салған мамандар болған жоқ. Әйтеуір екінші Конституцияны қабылдардың алдында қазақ тіліне қатысты баптың үлкен әңгіме болғаны есімде. Ал мемлекеттік басқару жүйесі, адам құқығының сақталуы, билік жүйесінің бөлінісі, т.т. көпшілік үшін түсініксіз де, қажетсіз де мәселе болатын. Қысқасы, Конституцияның жобасын 95 пайыз электорат оқып, танысқан да жоқ және сол 95 пайыз «қолдап дауыс берді».
Кейін, қоғамның көзі ашыла бастаған уақытта ғана, биліктің бір қолға жиналғанын көріп, жағамызды ұстағанда, халық кейбір мәселелерге өздерінің реніштерін білдіргенде, «қараңыздар, Ата заңымызда солай жазылған ғой» деген сөздерді жиі ести бастағанда ғана «қолымды дөп сермесем – өстер ме едім» дедік. Ең қызығы, Ата заңға өздерінің пайдасын қаншалықты тықпаласа да, өмірдің өзгерістері өз дегенін істейді – бір-екі жылдан кейін-ақ, биліктің өзі Конституцияға өзгерістер енгізе бастады. Халыққа «Ата заңымызда солай жазылып қойылған, біз оны бұза алмаймыз ғой» дейтін билік өздерінің қолындағы Парламентті пайдалана отырып, өздеріне керекті өзгерістерді еркін де ашық енгізді. Мысалы, бұрын сайлаушылардың 50 пайызы дауыс беруге қатыспаса, сайлау өтпеген болып саналатын бап бар болатын. Сайлаушылардың бойкот жасап, сайлауды болдырмай тастауы мүмкін екенін білген уақытта, ол бапты алып тастады. Қазір бойкот жасап, халық дауыс беруге келмей қойса – ештеңе де болмайды, қарсы жақтан үш адам келсе, сайлау нәтижесі заңды болып есептелінеді. Ұмытпасам, бұл өзгеріс 1998 жылдары енді. Дәл осы жылдары Нұрсұлтан Назарбаевтың жасының 60-қа таяп қалғанын көрген билік Конституциядағы «Президент болатын адамның жасы 60-тан аспауы керек» деген бапты да бір сәтте өзгертті. Ең қызығы, Конституцияны қабылдағанда Референдум арқылы, халықтың «қолдауымен» қабылдады да, өзгерістерді ың-жыңсыз, Парламент арқылы өткізді. Сандық тұрғыдан салыстырсақ, 10 миллион адамның шешімін 100 адам 10 минуттың ішінде өзгертті… Қысқасы, Конституцияны халық емес, билік пайдаланды, өзгертті, зорлады, ойларына келгендерін жасады.
Конституция туралы сөз қозғалса, біз, біз ғана емес, басқа елдер де Америка Құрама Штаттарының Конституциясын еске түсіреді. «200 жылдан бері мызғымай, мемлекеттің тірегі болып тұр» деп, соған сілтеме жасаймыз, кейде соны үлгі тұтамыз, бірақ, неге екені белгісіз, өзіміз дәл сол сияқты Конституция жасап шығармаймыз, не шығара алмаймыз, немесе шығарғымыз келмейді. АҚШ Конституциясының басты ерекшелігі біреу ғана – ол жерде әрбір мәселе тәптіштеліп жазылмайды, жалпылама бағыты, принципі ғана беріледі. Сондықтан болуы керек, АҚШ Конституциясында 7 ғана бап бар… Ал одан кейінгі федералдық заңдарда, штаттың заңдарында «жілікке шағудың» көкесін көруге болады. Естуімше, АҚШ-та сайлауға қатысты елуге жуық федералды заңдар бар екен. Бүгінге дейін Конституцияға 27 өзгеріс енсе де, олардың бірде-біреуі негізгі мәтінге кірмейді. Конституцияның «мызғымауының» сыры да осында. 10 өзгеріс 1789 жылы кірсе, сол жылдары ұсынылған соңғы өзгеріс 203 жылдан кейін, 1992 жылы қабылданды (Бұл сенаторлардың жалақысы жөніндегі өзгеріс болатын…). Ал біздің Парламенттің Конституцияға енетін бірнеше өзгерісті 18 минутта қабылдап, бәрімізді таңғалдырғаны бар.
Айта кету керек, кейбір өркениетті елдердің Ата заңдары жоқ. Англияда барлығы заңдармен реттелінетін болса, Израйль билігі «әлемдегі еврей ұлтының барлығы жиналғанда ғана Ата заң қабылдауымыз керек. 6 миллион еврейдің Еврей халқының, Еврей мемлекетінің Ата заңын қабылдауға құқығы жоқ» деп шешкенге ұқсайды.
Жиырма бірінші ғасырға кірген кезеңнен бастап, қазақ халқы да ояна бастаған сияқты. «Мәңгілік биліктің» бір тірегі – Конституция екенін жақсы түсінген саяси-қоғамдық топтардың кейбіреулері Ата заңдағы жеке баптарды өзгерту мәселесін көтерсе, енді бір топтар қазіргі Конституцияны толық қайта жазуды күн тәртібіне қоюда. Осыдан оншақты жыл бұрын оппозициялық партиялардың өкілдері Серікболсын Әбділдиннің жетекшілігімен жаңа Конституция жазуға ұмтылыс жасағанын да білеміз. Ал бүгінгі әлеуметтік желіде Конституция туралы сөз қозғалса, әңгіме негізгі екі мәселе төңірегінде болады екен. Әрине, біреулер бұл мәселені біліп көтерсе, енді біреулері дүрмекке еріп қайталайтын сияқты. Сондықтан мен осы екі мәселеге қатысты өзімнің көзқарасымды білдіргім келеді.
Бірінші пікірлердің бағыты – 1993 жылғы Конституцияны қайтадан енгізу керек деген ұстаным. Бұны көбінесе оппозициялық бағыттағы азаматтар қайталаудан жалықпайды. Әрине, бұл – ең оңай, бірақ ең тиімсіз, өз басым ешқашан қолдамайтын бағыт. Біріншіден, 1993 жылғы Конституцияны дайындауға, оның әрбір бабын талдауға халық та, азаматтық қоғам да араласқан жоқ. Бұл – сол уақыттағы коммунистік партияның номенклатурасынан құралған Жоғарғы Кеңестің туындысы. Сөз жоқ, қазіргі Ата заңымызға қарағанда, тәуелсіздіктен кейінгі эйфорияның әсері болуы керек, «биліктің үш тармағы», «халық билігін қамтамасыз ету», «демократия принциптері», т.т. деген жақсы сөздердің арқасында 1993 жылғы Конституцияда Президенттің билігінен гөрі Жоғарғы Кеңестің құзыретінің біршама көбірек екені рас, бірақ Конституцияда демократиялық құрылымдардың жасақталуының алғы шарттарының болмағаны да анық. Айтпақшы, ұмытпасам, ол жерде «орыс тілі – ұлтаралық қатынас тілі» деген адам құқығын өрескел бұзатын бап та бар. (Демек қазақ елінде түрлі ұлт өкілдері тек қана орыс тілінде сөйлесуі, қарым-қатынас жасауы міндетті болатын. Бұл бапты үлкен айқаспен 1997 жылы ғана «Тілдер туралы» заңнан алып тастағанбыз). Екіншіден, осыдан 37 жыл бұрын елдің саяси жағдайын бүгінге кезеңмен салыстыра алмайсың, ал егер Конституцияның болашақ үшін де жазылатынын ескерсек, 1993 жылғы заңға оралу – кері кету болып табылады.
Екінші пікірлер тобы – Конституцияны толық өзгерту керек деген ұстаным. Мен де осы бағытты қолдаймын. Енді бір ауыз сөзбен өзімнің көзқарасымды дәлелдеп көрейін. Біріншіден, осы уақытқа дейін біздің билік өзіне қажетті кезде өзгерістер мен толықтыруларды қабылдай бергені соншалықты, Конституцияның жүйесі де толық бұзылды деуге болады. Кейбіреулердің айтуынша, 1995 жылдан бері Ата заңның 60 пайыздай баптары өзгеріске ұшырапты. Құрақ көрпенің күнін кешкен Ата заңға тағы да жамау салудың қажеті жоқ деп ойлаймын. Екіншіден, Томасс Джефферсон айтқандай, «ересек адамға бұрынғы бала күніндегі күрткесін кигізуге болмайды». Әрдайым өзгеріп отыратын әр дәуірдің өз ерекшелігі бар. Сол ерекшелікке байланысты, әрбір ұрпақ өзінің заңдарын өздері шығаруы керек. («Мы с тем же основанием можем требовать от взрослого мужчины, чтобы он прожолжал носить все ту же куртку, которую носил мальчиком, как и требовать от цивилизованного общества продолжать жить по правилам, установленным нашими предками… Каждое поколение людей… имеет право избирать для себя ту форму правления, которая, по его убеждению, более всего сможет помочь ему стать счастливым… Керчевалға хат, 1816 жыл).
Дос КӨШІМ,
«Ұлт тағдыры» қозғалысының төрағасы,
Арнайы «Халық» газеті үшін
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!