Абзал ҚҰСПАН, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:
Елімізде маңызды міндеттерді іске асыруда, күрделі үдерістерді жүйелеуде құқықтық бағыттың рөлі басым. Қордаланған мәселелерді реттеу барысында Парламент Мәжілісінің депутаттары бірнеше заң жобасын қарастырып жатыр. Осы ретте Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитетінің мүшесі Абзал Құспан жаңа өзгерістерге толы заң жобаларына сұхбат барысында кеңінен тоқталды. Мәселен, бүгінде құқық қорғау органы қызметкерлерінің тікелей қолданысындағы ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қатысты заң жобасы да қоғамдық талқы сатысында. Бұл жұмыс топтарына Абзал Темірғалиұлы жетекшілік етеді. Сондай-ақ ұлтжанды азамат «Төл мәдениетімізді қолдауды заңмен бекітіп, ұлттық өнерімізді дәріптеушілерге ерекше мәртебе беру керек» деген пікірде.
– Абзал аға, алдымен әңгімені құқық қорғау органдары жүзеге асыратын кодекстерден бастасақ, оларға қандай өзгерістер енеді?
– Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев «Әділетті мемлекет. Біртұтас ұлт. Берекелі қоғам» Қазақстан халқына Жолдауында қылмыстық заңнаманы тұрақтандыруды және оны реттеуді Әділет органдарына жүктеді. Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстер 2014 жылы қабылданып, 2015 жылдың 1 қаңтарынан бастап қолданысқа енді. Сол уақыттан бүгінге дейін бұл кодекстерге 1500-ден астам өзгеріс енгізілген. Бұл, біріншіден, Қылмыстық және Қылмыстық-процестік кодекстердің сапасы сын көтермейтінін көрсетеді. Ал қылмыстық заңнаманың сапасыздығы деген – өте қауіпті құбылыс. Қайта-қайта өзгеріс ене беретін болса, адамның конституциялық құқығы бұзылады. Қамау, соттау, полиция учаскесіне ұстап әкелудің өзі күрделі жағдай. ҚР Әділет министрлігі былтыр наурыз айында ҚР Қылмыстық, Қылмыстық-процестік және Қылмыстық-атқару кодекстеріне қатысты заң жобасына өзгерістер мен толықтырулар енгізіп, депутаттар назарына ұсынды. Президенттің тапсырмасына сәйкес олар фронт-офис ашқан. Құқық қорғау органы қызметкерлерін, ғалымдарды шақырып, бәрінің ұсыныстарын ескеріп, жасаған заң жобасын бізге табыс етті. Мен сол жұмыс тобының жетекшісімін. Бүгінде бұл үш кодексті бір заң жобасы аясында қарастырамыз, бірақ үшеуі үш кодекс болып қала береді. Бұрын Қылмыстық кодексті бөлек, Қылмыстық-процестік кодексті бөлек қарастыратын. Сөйтіп жүргенде Қылмыстық-атқару кодексіне өзгеріс енгізуді ұмыт қалдыратын. Ал бұл жолы үш кодексті бірдей қарап отырып, егер біреуіне өзгеріс енсе, қалған екеуін соған сәйкестендіріп отырамыз. Бүгінде бұл жұмыс тобының жоспар бойынша жұмысы басталды. Жұмыс тобының құрамында елімізге белгілі ғалымдар, құқық қорғау органының қызметкерлері бар, сондай-ақ, кез келген осы бағытта өз пікірін білдіруге ниетті тұлғаларды қалыс қалдырып жатқан жоқпын. Мүдделі тараптардың ешқайсысы тасада қалып жатқан жоқ. Сапалы әрі тұрақты заң қабылдау – басты мақсатымыз. Жұмыс тобы негізгі міндетін толық орындау үшін асығыстық танытпауы керек. Сол себепті бұл заң жобасын осы жылдың аяғына дейін жан-жақты әрі толық қарастырамыз.
– Бұдан өзге Парламент Мәжілісіндегі депутаттар қазіргі таңда қандай заң жобаларын қарастыруда?
– Менің әріптесім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты, заң ғылымдарының докторы Үнзила Шапаққызы қолданыстағы ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық жөніндегі кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізуді қарастырып жатыр. Бастысы, «Мемлекеттік сатып алу» туралы заңға түбегейлі өзгерістер енгізілмек. Бұл жұмыс тобының да құрамында бармын. Ең қызығы, мемлекеттік сатып алуды ұйымдастырушылар да, оған қатысушылар да өз уәждерін айтады. Жаңа, сапалы заң қабылдау уақыт талабынан туындап тұр. Мәселен, бүгінде қолданыстағы заңға сәйкес белгілі бір құрылыс компаниясы еліміздің барлық өңіріндегі тендерге қатыса алады. Бірақ еліміздің барлық аймағында құрылыс компаниясы базасының, мамандарының жеткілікті, техникалық мүмкіндіктерінің талапқа сай болуы мүмкін емес. Бірақ сондай бір компания 340-қа жуық құрылыс нысанына қатысты тендерді ұтып алған. Компания бір ағымдағы уақытта бүкіл жұмысты жүзеге асыра алмайды. Олар қосалқы мердігерлермен (субподрядчик) келісіп, сеніп тапсырылған жұмысты өзге мекемеге жүктеген. Бүгінгі заң осындай әрекеттерге жол беріп отыр. Ал жаңа заң жобасында осындай қисынсыз жағдайлардың жолын кесуді көздеп отырмыз. Сондай-ақ тендер барысында жергілікті құрылыс компанияларына басымдық беріп, оларға қосымша ұпай қосуды қарастырудамыз. Енді тендерді ұтып алған компания жұмысты қосалқы мердігерге тапсыратын болса, тапсырыс беруші өзара келісімшартты бұзуға құқығы болады. Бұрын шарт жасалғаннан кейін оны бұзуға мүмкіндігі болмайтын. Жергілікті жерде құрылыс базасы бар кәсіпкерлерді ынталандыру, оның үстіне бұл жағдайда жергілікті халықты жұмысқа тарту бағыты да қолға алынады.
– Биыл қандай жаңа заң ережелері қолданысқа енеді?
– Депутаттардың талқысынан өтіп, қолданысқа бір қадам ғана қалған заң жобасын айтар болсам, ол – «Заңсыз иемденілген активтерді мемлекетке қайтару туралы» заңы. Бұл заңды сегіз адам жазды, сол авторлардың бірімін. Бұл заң былтыр күшіне енгенімен, нақты жұмыстарды биылдан бастап қолға алады. Осы заңмен айналысатын ҚР Бас прокуратурасы жанынан уәкілетті орган құрылды. Олардан есеп алатын жұмыс тобы да жасақталды. Оның құрамында ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаттары да бар. Еліміздегі және шетелдегі активтерді қайтарып алғаннан кейін оның барлығы бірдей ақша түрінде болмайды. Бірі компания, екіншісі ғимарат қалпында кездесіп жатады. Осыны басқаратын, жұмысты үйлестіретін тағы бір компания құрдық. Аталмыш жауапкершілігі шектеулі серіктестік толықтай мемлекет бақылауында болады. Мүлікті басқарып, қаржысын мемлекеттік бюджетке аударуға жауаптылық танытады. Міне, осы заң аясында бірнеше мекеме құрылды, енді бұл заң өз нәтижесін көрсетеді деген сенімдеміз. Бұл заңның әрбір ел тұрғыны үшін маңызы зор. Өйткені бұл – тоналған, ұрланған қазақтың байлығы. Бәріміз бұл заңның орындалуын қадағалап отыруымыз қажет, халықтық бақылау болуы керек.
– Өткен жолы Аршалыдағы түзеу мекемесін аралағанда әлеуметтік кәсіпкер жөнінде айтып едіңіз…
– Қазіргі таңда Мәжіліс қабырғасында бизнесті жеңілдетуге қатысты заң жобасы қаралып жатыр. Оған ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Болатбек Нәжметдинұлы жетекшілік етеді. Соның жұмыс тобына тергеу изоляторы, түзеу мекемелерімен жұмыс істейтін кәсіпкерлерге жеңілдіктер қарастыру жөнінде ұсыныс тастадым. Мұндай жабық мекемелерге кіріп-шығудың өзі қиындық тудырады, көптеген шектеу түрі бар. Кәсіпкерлерді түзеу мекемелерінде жұмыс орнын ашуға ынталандыру мақсатында олардың статусын «Әлеуметтік кәсіпкер» деп ерекшелеп, қарастыру керек деп есептеймін. Шынымен де, олардың атқаратын жұмысының әлеуметтік маңызы жоғары. Мысалы, түзеу мекемесінде жазасын өтеп жатқан сотталғандар 5-10 жыл бойы өзіне, не отбасына, не зардап шегуші тарапқа пайдасы болмай жатады. Ал кәсіпкерлерді көптеп тарту арқылы сотталғандарды жұмыспен қамту бағытына ерекше көңіл бөлу керек. «Адамды адам еткен – еңбек» деп бекер айтпаған. Осы ретте кәсіпкерлерге «Әлеуметтік кәсіпкер» деген статусты алып бергім келеді.
– Бір өкініштісі, бүгінде тұрмыстық зорлық-зомбылық мәселесі де өзекті. Былтырғы жазда осыған орай әкімшілік, қылмыстық жауапкершілік қатаңдай түсті. Көпшілік қайтадан әлеуметтік желі арқылы жазаны күшейтуге қол жинап жатыр. Бұл ретте жыл сайын бір қылмыс түріне қатысты екі рет өзгеріс енгізілуі мүмкін бе?
– Иә, біреулер қылмыстық заңнаманы қатайтайық дейді. Оның ешқандай тиімділігі болмайды. Мысалы, заңды қанша күшейткен күннің өзінде жеңіл дене жарақаты үшін адамды он жылға соттай алмайсың. Екінші тараптың да құқығы қаперге алынады. Заңның кейбір нормаларын уақытша қатайтуға болады, бірақ бұл мәселені түбегейлі шешпейді. Тәрбиені қолға алмай, оң нәтижеге қол жеткізе алмаймыз. Кезінде балабақшаларды жекешелендіріп, бірінші экономика деген қағидамен кеттік. Болашаққа алаңдайтын болсақ, алдымен бесіктегі баланың тәрбиесіне баса назар аударғанымыз жөн. Бұған тек заңгерлер ғана емес, қоғам болып атсалысуымыз керек. Бұл – менің азамат ретінде жеке пікірім. Ал қылмыстық заңнамадағы өзгерістер алдағы уақыт еншісінде, алайда басымдықты бәрібір тәрбиеге беру керек деген пікірдемін.
– Бір сұхбатыңызда «Еуроодаққа қарайтын елдер өздерінің ұлттық мәдениетін сақтау әрі дамыту бағытында 400-ден астам құқықтық және нормативтік акт қабылдаған» деген екенсіз. Осы ретте еліміздің төл мәдениетінің нақты қай тұсын заңмен қорғау қажет деп ойлайсыз?
– Елімізде ҚР «Мәдениет туралы» Заңы бар, бірақ оның ішінде ұлттық мәдениетімізге ерекше қолдау білдіретін сөз жоқ. Онда опера және балет театры, ондағы өнерпаздардың айрықша мәртебесі туралы айтылған. Ал бізде күй жоқ па, жыр жоқ па?! Өткен жылы еліміздегі мәдениетті дамытудың алты жылдық тұжырымдамасы бекітілді. Бұл тұжырымдамада да төл өнерімізге қатысты бір ауыз сөз жоқ. Домбырада күй ойнау өнері мен айтыс өнері адамзаттың құндылығы ретінде Біріккен Ұлттар Ұйымындағы ЮНЕСКО тізіміне енгізілген. Бірақ төл өнерімізге қатысты дүние бірде-бір заңымызда көрініс таппаған. Көршілес елдерге қарайтын болсақ, Қырғыз елінде бір ғана «Манас» жыры бар. Сол «Манас» эпосы туралы арнайы заң бар. «Манасшылардың» құқықтық мәртебесі заңмен қорғалады. Бізде жыршылардың, жырдың санында шек жоқ. Бірақ бізде жыршы деген ресми атау жоқ. Қарапайым айтысты мысалға алсақ, оны өткізу үшін әркімге қол жайып, алақан жайып демеушілер іздейді. Мәселен, бір өңірдің әкімі қазақы азамат болса, бір жерден ақша тауып, сол ұйымдастырады. Кім демеушілік жасады, соны айтыскерлер жарыса мақтайды. Ал бұның барлығы заңда көрініс табатын болса, қазақ әкім бола ма, басқа ұлттың өкілі бола ма, маңызы болмайды. Заңдық тұрғыдан жүйеленетін болса, төл мәдениетімізді қолдауға көбірек мүмкіндік болар еді… Мемлекет осыған мүдделі болуы керек.
– ҚР Ішкі істер министрлігімен бірігіп, қандай іс-шараларды жүзеге асырасыздар?
– Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің Заңнама және сот-құқықтық реформа комитеті Ішкі істер министрлігімен тығыз байланыстамыз. Менің әріптесім, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дмитрий Колода есірткіге қарсы заң жобасына жетекшілік етеді. Алдағы уақытта осы тақырыпқа қатысты Үкімет сағаты өтеді. Бұл – біздің комитет пен Ішкі істер министрлігінің бірлескен іс-шарасы. Одан бөлек «Алаш заңгерлері» деген кітабымды ҚР ІІМ Б.Бейсенов атындағы Қарағанды академиясының курсанттарына таныстырдым. 500-ден аса адам қатысты. Осы жылы да жоспарлы іс-шараларды бірігіп, іске асыратын боламыз. Өзара ынтымақтастық, байланыс жалғасады.
– Сұхбатыңызға көп рақмет!
Сұхбаттасқан
Гауһарай ЕСІМОВА
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!