Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Тіл білген тілегіне жетеді

27.01.2022, 10:00 491

Бүгінгі таңда шетелде білім алуды аңсайтын жастарға «Саған қандай мүмкіндік береді? Неге? Не үшін?» деп сұрасаң, әлбетте біркелкі жауап естімейсің. Әрқайсысының талап-тілегі өзгеше. Бірақ өзге елде білім алу үшін ақылдылығың жеткіліксіз. Бойыңда қайсарлық пен өжеттік болуы керек. Отанынан жырақта жүрген жандардың жүзінде сағыныш сезімі көрінгенмен мақсатына жетуі үшін шыдамдылық қасиеттері де басқалардан жоғары. Егер сіз басқа мемлекетте білім алуды жоспарласаңыз, дарынды қыздың жеткен жетістігімен бөлісейік. Ол – бүкіл әлемді өзінің қай сала болсын тез дамуымен таңдай қақтырған Оңтүстік Корея мемлекетінде білім алып жатқан Нұршат Скендірова. 2016 жылы Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетіне оқуға түсіп, 2019 жылы «Қос диплом» бағдарламасы арқылы Кангнам университетінде «Корей-ағылшын мәдени контенті» мамандығында білім алуда. Ұлттың үкілеп отырған үмітін ақтап, еліне білікті маман ретінде оралатынына сеніміміз мол.

– Нұршат, Қорқыт ата атындағы Қызылорда университетінен түлеп ұшып, «қос диплом» бағдарламасы арқылы өзге елде біліп алып жатқан студенттің бірісіз. Осы бағдарлама жөнінде айта кетсеңіз. Себебі, Сыр өңіріндегі үздік университеттің мұндай ерекшелігі бар екенін көбі біледі. Алайда осыған қол жеткізудің сатысын  біле  бермейді.

– «Қос диплом» бағдарламасы – екі елде бір уақытта білім алып, 6 жыл ішінде 2 түрлі университеттің бака­лавр дипломын алуға мүмкіндік беретін бағдарлама. Бұл бағдарлама  жайлы ең алғаш рет университетке оқуға түскен кезде естіп, «Мен де осы бағдарламамен оқысам ғой» деген ой болатын. 3-курстың 1-семестрінде оқып жүрген кезде нақты тоқтамға келіп, Оңтүстік Кореяға оқуға барамын деп шештім. Осы сәтті пайдалана отырып, Қорқыт ата атындағы Қызылорда универ­ситетіндегі  Халықаралық  байланыс­ты жақсы дамытып, студенттерге әртүрлі бағдарламамен шетелде оқуға түсу­ге мүмкіндік беріп, әртүрлі елдің университтерімен байланысты берік ұстай білген Темірболат Кеншінбай ағайға  шексіз алғысымды білдіргім келеді.

– Неге Оң­түстік Кореяны таңдадыңыз?

– Көк өрім шақта тарихи корей дорамаларын көріп өсіп, мен де болашақта осы елге барсам деп армандайтын­мын. Бірақ ол кезде бұл қол жетпес арман сияқты кө­рінді. Кейін бұл арман ұмытылып та кетті. Университетке  «Шетел тілі: екі шетел тілі» мамандығына оқуға түсіп, екінші шетел тілі ретінде таңдау жасау керек болды. Бар-жоғы корей, араб, қытай сынды 3 тілдің біреуін таңдап, сол бойынша білімімді жетілдіру керек еді. Шыны керек, қытай мен араб тілдері мен үшін таңсық және қиын тіл болып көрінгесін, корей тіліне тоқталдым. Бір жағынан Кореядан профессорлар келіп сабақ беретін болғасын һәм әртүрлі бағдарламалармен шетелге түсуге  мүмкіндік  жасалған.

– Корей тілін үйренудің тиімді жолда­рымен   бөліссеңіз.

– Корей тілінің грамматикасы мен сөйлемдігі сөздердің реттілігі қазақ тілімен бірдей. Сондықтан сөйлем құрастырған кезде қиын болмайды. Корей тілінде сериалдар мен әртүрлі шоуларды сол елдің тілінде субтитр­мен көрген пайдалы. Және корей тілін үйреніп жүрген таныстарыңыз немесе speaking class-тарға қатысып, қазірден бастап сөйлеп үйрене берген  дұрыс.

– Қазақстан мен Оңтүстік Корея университеттерінің қандай айырмашылығы  бар? Қайсысының методикасы  тиімді?

– Екі елдің білім жүйесі екі түрлі. Қазақстандағы университеттерде топпен оқитын жүйе болса, Кореяда әркім өзі жеке оқиды. Және сабақ­тар мен ұстаздарын өзі таңдап, сабақ кестес­ін жасап алуға мүмкіндігі бар. Бұл көбіне қосымша жұмыс істейтін болсаңыз өте жақсы. Және бір семестр­де тек екі мидтерм және қо­рытын­ды емтихан ғана болады. Жалпы, екі елдің білім жүйесінде өзіндік минус, плюстары бар деп ойлаймын.

– Бейімделу жағынан қиын болмады ма? Қанша дегенмен қиыр шығыс­тағы  өзгеше  менталитеті  бар  ел  ғой…

– Ең алғаш барған кезде қиын болды. Кореяға барар алдында бұл ел туралы ақпарат дұрыс қарамаған едім. Осы әрекетімнің кесірінен алдымнан бірнеше тосқауыл шық­ты. Мысалы, ащы және доңыз еті қосылған тағамдар жей алмайтын болғасын, басында бургер, пицца секілді тез дайындалатын тағамдарды көп жейтінмін. Кейін қай тағам ащы емес, қайсысына мұсылман халқы жемейтін шошқа еті қосылмаған, соның барлығын жіті талдап, үйренісіп кеттім. Және екінші қиындық тіл жағынан болды. Ол кезде корей тілін жақсы білмейтіндіктен, адамдар тез сөйлеген кезде ештеңе түсінбейтінмін. Дегенмен талпынысымның нәтижесінде 2 аптадан соң үйренісіп  кеттім.

– Қазіргі жастар шетелде білім алуды армандайды. Соларға  қандай кеңес  айтасыз?

– Ең алдымен, шетелде білім алу үшін сенімділік керек деп ойлаймын. Одан кейін, тілді жақсы меңгеріп бару керек. Және өмірге бейімді болу керек. Шетелді Қазақстанмен салыстыр­ғанда, баға жағынан қымбатшылық болады. Сондықтан, қосым­ша жұмыс істеген жақсы. Немесе, онлайн жұмыс істеуге де болады. Қазір, смм маркетинг немесе контент криэйтор сынды онлайн табыс көзін меңгеріп алуға кеңес беремін. Күні бойы сабақ оқып қана қоймай, достар тауып, барған еліңіздің көрікті жерлеріне қыдырыңыз. Шетел­дік достар табыңыз, тілге практика жасаң­ыз және көп адамдармен сөйлессеңіз, сол кезде өмірге көзқарасыңыз өзгеріп, ой-өрісіңіз кеңейіп, жан-жақ­ты  ойланатын  боласыз.

– Шетелден білім алған  жастардың көбі Қазақстанда жұмыс істегісі келмейді? Бұған не себеп деп ойлайсыз? Жалақының  мардымсыз  болуы  ма?

– Жалақы жағы дегенмен келісе­мін. Себебі елде жалақы басқа елдермен салыстырғанда төмен. Сон­дай-ақ, біздің елімізде көбіне жастарға тәжірибесіз жұмысқа тұру қиын. Және шетелде білім алған жастар біржола тәжірибе жинап, шетелдік жүйені үйреніп қайтқанды жөн көреді.

-Болашағыңызды  қалай елес­тете­сіз?

– Маған бір орында тұрып қалмай, әрнәрсені байқап көрген ұнайды. Болашақта саяхат жасап, Корея­дан басқа өзге елде магистратурада оқып, жұмыс істеп, еліме оралып, дамуына үлесімді қосқым келеді. Ал қазір жас болғасын, ел-жер көріп, оқып, тәжірибе жинақтаған дұрыс деп ойлаймын.

–  Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан 

Азамат  АБИМОЛДА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: