Енді 10 күннен соң «Nur Otan»-ның праймеризі басталады. Ол 17 тамыз бен 3 қазан аралығында өтеді деген шешімге Нұрсұлтан Назарбаев 5 маусымда қол қойған.
Мен осы праймериз туралы өткенде бір жаздым. Сонда: «Праймериз деген бұл не?», деп сұрады. Қазақшаға қотарсақ, өз ішінде іріктеу өткізу деген сөз.
Праймериздің дұрыс екенін әртүрлі саяси позициядағы, ұстаным-көзқарастағы азаматтар айтып жатыр. Демек, ол – керек! Ал оны түгел дерлік Үкімет мүшелерін жасақтап, Парламенттегі (қос палатада да ) айқын басымдыққа ие боп отырған билік партиясының («Nur Otan»-ның) өткізіп жатқанын дұрыс деп есептеймін. Неге?
Біріншіден, бұл елдегі, ел билігіндегі кадр тапшылығы бар екенін және оны шешудің бір жолы ретінде қабылданған формула екенін дәлелдейді!
Екіншіден, осы уақытқа дейін Үкімет құрамы қанша рет ауысты? Әр жолы кресло ауыстырып жатқан ақ жағалы, ала ойлы, айыр тілді, ақсаусақ шенді-шекпендінің ішінен жаңа түр, жаңа адам көрмедік. «Nur Otan» -ның бұл праймеризі сол ескі кадрларды жаңалаудың бір тәсілі бола ма деген үміт…
Үшіншіден, Парламент! Қазір Сенаттың орташа жасы – 60-70 жас болса керек. Одан кем емес! Сенат саяси мансаптары түгесілген «полит-пансионатқа» айналды. Онда экс-әкімдер, экс-министрлер, экс-төрағалар. т.б. Қысқасы, өңкей «экстер». Мәжіліс те оңып тұрған жоқ. Онда 70-80-нен әлдеқашан асып кеткен, тіпті кейбірінің депутаттық карьераларына 10-15 жыл толса да, әлі күнге отырған орнынан тапжылмай отырған Косарев, Божко, Сұлтанов, Сыздықов, Қарақұсова секілді ата-әжелер бар.
Жалпы, «праймериз» – партияішілік іріктеу. Яғни, сайлау емес! Бірақ, Мәжіліс сайлауына үміткер іріктеу процесі. Сондықтан, маңызды! Сондықтан, жалғыз «Nur Otan» немесе «Ақ жол» ғана емес, елдегі тірі деген саяси партиялар мен ұйымдардың барлығы праймериз өткізуін дұрыс деп санаймын.
Талғат Қалиев мырза осы фейсбукте: «Сайлауға дейін жарты жылдай уақыт қалды. Электоралды компанияның басталуына санаулы айлар қалды. Басқа саяси партиялар тарапынан қалт еткен қимыл байқалмайды. Саяси белсенділік жоқтың қасы… Осы кезден бастап сайлауи күреске кірісіп кетулері керек. Ең болмағанда жұрттың симпатиясын ояту үшін күресу керек еді. Тіпті, болмаса, тұп-тура «Nur Otan» секілді партиялық тізім жасауды бастау керек еді. Әлде олар күреспей берілмек пе? Осыдан соң, «Nur Otan» тағы жеңіп кетіпті дегенде таң қалып көріңіз», – деп жазыпты. Қалиев мырзаның барлық сөзін теріп жатпадық…
Иә, науқан басталуға сәл-ақ қалды. Елдегі саяси партиялардың дені ұйықтап жатқаны шындық. Өз басым, ресми тіркелген партиялар ішінде осы фейсбукте белсенді саяси жарнама жүргізіп отырған екі-ақ партияны айтар едім. Бірі – «Nur Otan», екіншісі – «Ақ жол». Қалғандары тып-тыныш…
БҰҰ дерегі: Әлемде 15-24 жас аралығындағы 1,2 миллиард адам бар екен. Бұл – әлем халқының 16 пайызы. Қазақстанда ше? 2019 жылғы дерек бойынша, елімізде 15-29 жас аралығындағы 4 миллионға жуық жас бар екен. Оның 2,3 миллионы қалада тұрса, 1,7 миллионы – ауылдық жердегілер. 2019 жылғы дерек.
Ал Мәжілістегі 107 депутаттың ішінде 40 жасқа толмаған 6 ғана депутат бар! Бұл қанағаттанарлық көрсеткіш пе? Жоқ!
«Жастар – еліміздің бәсекеге қабілетті болуының ең негізгі факторы! Мемлекеттік саясаттың негізгі драйвері де жастар болуы керек!». Бұл – Президенттің сөзі. Иә, праймериз – әлеуметтік лифт секілді. Тек, ол әділ өтуі керек! Егер бұл жолғы праймериз әділ өтпейтін болса, тағы да аннан қашқан, мыннан қашқан біреулер іріктелетін болса, онда жағдай бітті десе де болады. Жалпы, барлық партиялар қолға алатын іс. Әсіресе, келесі Парламенттен орын тию мүмкіндігі жоғары партиялар! Оған енді құрылайын деп жатқан партиялар да, азаматтық қоғам да белсенді араласуы керек-ақ. Өйткені, бұл қызықты процесс болмақ. Ал өткен жылғы сайлаудан соң, электорат пассивтенген жоқ деп ойлаймын.
Нұргелді ӘБДІҒАНИ,
журналист.
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!