Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Шыр еткен қоңырауың, дүр еткен ағаң болуы керек

09.07.2020, 14:40 952

Нұрбек ӘМИША,

журналист, «Болашақ»  бағдарламасының  түлегі:

«АУЫЛ  БАЛАЛАРЫ  ӘЛЕМ  ТҮГІЛІ,  ҚАЛАНЫҢ  ЖАСТАРЫМЕН  БӘСЕКЕЛЕСЕ  АЛМАУЫ  МҮМКІН»

– Нұреке, туған топыраққа қош келдіңіз! Біраз жылдан бері Астана қаласында қызметтесіз. Англияда «Болашақ» бағдарламасымен екі жыл оқып қайттыңыз. Өзіңіз туып-өскен жерді сағынған шығарсыз…

– Әрине. Оны  сөзбен  айтып  жеткізу  мүмкін  емес  ғой.

– Сіз бен біздің ауыл іргелес екен…

– Иә, Жаңақұрылыс пен Қаратереңнің арасы таяқ тастам жер ғой.

– Бұл жолы елге келуіңізге түрткі болған – «Туған жерге тағзым» акциясы. Әңгімеміздің әлқиссасын ауыл төңірегінен  бастасақ…

– Мен Арал ауданына қарасты Қаратерең ауылының қарасирақ баласымын. Сонда дүниеге келдік. Топырағына аунап, таяқты ат қып мініп, балалық шағымыздың бал сәттері өткен қасиетті мекен. Үш мыңға жетер-жетпес тұрғыны бар. Аядай ғана ауыл. Ағайындарым, бауырларым әлі күнге Қаратереңде тұрады. 1999 жылға дейін елді мекендегі мектепте білім алдым. Сосын шым-шытырығы, тірлігі құж-құж қайнаған алып шаһарға аттандық. Оқуға түстік, еңбекке араластық… Жасыратыны жоқ, «ауылға жиі барамын» деп айта алмаймын. Англиядан оқудан келіп, Астананың әуежайынан түсіп, бірден Қаратереңге қарай тарттым. Есейген сайын елге деген сағыныш  еселеніп, туған жердің қажетіне жарасам дейсің. Өмірге өзгеше көзқараспен қарай бастайсың. Бүгінде ауылдағы мұғалімдермен тығыз байланыстамын. Шетелде жүрген кезде мұғалімдерге біраз ұсыныс жасадым. Бірақ, белгілі себептермен ол орындалмай қалды. Шетелде жүріп ауылда ағылшын тілінен сабақ беретін ұстаздармен, оқушылармен интернет арқылы байланыс орнатқым келді. Өкінішке қарай іске аспады. Дегенмен, елге барғанда балалармен жүздесіп, ақыл-кеңесімді айтып кетемін. Шыны керек, қазір бәріне қолжетімді ғой. Емін-еркін ақпарат алмасуға да мүмкіндік бар. Қазір ауыл балалары үшін смартфондарыңыздың өзі жаңалық болмай қалды. Өзіңіз білесіз, бүгінде бәсекелестік күшті. Біздің ауыл балалары әлем түгілі, қаланың жастарымен бәсекелесе алмауы мүмкін. Осыны ойласам, қынжылатыным рас. Кеше елге барғанда балалардың ағылшыншасын байқадым. Оқиды. Бірақ, түсінбей  оқиды  екен. Әрине, ауылда қаладағыдай  мүмкіндік  жоқ. Менің­ше, бұл бағыттағы  жұмыстарды  әлі де  күшейту  керек.

– Ұйымдастырылып  жатқан  акция  туралы  не  айтасыз?

– Қызық болғанда, осыдан 5-6 жыл бұрын осындай форум өткізу идеясы менің де ойыма келген. Ол кезде Астана қаласындамын. Бұдан журналист Құрманәлі Қалмахан да хабардар. Әйтсе де, жергілікті әкімдікке ұсынысымызды айтқан жоқпыз. Содан біршама уақыттан кейін Б.Сапарбаев әкім болып тұрған тұста Шығыс Қазақстан облысында алғаш рет ұйымдастырылды. Бұл жобаның негізгі мақсаты «асын ішіп, аяқ босатып кету» емес. Бұған дейін де бұл шара Қызылордада бірнеше рет өткізілді. Әрине, қажетті дүние. Өз топырағыңнан түлеп ұшып кеткен адамды көрген кезде одан үлгі аласың. Жасыратыны жоқ, мұндай жайт өзіміздің де басымыздан өтті. Аға буынға еліктеп өстік. Жырау Алмас Алматов ағамыз «ағаш ағашқа қарап сән алады, адам адамға қарап тәлім алады» дейді. Ел алдында жүрген азаматтардың көпшілігіне туған топырағы әсер ететіні сөзсіз. Бір адамның адам боп кетуі үшін жүздеген адам қызмет қылады. Жалпы, елге келіп, «Қызылорда керемет, өсіп-өркендеп жатыр» деп кететіндер де бар шығар. Бірақ, негізгі мақсат ол емес деп ойлаймын. Шараның тағы бір мақсаты елге есеп беру деп білемін. Сондай-ақ, Сыр елінен қанаттанған азаматтардың бір-бірімен байланысын нығайтуға сеп болатыны анық. Идеологиялық тұрғыдан алғанда ұтымды  жоба  секілді.

«АЙМАҚТЫҚ  БАҚ-тың

ТЕК  ПРОПАГАНДАЛЫҚ  РӨЛІ ҒАНА  ҚАЛДЫ»

– Әңгімемізді біздегі БАҚ-тың беделі төңірегінде жалғастырсақ. Осыдан 10-15 жыл бұрынғы БАҚ пен бүгінгі БАҚ-ты салыстыруға келе ме? Жалпы, елімізде еркін сөз бостандығы бар ма?

– Меніңше, еркіндіктің болуы не болмауы баспасөздің немесе теле­арнаның басшысына байланысты. Басшысы қандай саясат ұстанады, сол орындалады. Ал одан қандай әділдік күтесіз? Сондықтан бұл жерде «еркіндік» дегеннің өзі – абстрактілі дүние. Саяси жүйе тұрғысынан қарасақ, ол уақытта біраз еркіндік болғаны рас. Бүгінгі таңда мемлекеттік тапсырыс шыққалы газеттердің тақырып аясы тарылып қалғаны шындық. Екіншіден, газеттердің оқылуы да төмендеп кетті. Бұл жалғыз біздің елде емес, барлық әлемде солай. Шынын айтқанда, смартфондар газеттерді «өлтіріп» тастады. Әлемдік ірі газеттер оқырмандарын жоғалтпау үшін жаңа мультимедиаларды әкелуде. Мәселен, кеше Ресейде өткен футболдан Әлем чемпионаты шетелдік басылымдардың сайтында тікелей эфирде жүріп жатты. Сөйтіп, заманға ілесудің амалдарын қарастыруда. Ал қағаз басылымдардың рейтингі күн өткен сайын құлдырап барады.

– Аймақтық басылымдардың жұмысын қалай бағалайсыз?

– Мен аудандық газеттерді оқып жүрген жоқпын. Аймақтық БАҚ-тың тек пропагандалық рөлі ғана қалды. Жасыратыны жоқ, өңірлік газеттер мемлекеттен ақша алады. Сондықтан мемлекеттің айтқанын орындауы тиіс. Газеттердің жағдайы бұрынғыға қарағанда нашарлап кетті. Тек мемлекеттік жұмыстарды насихаттаумен шектелуде. Бұдан жақсы нәрсе көріп отырған жоқпыз. Мың жерден газеттің макетін өзгертіп тастасаң да, оны ешкім оқымайды. Мені қынжылтатыны: газет – ақша. Оған миллиондаған қаржы ел бюджетінен  бөлінуде. Демек, мұнымен мемлекеттік идеологтар айналысуы қажет. Не үшін осындай қадамға барады? Неліктен ел оқымайтын материалдарды шығара береді? Осы мәселені мен айтып та жүрмін. Ал аудандық газеттердің жағдайы тіпті мүшкіл. Мен үшін қажеті де шамалы. Оны неге әсірелеуім  қажет?

– Олардың сайттарын қарап тұрасыз ба?

– Жоқ.

– «Егер мемлекеттік тапсырысты доғарса, басылымдар жұмысын тоқтады» деген пікір бар. Бұған келісесіз бе?

– Мәселен, қандай газеттер?

– Тапсырыспен «күн көріп» отырған  басылымдарды  айтамын.

– Мен мұнымен келіспеймін. Керісінше, газеттердің жаңадан тынысы ашылуы мүмкін. Өйткені, көп адам газет шығарудан, бір нәрсе айтудан қорқып қалды. Себебі оны айтқызбайтынын біледі. Бұған «Ратель» сайтының, т.б. жабылуы дәлел. Бірақ мүмкіндік берілсе, газеттерді жандандыра алатын адамдар табылады. Мұның бәрін мемлекеттік тапсырыспен байланыстыруға болмайды. Меніңше, мемлекеттік тапсырыстар басылымдарды «өлтірді». Сонымен қатар бұл журналистердің шығармашылығына да әсер ететіні сөзсіз. Шынын айтқанда, біржақты қарау дұрыс емес.

– Шетелдік БАҚ пен біздің елдегі БАҚ-ты салыстыруға келе ме?

– «Батыстың газеттерінің бәрі жақсы, біздікі жаман» деу қателік. Әр қырынан қарау қажет. Батыстың медиа саласы еркін. Ол тек ауызбен айтылып қана қоймайды, заңмен де, іспен де жасалады. Бізде еркіндік мүлде жоқ деп те айта алмаймыз. Ойын ашық айтып жүрген азаматтар да баршылық. Бірақ, оны тыңдайтын жүйе жоқ. Менің ойымша, ол әлі де келе қоймайтын шығар. Американың өзі мұндай еркіндікке 300 жылдан соң қол жеткізіп отыр емес пе? Кеше ғана тәуелсіздігін алған елден қандай еркіндік  күтеміз?

– Сонда еркіндікке жыл емес, ғасырлар  керек  пе?

– Иә, ақпарат алмасу, кез келген жағдайда министрдің есігін ашып сұхбат алатын жағдайға жету үшін алдағы 20-30 жыл да аздық етеді. «Әне-міне ақпаратқа еркін қол жеткіземіз» деп өтірік иллюзияға да түсудің де қажеті шамалы. Дегенмен, демократиялы мемлекеттерде де басылымдардың барлығы әділ деп те айтуға болмайды. Ол басылымның иесіне, оның ұстанған саясатына байланысты  ғой.

«ЕЛІМІЗДЕГІ   ЖУРНАЛИСТЕРДІ ДАЯШЫ   СИЯҚТЫ   КӨРЕМІН»

– Шетелде тілшілердің беделі, ықпалы   қандай?

– Еліміздегі журналистерді даяшы сияқты көремін. Біздің 90 пайызымыз сондай секілдіміз. Өкінішке қарай! Мемлекеттік тапсырыс арқылы бәрін ақшамен «байлап» тастаған. «Мәзірдегі» нәрсені ғана жазасың, айтасың. Ал, мұндай жерде журналистің қандай беделі болуы мүмкін. Менің қызығатыным, ВВС журналистері Тереза Мэймен емін-еркін сұхбат  құрады. Тіпті, соның деңгейінде сөйлеседі. Қажет болса, сауалдарымен састыра алады. Осындай журналистика қалыптасса, мойындауға болады. Есі дұрыс адам саясаттан кетуі керек немесе журналистикадан жоғалуы қажет.

– Бүгінде журналистикаға жақындаудың  қажеті  жоқ  па?

– Сенің әлгіндегідей саясаттың құралы, даяшы болып жүргің келе ме?

– Сонда журналистикаға келгеніңізге  өкінесіз  бе?

– Жоқ, өкінбеймін. Мен қазіргі саяси жүйеге байланысты айтып отырмын. Тапсырмамен орындалған мақала, сюжет – ол журналистиканың міндеті емес.

– «Болашақпен» оқыған мамандарға бағдарламаның тиімділігі мен тиімсіз тұсы қайсы? Өзіңіз оқыған мамандық  бойынша  жұмыс  бар  ма?

– Тиімділігі – ауыл жастарына мүмкіндіктер мен жеңілдіктердің берілуі. Бұл – үлкен жоба. Тағы бір жаңалық, былтырдан бастап шетелде оқыған маманға 1 жыл сонда қалып, жұмыс істеуге мүмкіндік берілді. Ал келгеннен кейін оқыған мамандардың көбі өз салаларын таппай жүреді. Шетелде алған білімің мен тәжірибелеріңді іске асыру үшін өз мемлекетің сол стандарттарға сай болуы қажет. Бұған мемлекет дайын болмаса, сен қайда барып жұмыс істейсің? Қазір «Болашақ» бағдарламасымен оқыған мамандардың көпшілігі жеке бизнес бастап, кәсіпкерлікке бет бұрып кетті.

Мен «саяси қатынастар» мамандығын таңдадым. Елге келген соң жұмыс іздедік. Партиялық бағытта да жұмыс істеп көргім келген. Алайда сәті түспеді. Ашығын айтайық, біздің жүйеде (Қазақстанда. – ред.) жұмысқа орналасу оңай емес. Ол үшін шыр еткен қоңырауың, дүр еткен ағаң болуы керек. Дегенмен, ішкі принциптерім бар. Адам бәсекелестікке дайын жүруі тиіс.

– Қазіргі қазақ қоғамы алға жылжып  бара ма, кері  кетіп  бара  ма?

– Бір орында тұрған сияқты.

– Ағылшын тілін қашан үйрендіңіз?

– Англияға оқуға бармай тұрып, Германияға 10 адам боп іссапарға бардық. Сонда 10 адамның ішінде біреуі ғана шет тілін біледі екен. Орыс тілінің де қажеті болған жоқ. Бізге әлі де «постсоветтік елден келген» деген көзқараспен қарайды. Қазір заман ашық, оқып, іздену керек. Осыдан кейін өзіме ағылшын тілін үйрену керек деп талап қойдым.

– Жас  журналистерге  қандай ақыл-кеңес  айтасыз?

– Ақыл айту бар да, оны орындау бар. Дәл қазір мүмкіндік мол. Мәселен, ағылшын тілін «үйренемін, оқимын» деген адамға интернетте толып тұр. Біздің жастар өздері сызып алған шеңберден шығуы қажет. Бастысы талап қойып, оны іске асыруға талпынуы  керек.

– Ашық  әңгімеңізге  рақмет!

(«Халық» газетінің мұрағатынан)

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: