Қазақстанда эпидемиологиялық жағдайдың біршама тұрақталу деңгейіне шықты. Бұл туралы бүрсігүні Премьер-министрдің төрағалығымен өткен селекторлық отырыста айтылды.
Соңғы мәліметтерге сүйенсек, республика бойынша коронавирус жұқтыру өсімі 2,1% құрайды. Ең төменгі өсім тәулігіне Шымкентте – 1%, Қызылорда облысында – 0,9%, Түркістан облысында – 0,8%, Ақтөбе облысында – 0,5% тіркеліп отыр.
Жалпы төсек-орын қоры 30,4 мыңнан 49,7 мың төсек-орынға дейін ұлғайтылды. Провизорлық төсек-орынның бос болмауы 20%-ға (89%-дан 69%-ға дейін) және реанимациялық төсек-орынның бос болмауы 6%-ға (73%-дан 67%-ға дейін) азайды. COVID-тен сауығып кеткендердің саны 60%-ға өсті, жедел жәрдемді шақырулар саны 23%-ға төмендеді.
Амбулаторлық деңгейде үйде медициналық көмек көрсету үшін 2962 БМСК мобильді бригадасы құрылды. Осы айдың соңына дейін мұндай бригадалар саны 3500 дейін жеткізіледі. Емханалардағы Call-орталықтар саны 16%-ға артты.
Бүгінгі таңда инфекциялық және провизорлық стационарларда 1958 ӨЖЖ аппараты бар, қосымша 4183 аппарат сатып алынады, 21 мыңнан астам төсек-орын оттегіге, 6237 орын оттегі концентраторларының есебінен қосылады. Бүгінде ПТР-тестілеудің қуаты тәулігіне 32 мың зерттеуді құрайды. Биылғы жылдың 1 тамызына қарай бұл көрсеткіш тәулігіне 35,6 мыңға дейін, ағымдағы жылдың 1 қыркүйегіне қарай тәулігіне 64 мыңға дейін жеткізіледі.
Амбулаторлық көмек көрсету үшін ауылда 1493 мобильді бригада құрылып, жұмыс істейді, бұл қажеттіліктің 94%-ын жабады. Ауылда 641 жедел медициналық жәрдем машинасы тартылған.
Үкімет басшысы әкімдіктерге, денсаулық сақтау және индустрия министрліктеріне өңірлердегі ауруханаларды қажеттіліктеріне сай ӨЖЖ аппараттарымен ағымдағы жылдың тамыздың соңына дейін қамтамасыз етуді тапсырды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!