Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Жетістік – уақытша, ал адами қасиет – мәңгілік

06.11.2025, 11:20 1548

Сымбат  ӘБДІРАХМАНОВА,

«100  жаңа  есім»  жобасының  жеңімпазы,  аудармашы,  психолог, мультипликатор:

Бүгінде жастардың жауапкершілік жүгі ауыр заманда өз ісін ілгерілетіп, білімін жетілдіру жолында жүрген жастарды жиі кездестіреміз. Қойылар талап та, айтылар сын да осы бүгінгі дамудың қозғаушы күштерінің, яғни жас буынның сағын сындырмай, тиісінше, діттеген мақсатына жетуіне жігер беріп тұрғандай. Бұл тақырыпты бүгін бекер қозғамадық. «Мотивация, үміт, сенім, нәтиже» – осы тіркестердің түп тамыры бола білген жас буынға үлгі болар ісімен із қалдырып келген «100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы, Сырдың қызы Сымбат Әбдірахманованы сырлы сұхбат, ашық әңгімеге тарттық.

МАҒАН  АДАМДАРМЕН  ЖҰМЫС  ІСТЕУ  ҰНАЙДЫ

– Сымбат Нұртазақызы, сұхбатқа келісім бергеніңізге рақмет! Бір емес, бірнеше сала иесісіз. Сұрағымызды алдымен алғашқы мамандығыңыз – аударма ісінен бастайық. Әдетте, аударма ісі дегенде, жастар легі ағылшын, қытай тілін таңдаушы еді, сіздің парсы тілін таңдаудағы түпкі мақсатыңыз қандай болды? Бүгінде осы салада өзіндік орны бар мамансыз, бұл ретте мамандық  таңдаудағы  қандай  ерекшелікке  баса  назар  салған  жөн?

– Шынымды айтсам, парсы тілі деген тілдің бар екенін мектеп бітіргенге дейін білмейтінмін. Ол кезде менің бар арманым ата-анама салмақ салмай, өз күшіммен оқуға түсу еді. Негі­зі, бала кезімнен журналист болуды армандадым. Бірақ ол уақытта баланың пікірін елей бермейтін, ата-ана шешім қабылдайтын заман еді. Анам «Журналистердің айлығы аз, сен ағылшын тілін таңда» деп бағыт берді. Сол себепті ҰБТ-да таңдаулы пән ретінде ағылшын тілін таңдадым. Алайда, бұл пәнмен байланыс­ты мамандықтар аз еді және грантқа түсу үшін жоғары ұпай қажет болды. Мен 120 ұпайдың 97-сін жинадым. Жаман нәтиже емес, бірақ грантқа  жетпейтінін  түсіндім.

Алматыға құжат тапсыруға барар алдында әкем төрт мамандық жазып берді: аударма ісі, халықаралық қатынастар және тағы басқа респуб­лика бойынша небәрі он грант бөліне­тін мамандықтар. Алматыға барған соң, интер­нет болмағандықтан, «Егемен Қазақстан» газетінің былтырғы нөмірін тауып алып, қай мамандыққа қанша ұпаймен түскенін қарап шықтым. Сол кезде парсы тілі мамандығын көріп, менің  ұпайым  жетеді екен деп соған құжат  тапсырдым.

Қызылордаға оралған соң, бұл шешімімді әкеме айтпадым. Тамыз айында грант тізімі шыққанда, әкем мен толтырған қағазды сұрады. Өзінің таңдаған мамандықтарына түспегенімді көріп, қатты ашуланды. Бірақ кейін барып, менің неліктен солай шешім қабылдағанымды түсінді. Солай ойламаған жерден Абылай хан атындағы Қазақ халықаралық қатынастар және әлем тілдері университетіне «Парсы тілі филологиясы және мұғалімі» маман­дығына грантпен оқуға түстім. Шынымды айтсам, еш өкінген емеспін. Парсы тілін меңгерген  мамандар  қазір  де  сирек.

Екінші курстан бастап аудармашы болып жұмыс істедім. Үшінші және төртінші курстарда Иранның Қазақстандағы елшілігінде аудар­ма­шы қызметін атқардым. Бұл аудармашы үшін ең жоғары жетістік саналады. Сол еңбегімнің нәтижесінде Иран елшісінің арнайы құрмет грамотасымен марапатталған санаулы аудармашылардың бірі болдым. Қазір де парсы тілінен жазбаша аудармалар жасап, қосымша табыс табамын. Астанаға да жиі елшіліктен шақырады, бірақ қазір мен психология саласында жұмыс істеймін және бұл бағыт өзіме ұнағандықтан, келіспедім.

Мамандық  таңдау менің өмірімдегі ал­ғаш­қы өз  бетімше қабылдаған шешімім болды. Ата-­анам мені үлкен жасында өмірге әкелді. Әкем – ғалым,  еңбек жолының барлығын Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне  арнаған. Қарапайым  мұғалімнен бастап, декан, кейін проректор қызметіне де­йін көтеріл­ді. Менің ғылымға, ізденіске, білімге деген қызығушы­лығым сол кісіден дары­ды деп ойлаймын. Адам «мамандықтан қателеспеу керек» дейді, расымен солай. Ең  алдымен, мамандық өзіңе ұнауы қажет. Сол кезде ғана жұмыстан ләззат алып, жұмысты белсене атқарасың, жаңа идеялар келеді. Маман­дық таңдағанда өзіңнің темпераментіңді ескерген дұрыс. Себебі әр адамның қажеттілігі әртүрлі: біреу тыныш, тұрақты жұмысты қалайды, ал біреу амбициясын іске асырып, жетістікке жету­ді  армандайды.

Маған адамдармен жұмыс істеу ұнайды, сондықтан да қазір психология саласын­дамын.  Ал аударма ісінде көбіне  жазбаша жұмыс басым, адамдармен қарым-қатынас аз. Сол себеп­ті өзімді басқа салада көріп, мамандығымды  ауыстырдым  деп  ойлаймын.

Егер жетістікке жеткіңіз келсе, қандай мамандықты таңдасаңыз да, сол саланың ең үздігі болуға тырысыңыз. Сіз аспаз болыңыз, дәнекерлеуші болыңыз – бәрібір, бастысы өз ісіңіздің шебері атану. Үздік маман әрдайым сұранысқа ие. Ал сұранысқа ие болу өзіңді үнемі  жетілдіріп  отыруды  талап  етеді.

Бірақ бұл жол құрбандықсыз болмайды. Уақытыңды, ұйқыңды, кейде денсаулығыңды, тіпті отбасыңмен өткізетін сәттеріңді де құрбан етуің мүмкін. Достарыңа да аз уақыт бөлесің, өйткені еңбектену – басты орында. Бірақ ең маңыздысы – «Мен мұның бәрін не үшін жасап жүрмін?» деген сұраққа нақты жауап табу. Егер соған жауап бере алсаң, бағытың  дұрыс  деген  сөз.

ПСИХОЛОГИЯ  САЛАСЫНА  КӨП  АДАМ  ӨЗ  ӨМІРІНДЕГІ  ҚИЫНДЫҚТАРДАН  КЕЙІН  КЕЛЕДІ

– Психология – ерекше төзімділік пен ішкі беріктікті талап ететін күрделі сала. Көп жағдайда  бұл  бағытта табандылық танытып, үлкен  жауапкершілікті арқалау – әйел мамандар үшін екі есе ауыр міндет. Сондай-ақ, бұл саланың ең кеселді әрі салмақты тұсы – суицид дерті екені баршаға мәлім. Осы тұста «Суицид превенциясы»  атты жобаның негізгі мақсаты мен бағыттары жөнінде кеңірек айтып өтсеңіз. Өзіңіз бұл дерттің себептері сан алуан, оның ішінде тұқымқуалаушылық та маңызды фактор болуы  мүмкін  деген тұжырым айтқан едіңіз. Осы  пікіріңізге  тереңірек  тоқталсақ.

– Психология  саласына  көп  адам өз өміріндегі қиындықтардан кейін келеді. «Өзім өткерген ауыр сәттерді еңсеріп, енді өзгеге көмектескім келеді» дегенді жиі естисіз. Бірақ  менің  жолым  басқаша  болды.

Бакалавр мен  магистратураны аяқтаған соң, тұрмыс құрып, Қызылордаға оралдым. Әрине, Қызылордада парсы тілімен жұмыс табу мүмкін емес еді. Сөйтіп, білім саласындағы әдістемелік орталыққа жұмысқа орна­ластым. Сол жерде психологтармен бірге жұмыс істеп, олардың ісіне қызығушылығым оянды. Психология бойынша көп ізденіп, оқып жүрсем де, ресми дипломым болмаған соң, «сен психолог емессің» деген сөзді жиі еститінмін. Бұрын бұл сұрақ қойылса, мен: «Психологияға қызықтым, адамдарға көмектескім келді» деп жауап берер едім. Ал қазір түсінемін, мен дипломды өзімді емес, өзгелер­ді  сендіру  үшін  алған  екенмін.

Өкініштісі сол, педагогика және психология мамандығында психологиялық білім тым аз беріледі. Бұл сала өз бетіңше көп оқуды, үздіксіз ізденуді талап етеді. Сондықтан дип­лом мен үшін тек құжат ғана болды, ал нақты білім мен тәжірибе – менің жеке еңбегімнің нәтижесі.

Қазір де көп оқимын, үнемі ізденістемін. Себебі заман тез дамып, технологиялар үздіксіз өзгеруде, бұл үрдіс психологияға да әсер етеді. Психологтарға қойылатын талап жоғары, себе­бі адам жаны, санасы және өмірі үлкен жауапкершілікті қажет етеді. Психологиялық проб­лемалардың ең ауыры кейде адамды суицид­ке дейін апаруы мүмкін. Сондықтан әр психологтың өз жеке терапиясы, супервизиясы мен интервизиясы болуы маңызды. Бұл – кәсіби жанудың алдын алу тәсілі. Мен де өз жағдайымды үнемі бақылау­да ұстаймын: ұйқы мен тәбеттің бұзылуы, шама­дан тыс шаршау сияқты белгілер пайда болса, өзіме демалыс  беремін.


«Суицидтің  өзі емес, бірақ оған алып келетін психикалық бұзылыстардың көпшілігі тұқым қуалайды.

Бұл да мәселенің қаншалықты күрделі екенін  көрсетеді».


СУИЦИД  –  ПСИХОЛОГИЯЛЫҚ  БҰЗЫЛЫС  ЕМЕС,  ОЛ  –  ДИАГНОЗ

– Сыр өңірінің тумасы әрі келінісіз. Жұмыс, білім, ізденіс, жобалар аясында отбасылық өмірге қалай көңіл бөлдіңіз? Одан бөлек, облыстағы суицид жағдайының кемуіне қосқан үлесіңіз зор, осы жөнінде толығырақ  тарқатайықшы.

– Өмірде мен өзімді жиі әзілдеп «Алланың сүйген құлымын» деп айтамын. Шынында да, жолы болғыш адамдардың қатарына жатамын деп сенемін. Алматыда оқу бітіріп, Қызыл­ордаға оралғанда жас келін едім. Өзіме: «Мені мұнда ешкім танымайды, мансабым осымен тоқтаған шығар» деп ойлаған сәттер де болды. Себебі Алматыда менің ортам, беделім, тіпті елшіліктегі табысты қызметім бар еді. Ал Қызыло­рдада бәрі басқаша басталды. Айтпақ­шы, мен 14 жыл бойы ата-енемнің қолында тұрып, кейін бөлек шыққан келінмін, мұны­мен әрдайым мақтанамын.

Бірақ тағдыр мені басқа жолмен алып жүрді. 2015 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының Балалар қоры (ЮНИСЕФ) Қызылорда облысында кәмелетке толмағандар арасындағы суицидтің алдын алу жобасын енгізетінін хабарлады. Сол жобаны жүзеге асыру үшін негізгі мамандардың бірі ретінде мен таңдалдым. Ол уақытта Қызылордада суицид көрсеткіші  өте  жоғары  болатын.

Расында, ол кезге дейін бұл тақырып біз үшін жабық еді. «Суицид» деген сөздің өзін айту қорқынышты болатын. Ал бұл жобада бізге халықаралық дәрежедегі профессорлар мен республикалық деңгейдегі тәжірибелі мамандар дәріс оқыды. Осылайша біз жаңа бағытта үлкен  жауапкершілікті  мойнымызға  алдық.

Жоба басталған алғашқы күннен-ақ қаншама балада қауіп бар екенін анықтадық. Ең таңғаларлығы, бұл тізімге үлгілі оқушылар да, толық отбасынан шыққан, материалдық жағдайы жақсы балалар да кірді. Сол сәтте мен түсіндім: суицид әлеуметтік жағдайға емес, адам жан дүниесінің ауырлығына байланысты екен. Ешкім одан сақтандырылмаған.

Кейде суицидтің түп тамыры одан да терең­де жатады. Кей жағдайда оған генетикалық факторлар да әсер етуі мүмкін. Суицидтің өзі емес, бірақ оған алып келетін психикалық бұзылыс­тардың көпшілігі тұқым қуалайды. Мен осы жылдар ішінде зерттеген көптеген жағдайда психикалық бұзылыстардың генетикалық негізі бар екенін байқадым. Бұл да мәселенің қаншалықты күрделі екенін көрсетеді. Жобаның нәтижесінде көптеген баланың өмірі сақталып қалды. Қазір сол балалардың кейбірі өз отбасыларын құрып, ата-ана атанып отыр. Соларды көрген сайын, «демек, бекер өмір сүрмедім» деп ойлай­мын.

Әрине, мұндай істер жал­ғыз адамның күшімен болмайды. Бізге үлкен қолдау көрсеткен жан­дардың еңбегі ұшан-теңіз. Ол кезде облыс әкімінің орынбасары Рауан Кенжеханұлы, білім бас­қармасының басшысы, марқұм Бақытжан Сайлыбаев, мен  жұмыс  істеген  орталықтың  басшысы Сырым Асқаров болды. Республикалық деңгейде ЮНИСЕФ өкілі Айгүл Қадырова мен елдің бас психиатры Николай Негай ерекше сенім танытты. Бірақ ең бастысы, Қызыл­орда облысының барлық психологінің еңбегі. Сол жылдары әрқайсысы жанын салып жұмыс істеді. Мектеп, білім орталықтарындағы, аудан­дық деңгейдегі маман­дардың арқасында біз үлкен нәтижеге қол жеткіздік. Бәріміздің ниетіміз бір болды – балалардың өмірін сақтау. Біріккен еңбектің арқасында облыстағы суицид  көрсеткіші  50  пайызға  төмендеді.

Осы жобаның жетістігі халықаралық деңгейде мойындалып, 2016 жылы Испанияда өткен халықаралық симпозиумда тәжірибеммен бөлісіп қайттым. Сол сәт менің өмірімдегі ең үлкен кәсіби мақтаныштардың бірі болды. Кейін бұл жобаны басқа облыстар да енгізе бастады.

Өмірде маған сеніп, мені қолдаған, ешқандай пайда күтпей, шын бағалаған адамдар көп болды. Солардың арқасында мен де енді жас мамандарға демеу болып, олардың қасында болуға тырысамын. Себебі бір жылы сөз, бір сенім кейде адам тағдырын өзгертеді.

Ең бастысы, ниетім. Маған келген әр адамға көмек бергім келеді. Бұл – менің маманды­ғым ғана емес, өмірлік миссиям. Қоғамның психика­лық саулығын нығайтып, суицид көрсеткішін азайтуға өз үлесімді қосу – менің бас­ты  мақсатым.

ӘРКІМНІҢ  ӨЗ  КҮРЕСІ,  ӨЗ  ЖОЛЫ  БАР

— Керемет! Келесі сауалға көшейік, жоғары­да атап өткеніміздей, есіміңіз аталғанда «Қазақ­станның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы деп танып жатамыз. Аударма ісі, психология саласынан бөлек қиын балаларға арналған қазақтіл­ді контент дейміз, яғни мультфильм жасап, мультипликатор ретінде де танылдыңыз. Осы ретте, айта кетуіміз қажет, туған жеріне деген құрмет пен махаббаттың нышаны болса керек, облыс пен оның 7 ауданына арнап қазақтілді мультфильм де жасап шығардыңыз. Мұндай идея қайдан келді? Сондай-ақ, құпия болмаса, шабытты  қайдан  аласыз?

– (күлді. – авт.) Кішкентайымнан энер­гиям өте көп болатын. Қазір ойласам, егер сол уақытта медицина қазіргідей дамыған болса, бәлкім маған СДВГ (зейіннің жетіспеушілігі мен гипрактивтілік бұзылысы) диагнозы қойылар ма еді. Әрқашан қозғалыс үстінде жүретінмін, тыныш  отыру  мен  үшін  қиын  еді.

Бір күні баламды босанып, үйде отырған кезімде бәріміз бірге «Саяхатшы Дора» мульт­фильмін қарап отырдық. Балалар экрандағы Дораның әр тапсырмасын орындап, белсенді қатысып отырды. Сол сәтте менің ойыма ерекше бір идея келді. «Неге маған да осындай дамытушы мультфильмдер жасамасқа? Ерекше балалар үшін мұғалімнің емес, кейіпкердің тапсырмасын орындау әлде­қайда  қызық  қой!».

Осылайша, менің алғашқы мультфильмім 2014 жылы жарық көрді. Әрине, ол кезде бұл идеяны басшылар мен әріптестер жай ғана менің хоббиім деп қабылдады. Кейбірі: «Не үшін жасайсың? Ішің пысып жүр ме? Онда саған ешкім ақша төлемейді ғой» деп те айта­тын. Бірақ мен үшін бастысы – нәтиже еді. Істеген ісім өзіме қуаныш сыйлады, пайдасын көрдім, сондықтан  тоқтаған  жоқпын.

2017 жылы еңбегім бағаланып, «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасының жеңімпазы атандым. Сол сәттен бастап менің мульт­фильмдерім республикалық деңгейге шықты. Қазір 20-дан астам мультфильмім бар. Барлығы балаларға көмек көрсету мақсатында жасал­ған.

Ол кезде менің табысым біреуге материалдық тұрғыдан көмектесетіндей шамада болған жоқ. Бірақ мен өз ақылым мен еңбегім арқылы көмектесе алатынымды түсіндім. Сол себепті барлық мультфильмді YouTube-қа тегін жүктедім, кез келген адам көріп, пайдалана алуы үшін.

«100 жаңа есім» жобасының жеңімпазы атанған соң, туған жеріме арнап мультфильм жасағым келді. Осы оймен әр ауданға жеке мультфильм әзірледім, сондай-ақ бір қызығы, әзірлеу барысында өз туған жерімнің тарихын толық білмейтінімді байқадым. Осы үшін де менің  мақсатым – мультфильм арқылы балалар өз өлкесінің тарихын қызықты түрде танып,  өз тамырын  сезіне  алсын  дедім.

Менің мультфильмдерімде тек тарих емес, инклюзия, достық, мейірім мен адамгершілік тақырыптары да қамтылған. Себебі мультфильм – баланың сана-сезіміне әсер етудің ең нәзік әрі тиімді жолы. Мен үшін өмірдің мәні – қанша жыл өмір сүргеніңде емес, сол жылдары не қалдырғаныңда. Өмірден өтсем де, халқымның жадында, елімнің балаларының жүрегінде із қалдырғым келеді.


«Жетістікке жету үшін таныс керек, жай біліммен ешқайда бара алмайсың». Осы түсінік менің санамда ұзақ уақыт қалып қойды. Алайда бұл жоба менің көзқарасымды түбегейлі өзгертті.


– «100 жаңа есім» жобасына оралайық. Әдетте мұндай үлкен жетістіктен кейін адамда күтпеген өзгерістер болып жатады. Ал сізде, жобаға дейінгі Сымбат пен  кейінгі  Сымбат Әбдірахмановада  қандай  өзгерістер   болды?

– «100 жаңа есім» жобасы – менің өмірімді түбегейлі өзгерткен ерекше кезең. Ол уақытқа дейін мен өзім өмір сүрген орта­да жиі айтылатын бір сенімге иландым: «Жетістікке жету үшін таныс керек, жай біліммен ешқайда бара алмайсың». Сол түсінік  менің  санам­да ұзақ уақыт қалып  қойды. Алайда бұл жоба менің көзқарасымды түбегейлі өзгертті. Мен алғаш рет өз көзіммен көрдім, егер адам білімді, еңбекқор және табанды болса, ол міндетті түрде жетістікке жете алады. Бұл жоба маған өзіме деген сенім мен жаңа мотива­ция  сыйлады.

Жобаның аясында ел Президентімен кездестік. Ол кезде менің жасым 29-да еді. Сондай-ақ, залда менен кіші, небәрі 17 жастағы жеңімпаз балалар да болды. Сол сәтте өзіме еріксіз сұрақ қойдым: «Сымбат, сен 29 жасқа келгенде жеткен жетістігіңе, олар неге 17 жасында жетіп отыр?». Жауабын өз өмірімнен таптым. Менің уақытымның көбі бос нәрселерге кетіпті – дорама қарауға, әлеуметтік желіде өзімді өзгелермен салыстыруға, біреудің өміріне қызығуға, достармен бос әңгімеге. Ал сол балалар өз уақытын тиімді пайдаланып, өзіне де, елдің дамуына да үлес қосқан  екен.

Түйгенім: елдің дамуына үлес қосу үшін лауазымды қызмет, атақ немесе мандат қажет емес. Әр адам өз орнында да елге пайдасын тигізе алады. Үйде отырған ана болсаңыз, балаңызды дұрыс тәрбиелеу арқылы қоғамға үлес қосасыз. Далада жатқан қоқысты урнаға салсаңыз да, бұл – елдің мәдениетіне қосылған кішкентай, бірақ  маңызды  үлес.

Жобадан кейін менің өмірім жаңа белес­ке көтерілді. Көптеген республикалық және халық­аралық  деңгейдегі психологиялық жобаларға  шақырылдым.

Бүгінде  мен:

ü Әлемдік рейтингте 401-орында тұрған Назарбаев университетінде психолог қызметін атқарамын;

ü Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының  ұлттық  кеңесшісімін;

ü ҚР Президенті жанындағы Мемлекеттік басқару  академиясында  дәріс  оқимын;

ü ҚР Президенті жанындағы Қазақстанның стратегиялық зерттеулер институтының үздік  жас  сарапшысы  атандым;

ü Биыл Сенат жанындағы «Талдау» аналитикалық мектебін тамамдап, жазған аналитикалық жобамыз екінші орынға ие болды;

ü Сондай-ақ, Президент жанындағы Әйел­дер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның жұмыс тобы  құрамындамын.

Бұдан бөлек, мен халық арасында психикалық денсаулық туралы ақпаратты кеңінен тарату үшін БАҚ-қа жиі сұхбат беріп, дәрістер мен  тренингтер  өткізіп  келемін.

Қанша жетістікке жетсем де, мен үшін ең  маңыздысы – ниетімнің  таза  болуы  және адамгершілігімді  сақтап  қалу. Себебі  жетістік – уақытша,  ал  адами  қасиет – мәңгілік.

– Бүгінде  адамгершіліктің  туын тіке ұстаған тұлғаны  кезіктіру  сиреп барады. Осы ретте, қазақ әйелдеріне қоғамның қойған қатал қағидаларын ескере жүріп, әйел заты бола тұра, бір емес бірнеше саланың үздігі атану, басталған істен нәтиже шығаратындай табандылықпен тірлік етіп, істі игі нәтижеге жеткізу екінің біріне бұйыра бермейтін бақ десек артық болмас. Табиға­тыңыз бен тұлғалық тыныс-тіршілігіңізбен таныс­тық. Енді сұхбат соңын оқырманға арнал­ған шабытты, әдемі ықыласыңызбен  тамам­дасақ.

– Қарапайым болса да, айтарым – әр сәтті бағалаңыз. Сізде бар нәрсе біреудің арманы болуы мүмкін. Сондықтан өмірге шүкір деп қараңыз. Ешкімді сынамаңыз. Әркімнің өз күресі, өз жолы бар. Сіз білмейтін ауыртпалықты ол адам үнсіз көтеріп жүрген шығар. Сондықтан сөзіңіз де, ойыңыз да мейірімге толы болсын. Ешкімге жамандық жасамаңыз, жамандық тілемеңіз. Өмірдің заңы сондай, не берсең, соны қайтарасың. Жақсылық жасасаңыз, жақсылық еселеп қайтады. Жүрегіңіздің тыныштығын сақтаңыз. Себебі шын бақыт – сырттағы байлықта емес, жүректегі тыныштық пен отбасының амандығында.

– Ашық әңгімеңізге рақмет! Елге береріңіз таусылмасын! Шығармашылық  табыстар  тілейміз!

Сұхбаттасқан 

Перизат  ШАЙХСЛАМҚЫЗЫ

Пікірлер:
  • Керемет, сіздің көптеген жетістіктерің бар екен мен жаңа оқып біліп жатырмын,

  • Сымбатпен бірге әріптем болып, бірге біраз жұмыс жасадық. Ізденімпаз әріптес, адал дос, керемет тұлға деп айтамын. Әлі де алар асуы көп, елге, Халқына тигізер пайдасы мол деп сенемін. Қанатың талмасын Сымбат! Қалай мақтасам да лайықтысың!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: