Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұғалімге – мәртебе, мұғалімдік – бір төбе

30.08.2023, 11:00 356

Сала құлаш әңгімесі мен дақпыртты дау-дамайы көп сала болатын болса, соның біреуі – білім саласы. Өйткені қазір мұғалімдік қызметте көнеден келе жатқан және осы мамандыққа көз қырын салушылар өте көп. Себебін сіз бен біз жақсы біліп отырмыз. Бәрінен бұрын 25 мамырдың «қайтып келгені» жақсы болды. Осы бір датаны әрі-бері ауыстырғаннан тапқан пайдасы тағы жоқ. Оқу жылын 36 аптаға дейін созғанын жоғарыдағылар «асығыс шешім болыпты, халқым кешіріңдер» деп жылы жауып қоя салды. Енді биыл да білім саласы біраз өзгеріске толы. Мұғалімдердің мәртебесі де биіктегеннің үстіне биіктейтін сияқты. Материалдық жағдайы болса да жасалуда. Қыркүйектен бастап айлық жалақылары тағы  30  пайызға  үстемеленеді.

Осыдан кейін мұғалім болғысы келетіндер артатыны белгілі. Биыл мемлекеттік грантқа үміткерлердің 25 пайызы педагогикалық мамандықты таңдаған. Бұл туралы Премьер-Министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенованың  өзі  айтты.

– Тек биылдың  өзінде ғана мемлекеттік грантқа үміткерледің әрбір төртіншісі, сонымен қатар 1,5 мыңнан астам «Алтын белгі» иегері мұғалім болғысы келді. Естеріңізде болса, осыдан не бәрі 5 жыл бұрын педагогикалық мамандықтарға талапкерлер 50 балмен түссе, бүгінде шекті балл – 111, – деді Тамара Дүйсенова.

Бір қызығы, білім беру жүйесінде белгілен­ген көрсеткіштерге  қол жеткізуге  бағытталған  қаражат  көлемі  тек соңғы 5 жылда ғана екі есеге немесе 2-ден 4,5 трлн теңгеге дейін артқан. Бұл тұрғыда Сыр өңірінің де сыбағасы кем болып тұрған жоқ. Соңғы бір жыл ішінде білім саласына бағытталған қаржы көлемі 260 млрд  теңгеге жеткен. Бұл – өткен жылдан  20%-ға  артық  көрсеткіш.

Қызылорда облысында  жаңа оқу жылын 319 мектеп, 386 балабақша мен 16 мемлекеттік колледжбен  қатар  жекеменшіктегі 453 балабақша, 24 жалпы орта білім беретін мектеп және 12 колледж бастағалы  тұр. Тамыз  кеңесінде ҚР  Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев мұғалімдерді аттестациялау процесі автоматтандыры­лып жатқанын, сонымен қатар педагогика мен оқыту әдістемесі бойынша тестілеу алынып тас­талғанын атап өтті. Мемлекет басшысының тапсырмасы  бойынша «Білім берудегі  өзгерістердің  1000  көшбасшысы» жобасы әзірленуде. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға кәсіби мамандарды тарту мақсатында осы жылдың қыр­күйек айынан бастап тәрбие­шілердің  еңбек­ақысы  30  пайызға  өседі.

Мұғалім   мамандығына  тапсыр­ған  түлектердің  қатары  көбе­йіп, жастардың фокусы мектепке ауысқан соң, мектепке дейінгі ұйым­дар, балабақша мамандарының сұранысы қанағаттандырылмай қалып жатқанға ұқсайды. Өйт­кені ҚР Оқу-ағарту министрлігі ендігі назарды осында аударып отыр. Мектепке дейінгі тәрбие мен оқытуға мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін 2023-2025 жылдарға арналған жалпы сипаттағы трансферттер есебінен республиканың барлық өңірлеріне қаржы бөлінді. Жалпы, 2025 жылға дейін 222 мыңнан астам жаңа орын ашу ескерілген. Биыл 2-6 жастағы балалардың  90,2 пайызын мектепке дейінгі біліммен қамту жоспарланған. Жыл басынан бері 30,1 мың орындық 330 жекеменшік мектепке дейінгі ұйым ашылған. Қызылорда облы­сында  3-6 жастағы балалар 100 па­йыз мектепке дейінгі тәрбиемен қамтылған. Ал 2-6 жастағылар үлесі 88,9 пайызға жеткен. Тұрақты қолдау көрсетілгендіктен балабақша­лар заманауи бағыттағы ІТ жобаларды сәтті енгізіп, аймақтың үздік тәжірибесін өзге облыстарға таратуда. Қызылорда облысында өткен тамыз кеңесінде аймақ басшысы Н.Нәлібаев тәрбиешілердің білім деңгейін көтеруде  біршама жұмыс  істеліп  жатқанын  айтты.

–  Бұл ретте тәрбиешілердің білім деңгейін көтеруге ерекше жағдай жасадық. Жыл көлемінде барлық жеке балабақша тәрбиешілері тегін курстардан өтуде. Біз үшін тәрбие­шілердің мемлекеттік немесе жеке бала­бақшада  жұмыс істегені маңыз­ды емес. Олардың біліктілігін  арт­тыруда  тең  көзқарас  ұстанамыз, – деді  облыс  әкімі  Н.Нәлібаев.

Мына жаңалық педагог қауымын бір серпілтіп тастаған­дай. Педагогика және оқыту әдістемесі бойын­ша тестілеу де алынып тас­талды. Мұғалім тек өзі сабақ бере­тін пән бойынша ғана тестілеуден өтеді. Педагог-зерттеуші мен шебердің біліктілік санатын растау да жойылды. Тек ұлттық платформа арқылы бақыланатын болады. Бұл ретте «педагог-шеберлердің» үздік тәжірибелері тек бір облыс аясында ғана емес, еліміздің кемінде 5 өңірде таратылуы тиіс. Кәсіби қызметке алғаш рет кірісетін немесе жұмыс өтілінен үзіліс алған педагогика мамандығының түлектері педагогтің кәсіби құзыреттілігін диагностикалау  бойын­ша  тестілеу­ден  өтеді.

Елімізде жалпы кітапханашы­лар да педагог мәрте­бесіне теңес­тіріледі. Өйткені бұл мамандыққа да келушілердің саны азайып кеткен. Депутаттар қайсыбір  жолы  осы  тұрғыда  сөз  қозғаған.

– Елімізде  алдағы уақытта кітап­ханашы мамандығына тап­шылық туындайтынын ескере отырып, біз грантты 30%-ға арттыруды сұрадық. Бұл мәселе биылғы оқу жылында шешілді. Талдау нәтижесі көрсет­кедей, алдағы 3 жылда 6200 кітап­ханашы  тапшы  болмақ. Келесі мәселе – кітапханашы-педагог немесе педагог-кітапханашы деген мамандық ашу. Бұған қатысты министр­ліктен қарастырып жатырмыз деген жауап  келді, – деді Мәжіліс депу­таты  Жұлдыз  Сүлейменова.

Кітапханашы мамандығына биыл бакалавриатқа 100 грант, ал магистратураға 20 және докторантураға 3  грант  бөлінген.

Министрлік мұғалім мәртебесін барынша көтеріп, жұмыстарын жеңілдетіп жатыр. Бірақ, сала қыз­меткерлерінің сапасына да тексеріс жұмыстарын жүргізу маңызды. Екі­нің бірі мұғалімдікті меңгере алмайды, бірақ  білім саласында белден басып жүреді. Оқу-ағарту  ісінің  мамандары  осыны  да  ескерсе  керек-ті.

Ә.БОЗАНОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: