Қызылорда облысының өңірлік коммуникациялар қызметі ақпарат алаңында өткен брифингте аудан басшысы Қармақшы бойынша білім саласындағы жетістіктерге кеңінен тоқталды. Аудан басшылығы соңғы жылдары білім беру сапасын арттыру бағытында жүргізілген жүйелі жұмыстар нақты нәтижесін бергенін атап өтті.
Брифинг барысында 2024–2025 оқу жылының қорытындысы жарияланып, Ұлттық бірыңғай тестілеу нәтижелері аудан үшін жоғары көрсеткішпен аяқталғаны айтылды.
– Білім беру саласы – елдің әл-ауқатын арттыру мен экономиканы дамытудың негізгі тіректерінің бірі. Осы бағытта Қармақшы ауданында жүйелі жұмыстар атқарылып келеді. 2024–2025 оқу жылында ауданда 14 928 оқушы білім алды. Биыл 766 мектеп бітіруші түлеп ұшты. Оның 694-і, яғни 90,6 пайызы Ұлттық бірыңғай тестілеуге қатысып, жоғары белсенділік көрсетті, – деді аудан басшылығы.
Спикердің айтуынша, ҰБТ нәтижелері аудан мектептеріндегі білім сапасының артқанын айқын көрсетіп отыр.
– ҰБТ қорытындысы бойынша 694 түлектің 147-сі 100 және одан жоғары балл жинады. Бұл – өте жоғары көрсеткіш. Сонымен қатар екі оқушымыз 138 балл жинап, облыс бойынша ең жоғары нәтижеге қол жеткізді. Нәтижесінде Қармақшы ауданы облыстағы аудандар арасында алдыңғы қатардан көрінді, – деді ол.
Брифингте үздік түлектердің жетістігі де ерекше атап өтілді.
– Биыл 54 түлек «Алтын белгі», 48 түлек «Үздік аттестат» иегері атанды. Бұл – мұғалімдер мен ата-аналардың, ең бастысы, оқушылардың бірлескен еңбегінің жемісі. Біз үшін бұл көрсеткіштер тек статистика емес, ауданның интеллектуалдық әлеуетінің артып келе жатқанының нақты дәлелі, – деп атап өтті аудан басшылығы.
Сонымен қатар мектеп бітірушілердің кейінгі білім алу жолы да назардан тыс қалмаған.
– ҰБТ қорытындысы бойынша 648 түлек жоғары оқу орындарына, 115 түлек арнаулы орта оқу орындарына оқуға түсті. Өңірлерге қажетті мамандықтар бойынша облыс әкімінің арнайы оқу грантымен 30 студент жоғары оқу орындарында білім алуда. Бұл – кадр даярлау мәселесіне жүйелі түрде қарап отырғанымызды көрсетеді, – деді спикер.
Брифингте білім беру инфрақұрылымын жаңарту мәселесі де қозғалды.
– 2025 жылы білім саласында 3 орта мектеп, 1 бөбекжай-бақша және 5 мектеп жанындағы спорт алаңында ағымдағы жөндеу жұмыстары жүргізілді. Бұл мақсатқа облыстық бюджеттен 216,9 млн теңге қаржы бөлініп, барлық нысан пайдалануға берілді. Сонымен қатар «Қазақстан халқына» қоғамдық қорының қолдауымен Байқоңыр қаласындағы №277 мектеп-лицейде 245,6 млн теңгеге 34 оқу кабинеті жаңадан жабдықталды, – деді аудан басшылығы.
Айта кету керек, ерекше білім беруді қажет ететін балаларды қолдау да назардан тыс қалмаған. Ауданда психологиялық-педагогикалық түзету кабинеті үшін жаңа ғимарат сатып алынып, пайдалануға берілген.
Брифинг қорытындысында білім саласындағы бұл жетістіктер алдағы жылдары да сақталып, сапаны арттыруға бағытталған жұмыстар жалғасатыны айтылды.
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!