Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Көкжиегі кең колледж

11.01.2024, 9:40 362

Ауыл шаруашылығы мен өнеркәсіп саласының өзектілігі ешқашан жойылмайтыны анық. Ғаламның өркендеуіне, қара­пайым халықтың емін-еркін, тыныштықта өмір сүруіне бұл қос саланың тигізер пайдасы мол. Сондықтан да, өнеркәсіп пен ауыл шаруашылығы  мамандарын оқыту, перспективті кадрларды даяр­лау еліміздің даму жолындағы алғышарт саналуы тиіс. Осы тұста мектеп бітіруші түлектерді құшақ жая қарсы алып, жатын орынмен, сондай-ақ, шәкіртақымен қамтамасыз етіп, келешек кәсіби мамандардың қабілетін шыңдап жүрген көпсалалы колледждерді ерекше атап өткеніміз жөн. Соның бірі – Арал қаласындағы «Арал көпсалалы колледжі». 60 жылдан аса тарихы бар оқу орны күні бүгін­ге де­йін жасөспірімдерге сапалы білім беріп қана қоймай, балалардың шығармашылық қабілетін шыңдаудан  тайынған  емес.

Арал көпсалалы колледжінің негізі Арал қаласының аумағында емес, ауданға қарасты Сульфат поселкесінде «Кәсіптік-техникалық училище» болып қаланған. Алғашында училище ауыл шаруа­шылығы мамандарын  даярлау үшін  салынған. Сол  уақыттары  аудан шаруашылығына керекті тракторшы, кіші мал дәрігері, шопан-механи­затор кадрларын  да­йындау мақсатында көбіне Ресей­дің Чуваш, Башқұртстан секілді автономиялық республикаларының азаматтары оқып, бертін келе аймақтағы тың өлкелеріне жібері­ліп отырған. Кейінірек, Арал аудандық кеңесінің шешімімен 1973 жылдың 17 мамырында оқу ордасы Арал қаласына көшірілді. 1970-80 жылдары Аралдың әр аумағындағы Қарақұм, Тоқабай, Шижаға секілді елді мекендерде филиалдар ашылып, училищенің ауқымы  одан  әрі  кеңейе  түсті.

Кәсіптік білімнің қара шаңырағы саналатын колледжде қазіргі сәтте 287 студент оқып жатыр. Оқу орнында ақылы оқу қарастырылмаған. Грант иеленіп, ай сайын стипендия алу үшін оқуға тапсыру­дың өзі жеткілікті. Көп­салалы колледж ауыл шаруашылығы мен кәсіби білімнен тыс, заман талабына сәйкес ақпараттық-коммуникациялық технологиялар бағытында да білім береді. Дәлірек айтар болсақ, маркетинг, есептеу техникасы, бағдарламалық қамсыздандыру оқу бағдарламалары бойынша да болашақ мамандарды дайындау жұмысы жүргізілуде. Бұдан бөлек, тракторшы-машинист, автокөлік жөндеу слесары, электрик, құрылыс саласының мамандары да оқытылады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» жолдауында «Кәсібилік пен еңбекқорлық қоғамымызда ең жоғары орында тұруы қажет. Тағы да қайталап айтамын. Елімізде еңбекқор адам, кәсіби маман ең сыйлы адам болуға тиіс. Осындай азаматтар мемлекетімізді дамытады. Мен Ұлттық құрылтайда және «Жастар рухының» съезінде бұған арнайы тоқталдым. Біз қарапайым еңбек адамына құрмет көрсетуіміз керек. Қандай кәсіппен айналыссаң да, оны сапалы атқару маңызды» деп қарапайым еңбек адамдарын ерекше құрметпен атап өтті. Рас, қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне жауап­ты, түзде қызметте жүрген еңбек адамдарының абыройы қашанда биік болуы тиіс. Арал көпсалалы колледжінде бұл санаттағы маман­дарға баса назар аударылған. Былтырғы бітіруші түлектердің 64 па­йызы өздері оқыған мамандық бойынша жұмысқа тұрып үлгерген.

Жалпы ауданы 70380 шаршы метрді құрайтын көпсалалы колледждің 2 корпусы бар. Бірінде студенттер  мамандыққа сәйкес арнайы пәндерді, бірінде күнде­лікті мектеп бағдарламасындағы пәндерді оқиды. 2 оқу корпусынан бөлек, 4 шеберхана, 5 зертхана, техникалық қызмет көрсету орталығы бар. Сондай-ақ, студенттер шығармашылығы үшін кітапхана, АКТ зал және де студенттер үйі жұмыс істеп тұр. Колледж ардагерлеріне деген құрмет ерекше. Ардагерлер үйінде студенттер колледж түлектерімен ашық әңгіме-дүкен құрып, тығыз байланыс орнатуды әдет  қылған.

Колледж студенттері қоғамдық жұмыстарға белсене қатысады. Көпсалалы колледждер арасында өтетін «WorldSkills» олимпиадасына қатысып, биіктен көрініп жүргендер жоқ емес. Мәселен, 2021 жылы Нұрдәулет Нұрбекұлы республикалық «WorldSkills» чемпионатына қатысып, сертификат иеленсе, Мейрамбек Жұбаев чемпио­наттың облыстық кезеңінде  3-дәрежелі  диплом  алды.

Кәсіптік оқу орны аудандық көптеген мердігер компаниялар­мен  тығыз  байланыста. Практика барысында студенттер өздерінің салаларына сәйкес «Электр тара­ту тораптары» АҚ, «Аралтұз» АҚ, мемлекеттік  «Халыққа қызмет көрсету орталығына» барып, тәжірибе жинақтайды. Тағы айта кететін жайт, колледжде дуальды оқыту бағдарламасы жүйе­ленген. Яғни, мұндағы студенттердің 28 пайызға жуығы аталған оқу бағдарламасы арқылы теория­лық білім мен практиканы ұш­тастырып, шаруашылық, өндіріс орындарында параллельді түрде қызмет атқарады. Бұл – жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Колледж білім берумен қатар тұрғындарға көмек көрсетуді де қолға алған. Колледж жанындағы ТЖО автомобиль жөндеумен айналысады. ТЖО-да тек қана өз ісінің мамандары ғана емес, колледж студенттері де жұмыс істеп, теориялық алған білімін іс  жүзінде  көрсетеді екен.

Өзінің  ғибратты  ғұмырын өнеркәсіп жолына арнаған, қазіргі Арал көпсалалы колледжінің директ­оры Нұралы  Әбішевпен  тілдесудің  сәті  түсті.

– Колледждің құрылғанына биыл 65 жыл толып отыр. Архивті ақтарып отырып бұл оқу орнында көбіне орыстар мен украиндардың оқығанын білеміз. Тың игеруді осы жақтан меңгеріп, Арқалық, Қостанай секілді өңірлерге жұмысқа жіберілген деседі. Сульфат поселкесінде негізі қаланған оқу орны уақыт өте келе аудан орталығына ауысып, бүгінге дейін жұмысын жалғастырып жатыр. Бүгінде құрамымызда 80-ге жуық инженер-педагог қызмет атқарады. Алдағы уақытта материал­дық-техникалық базаны нығайту ойда бар. Сонымен қатар, оқу орнына 65 жыл толуына сәйкес кітап  шығаруды мақсат етіп отыр­мыз, – дейді Нұралы Қалиұлы.

Оқу ордасы «Кәсіптік білімнің қара шаңырағы» атанып кеткені бекер дүние емес. Аудан орталы­ғында орналасса да, бұл көпсалалы колледждің кейбір облыс орталығындағы колледждерге дес бермейтінін, келешек мамандарға бар жағдай жасалып, оңтайлы қыз­мет көрсетіліп жатқанын байқадық. Бақытжан Бұйраев, Қуаныш­бай Ердіхалықов, Мұрат Сыдықов секілді азаматтардың да бұл білім ордасынан түлеп ұшып, елге пайда­сын тигізуінің өзі тегін емес екені анық. Кәсіптік колледж жас мамандарды даярлауын тоқтатпай, биік белестерді бағындыра берсін дейміз.

Айтілес  ЖАЙШЫЛЫҚ,

Арал  қаласы,

Суретті  түсірген  автор

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: