Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Ұлттық тәрбиемен өстім, сол тәрбиені құп көремін

06.01.2026, 11:00 353

«Жастарға бағыт-бағдар беріп, сенім сыйлау – үлкен жауапкершілік». Бұл жауапкершілікті жүрекпен сезініп, ісімен дәлелдеп жүрген жандар қоғамда әрдайым алдыңғы қатардан көрінеді. Қай салада болмасын, біліктілік пен табандылықты қатар ұстанып,    бірнеше бағытта өзін дәлелдей  білгендер аз емес. Солардың  бірі – ұстаз Жанар Бимұратқызы.  Жастардың жанашыры ретінде танылған ол – нәзік болмысына қарамастан, басшылық қызметті де қатар алып жүрген қайсар мінезді, сауатты маман. Адаммен жұмыс істеудегі шынайылық, шешім қабылдаудағы батылдық пен жауапкершілік оның кәсіби әрі адами келбетін айқындайды. Өзгеге үлгі бола білген осындай жанмен әңгімелесудің  сәті  түскен  еді.

– Иә, тәртіп пен тәрбиені тең ұстаған от­басыдан шықтым. Әкем, анам және алты бауы­рым. Алты бауырдың арасында жалғыз гүл болып, ата-анамның бар махаббатына бөленіп өстім десем де болады. Бала күнімізде ер балалардың арасында өскен соң болар, мінез де, болмыс та қатты келді. Яғни, ағаларыммен ойын ойнап, кей қылығын қайталап, ер баламен теңдей өстім. Әкем марқұм педагог болды. Біздің өмір жолымызда өзіндік орны бар, тәрбиедегі тактикасы бөлек жан еді. Бала күнімнен жазу-сызуға әкемнің тәрбиесіндегі тың әдіс-тәсілдері әкелді. Біз бір-бірімізге хат жазатынбыз. Иә, кәдімгі бір шаңырақта тұрсақ та, күнделікті кешкісін хат алмасатынбыз. Сонда әкем: «Қызым, бүгінгі күнің қалай өтті, ауа райы қалай, сабағың қалай өтті, сабақта қандай тақырып өттіңдер?» деп жазатын. Ал мен әкеме бәрін тізбектеп, «Сәлем бердік әке, бүгін осындай сабақтан осындай баға алдым, өзіңіз қалайсыз, денсаулығыңыз қалай?» деп жауап ретінде хат жазып беріп отыратынмын. Осылай, әкем жазуға деген ынтамды оятты. Бір қызығы, жоғарыда айтып кеткенімдей, тәрбие­сіндегі кей «тактикалар» қазір ойланып отырсам, таңғалдырарлық. Себебі, өзім де қазір ата-анамын, екі бірдей баланың оқу-білімімен, тәрбиесімен тікелей айналысамын, жауаптымын. Тәрбиесіндегі тактика дегенім, әкем хат алмасуда былай жазатын: «Қызым, «Абай жолын» оқыдың ба? «Абай жолының» ішінде осындай бір сөз бар, сен сол сөздің мағынасын қалай түсінесің, оқып көрдің бе?». Ал енді «жоқ» деуге болмайды, қазіргідей бес минутта интернеттен қарап айта салу жоқ, кітапханаға барып, ізденіп, оқып, онда да әкемнің саясатын қарасаңызшы, «Абай жолының» 2 томы болса, тапсырманы сол 2-томының орта не аяқ жағынан беретін. Оны түсіну үшін әлбетте, алғашқы 1-томын оқып, 2-томға жету керек. Әкемнің тапсырмасын зерттеп, тауып, тиісінше түйгенімді хатқа жазып жіберетінмін. Ол хаттың ішінде көп нәрсе болды, «достық деген­ді қалай түсінесің?» немесе бір ситуация­ны жазады, «бұл ретте сен не істеуші едің?» деген секілді менің ой-өрісімді дамыту мақсатында. Солай, хат арқылы біраз дүние­ні үйретті. Бастысы, қалам мен қағаз нағыз  сырласың  екенін  ұқтырды.

– Бір сұхбатыңызда «Бала кезден ақындыққа жақын болдым, десе де, өзімді ақынмын деп санамай­мын» депсіз. Дегенмен, ақындықты Алладан берілген талант десек, бұның да бір ұштығы қанмен даритынын білеміз. Ақындық қабілет  сізге  кімнен  дарыды?

– Марқұм әкемнің өлеңдететіні бар еді. Газет­терге мақала жазатын, өлеңдерін ұсынатын. Мүмкін осы әкемнің қаны жібермей, ақындық маған да дарыған болар. Жалпы, бала күнімнен әкемнің тәрбиесінің арқасында шығармашыл бала болдым, мектептегі ұйым­дастыру жұмыс­тарында да белсенді болдым. Түрлі сайыс, жарыс­тың  бірін қалдырмайтынмын.

Есімде, бала күнімде жас ақындар мүшәйрасына көп қатысатынмын, мектепаралық, одан аудандық, солай келе облыстық жас ақындар мүшәйрасына бақ сынауға келдім. Өлеңімді мәнермен, өз ойымдағыдан да керемет етіп орындап шықтым. бірақ бір қызығы, орын не жүлде алмадым. Қатарластарымның өзімнің бала бағалауыммен онша емес деген өлеңдері орын алып, жүлделі болып жатты. Кейіннен, әкеме бұл жолдан көңілім қалғандығын айтып, «енді өлең жазбаймын» дегенмін, сол сәтте әкемнің осы бір сөзі мәңгілік жадымда  қалды. «Өлеңді орын үшін жазба, қағаз бен қалам – сенің сырласың, тастама!» дегені мені біршама тыныштандырды. Не деген­мен, бала көңіл ғой, өкпемді айтуымның да орны бар. Кейіннен ешқандай мүшәйраға қатыс­падым. Десе де, ақындық жол менің бала күнгі армандарымды орындады. Бала күнімізде бізде «Балдырған» журналы болатын. Сол журналға бірталай өлеңімді жарияладым. Әлі күнге де­йін жазамын, ішімдегі дүниені қаламым  мен  қағазы­ма  ақтарамын.

– Иә, осы ретте өлеңдеріңізге тоқталайық. Біршама туындыңызбен таныстым, расымен, айтатын­дай бар, ішкі дүниедегі болып жатқан құбылысты дәлме-дәл береді екен. Сезініп оқысаң, шығарманың шынайылығымен қоса, автор­дың ондағы көңіл күйін кешесің. Сондай-ақ, туындыларыңыз әйел затына рух беретіндей, қажыған қайратын қайта оятатындай. Мұндай шығармаларды  шығарудағы  құпияңыз  қандай?


Мен бүгін келеді кешіргім,

Біреуді емес, бәрін де кешірдім.

Көріп тұрып – көрмегенді де,

Біліп тұрып – білмегенді де.

Жаныңа жақын тартқанмен,

Көңілін – бөлмегенді де.

Кешірдім.

Шындыққа – сенбегенді де,

Ойларын – жеңбегенді де.

Түсінуге тырысып, сырды ұғып,

Тереңге – енбегенді де.

Кешірдім.

Іздесең – келмегенді де,

Қол ұшын – бермегенді де.

Барлығын біле тұрғанмен,

Әдейі – көрмегенді де.

Кешірдім.

Аяқтан шалып – құлатқанды да,

Жаныңа тиіп – жылатқанды да.

Бетіне күліп қарап, бірақ та,

Өсек айтуды ұнатқанды да.

Кешірдім.

Ренішпенен мына фәни өтпесін,

Алла бізді иманды жан еткесін.

Кешіріңдер қатем болса мені де,

Ешбір күдік ойымызда кетпесін.

Кешірдім.

Сендер де мені кешіргін…

Жанар  Бимұратқызы


– Расымен де, ақындық жолда болмасам да, ақындық өмірді кешпесем де, бойымдағы бар құбылыс, қандай да бір оқиға қалам мен қағазға итермелеп тұрады, «жаз» дегендей. Аса бір, анау айтқандай ақынмын деп кеуде соқпағам, десе де, әр оқиға, әр сезіну мен үшін қағаз бен қаламымның өрнегінен өтпей қоймайды. Тым сезімтал да болған соң ба, әлде жоғарыда атап кеткендей, әкемнен дарыған қасиет болған соң ба, әйтеуір қаламым мен қағазым – сырласым, жазуға әркез даяр тұрады. Бірде бір қызық оқиға болды. әлеуметтік желідегі бір парақшама үздіксіз жазып отыратын оқырманымнан хат келген. Жақында ауыр жағдайлармен сыналып, біраз қиындықты бастан өткерген жан екен. Әлеуметтік желіге жазған жазбаларымнан өзіне үлкен ой түйіп, жігерленуіне себеп болған екен. Осы ретте айт­қым келетіні, небір өлең бар, небір ақын бар. Бірақ сол өлеңнен ой түйіп, санасымен сезіне білу де – өнер, кез келгеннің таным көкжиегі жете бермейтін қабілет. Сіз айтып өткендей, туындыны тұла бойымен сіңіріп, сезініп оқитын жандардың бұл қабілетін айшықтап айту керек. Бұл ретте менің жазбаларым деп емес, жазбаларды жан-тәнімен, түйсігімен түсіне қабылдайтын жандардың арқасында жазбам көптің  көкейінен  орын  алған  десем  болады.

– Енді негізгі сауалдарымызға кө­шейік. Алғашқы мамандығыңыз – информатика пәнінің мұғалімі. Жоғарыда айтып өткеніңіздей, бала күніңізден шығармашылыққа бейім, ұйымдас­тыру жұмыстарында белсенді болдыңыз. Осы ретте бір қызық сұрақ туындайды, осыншама шығармашыл қабілетпен не үшін шығармашылықтан ауылы алыс информатика пәнінің мұғалімі  мамандығын  таңдадыңыз?

– Мектепті 1999 жылы тамамдадым. Педа­го­гика саласы – сол кезден-ақ белді маман­дықтардың бірі, ал информатика пәні сол заманның сұранысындағы жаңа сала болды. Жалпы, оқушы кезімде тек шығармашылық ғана емес, барлық пәннен озат оқитынмын. Жан-жақты болдым. Ал мамандық таңдауда әкемнің ізін жалғап жүруді жөн көрдім. «Дип­ломы бардың бәрі ұстаз емес» дейтін әкем марқұм. Жоғары деген бағаға бітіріп, өзімнің туған топырағым Аралда алғашқы жұмысыма кірістім. Не дегенмен, шығармашылық та оңай сала емес, бәрібір өзіне тартып тұрды. Кейіннен магистратураны да оқыдым, осы педагогика саласында. Бірақ, сол шығармашылықтың шырмауы дейін бе, салаға деген сүйіспеншілігім  соншалықты, бала күнгі арманымды  жылы жауып қоя алмадым. Докторантурада қазір қазақ  тілі  мен әдебиеті бағытында ғылыми ізденіс жолындамын. Алла бұйыртса, осы саладан  мені  көресіздер.

– Инедей сәуле көрсең, жарық етуге тырыс дейтін сөз бар, сол сөз сізге атап айтылғандай. Олай деуімізге себеп, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университеті қабырғасындағы қыз­метіңіз. Ауыл-аймақтан ата-анасының үмітін арқалап, білімімді жетілдіріп, қоғамға қабілетті азамат, азаматша боламын деп келген әрбір жасқа қолдау білдіріп, ана мейірімінен тысқары етпей, тәрбиесі мен шығармашылығын қатар ұстап, талантын таныта білу де – екінің бірінің қолынан  келе бермейтін іс, жауапкерші­лік. Осы  ретте  сол  бір  сәттерге  оралайықшы.

– Иә, «мені студенттердің анасы» деп жата­ды, тіпті оқу орнымыздың бұрынғы ректоры Бейбіткүл Каримованың өзі сол уақыттары «студенттердің анасы – сенсің» дейтін. Мен ұялып, «анасы – сіз, мен – әпкесімін» десем, «жоқ, сен – анасы, мен – әжесімін» деп айта­тын. Бұл да бір жетістігім шығар. Бала тәрбиесімен айналысу үлкен жауапкершілік пен төзімді талап етеді. Қаншама жүйке, қаншама жігер қажет. Дегенмен, әкем марқұм «Сен – менің көзімнің жанарысың, сенің жарқырауың керек!» деп айтатын. «Қандай да бір жақсы дүние көрсең, оны шыңдауға тырыс, жақсылық көрсең қуана біл, өзгенің қуанышын еселей біл» дейтін. Сол сөздерді санама құйып алғаным соншалық, менің ұраныма айналғандай. Одан бөлек, Мұхтар Шахановтың «Түсіну теоре­масы» өлеңінде мына  бір  жол  өмірлік  ұстанымыма  айналды:

«Түсінбестік – секілді бір көк тұман,

Сол көк тұман тудырады көп күмән.

Бір жас дарын көтерілсе мінбеге,

Жұрт түсінбей қалмаса екен деп тұрам!».

Осы өлең жолдарындағы соңғы екі қатар менің осы ұстаздық жолдағы ұстанымымды айшықтап тұр. Осылайша, әр жастан бір талант­ты көрсем, демегім кеп тұрады, талан­тымен танытқым кеп тұрады. Жоғарыдан көрінгенін қалап тұрамын. Әрине, тәрбие ісі оңай сала емес, баланың тәрбиесімен де, ауылдағы ата-анасының тыныштығымен де арпалысатын сәттер болады. Жатақханаға әр барған тексеріс сайын бәрі жақсы деген тұжырыммен қайтпайтын күндер болады, сол сәттерде тек баланың өзімен ғана емес, оның ата-анасымен де қатарласа жұмыс істейтін кездер болады. Студенттерімнің өзі кейіннен айтып жатады, «апай, сізді неге ұрыса береді деп ойлаушы едік, сөйтсек, жақсы болсын деп сөгеді екенсіз ғой» дейтін. Расымен де, мен де ата-анамын, бала тәрбиесін жақсы түсінемін, білемін, сондықтан да «әр студентім – менің жүрегімнің бір бөлшегі». Жеті жыл Қорқыттың қабырғасында тәрбие ісімен айналысып келіппін. Қазір шүкір, сол тәрбиелеген студенттерімнің бірі оқу ісінің орынбасары болса, енді бірі – шығармашылығымен мен секілді оқушы тәрбиелейтін ұстаз. Әлі күнге дейін алғыстарын айтып,  хат  алмасып,  хабарласып  тұрамыз.

– Жанар Бимұратқызы, осы ретте бір сұрақ туындайды. Осы  салаңызға қайта оралу ойда бар  ма?

– Әзірге жоқ, Қорқыттың қабырғасына қайта барармын, бірақ бұл жолы бұл бағытта емес. Докторантуралық білімімді тамамдасам, мүмкін  ғылым-ілім  жолында  жүрермін.

– Қазіргі қызметіңізге келейік. Сыр еліне сіңірген еңбегіңіз еленіп, бүгінде «Сыр жұлдыз­дары» балалар мен жасөспірімдерге арналған шығармашылық  және  инновация академиясында  басшысыз. Осы академияның жұмыстары мен  бағыттарын  таныстырып  өтсеңіз.

– Рақмет. Әрине, әлгіндегі саламнан алыс кетпедім. Мұнда да балалармен жұмыс істеймін. Олардың шығармашылығымен айналысамыз. Жалпы, баланың бос уақытын ұтымды пайдалануға бағытталған 52 үйірмеміз бар, оның ішінде қосымша пәндік білім беруден басқа, түрлі бағытта 52 үйірме жұмыс істейді. Қазір мен бас ғимаратта басшы боп отырсам, бұл  бас  ғимараттың  өзінде 3000 бала бар, ал біз 4 ғимаратпен бірлесе жұмыс істейміз. Енді есептеңіз,  әр ғимаратта – 3000 оқушыдан. Бұл да – облыс  басшысы Н.Нәлібаевтың ел бола­шағына  жасаған  ізгі  істерінің  бірі. Орта­лы­ғымыз  өте  жайлы, барлық жағдай жасалған. Заманауи форматта, дизайнда құрылған  ғимарат  баланың  білім  алудағы  ынтасын  оятатындай.

– Керемет! Жақында Мемлекет басшысы Сыр еліне сапарында қаламыздағы қабырғасы қаланған  бірнеше  ғимаратпен, нысанмен  таныс­ты. Соның ішінде, сіз басшылық ететін «Сыр жұлдыздары» академиясы да бар. Оның үстіне Президентті қарсы алып, жұмыс барысымен  таныстырып,  алдында сөз сөйлеп шығу да – екінің біріне бұйыра бермейтін бақ, үлкен жауапкершілік. Сол сәттегі әсеріңізбен бөліссеңіз,  қобалжу  болды  ма?

– Әрине, үлкен  жауапкершілік  әрі  қаншама  қызметтестерімнің  сенімін  арқалап, мемлекет  басшысының  алдында  мүдірмей сөйлеп, ұжымның жұмысын көрсету, таныс­тыру, енді бұл жерде тек менің ғана емес, академия­ның қаншама қызметкерінің жұмысын, одан бөлек сенімін ақтап шығу да үлкен дайындықты талап етеді. Бірақ, бір қызығы, Президентіміз ғимаратқа кірген кезде ол ауыртпалықтың бәрі арқамнан сейіліп түсті. Неге десеңіз, мемлекет басшымыздың жүзінің жылылығы, өте мейі­рімділігі маған рух берді, сенімімді арттырды. Құдды бір, «Жанар, мен бармын, саспа, бәрі жақсы, ойдағыдай» деген сезім мен сенімді, арқа сүйейтіндей сондай бір керемет әсер қалдырды. Жоғарыда сіз айтып кеткендей, қобалжу сезімі сол сәттен-ақ сейілді. Аллаға шүкір, абыроймен алып шықтым. Басшымыз ризашылығын білдіріп, жұмысымызға көңілі толғандығын айтып кетті. Бұл да бір бақ қой. Бұл жерде жалғыз менің емес, жанымағы әріптестерімнің  адал  еңбегінің  нәтижесі  жатыр.

– Жеке өміріңіз жайлы ой қозғайықшы. Екі баланың анасы, аяулы жарсыз. Жұмыс пен отбасы­лық өмірді таразыда тең ұстау – кез келген­ге, оның  ішінде әйел затының бәріне бұйы­ра бермейтін бақ. Осы ретте, «әйелдің қырық  жаны бар» тіркесі сізбен сипатталып тұрғандай. Түздегі тұлғаңызбен таныстық, енді үйдегі  Жанар  қандай?

– Иә, түзде басшы болсам да, үйде бастығы бар жай ғана қарапайым Жанармын. Шүкір, ұлымыз бен қызымыз бар. Біздің мотиваторларымыз. Жолдасым да – жаны жомарт, менің табиғатымды тереңінен түсінетін өте қара­пайым жан. Мені әркез қолдап, әр бастамама ақ батасын беріп, жаныма демеу болып жүреді. Балаларымның да қолдауы орасан зор. Кішкентай оқушы болса да, өмір сүруге үлкен кісідей үміт беріп қояды. Әкем марқұм бір таныс­тыру  өлеңінде:

Өзімнен  жаратылған  жеті  бала,

Ішінде бір қызым бар жеке-дара,

дегендей, әкемнің жеке-дарасы боп өстім. Есімімді де әкем қойған. Осы ретте, марқұм әкем мен анамның анау жақтан да желеп-­жебеп жатқандарын сезінемін. Осы рух пен отбасымның сенімі ешқашан мені сөндірмеді. Керісінше, жігер беріп, құламауға, құласам, қайта тұруға күш беріп отырады. Ал енді «үйде­гі Жанар қандай?» деген сұрағыңызға жауап берейін. Үйдегі Жанар – қарапайым келіншек, ана. Күйеуінің бабы мен балаларының қамын жасайтын  әйел.

– Осы сұрағымыздан тайқымай тұрып, бала тәрбиесіндегі олқылықтарға тоқталайықшы. Қазіргі уақытта тәрбиенің түр-түрі бар, оған өзіңіз де ана ретінде куә болып жүрген шығарсыз.  Жалпы, сіз тәрбиенің қай түрін ұстанасыз?

– Сұрағыңыз орынды. Қазіргі уақытта бала тәрбиесі басты мәселеге айналған. Сіз айтқандай, тәрбиенің түр-түрі шығып жатыр, рас. Мен өзім ұлттық тәрбиемен өстім, сол тәрбие­ні құп көремін. Себебі, қазір психология сала­сы баланың миын улап жатыр, әрине, бәрі емес. Бірақ, бала тәрбиесімен айналысқан соң да, олқы тұстарын да көп кездестірдім. Оның бірі – балаларға психологтардың жеке шекараны үйретуі. Әрине, орынды. Десе де, шектен тыс кетуге де болмайды. Шектен шығатындай жағдайларды атап айтайын, «ата-анаңның сенің шекараңа өтуіне хақысы жоқ», «жеке дүниеңді рұқсатсыз ұстауға жол берме» деген секілді батыстың тәрбиесін тықпалап жатыр. Әрине, көпке топырақ шашпаймын. Бірақ, мұндай насихатты жиі кездестіреміз. Біздің тәрбиеміз қандай еді? «Үлкенді сыйла, сөзін бөлме, жол бер» деген тәлім-тәрбиелік мәні бар бағдар еді. Осы ұстаныммен өстік, жаман болғанымыз жоқ, шүкір, үлкенге де, кішіге де сыйлы болдық. Сол себептен де, қазіргі тәрбие­дегі түп-тамырымызды жойып алмасақ деймін. Қандай да тәрбие болсын, ол отбасы-ошақ қасынан басталады. Ары қарай бала өсе келе, сол отбасындағы тәрбиесімен ортаға бейім­деледі. Ұстаздық тәрбиенің де тура жолын  көре  біледі.

– Сұхбатымыздың соңын нәзікжанды әйелдерге  арналған  ақ  тілегіңізбен  тамамдасақ.

– Әйел қай жерде де балансты ұстай білуі керек, отбасы мен жұмысты тең таразылауға да болады. Бәріне үлгеру, әрдайым позитивпен қарау, сондай-ақ, әрдайым жақсы ой ойлау. Осы ұстанымдарды әдетімізге айналдырсақ, бұл дағды бізді жерге қаратпасы анық. Әкем марқұм, жақсыны көре білу керек, сезіне білу керек, кішкентай сәулені жарық етуге ұмтылу керек дейтін. Сөзінің жаны бар, әйелдерге қазір шүкір, бағзы замандағыдай емес, қолдау бар, демеу бар. Отбасынан бөлек, қызметте де басшылықтан қолдауды көріп жүрміз. Оған дәлел, аймақ басшысының қолдауымен құрылған қаншама ғимарат, оның ішінде әйелдер кеңесіне қолдау, Отбасы орталығы, «Анаға тағзым» секілді үлкен небір орталық – осы бүгін­гі әйел затының қызмет жолында өсемін, өнемін деген мақсатына жасалған мүмкіндік. Сондықтан да, қыздар, оқыңыздар, ізденіңіздер, тұлға болып қалыптасуда аянбаңыздар. Оқудың ерте-кеші жоқ. Мүмкіндікті ұтымды пайдалануды  үйреніңіздер.

– Ашық әңгімеңізге рақмет! Отбасыңызға амандық,  жұмысыңызға  сәттілік  тілейміз!

Сұхбаттасқан  Перизат  ЗАХРАДИН

Пікірлер:
  • Өте тәжрибелі, білікті, әділ басшы👍
    Өз жұмысын жақсы көріп жасайтын дара тұлға, сіздей азаматтарымыз бен азаматшаларымыз көбейе берсін.

  • Мақаланы үлкен қызығушылықпен оқып шықтым. Әр жолынан кәсібилік пен жанашырлық сезіледі. Қоғам үшін маңызды ойлар қозғалған. Осындай мағыналы мақалалар көбейе берсін, еңбегіңізге алғыс!

  • Жанар БИМҰРАТҚЫЗЫ үлгі аларлықтай жансыз, тек алға баса беріңіз, сәттілік ♥️

  • Сұхбатта айтылған әр ой өзекті әрі маңызды. Осындай білікті басшымен бір ұжымда жұмыс істеу — үлкен мақтаныш.

  • Сұқбат өте әсерлі. Өмірлік тәжірибе ой толғандырады. Жанар Бимұратқызына шығармашылық табыстар тілеймін.

  • Бір деммен оқып шықтым. Керемет! Міне, қазіргі қазақ қыздарының прототипі👍

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: