Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Нұрлыбек Нәлібаев Астананың медициналық инфрақұрылымын дамыту жобаларымен танысты

23.10.2026, 17:00 53

ҚР Премьер-министрінің бірінші орынбасары Нұрлыбек Нәлібаев Астанадағы медициналық нысандардың құрылыс барысымен танысты, деп хабарлайды halyqline.kz тілшісі inbusiness.kz сайтына сілтеме жасап.

Мемлекет басшысы елордадағы демографияны ескеріп, оның қарқынына ілесу үшін медицина инфрақұрылымын дамытуды, медициналық қызметті сапалы, қолжетімді етуді тапсырған болатын.

Қала халқының саны өсіп, қолданыстағы ауруханалар мен емханаларға түсетін жүктеме артқандықтан, медициналық мекемелер қатары да көбеюде.

Биыл №2 қалалық көпбейінді аурухана жанындағы жаңа қабылдау-диагностикалық кешені мен №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасы жанындағы балалар травматологиялық пункті пайдалануға беріледі. Қалған нысандар – перинаталдық орталық, көпбейінді аурухана және үш емхана кезең-кезеңімен іске қосылады.

Алдымен Премьер-министрдің бірінші орынбасары перинаталдық орталықтың құрылысымен танысты. Нысан алдағы жылы ашылады, 250 төсектік жаңа заманауи перинаталдық орталықта жүкті және босанатын әйелдерге, жаңа туған нәрестелерге мамандандырылған көмек көрсету мүмкіндігі кеңейеді. Сонымен қатар қазір жұмыс істеп тұрған босану ұйымдарындағы жүктеме азаяды.

Сарыарқа ауданындағы 300 төсектік көпсалалы қалалық аурухананың құрылысын аяқтау және ашу жоспарлануда. Жаңа стационар іске қосылған соң, елордадағы төсек қоры ұлғайып, ересек тұрғындарға мамандандырылған медициналық көмек қолжетімді бола түседі. Ал №2 қалалық көпбейінді аурухананың жанынан ашылатын жаңа қабылдау-диагностикалық кешенінде ересектердің қабылдау бөлімі, акушерлік қабылдау бөлімі, диагностикалық қызмет пен травматологиялық пункт орналасады. Бес қабатты нысан тәулігіне 700-900 адамды қабылдай алады. Ең бастысы, бір кешеннің ішінде алғашқы тексерілуден бастап, диагноз қою, ота жасату, емді жалғастыруға дейінгі шұғыл көмектің барлық кезеңінен өтуге болады. Бұл мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі мен тиімділігін арттырады. Мұнда компьютерлік томография, МРТ, рентгенодиагностика, ангиографиялық операциялық бөлме, операциялық залдар, инсульт орталығы, травматология бөлімшелері, реанимация және қарқынды терапия бөлімшелері қарастырылған.

Биыл №2 көпбейінді қалалық балалар ауруханасында шұғыл травматологиялық көмек көрсетуге арналған жаңа қосымша ғимарат та ашылады. Онда реанимация залы, операция бөлімі, компьютерлік томография және рентгендиагностика кабинеттері жабдықталады. Жарақат алған балаларды заманауи құрылғылармен тексеру, емдеу мүмкіндігі артады. Бұл балаларды тиісті бөлімдерге бағыттау тәртібін оңтайландыруға және медициналық көмекті жедел көрсетуге жол ашады. Былтыр Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының базасында Есіл және Нұра аудандарының тұрғындарына арналған балалар травматологиялық пункті ашылып, 10 мыңнан астам бала медициналық көмек алған.

Алғашқы медициналық-санитариялық көмек көрсету желісі де кеңейіп, Астананың өсіп келе жатқан аудандарында бір ауысымда 500 адам қабылдайтын үш жаңа емхана салынады. Бұл тұрғындардың тұрғылықты жерінде учаскелік дәрігерлерге, бейінді мамандарға қаралуына, диагностика мен профилактикалық тексерулерге баруына жағдай жасайды.

Жобалар жүзеге асқан соң, медициналық қызметтің емханадағы қабылдаудан бастап көпбейінді стационарлық көмекке дейінгі барлық кезеңі қамтылады.

Фото: Үкімет

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: