Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Заманауи үйірме – жаңа мүмкіндіктер алаңы

08.11.2021, 16:20 799

Сыр өңірінде болашақ журналист болу үшін арнайы білім ордасы сабақ береді. Төл арнамыздың экс-журналисі Шолпан Исабекованың жетекшілігімен жұмысын бастаған бұл жоба жастарға көп көмегін тигізуде. Көпшілігі Шерхан Мұртаза айтпақшы, «Жегені ― жантақ, арқалағаны – алтын» мамандықтың маңыздылығын ұқпай, телеарнаға телмірген жас буынымыз жұлдыз болу үшін келеді. Содан кейін хайп дәуірі жаңғырып, журналисттің мәртебесі төмендейді. Қырағы көзді, бір сөзді, тілі үйірімді, ойы иірімді жандар ғана мұндағы ауыртпашылықтың, жауапкершіліктің жүгін көтере алатыны даусыз.

Мектеп-лицейдің талапты да, талантты оқушылары үшін «Медиасауаттылық», «Мультимедиалық журналистика», «Радиожурналистика» мен «Фотожурналистика» үйірмелері жұмысын жандандыра түсуде. Заманауи үйірмелер – баланың ой-таным, қиял-қабілетін ұштап, кәсіби бағдар беретін жаңа мүмкіндіктер алаңы. Ақпарат айдынында жұмыс істеу жоспарында болмаса да, өз ойын ашық, нақты жеткізуге, сондай-ақ сөйлеу этикасына, өзін-өзі ұстауға дағдыланады. «Ұрпақ – өмір жалғасы» демекші болашақ ұрпақтың қалауын ескере отырып, соған қарай жұмыс істеп жатқан С.Толыбеков атындағы №3 IT мектеп-лицейінің мұғалімі, «Мультимедиалық журналистика» үйірмесінің жетекшісі Шолпан Исабекованың креативті идеясының алдағы жоспарларын білу үшін тілдесуді ұйғардық.

  • Мультимедиялық журналистика үйірмесін ашу кімнің идеясы болды? Ұзақ уақыт бойы жоспарлаған секілдісіз. Себебі тез әрі өте сапалы түрде өз ісін бастап кетті.
  • Рақмет! Жыл басында телестудия кабинеті жасақталып, мамыр айында өткен облыстық семинар барысында ресми ашылуы болды. Шарада «Qyzylorda» телеарнасынымен екіжақты меморандум бекіді. Жоба оқушылардың тележурналистика, радиожурналистика, фотожурналистикаға деген қызығушылығын арттырып, танымдық қабілеттерін аша түсуде. Болашақта журналист болуды көксейтін балалар үшін телестудия үлкен мүмкіндіктер алаңы болды. Оқушылар мұнда сөз өнері, қызықты ақпараттар жинау, материалдардың құрылымы, ақпарат жазу, өңдеу, журналистика жанрлары туралы мағлұмат алумен қатар, шығармашылық жұмыс түрлеріне машықтанады.
  • Жалпы мақсаты қандай? Әртүрлі бағыт бойынша жұмыс істейсіз ғой. Сол туралы айта кетсеңіз.
  • Негізгі мақсат – оқушылардың ақпараттық сауаттылығын арттыру, шығармашылығын шыңдау, журналистика туралы ой-түсінігін қалыптастыру. Мәселен, «Мультимедиалық журналистика» үйірмесінде оқушылар телеөнімнің бастан-аяқ қалай дайындалатынынан хабардар болып, басы-қасында жүріп, өзін жас репортер ретінде сезінсе, «Радиожурналистика» үйірмесінде анық, таза сөйлеуді, ақпаратты жинақы, нақты жеткізуді үйреніп, радиотілшіге қажетті қабілеттерін дамытады. Ал «Фотожурналистика» үйірмесінде сәтті кадрлар түсіріп, ғажайып туындылар жасауға машықтанады.
  • Бұл жастар үшін қаншалықты маңызды, нендей мағына үстейді?
  • Меніңше, оқушылар үшін бұл – үлкен мүмкіндік. Шығармашылық тұрғыда шыңдалады, коммуникативтік әлеуеті артады, өздеріне сенімділіктері артып, болашағына бағдар жасай алады. Бұл өскелең ұрпақ үшін маңызды деп ойлаймын.
  • Дұрыс айтасыз! Егер жастардың рухани тәрбиесін дәнді дақыл себілмеген егістік сияқты өз ырқына қалдыратын болсақ, болашақта ол жерде жеміс орнына тікен өсіп шығары сөзсіз. Сіз мектеп тарапынан қандай қолдауларға ие болдыңыз?
  • Жазушы Мұхтар Әуезов «Қай істің болсын өнуіне үш шарт бар: ең әуелі – ниет керек, одан соң – күш керек, одан соң – тәртіп керек» деген екен. Міне, мектеп телестудиясындағы жұмыстар осы ниет, күш, тәртіптің нәтижесінде сапалы іске асырылуда деп есептеймін. Мектеп директоры Ляззат Өтегенқызының қолдауымен студия жұмысы алға басуда. Жаңа құрылғылар, үйірме жұмыстарына қажеттінің бәрі бар. Бастысы, оқушылардың ынта-ықыласы, талабы жоғары. Сондықтан осындай қолдау, идея барда, балаларды жан-жақты дамыту үшін аянып қалмай, қызығушылығын арттыра түсеміз деген ойдамын.
  • Қандай бағдарламалар, айдарлар бар? Әлеуметтік желілерде бөлісесіздер ме?
  • Жақында «Мektep news» жаңалықтар шығарылымы өз жұмысын бастады. Осылайша балалар сюжет әзірлеу, мәтін жазу, стендап жасау, сұхбат алу, камера алдында еркін сөйлеуге дағдылана бастады. Ал мектебіміздің математика пәнінің мұғалімі, ақын Ержеңіс Тастыбайдың «Жұмбақ Times» бағдарламасы балаларды логикалық есептерді сауатты шығаруға баулуда. Әлі іске асыратын идеямыз көп. Оқушылар ойымен санаса отырып, алда талай креативті дүниелер шығарамыз деген ой бар. Жаңа хабарлар, шығарылымдар Instagram, Faсebook әлеуметтік желілерінде жарияланып, Youtube каналына енгізіледі. Бұл ата-аналар үшін де тиімді. Балаларының сабақтан тыс уақытында немен айналысатынан хабардар болып, балаларының қадамын құптап, талабын ұштайды.
  • Әңгімеңізге рақмет! «Сен неткен бақытты едің, келер ұрпақ…» деп Қасым Аманжолов айтып өткендей, еңбегіңіз табысты болып, талайды тәнті ететін шәкірттеріңіз көп болуды нәсіп етсін.
  • Сұхбаттасқан Азамат АБИМОЛДА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: