Бүгін Қызылорда қаласындағы бес дәріхананы аралап шықтым. Біріншіден, кезек өте көп. Екіншіден, көптеген дәрілер, әсіресе антибиотиктер сатылымда жоқ екен. Себебін дәріхана иелері дұрыс түсіндіріп айтып бере алмады. Дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ететін жергілікті жердегі ірі компаняның басшысымен сөйлестім. Оның айтуы бойынша елдегі отандық дәрілердің үлесі – 18 ғана пайыз, оның өзі сапасыз. Ал шетелдерден алып келетін дәрілердің бағасы қымбаттап кеткен, оның үстіне ұлттық валюта құнсызданып, доллар бағамы жоғарылап кетті. Ал денсаулық сақтау министрлігі дәрілердің жоғары бағамын бұйрықпен көтере алмайтындай шегендеп қойды. «Сондықтан да біз шетелдегі сатып алу құны 1000 теңге тұратын дәріні Қазақстанда министрліктің шектеп қойған 700 теңгесімен қалай сатамыз?» дейді.
Логика бар. Жалпы дәрі-дәрмектерді бір орталықтан сатып аламыз деген желеумен «СК-Фармация» компаниясы құрылған болатын. Бұған кезінде бір топ депутаттар қарсы да болдық. Осы кезге дейін осы компанияның қаншама басшылары былыққа батып сотталды. Қазір дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етуге өңір әкімдері мен денсаулық сақтау басшылары жауап бермейді. Өйткені оның иесі – «СК-Фармация». Сондықтан да «СК-Фармацияны» таратып, оның функцияларын бұрынғыдай жергілікті денсаулық сақтау басқармаларының құзыретіне беру керек. Екіншіден, дәрі-дәрмектердің шектік бағамдарын жасанды қою нарық заңдарына қайшы. Оның бағасын сұраныс пен ұсыныс реттейді. Егер біз дәл қазір шектеу бағамын алып тастайықшы, он күннің ішінде еліміздегі бүкіл дәріханаларда дәрі жоқ деген сөз айтылмайды. Бұл – осы саладағы шенеуніктердің қолдан жасап отырған жұмыстары.
Мұрат БАҚТИЯРҰЛЫ,
сенатор,
Әлеуметтік желідегі парақшасынан алынды.
Көрнекі сурет
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!