Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жүрекпен орындалмаған шығарма жүрекке жетпейді

18.12.2025, 10:20 223

Домбыра  күмбірімен  күллі  дүниені тербеген  таланттар  шоғыры  Сыр өңірінде  туып  қалыптасты. Еуропа мен  Азияның  төрінде  талайларға таңдай  қақтырды. Исі Алаш баласының рухын  көтеріп, елдің өткені мен бүгіні шайырлар  шығармасы  арқылы  кейінгі ұрпаққа  насихатталды.

Жалпы, жыраулық өнер мұрасы күні бүгінге дейін атадан балаға мирас болып, өнер сабақтастығы өріс алып келеді. Дарынымен дараланған дарабоздардың қадірін қазіргі қоғам біле ме? Қасиетті өнер құндылығын жоғалтып алған жоқпыз ба? Дала академиясынан тәлім алған жыршы, жыраулар мұрасы сақталып жүр ме? Өнер адамының бойынан табылуы тиіс негізгі қасиеттер қандай болуы тиіс? Осы және өзге де сауалдар төңірегінде жырау, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері  Руслан  Ахметовпен сұхбатымызды  оқырман назарына  ұсынамыз.

– Әңгіме әлқиссасын өзіңіз ту қадап, қоныс қылған Сыр өңірінің дәстүрлі жыраулық  өнер  тарихынан   бастасақ.

– Қасиетті Тұран ойпаты дәстүріміздің діңгегі  саналады. Сыр бойында мәдениеттің мәйегі сақталып, өнер өміршеңдігі жалғасын тауып келеді.  Қорқыт бабадан бастау алған өнер салтанаты күні бүгінге дейін туын жыққан емес. Ешнияз сал, Балқы Базар, Тұрмағанбет, Кете Жүсіп секілді жүздеген шайыр­дың атақонысы – осы өлке.  Қазіргі уақытқа дейін күллі Сыр өңірінде Жиенбай, Нұртуған жыр мектебі мен Нартай ән мектебі жүйелі жұмыс жүргізіп келеді. Ол орталардан қаншама шәкірт тәрбиеленіп шығуда. Міне, мұның  барлығы – киелі Сыр өңірі жыраулық дәстүрінің  жалғасының  айқын  көрінісі.

– Шығармашылық  жолға  келуіңізге не неме­се  кім  түрткі  болды?

– Жыраулық дәстүр сабақтастығы өте ілгері уақыттан бері жалғасып келеді. Менің осы өнер жолына бет бұруыма бірінші нағашы ағам Қазақбай Әлмырзаев, екінші жырау, профессор Алмас Алматов ұстазым тікелей әсер етті деп ойлаймын. Нағашы ағам әжептәуір дауысы бар талантты еді. Домбыра сатып алып беріп, өзі соған баулыды. Үлкен жырауларды үйге әкеліп, жырлататын болды. 1992 жылы 9-сынып оқитын кезім еді. Мектепке Алмас Алматов ағамыз кездесу кешіне келді. Ол кезде шағын терме, толғаулар айтып жүретінмін. Сол уақыттан бері жырау Алмас Алматовқа шәкірт болдым. Өнерге бала кезден қызығушылығым болатын. Жыр айтылып, күй тартылып жатқан жерге мүмкіндігінше жақын жүрдім. Кез келген шығарманы бір тыңдап, бір-екі оқығаннан мақам сазымен қосып жаттап алуға тырысамын. Сонымен қатар жырау Жұмабек Аққұлов ағамнан көптеген дәріс алдым. Сол уақыт­тары Сыр сүлейлерінің шығармаларын жат­тадым. Оның ішінде айрықша тоқталып өтерім, Балқы Базардың «Әмина қыз», Мағжан Жұма­баевтың «Батыр Баян», «Көрұғлы», «Кенесары-Наурызбай» жырларын жаттадым. Үлкен-үлкен жырауларды көріп жүріп, осы өнер сапарына жол аштық. Қадау-қадау жүйрік­тердің ішінде қадап айтарым, Балқашбай Жүсіпов, Жаппар Тұңғышбаев, Шамшат Төлепова, Сүйінбай Ақбаев, Бидас Рүстембеков секілді даңғайыр жыраулардан сөз бен мақамның  үйлесімі жөнінде көптеген дәріс алдым. Олардың орындаушылық шеберлігі жа­йында да біраз құнды мәліметтер жинақтадым. Соның бәрі күні бүгінге дейін рухани азық әрі өнер жолыма темірқазықтай жол сілтеп келеді.

– Өнер сапарымен шет мемлекеттерде көп болдыңыз. Сізге қай ел ұнады?

– Рақмет! Расымен өнер сапарымен шетел­дің  көптеген  елінде  болдым. Көршілес жатқан Қарақалпақстан, Өзбекстан, Түркіменстан мемлекеті, бергі жағында Әзірбайжан, Оңтүс­тік Корея, Эстония, Испания мемлекеті, арғы беткейде Түркия елінде бірнеше мәрте өнер көрсеттік. Қазақстанның Халық артисі Айгүл Үлкенбаеваның бастамасымен «Керулен» ансам­блі құрылып, сол ансамбль мүшесі ретінде біраз өнер көрсеттік. Одан бөлек Ресей­дің Сочи, Адлер қаласында өткен жастар шығармашылығы конкурсына қатысып, бас жүлдені жеңіп әкелдім. Сонымен қатар 2000 жылы Түркия елінде өткен үлкен халықаралық байқауда да жеңімпаз атандық. Осы жарыстан кейін сондағы бауырлас ағайындар көп шақыр­ту жіберетін. Ол жақта кемі алты, жеті мәрте сапарладым. Атадан балаға мирас болып келе жатқан жырды насихаттау барысында Венг­рия, Финландия, Эстония, Испания елдерінде де болғанмын. Осы елдердің ішінде жаныма ең жақын тигені Түркия елі болатын. Мәдениеті өскен ел, өркениетке көшкен ел ғой. Қай жағынан қандай елмен салыстырсаң да  айрықша  әсер  сыйлайды.

– Бүгінгі өнерпаз бен бұрынғы өнерпазда қандай  айырмашылық  бар?

– Бұрынғы өнерпаз бен қазіргі жас талант­тардың айырмашылығы жер мен көктей. Неге десеңіз, бұрынғы өнерпаздың тыңдау­шысы болатын. Қазір цифрландыру дәуірі белең алды. Кез келген адам жыр немесе күй тыңдағысы келсе де, телефоннан қалаған шығарманы тауып тыңдай алады. Жасыратыны жоқ, бүгінде алқаны тыңдату, көрермен жинау мақсаты өте кенжелеп бара жатыр. Ал кешегі замандарда өнер адамының өз тыңдарманы болатын. Сол уақыттардың киносы да, сауық-сайраны да жыраусыз өтпеген. Өйткені, бір ауылға барып жырлайтын жыраудың тыңдарманы алдын ала тағатсыздана күтетін болған. Сол құрметке сай ол өнерпаз да шы­ғармашылық қорын жаңартып, байытып отыра­тын  болған.

Ал қазіргі уақытта өнерпазға ең алдымен мемлекет тарапынан әлі де қолдау ауадай қажет. Жыр, күй, ән тыңдайтын тыңдарманды балабақшадан қалыптастыру маңызды. Абай айтқандай, «Айтушыдан тыңдаушы мықты болсын». Бұл – өте  өзекті  мәселе.

– Әр өнерпаздың жеке төлқұжатына айнал­ған туындысы болады. Көрермен көзайымына  айналған   қандай шығармаңызды  атар  едіңіз?

– Жоғарыда да тоқталып өттім. Көбіне Сыр сүлейлерінің шығармаларын жаттадым. Бір күні ұстазым Алмас Алматов бір кітап сыйла­ды. Ол Балқы Базар шығармалары топтас­тырылған кітап болатын. Соны толық жаттап алып, осы күнге дейін орындап келемін. Жүрегіме жылы тиген шығарма орындауға оңай және адам жадына тез орнығады. Рахмет Мәз­қожаев, Қуаныш Баймағанбетов анамның үлкен әкелері болып келеді. Біздің әулетімізге келіп көп жырлаған. Ата-аналарымыз бала кезден сол кісілердің жырлау мәнері, дауыс ырғағын құлақтарына сіңіріп өскен жандар болған. Сол уақыттары үйімізде «Ғашықнама» деген кітап болатын. Соның ішінде «Мұңлық-Зарлық» тағы басқа да көптеген қисса дастандар бар еді. Анамыз соны бізге ертегі қылып оқып беріп отырады. Бала болсам да оқиғаның ішіне кіріп кететінмін. Міне, осылайша жас күнімнен жырау­лар шығармасының қайсыбірі болмасын жадымда оңай жатталатыны сондықтан шығар деп ойлаймын. Тыңдарман көңілінен шыққан әрбір  шығарма – өнерпаз  үшін  үлкен  сый.

– «Мінезсіз адам ұлы өнер тудыра алмайды» деген сөз бар. Бас бұғып, бармақ бүгіп қалмайтын қайсарлық бүгінгі шығармашылық буынға қажет  пе?

– Әрине. Дегенмен, байсалдылық кез келген ортада, кез келген адам бойынан табылуы тиіс. Менің мынандай мінезім бар еді деп ашу шақырып, қасыңдағыға тілің тиіп жатса, қолың тиіп жатса, бұл өнер дұрыс болмайды. Бірақ, мінез болуы керек. Мұндай қайсар мінез­дің иесі – қазақ қыздарының ішінде Елена Әбді­халықова әпкеміз.  Бұл кісінің де бойында үлкен мінез, үлкен қайсарлық жатыр. Туымды туындылардың бәрі сол қайсар мінез­дің арқасында жарыққа шығып жатыр ғой деп есептеймін. Қазір өзім тәрбиелеп отырған ұл-қыздарды да сынап қарап жүремін. Ұстаз болғаннан кейін әрқайсысын електен өткізіп, мынау келешекте қалай болады деп бағамдап жүресің. Күнсұлу Түрікпен, Марат Сүгірбай, Бексұлтан Орынбасаров, Әділхан Қуаңбаев секілді өнерге мінезі сай келетін тәуір шәкірттерім бар. Ұлжан Байбосынова әпкемізде де осындай қазақ қызына тән мінез табылады. Өнер маңайында жүрген ер-азаматтарға да осындай өжеттілік керек. Ол, мәселен, шығарма орындағанда да аса қажет.  Кіріспесі бар, жырдың мазмұны, жырдың жатталуы, оған ыждағаттылықпен дайындалу, оның ішінде бәріне кіріп отырмасаң, ол дастан дұрыс орындалмайды. Ал жүрекпен орындалмаған шығарма жүрекке жетпейді. Міне, көрдіңіз бе, мұның барлығы сайып келгенде мінезге байланысты. Мен  осыны  айтар  едім.

– Қорқыт ата атындағы университеттің Дәстүрлі музыка өнері және хореография білім беру бағдарламасында аға оқытушы болып қызмет жасайтыныңызды білеміз. Студент шебер­лігін арттыруда қандай жұмыстар  жүргізілуде?

– Бұл тұрғыда үлкен жұмыстар жүргізіліп жатыр деп толық айта аламын. Университет қабырғасында қазіргі уақытта 30 жылға жуық жұмыс істеп келе жатырмын. Үнемі айтып жүрмін. Өнер мен спортқа шектеу қоймау керек. Мәселен, бір жас таланттың дарыны тасып тұрса да, оқуға қабылдай алмаймыз. Неге? Өйткені, қазір ұлттық бірыңғай тестілеу деген сынақ бар. Өнер жағы жеткілікті болса да, осы тестке келгенде ақсап жатады. Дәл сол секілді спортта да сондай. Денешынықтыру, спорт  жағына келгенде нормативінен артық орындайтын адамдар болады. ҰБТ сынағына келгенде түсе алмай қалып жататыны қынжылтады. Өнер жағының осындай кемшін тұстарын да айта кеткім келеді. Түптеп келгенде өнер мен спорт талапкеріне ешқандай шектеу болмаса екен деймін. Міне, сонда ғана сіз бен біз күткен үдеден ол талант еркін шығады. Ал, мемлекеттік грант алмаған талапкерге облыс әкімінің гранты беріледі. Ол әлеуеті төмен отба­сына тағайын­далатын грант болғандықтан, шын талантты жастар ала алмай қалатыны бар. Деген­мен, өңір жастарының білім алуына қолдау көрсетіп отыр­ған облыс әкіміне айтар  алғысымыз  шексіз.

– Еліміздегі жыршылық дәстүрдің даму деңгейі  қандай? Жалпы, айтысқа асыққандай жұрт жырау  жырлағанда  жинала  ма?

– Алқаны  игеру  мақсатында  не  істелу керек? Алдымен осы сауалға жауап та­байық. Дәстүрлі  жыраулық  өнер – ерте туып, кеш қалып бара жатқан өнер. Күйшілік өнері де дәл солай. Алдында Ахмет Жұбановтан бастап, Нұрғиса Тілендиевтер өзінің академия­сын құрып алды. Рысбай Ғабдиев, Қаршыға Ахме­дияров, Сержан Шәкіратовтар қаншама күйшіні тәрбиелеп шығарды. Былайын­ша айтқанда, мектебін қалыптастырды. Қазақ даласының қай жері болмасын, өзіне тән жыр­шылық дәстүр болған. Жетісуда Қабан, Сүйін­бай, Жамбыл, Оңтүстік Қазақстанда Майлы­қожа, Күдері тағы басқа өнер иелері болған. Арқада Бұқар жырау, Ақан сері, Батыс беткейде Шернияз, Ақтан, Нұрым, Қашағандардың жыр мектептері бар. Дәл сондай Сыр бойында  жыраулық өнердің өз жалғастырушылары бар. Қаратау мен Арал өңіріндегі аймақта қазіргі уақытта үш, төрт мектеп деп бөліп жүрміз. Мектепке бөлетін болсақ, адамның аты көп. Бір ауылдың өзінде қаншама тұлғалы өнер майталмандары болды. Айтулы адамдардың аты-жөні аталуы керек ғой деген мақсатпен Қаратау беткейі жағында Нартай мектебі дедік. Кешегі Құтбай Дүрбаевтардың өнер жолы сапа­ры Арзул­ла Молжігі­тов, Құрманбек Бекпейісовтер жалғастырған көшке ұласты.   Қазалы, Арал беті Нұртуған шайыр атындағы мектеп дедік. Бұл – шайыр­лық өлең жазушы адам. Қасында шығармасын орындаушы жырау­лар көп болған. Нұрмаған­бет, Нұртуған, Жаппарберді жыраулар – Нұртуған шайыр шығармаларын кеңінен насихаттап орындаған айтулы жырауларымыз. Бүгінде Нұртуған шайыр атындағы жыр мектебі бар. Қасиетті Қармақшы ауданында жүз жырау шыққан ауылда Жиенбайдың жыр мектебі, Сәрсенбай жыраудың мектебі қалыптасқан. Оны күллі қазақ баласы біледі. Жиенбай Дүзбенбетұлы көп мақам сазды жеткізуші кісі болған. Жиенбай жыр мектебі деп атайтынымыз сондықтан. Қазір шүкір, осы мектептердің өз жалғастырушылары кеңінен қалыптасып, өркен жайып келеді. Ал айтыстың деңгейінің биіктеуі – Жүрсін Ерман ағамыздың еңбегі. Ол кісі осы жолда үлкен жұмыстар атқарды. Оны айтпай кетуге болмайды. Сіз айтқан жыраулық өнер осындай биікке жетуі үшін жаңа атап өткені­мдей, тыңдарман  дұрыс  қалыптасуы қажет.

– Домбырамен орындалатын шығармалар даңғаза  әуендердің  тасасында  қалып қойған жоқ  па?

– Әр заманның өзіне лайықты тыңдарманы болуы  керек. Жырды домбыра, қобыз, сырнаймен орындағаннан бөлек эстрадалық жанрда да орындай білген жөн. Осы бағытта да үлкен  жұмыс атқаруымыз керек. Ансамбль, оркестрге  түсіріп жүргеніміз сол себептен. Осы музыкалық аспаптармен өңдеп, сүйемел­деу арқылы тыңдарманға  жеткізу – басты мақсат. Эстрадалық  жанрда мақамды бұзбай тың­дарманға жеткізу бағытында мықты музы­ка  мамандары  жұмыс істеуі керек. Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, өнерпаз өнердің түпкі нәрін сақтай отырып, заман  ағымына  бейімделуі  керек.

– Шәкірт  тәрбиелеуде  ұстанатын  қағидаңыз  бар  ма?

– Ең бірінші – өнерге деген адалдық. Жаңа келген студентке бірден күрделі шығарманы тапсыру қисынға келмейді, әрине. Жеңілден күрделіге қарай бағдарлама жасап берілуі керек. Студенттің қарым-қабілетіне байланысты Сыр  сүлейлерінің ең қысқа, жеңіл шығармала­рын,  жеңіл  мақамдарды  беру  қажет.

Аға деген ініні,

Жаным десең болады!

Ерін күткен әйелді,

Ханым десең болады!

Көктемдегі төл дауысын,

Әнім десең болады!

Шөлдеп ішкен сусынды,

Балым десең болады,

Ойлы туған ерлерді,

Ғалым десе болады!

Осындай айтқан үгітті,

Жер біткенге таратып-э-й!

Оу мәлімді-ау десең болады!

А-эй!

Болады!

Сырдың бойындағы мақам саздардың соңғы қайырымы жас талапкерге қиындық туғызады. Сондықтан көп тыңдап, көп дайын­далуды қажет етеді. Қайырымына салғызбай тұрып, жаттатқызып аламын. Бірінші курс студентіне сондай тапсырма беремін. Ұстаным жеңілден күрделіге қарай жұмыс істелсе ғана нәтиже шығады. Алдымен төрттаған, нақпа-нақтар арқылы тәрбиелеуіміз керек. Үш, төрт нотада ұстап отырып орындату керек. Даму қарқыны жайлап қарқын алады. Осыны ұдайы ескерген  жөн.

– Өнер адамының бойынан табылуы тиіс ең негізгі  үш  қасиетті  атап  айтсаңыз.

– Адалдық, жауапкершілік, табандылық. Баба өнер мұрасына деген адалдық екібастан болу маңызды. Жалпы, өнерден бөлек өмірде де адам бойында жауапкершілік болғаны абзал. Табандылық, тұрақтылық өнер адамының негізгі тірегінің бірі саналады. Осы үш қасиетті берік сақтаған адам өз жолын қалыптастырары сөзсіз. Орындаған әр шығарманы жауапкершілікпен  жаттап, өзің сезініп барып айтсаң, ол  тыңдарман  жүрегіне  жетеді.

«Орынсыз аға-ініңді өкпелетсең,

Өкінбес олар саған өртте кетсең.

Қалады қалайда да артыңда атың,

Елпеңдеп елдің атын ерттеп өтсең.

Көп сені керексіз деп кесіп тастар,

Ұзарып көлеңкесіз көкке жетсең…».

Тұрмағамбеттің  термесі. Бұл шумақта  адалдықты айтып отыр. Әрине, өнерге деген адалдық  қашанда  болу  керек.

– Тәуелсіздіктің  теңдесіз  сыйы  деп  нені  айтар  едіңіз?

– Қазағымыздың  маңдайына берген егемендігі. Осы  жолда  қаншама  ата-баба­мыз басын бәйгеге тікті. Тарихымызда небір нәубет кезеңді бастан өткере жүріп, бүгінгі жайма-­шуақ   заманға    қол жеткіздік. Енді бүгінгі міндет – осындай  қазақтың алтын дәуірінің  бағасын біліп, тәуелсіздігімізді көздің қара­шығындай сақтай білу. Тәуелсіз­діктің сыйы дегеніміз – бейбітшілік, елдің ынтымақ, береке­сі.  Халық­пен  жұмыс  істеп, елмен етене араласқан соң жұртшылықтың жағдайын  жақын танимыз. Тоқсаныншы жылдар елдің ішерге  асы,  киерге киімі қат кездерді де көрдік. Әр ханның тұсында өз қиыншылықтары болады. Әр президенттің атқарып жатқан алуан-­алуан жұмыстары бар. Оны жоққа шығаруға бол­майды. Қазір кез келген  үйге кірсеңіз, әр адамы­ның  ұртын­да  құрты  мен  майы  тұр.  Бұл – тәуелсіздіктің  тәңір  берген  теңдесіз  сыйы.

– Бүгінгі  қоғамда  неге  көңіліңіз  толмайды?

– Айта берсең, әңгіме көп. Өнерге деген жанашырлық, қолдау, құрмет болса. Жастарға ризамын. Ағат  кеткен жері болса, үлкендігімізді танытып, ақылымды айту – маған парыз. Ал, үлкендерге «мына жеріңіз дұрыс болмады» деп айту бізге әбестік болады. Жырау­лық дәстүр – халықтың өнері. Халқы құрметтеп, қадір тұтқан өнердің өрісі кеңейе бермек. Қоғамда сан түрлі жағдай болуы мүмкін. Менің айтарым, әр адам өз ісінің маманы болу керек. Сонда ғана Отан деген шаңыраққа уық  болып  қадалып,  еңсесін   биіктетеміз.

– Айта  алмай  жүрген  қандай  сырыңыз  бар?

– Сыр көп. Сырымды ұстаздарым мен шәкірттеріммен  бөлісемін. Балаға айтатын сырың бөлек, үлкен адамға айтар сырың басқаша болу керек. «Әр қазақ – менің жалғызым» деген секілді. Әр адаммен бөлісіп, шер тарқататын сырларым бар. Бұрын бүкіл ішкі сырларымды жасырмай анама ашық айтып, әңгімелесетінмін. Қазір де шүкір. Ерім деп қадірлеп, басыңды төрге оздырған ел-жұртым бар. Қадірін  білген  адамға  адам  қымбат.

– Әсерлі  әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан  Тұрар  БЕКМЫРЗАЕВ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: