Шаһизада ӘБДІКӘРІМОВ:
Шерағаңның шекпенінен, Бердіқұловтың бешпентінен шықтық деген тіркес көпке таныс. Қызылордада да Шаһизаданың «Қоғамынан» түлеп ұшқан талант көп. Журналистикаға жанашырлығы мен қабілетін һәм ақындық өнерін мұқым ел тегіс біледі. Бүгінде тілшілік тіршіліктің тағдыры алаңдататыны рас. Осы орайда Бұқаралық ақпарат құралдары қызметкерлері күні қарсаңында Шаһизада Әбдікәрімовпен әңгіме өрбітуді жөн көрдік.
2007 ЖЫЛДАН КЕЙІН БИЛІКТІҢ КӨЗІ КӨРМЕЙ КЕТТІ
– «Қоғам ТВ» – ширек ғасырдан бері көрермен назарында. Тарихын әріден тарқатпасақ та, қалай құрылғанына көп куә. Телеарнаның бүгінгі тынысы мен келбеті жайында сөз қозғасақ…
– Телеарнаның құрылып, хабар таратуына дейін басы-қасында жүріп, еңбек етіп, үлес қосқан азаматтар жетерлік. 1997 жылы 6 наурызда Қызылорда қалалық телекомпаниясы құрылды. Қолымызда ешнәрсе жоқ, тек шешім ғана. Тіпті отыратын орнымыз да жоқ. Кейін бәрін жинақтап, құрал-жабдықтарын іске қосу тапсырылды. Сөйтіп Қызылорда облыстық телеарнасында жұмыс істеп жүрген Мұрат Шалабаев, Баян Құлтанова, Райхан Тәжібаева сынды белгілі журналистерді шақырдық. 22 наурызда алғаш рет эфирге шықтық. 1 жылдан кейін облыстық теледидардың бос уақыты бойына тәулігіне 4-4,5 сағат көрерменмен көрістік. 1999 жылы арнайы экономикалық аймақ тарағаннан кейін біздің де тарауымызға тура келіп, Қызылорда қоғамдық телерадиокомпаниясы болып жекешеленді. Осылайша, 1999 жылы 27 наурызда тіркеліп, жұмысты жалғастырдық. Бүгінде ширек ғасыр болды. Сол кездегі кадрдың бәрі Қазақстанның түкпір-түкпірінде қызмет атқарып жүр. Сыр аймағындағы алғашқы тәуелсіздіктің бастауында тұрған газет «Ақмешіт ақшамы» болса, тәуелсіз телеарна жетінші арна болды. Дегенмен, ол 1 жылға жуық жұмыс істеді де, тарап кетті. Демек, одан кейін үздіксіз жұмыс істеп келе жатқан біздің арна. «Ақмешіт ақшамы» басылымынан кейін 2000 жылы Қызылордада тәуелсіз газеттердің бірі болып «Халық» газеті жарық көрді.
Бүгінде қарамағымызда 50-ге жуық қызметкер бар. Цифрлық форматқа көшкенімізге 10 шақты жыл болды. Қызылорда қаласы немесе оның жақын аудандарына ғана емес, «Отау ТВ» спутниктік арнасы бойынша бүкіл Қазақстанға және қондырғы бар шетелдегілердің барлығына хабар таратамыз. Қазір «Хабар» да, «КТК» да, «Қоғам ТВ» да бір. Бәрімізде «Отау ТВ» болғандықтан хабар тарату көлеміміз бірдей. Жылдан-жылға цифрға толық көштік. Орталықта өз ғимаратымыз бар.
– Сіздің тапсырмаңызбен Баян Құлтанова бастаған топ Америкаға барып, асыранды Сыр сәбилері туралы сюжет дайындады. Бұдан бөлек, Сағитжан Бермағамбетов пен Әділ Ботпановтың есімін елемей өте алмаймыз. Жалпы, Шаһизаданың «Қоғамы» қысымға қалай төтеп берді?
– Жасыратыны жоқ, кезінде мемлекеттік тапсырысты онша көп алған жоқпыз. 2000-2003 жылдар аралығында гранттармен жұмыс істедік. Сондықтан ашық болдық. Қазақстаннан, оның ішінде Қызылордадан Америка асырап алып жатқан балалардың тағдыры, заңы қандай? Келешекте оларға қалай қарайды? Олардың бойындағы ұлттық кодын жойып жібермей ме? Осы мәселе мені ойландырды. Сөйтіп, бұған қаржыландыру керек екенін ескеріп, шетелдік гранттармен жұмыс істеуді үйрендім. Тәжірибе бойынша қомақты соманың деңгейінде грант алдық. Американың елшілігі бірден қуанып кетті. Марқұм Айнұр Сыдықова қарындасымыз мен де барайын деп сұранды. Сөйтіп, Баян Құлтанова және оператормен бірге Америкаға жол тартты. Айнұр көп көмектесті, өте жақсы адам еді. Сағитжан мен Әділдің де орны бөлек. Телеарнадағы әр тілші өз қабілетін айқын көрсете алды. Студент кезінен белсенді болғандар бар. Қазір әрқайсысы ақпарат алаңындағы қызметін абыроймен атқарып жүр.
Кезінде сәл де болса демократияны сезінгенбіз. 2007 жылдан кейін биліктің көзі көрмей кетті. Сол уақытта көп жұмыс істеп және одан таяқ жеген бірден-бір телекомпания біз болдық. Сайлаудың әділетті өтуін назарға алғанымызда Ұлттық қауіпсіздік комитеті тарапынан, басқа да аймақтық стратегиялық орталықтар мамандарының қатаң бақылауында болдық. 1999 жылы қараша айында тиісті орындар қысым жасап, компаниямызды жауып тастады. Мемлекеттік хатшы Әбіш Кекілбаевтың арқасында қайта ашып, сол кездегі министр Алтынбек Сәрсенбаевтың қолдауымен жұмыс істедік.
Әлде де іштегі жігіттерге айтамын. Жігіттер, заңдарға сүйене отырып, екіжақты бірдей, яғни биліктің де, халықтың да уәжін, қоғамдық ойды да, азаматтық позицияңды да қатар беріңдер, эфирден кете берсін деймін. Оған еш уақытта тосқауыл қойған жоқпын. Тіпті мынадай қулыққа да бардым. Белгілі бір орындардан қысым жасалатынын білсем де, бастысы материалдың эфирге өтіп кеткенін қадағаладым. Шығып кетеді, сосын артынша кешірім сұраймыз.
– Телевизия – биліктің орындаушысы деген пікірге ойыссақ… Сіздіңше, бұл ақпарат кеңістігінің күшін бәсеңдетпей ме?
– Қазіргі таңда мемлекеттік тапсырыстарды орындап отырмыз. Бұдан бөлек, әлеуметтік-қоғамдық тапсырыстарымыз да бар. Бұл телекомпанияның өз есебі мен қаржысынан, шығармашылық-техникалық қуатымен жүзеге асырылады. Ал мемлекеттік тапсырыс облыстық, қалалық, аудандық қоғамдық даму басқармалары бойынша беріледі. Шынын айту керек, 2000 жылдағыдай барынша жариялы түрде қандай да бір ақпаратты ашып айтып, талдап, жіктеп беретін уақыттан өтіп кеттік. Мүмкін, алда сол уақытпен қайта табысармыз. Авторитарлық режимнің кезінде барлық бұқаралық ақпарат құралдарына теріс көзқарас қалыптасты. Сондай-ақ, ҚР Конституциясының 6-бабында көрсетілгендей, мемлекеттік және жекеменшіктің тең танылатынына қарамастан, әлі күнге дейін бөледі. Соңғы уақытта ғана мемлекеттік тапсырыстардың меншік түріне қарамастан тең деңгейде бөлініп жатқаны қуантады. Қазір хал-қадырымызша жұмыс істеп жатырмыз. Тақырып аясы әр алуан. Қазақстандағы ақпарат құралдары мемлекеттік тапсырыс алып отырғаннан кейін белгілі бір деңгейде мемлекет пен биліктің мүддесіне, ыңғайына қарай әрекет етеді. Мемлекет басшысы ақпарат құралдарының бәсекеге қабілетті және еркін болу керектігін айтты. Бірақ, ол дәуірімізде әлі де кемшін.
Мемлекет пен биліктің сойылын соғып жүрміз. Амал жоқ, мұны түсінуге де болады. Тапсырыстан бас тартып, оны алмай-ақ қоюыма болады. Бірақ, қарамағымдағы 50 адам қалай күн көреді? Өзіміздің тапқан табыспен ақпараттық саясатымызды жүргізуге болады. Бірақ ол Қазақстанның өндіріс саласы және еңбек ұжымдарымен келісімшарт жасау арқылы туындайды. Мәселен, шетелде ақпарат құралдары корпорациялармен келісім жасап, олардың қаржысымен жұмыс істейді. Өйткені, олар ақпарат құралдарына демеушілік көрсетуді парызымыз, әлеуметтік міндетіміз деп түсінеді. Мемлекетке қарамайды да. Ал, бізде мұндай бар ма? Қай өндіріс орнын айтамыз? Әлі өндірісіміз табанынан тік тұрып кеткен жоқ. Ауыл шаруашылығы аймағы болғанымызбен, оның өзі белгілі деңгейде көтеріле қоймады. Сондықтан көмегі мен қолдауына жүгіне алмаймыз. Айналып келіп, билікке жалтаңдап жүретініміз сол.
ЖАНАРТАУ БӘРІБІР АТҚЫЛАЙДЫ
– Аға, мұндай шарасыздықтан шығатын жол жоқ па? Тәуелдіктен арылып, еркіндікпен еңсе тіктейтін күн қашан туады?
– Ол күннің қашан келетінін бір Алла біледі. Алдымен Жаңа Қазақстанды дамытуға барынша күш салуымыз керек. Мемлекеттік басқару саласына реформа қажет. Мұнай компаниясы мен өндіріс орындарының қуаты Сыр өңіріндегі ақпарат құралдарын қаржыландыруға толық жетеді. Бірақ, әлеуметтік блокқа бөлінген қаржылары аймақтағы өндірістік-экономикалық блоктарға жұмсалып отыр. Ақпарат құралдарына қарастырылмаған.
Жалпы, елімізде журналистиканы дамытуға мүмкіндік зор. Қазақ табиғатынан жауынгер халық болған. Демек, оның журналистикасы да –жауынгер. Қазір де республикалық деңгейдегі кейбір газет-журнал әлсін-әлсін іштегі лепті шығарып отырамыз. Кейде биліктің көзінен тасада қалған мәселені көтерейік десек, қаржы беріп отырмыз деп қақпайлайтын жағдай жоқ емес. Осы ретте, облысымыздағы бір жағдайды айтуға болады, бізде баланс бар. Мемлекеттік және жекеменшік телеарна мен газет-журналдың бәріне тапсырысты бөліп беруде. Осының өзіне қуану керек. Мәселен, ақпарат құралдарының бәрі биліктің идеологиясын қалыптастыруға соншалықты күш салып немесе мемлекеттік тапсырысты шын мәнінде жандандырып орындамағанын билік түсінсе де, қаншама журналист жұмыс істейтінін, мемлекеттен қолдау болмаса жабылып қалуы мүмкін екенін ескеріп отыр. Сондықтан, облыстық қоғамдық даму басқармасының саясаты өте дұрыс. 5-6 адам жұмыс істейтін, жалақасы да аз газеттер бар. Оларға да мемлекеттік тапсырыс беріп жатыр. Әрине, бұл – облыс әкімінің де саясаты. Журналистикаға, оның ішінде сол өңірде тұратын адамды жұмыссыздықтан қорғау және қолдау деп түсінуіміз керек.
Енді мынадай мәселеге оралайық. Блогерлер неге бізге қаржы берілмейді, қалыс қаламыз дейді. Егер ақпарат құралдары туралы заңға сәйкес, олар ақпарат құралдары ретінде танылып, тіркелген болса, неге қаржыландырмасқа? Қоғамда орынсыз шу шығарып, биліктен немесе басқадан бопсалап қаржы табу дұрыс емес. Маған қаржы керек деп өрескел әрекетке барудың жөні жоқ. Бұл қоғамды бұзады.
Әрине, журналистер күні қарсаңында, Қызылорда қоғамдық телеарнасының 25 жылдығына орай мерекелік көңіл күйге сай сөйлеуім керек. Бірақ, мен неге мұндай сөздерді айтып отырмын? Себебі, бар ғұмырымды ақпарат саласына арнаған адаммын. Қаншама қиындықты бастан өткеріп, марапатқа да ие болдым. Саланың ыстығы мен суығын қатар сезіндім. Тойлап жүрсең де, ойлап жүр дегендей, мені ақпарат құралдарының тағдыры толғандырады. Ақпарат құралдары туралы заң қабылданып жатыр. Соның өзінде шетелдегі өлшемдерге сай терең мәселелер қаралмаған. Шикілі-пісілі жағдайлар болуы мүмкін. Бірақ, біздегі заң кезең-кезеңімен өзгеріске ұшыраған сайын оның прогрессивті нышандарын көруге болады.
– Бұрын баспасөз бетінде жарияланған Шерхан Мұртаза мен Камал Смайыловтың хаттары қоғамда пікірталас тудырып, қызу талқыланды. Алтын сандықтың үстінде жалаңбұт отырғанымыз да ашық айтылды. Бір ғана хатта қаншама зерттеу барын байқауға болады. Мұның өзі журналистикаға жан бітіреді. Бүгінгі күні неден ақсап қалдық? Сіздіңше, журналистерге не жетіспейді? Әлде жақ ашпауға төрт елі қақпақ түрткі ме?
– Журналистерге көп жағдайда жан-жақты білім жетісе бермейтін сияқты. Олар журналистика дегенді газеттің бетін толтыру немесе теледидарда сөйлеп, сюжет дайындау деп түсінеді. Шерхан мен Камалдың жазбасы – нағыз форма. Қоғамдағы кілтипан тұстарды зерттеп-зерделеу, оны ашып көрсету. Мұндай ойлар барлық газетте ұшқындап айтылып жүрген шығар, бірақ толық емес. Мәселенің мына жағын да қарастырайық. Журналистің алдында мемлекеттік тапсырысты орындау тұр. Оны сантиметрлеп өлшеп беру керек. Тапсырыс берген билік қоғамға пайда келтіретіндей қандай мәселені қадау-қадау етіп көрсеткенімен емес, газетті сантиметрмен өлшеп, соған қаншалықты сай болды дегенге көбірек мән береді. Сондықтан, мына мәселені көтерсеңдерші деп журналистерге жоғары тараптан еркіндік берілу керек. Ал, біз не істейміз? Ашығын айту керек, өз еркімізбен көтеріле бастасақ, құзырлы органдардан сендерге қаржы беріп отырмыз деген хабар келеді. Бірақ, бұл – уақытша нәрсе. Облыс, республика, аймағың болсын алысқа ұзамайды. 10-15 жыл болғаннан кейін күндердің күнінде қаптың түбінде жатқан алмас қылыш жарып шығады. Жанартау бәрібір атқылайды.
Әлемдегі журналистика қандай, содан қалмауымыз керек. Бәсекеге қабілетті арттыру қажет. Менің Джон Смиттен қай жерім кем? Талантым кем бе? Қоғамым әлде ортам кем бе? Америкадағы адами затқа жат көрінетін құбылыстар елімізде жоқ. Осының өзі артықшылық, неге оны пайдаланбасқа? Қай елдің ақпарттық алаңы күшті болса, қорғанысы мен шабуылдық қуатына да ықпал етеді. Ақпарат құралы күшті елге қалай жала жабуға болады? Ресейліктер Украинадан соң елімізге соғыс ашуы мүмкін деген ақпарат тарады. Әлсіз болып, жауап бере алмай отырмыз. Әйтпесе, олар тиісе алмайтын еді. Қарсы жауап берейікші, ұлтаралық араздық тудырдың дейді. Кезінде марқұм Владимир Жириновскийдің сөзіне мән беру керек тұғын. Ол – Жириновскийдің жай ғана пікірі емес, бізге қарсы жасаған сол мемлекеттің пікірі. Мұны мемлекеттің саясаты деп түсініп, халыққа жеткізуіміз керек. Ал журналист айтса, екі елдің арасына жік салғандай болады. Жириновский айтып отыр десең, билік оны түсінбей, оның жеке ойы дейді. Сондықтан журналистердің арқалағаны алтын, жегені жантақ екені рас. Журналистика – азапты жол. Әсіресе, қазіргі заманда. Былай тартсаң, арба сынады, былай тартсаң, өгіз өледі. Ал, енді арбаны да сындырмай, өгізді де өлтірмейін десең, тағы митыңдап жүре алмайсың. Шекспирдің айтқанындай, алдымызда болу немесе болмау деген риторикалық сұрақ тұр. Біз осының болу жағында жүруіміз қажет.
ЖУРНАЛИСТИКАНЫ БІТІРІП, БАСҚА САЛАҒА БЕТ БҰРҒАНДАРДЫ ЕШ УАҚЫТТА МОЙЫНДАМАЙМЫН
– Айтыңызшы, көшке қалай ілесеміз? Мерзімді басылым мен телевизияның даму перспективасына тағы қандай факторлар кедергі?
– Ең бастысы, бәскелестік. Сондай-ақ, Жапония мен Америкадағыдай сөз бостандығы маңызды. Журналист Президентке, Премьер-министрге немесе сол қаланың мэріне де емес, табынатыны да, құлақ асатыны да мемлекеттің Конституциясы мен Бұқаралық ақпарат құралдары туралы Заңы болуы керек. Осы екеуін басшылыққа алсаң, бәсекеде қабілеттісің. Бұл халыққа да байланысты. Қазақ ақпарат құралдары неге дамымайды? Себебі, 20 млн халықтың 12 млн-ы орысша сөйлейді, орысша ойлайды. Тіпті 15 млн-ы болуы да мүмкін. Қалған 5 млн-ы – ауылда жүрген қазақтар. Олар да қазақ тілін ұмытар еді. Тек қолы қысқа болған соң, оқымай қалған. Мұндайда ұлттық ақпарат құралдарына сұраныс қайдан пайда болады? Екіншіден, БАҚ туралы Заңның шынайылығы қандай деңгейде және ол журналисті қорғайтындығына кепілдік берілген бе? Тіпті, «қазақтың баспасөздегі болашағы қандай?» деп сауал қойып, сұхбат алып отырған сені аяп отырмын. Неге осы қыз журналистиканы таңдады, азапты жолға түсті-ау деймін. Жалпы, журналистиканың өкілдерін аяймын және құрметтеймін. Өйткені, олардың бәрі жүрегінің таңдауын жасады. Әйтпесе, журналистиканы бітіріп, басқа салаға бет бұрғандар бар. Оларды журналист, журналистиканы бітіргендер деп еш уақытта мойындамаймын. Кім қаламының соңынан жүріп, қаламының азабын тартады, кім қаламның ұшымен қоғамның ойын айтады, сол – мен үшін ең қымбатты адам.
– Журналист мәртебесі туралы жиі айтамыз. Ал, арадағы ынтымақ мен ымыра жайы ше? Тілшілердің ішкі тартысы жайында не дейсіз?
– Журналистер арасында ынтымақ және корпоративті көзқарас жоқ. Бұрын «Халық» газеті немесе «Ақмешіт апталығы» мен «Ақмешіт ақшамы» басылымында мынадай мәселе көтеріп жатыр, осыны қолдап, бейненұсқасын жасайық, әрі қарай дамытайық деп ұйымдастырғанбыз. Қазір ондай жоқ. Нөлміз. Бәлкім, мұны биліктің ыңғайына жығылған өзіміз құртамыз-ау. Бірақ, соған қарамастан жақсы журналистер тәрбиелеп, шығарып жатырмыз. Бірлікті күшейту үшін журналистер ұйымының белсенділігін арттырған дұрыс. Қаламгерлер қауымдастығы, керек болса бас редакторлар клубының филиалы да бар. Бірақ, жұмыс істеп жатқан жоқпыз. 30 адамнан жинақталған журналистердің тәуелсіз ұйымын құрып, оның мықты болып әрі сатылмауына әрекет еткен жөн. Жасыратыны жоқ, кейде көп функциямызды «Тіл сақшысы» газеті орындап жатыр. Жалғыз өзі. Оған да жабылып қоямыз анда-санда.
– Төрткүл дүниені терезесіне сыйдырған теледидардың орнын әлеуметтік платформалар басуы ықтимал. Сондықтан басылымдар да жапа-тармағай әлеуметтік желіде белсенді болуға көшті. Бұл қаншалықты дұрыс?
– Теледидар да, YouTube та – бейне. Бүгінгі қоғамның сұранысы. Жақында әріптесім газеттің сайтын ашты. «Неге ашасың?» деген сауалыма «материалдарымды сайттан оқиды ғой» деді. Бірақ, газет – тауар, керісінше оны сату керек емес пе? Егер сайт ашып қойса, жұрт газетті ала ма? Сондықтан, сайт ашпас едім, өз тауарымды, яғни газетімді бұлдар едім. Неге мен өз-өзіме ор қазуым керек? Келсін, іздесін, оқысын. Елдің маңдайына қараған газет немесе телеарна болса, сайт ашуға болады. Сайттың да саясаты бар. Жұлымын үзіп алып, материалды ынтызар етіп салып қой. Қалғанын газеттен оқысын. Теледидар да солай.
Қазір жұрт фейсбукта өзінің ойын ашық айтады. Дұрыс. Блогер де көбейіп жатыр. Бірақ сауатты болсын. Ауызға келгенді оттамасын, сөйлемдерінің өзі дұрыс емес қой. Шымшықты сойса да қасапшы сойсын. Ауылдағы етікшінің етік тігіп отырған ойларын фейсбукқа салады, соны талдап кетеміз. Қоғамдық-саяси өмірді білмейді, бірақ соны жамырап, бәріміз талдаймыз. Біздің трагедия – осы. Жеке ойын айта қалса, соған қоғамдық пікір тудыруға итермелейміз. Тіпті кейбірі өмірден өткен ұлыларға тиісіп, абырой жинағысы келеді. Мәселен, «Мұстафа Шоқай неге атылмады?» дейді. «Ол елге қандай жақсылық істеді, кім дәлелдейді?» дейтін адамдар да бар. Оны қоятын үлкен кісілер. Негізі олар үлгі болуы керек емес пе? Бірақ, желіде жөнсіз сөйлеуге құмар.
ҚОҒАМ ТАЗАРУЫ КЕРЕК
– «Ақындардың елі емес бұл өмір, айтпаңдаршы адам бол деп ақынға!». Өлеңнің өкілдеріне құрметпен яки күле қарайтын да бар. Қоғам ақын жанына қаншалықты үңіліп, дұрыс баға беріп жүр? Ал өзіңіздің ақындығыңыз жайында не айтасыз?
– Сол қоғам кезінде Абайды түсінген жоқ. Төрт құбыласы тең, кемелденген заманда өмір сүрген Мұқағалиды түсінді ме жұрт? Соғыс бітіп, сөздің мәйегін түсінетін, әдебиетіміздің ең бір көркем шағына беттеп келе жатқанда Қасым Аманжоловты түсінді ме? Ақындарды түсінбеу – сол қоғамның дәстүрі. Оны келесі қоғам түсінуі мүмкін. Қазір мүшәйраға қатысып, орын алатындардың заманы. Кезінде мемлекеттік сыйлық алған ақындар болды. Қазір қайда олар? Айналып келіп, Мұқағалиды айтамыз, Өтежанды айтамыз. Фейсбукта да өлеңін жариялап, ақынмын деп жүрген қыз-жігіттер бар. Шығыршықтың ішінде шыр көбелек айналып жүрген тиын сияқты. Бас айналғанша мастана береді. Ақындықтың тарихын және кімнің ақын, ақын емесін анық білемін. Бір өлеңін оқып-ақ, оның қандай деңгейде екенін байқаймын.
Егер де маған «сен кімсің?» деп сұрақ қойса, біріншіден, ақынмын, екіншіден, газет журналисімін деймін. Өйткені, аудандық газеттен өттім, мерзімді басылымды жақсы көремін. Үшіншіден, тележурналиспін. Өлең – менің жаным да, барым да. Өлең – менің тағдырым. Қай жерге барсам да мен ақынмын деп ұялмай, қысылмай айтамын. Халтурщиктердің ортасында маған тесіле қарап, танымайтын болса да екі шумақ өлең оқып, өзімнің кім екенімді дәлелдеп бере аламын. Жер бетінде Шаһизаданың рухы мен есімі қалатын болса, ақын деген анықтаушы болғанын қалаймын. Менің телеарна басқарып, ойымды ашық айтатыным ақындық қуаттан туындап отыр. Өлеңде қалай шындықты айтар болсам, өмірде де солай айтқым келді. Ақындығым қалпымда. Алдағы уақытта, кітабым жарық көрмек. Ол қазақтың поэзиясы мен әдебиетіне олжа салады деп есептеймін. Мәңгілік төлқұжатым болады.
Өмірде талай қиындық көрдім, серілік те құрдым. Жұрт оқуын бітіріп, жұмыс істеп жатқанда оқудан бір емес үш рет шықтым. Ақындықтың ауылынан алыстап, өзіммен-өзім жүрген күндерім болды. Сонда Қадыр Мырза Әли аға «қайда жүрсің?» деді. «Аға, оқудан шығып қалдым, көзге де көріне бермеймін, бірақ қандай ақын екенімді сіз білесіз ғой» дедім. Сонда аға «Ол – сенің өмірің, тағдырың. Сен ондай өмірді көрмегенде ақын болуың да, болмауың да мүмкін еді» деп сөзін қайырған болатын. Ғұмырымды телевизияға арнағаныммен, есесіне өлеңдерім таза. Оған кір жуытпас үшін, сөзді өлшеп пайдаландым. Әрі интеллектуалды ақын екенімді көбі біледі.
– «Маған бір мен де жетеді, екі рет езу тартсам, менмен болып кетемін» деген И.Сапарбай. Жалпы, қазір міз бақпағаннан мін іздейтіндер, кішіпейілділіктен де кінәрат табуға әуес. Бұған көзқарасыңыз қалай?
– Өте қарапайыммын, менмен емеспін. Тіпті бастық екенімді ешкім аңғармай қалуы да мүмкін. Өйткені, табиғатым сондай. Шіреніп, жиналыста да ұзақ отыра алмаймын. Ең ұзақ отырған жиналысым – 17 минут. Адамдарды үйіріп алып, ақыл айтып, кеңседе де байланған ұнамайды. Оның бәрі менмендіктен, бюрократиядан туындайды. Оған шыдамым жетпейді.
Иә, қазір таза адамнан кір табады. Жақсы адамның өзінен жамандық көреді. Оның барлығы ашынудан. Қоғамда қиянат көп. Адамдардың бірлігі мен ынтамағы жоқ. Гуманистік тұрғыдан қоғамның қалыптасуын қаламайтындар бар. Бөліп ал да, билей бер. Бір-біріне өшпенділік күшейеді. Қазір қарап отырып, таза адамды кінәлайды. Обал ғой. Қоғам тазаруы керек. Оған заң да, идеологиялық-гуманистік бағыттағы жұмыстар да әсер етеді. Идеология саласында Ғани Мұратбаев сынды жыл бойы жалғыз костюм киетін адамдар отырғаны жөн. Күн сайын құбылып, өзін көрсету үшін емес, костюмнің ішінде кім бар екенін көрсететін адам керек.
– Аға, мерекелік лебізіңізді білдірсеңіз…
– Мәртебелі мамандықтың майданында жүрген әріптестерімді мерекемен құттықтаймын! Қаламнан қуат кетпесін. Ақпарат айдынында адал еңбектің иесі болыңдар. Шығармашылық шабыт пен табыс тілеймін.
– Уақыт бөлгеніңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Замира ҚОНЫСЖАН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!