Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қазір сатирадан ешкім сескенбейді

27.02.2025, 10:20 91

Нұрлыбек  ЖҰБАТҚАН:

Астарлы ойдан ат тонды алып қашып, бос қалжыңға бой берген қазіргі кезеңде сатирамен сағына көрісеміз. Неліктен жеңіл нәрсеге жер тепсіне күлу әдетке айналды? Ал, қоғамдағы олқылық пен кемшілікті бетке басатын батыл жанрдың жайы қандай? Осы және өзге де сауалға Ақтөбе қаласындағы «Екі езу» сатира театрының көркемдік жетекшісі Нұрлыбек  Жұбатқан жауап  берді.

ҚАЙ  ЖЕРДЕ  САТИРАҒА  ЖАНАШЫР  АДАМ  БАР,  ФЕСТИВАЛЬ  СОНДА  ӨТЕДІ

– Аға, сатира – қоғамдық  аурулардың симптомын анықтайды десек, сол «дертті» емдеуде қаншалықты қауқар­лы? Сын садақ – шын сабақ болып  жүр  ме?

– Сатира – атам заманнан келе жатқан жанр. Ол жоғалған жоқ. Қоғамдық ауруларды анықтайды, анықтай да береді. Бірақ, әрі қарай емдей алмайды. Оның дәрісі жоқ, болғанның өзінде күші жоқ. Теңеу сөзбен айтсақ, ауруханасы да жоқ. Өйткені, әлеуметтік желі дамыған кезде кімнің кім екенін айыра алмай қалдық. Қазір кәсіби әнші мен артис­тер көрінбей қалды. Кім көрінген ақын, кім көрінген әнші, кім көрінген жазушы, бәрі сатирик, одан қалды сыншы. Сол секілді нағыз сатира­мен айналысатындар қоғамда көрінбей, жұтылды. Тарақанға у шашқан кезде бастапқыда қырылып қалады да, кейін сол уға бейімделеді. Біздің қоғамда да сондай. Сатираның  уына  уланып  жатқан  ешкім жоқ.

– Әдетте, поэзия мен прозаға қатысты мүшәйра мен байқаудан көз ашпаймыз. Ал сатираға сирек өткізі­леді. Бұл сатириктердің сап түзеуіне кедергі, жауынгер жанрдың жер бауыр­лауына  себеп  емес  пе? Қалай  ойлайсыз?

– Иә, расымен сатира бойынша өткізілетін байқау аз. Республика бойынша сатира байқауы Ақтөбеде өткізіліп келе жатыр. Яғни, 2020 жылдан бері бастау алған «Әде­биет. Қоғам. Рух» атты байқауда сатира жанры бар. Осыдан 2 жыл бұрын қаты­сып, Үмбетбай Уайдин атындағы жүлдені иеленгенмін. Биыл қыркүйек айында тағы өтеді. Сондай-ақ, «Екі езу» театрының 2002 жылдан бері 2 жылда бір рет ұйым­дастыратын «Айтқыштар Ақтөбе­де» фестивалін атасақ  болады. «Үздік автор» номинациясы  бойын­ша  үздік сатирикті анықтаймыз. Ал респуб­ликада мұндай байқаулар жоқтың қасы. 2001 жылы Алматыда І респуб­ликалық әзіл-сықақ фес­тивалі бас­талып, бір-ақ рет өтті де, әрі қарай ғұмы­ры   қысқа  болып, тоқтады. Одан кейін  Бауыржан Ибрагимов ағамыз «Бауыржан Fest» жобасын қолға  алып, ол да кейін тоқтап қалды. 5 жылдан бері Қостанай облысында сатирик, жазушы, этнограф Се­йіт Кенжеахметов атындағы «Мірдің оғы» деген әзіл-сықақ фес­тивалі өткізіле­ді. Осыған қатысып, бес  рет жүлдені жеңіп алдық. Қызыл­орда  облысы Арал қаласында Құдайберген Сұлтанбаев атында бір фестиваль өткені есімде. Шиелі ауданында да «Мейірманның шәкірттері»  атты  байқау ұйымдастырыл­ған. Ара-тұра мұндай  байқаулар  бол­ғанымен, поэ­зия  мен  прозаға  қара­ғанда  аз.

Негізі қай жерде сатираға жана­шыр  адам  бар, фестиваль сонда өтеді. Мақтанғаным емес, бірақ Ақтөбеде мен болмасам, «Айт­қыштар  Ақтөбеде» қолға алынбас еді. Бір жағынан сатириктер аз. Олардың күші жете бермейді. Мыса­лы, Шымкенттен Мұхтар Шерім мен Сая Қасымбекті ғана танимын. Шымкентте 500 жазушы бар дейді, соның екеуі ғана сатира жазатын болса, әрі  қарай бағамдай беріңіз. Аз. Ақтөбедегі 20-ға жуық жазушының екеуі сатира жазады. Классик ағамыз Төрежан Мәңдібай және мен. Сатирик аз болғаннан кейін де немқұрайды қарап, «осыған кім қатысар?»  деген  ой  туындауы  мүмкін.

Қазір тас лақтырсаң, ақынның шекесіне  барып  тиеді. Ақын көп. Қазақ өзі өлең жазуға құмар ғой. Ақын емесі де өлең жазып, көбі сати­раға бойлай бермейді. Меніңше, байқаудың аз өткізілу себебі де осында. Сонымен қатар, сатираға мемлекеттік қолдау керек. Әрбір сатирик­тің кітабын шығарып, материалдық және моральдық тұрғыда қолдаған жөн. Өйткені, бұрын «Ара» журналы мемлекет қолдаған кезде қалай болды? Бір «Ара» журналы бүкіл Қазақстанды дірілдетті ғой. Оған бір адам, бір бастық шығатын болса, жұмысымен қоштаса бастайды. Біреу туралы фельетон жазылса сескенеді. Бізде қазір сатирадан ешкім  сескенбейді. Мысалы, бір мақала  жазсам өзім кінәлі болып, «осыны  неге жаздым?» деп жина­лыстарда ұялып немесе қорқып отырамын. «Сен жазыпсың-ау, керемет!» деп ешкім айтпайды. Неге депутаттар талқыға салмайды. «Осындай мәселе айты­лыпты» деп мемлекеттік деңгейде  көтерілмей  тұр.

МАҚСАТ  –  ЕЛДІ  ДҮРЛІКТІРУ  ЕМЕС

– «Ештеңеден қорықпайтын адам күлкіден  ғана  қорқады». Демек, күлкі – қуатты қару. Ал, адамның «қалай» және «қай нәрсеге» күлуі ой-өрісінің қай деңгейде екенінен хабар береді. Сіздіңше, қазір қоғам қалай күліп  жүр? Қымбат күлкінің салмағын ұмытпадық  па?

– Көпен көкеміз «Күлкі – күш­тілердің қаруы» деп айтып кетті. Он жылдай «Тамаша» ойын-­сауық отауын­да  автор болып жұмыс істе­дім. «Тамашаның» шекпенінен шықтық. Көрерменге ұсынылған көріністің  көбі ой  салатын. Астарлы күлкі.  Қазір  біздің театр да солай. Әрбір  әзілдің ішінде сананы сілкіп алатын ой, қозғайтын мәселесі, қоғамның дерті айтылады. Сатира­ға ешкім тарқылдап күлмейді. Ал қазіргі күлкі жеңіл. Өйткені қысқа әрі жылдам нәрсеге үйреніп кеттік. Дарақы күлкі  көбейді. Көрермен  де соны қалап тұрады. Мысалы, театр­да қоғамның мәселесін көтеретін әзіл жазып, артистер сахнаға алып шықса, көрерменге ұнамайды. Сөйтіп басқа театрлардың қойы­лымын, болмаса КВН-шиктерді айтып, «сендер соған жете алмайсыңдар» деп салыстырады. Сайып келгенде, әрбір театрдың өз саясаты, формасы, сахнасы бар ғой. Біз халықты емес, халық бізді тәрбиелеп кетті. Көрермен не айтады, соны қоюмыз керек. Соны басқа театрлар жасап, үйретіп тастады. Негізі ол дұрыс емес. Әр театрдың репертуарын халық қабылдау керек. Тәрбиелік мәні, айтатын ойына зер салмайды. Ал біз кез келген адамның айтқанымен жүреміз. Осындай  деңгейге  түсіп  кеттік. Күлкінің де, әннің де арзандап кеткені сол. Мағынасы бар әндер филармонияда ғана айтылады, ал көпшілік концертіне билет алып келмейді. Ал дөрекі, анайы сөздері бар әннің тыңдарманы біраз. Біз сонда қандай халге  жеттік?

– «Есекті тышқан теуіп өлтіріпті». Осы қысқа көлемді сатираңызда біраз дүниенің  басын ашып жазасыз. Астарлы. Айтыңызшы, мақтамен бауыздаудың қиындығы неде? Ал қаламыңыз қалағаныңызды жазуда еркін жорғалай ма? Әлде кейін  шегеріп,  жылы  жабатын  сәттер  бола  ма?

– Қоғам, орта жазуға итермелейді. Тахауи Ахтанов атындағы драма театрында бес жыл директор болдым. Сол аралықта бір кітап жаздым. Өйткені үйде немесе кабинетте отырсам, ештеңе көрмеймін, жаза алмаймын. Сыртқа шығып, көпшілік жерге барсам, ой туады, түрлі оқиға көз алдыма келеді. Театрда түрлі образды көріп, «Түйреуіш» атты кітап жаздым. Оның алдында «Қатираның құрт зауы­ты», «Ауылдағы  айтқыштар» деген екі кітабымды оқырман  қауым­ға  ұсындым. Бұдан бөлек, тағы екі кітапты бастап, жазып қойдым. Анығында, мақтамен бауыздау – сатира­ның стилі ғой. Театр­да директор  болып жүргенімде әлеуметтік саланы, идеологияны жүргізетін облыс әкімінің орынбасары болды. Мерекелік концерттер­дің алдында дайын­дықты көріп, қабылдарда «мына­дай ән мен би әкімге ұнамайды», «қызыл түс әкімге ұнамайды» деп ананы-­мынаны айтып, мазаны алады. Содан «Мұртты мені құртты» деп әзіл жазғам. Мұрты бар адамнан қорқамын. Бір күні әлгі кісі «сіз мені жазған жоқсыз ба?» деп келіп  тұр. «Қалай  сізді  жаздым? Мұрты бар адам көп емес пе? Көшеде де толып жүр» дедім. Мақтамен бауыз­дау да сондай сияқты ғой. Аты-жөні аталмағанымен, өзі іштей сезеді. Адам  өзі  түсініп  келеді.

Мемлекеттік театр  болғанан ке­йін шамалы жан-жағымызға қарай­мыз. Жалғыз өзім емеспін. Қаншама театр артисі еңбекақы алып, отбасын асырап отыр. Сондықтан, кейбір жазбамды жасырып қоямын. Бәлкім, зейнетке шыққанда кітап шығарсам, соған жариялайтын шығармын. Негізі  шама-шарқымыз келгенше қоғам дертін айтамыз ғой. Мақсат – елді дүрліктіру емес. Біреу­дің мінін айтқанда да жеткізе білу керек. Ойдан қосып көркейтудің керегі жоқ. Мен қалай көремін, солай жазамын. Қазір әдебиет пен мә­дениетте де жүрмін. «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деуші еді. Шүкір, 30 жыл болды, суға  кеткем  жоқ.

МЕНІҢШЕ,  АҚТӨБЕДЕ  ДЕМОКРАТИЯ  БАР

– Қызметте  де қарымды  еңбек  етіп жүрсіз. Осы орайда, ширек ға­сыр­дан асқан «Екі езу» театры жайында сөз  қозғасаңыз. Зілі  жоқ  әзіл  көбейген кезең­де сахналық қойылымдарды қалай саралайсыз? Көрерменді қуан­ту­да, мазмұнды  кеш  өткізуде мән бере­тін  тұсыңыз  қайсы?

– Көпшілік Нұрлыбек Жұбатқанның есімін танытқан «Екі езу», «Екі езудің» атын шығарған Нұрлыбек Жұбатқан дейді. Әуелгіде театр емес, 1998 жылы күлкі клубы болып құрылды. Ол уақытта облыстық «Ақтөбе» газетінің мәдениет бөлімінде тілші болып жұмыс істедім. Бастапқыда Ақтөбенің талантты 4-5 қыз-жігіті болды. Әлеуметтік желі де жоқ. Жаяу жүріп, афиша жабыстырғанымыз есімде. Алғашқы концертіміз 1998 жылы 21-22 наурыз күні өтті. Екі күн концертте аншлаг болып, халықтың қошеметін көріп қуандық. Бір жылдың ішінде жан-жағымыздағы облыс­тардың сахнасын жаулап алдық. Қыстыгүні Қызылордаға барып, бүкіл ауданын аралап, Атырау, Ақтауға дейін жол жүріп, халықтың ықыласын сездік. Сөйтіп 2005 жылы Алматыда Республика сарайында концерт қойдық. Қазір енді театрымызға 27 жыл. 2001 жылы мемлекеттің қарамағына өттік. Оның да өз қызы­ғы бар. 2000 жылы Атырау облысы «Екі езу» театрын «мемлекеттік театр етеміз, үй, машина, штат бөлеміз, аристерге айлық төлейміз» деп жұмыс­қа шақырды. Сол жылдары мәдениетті қолдау жылы ғой. Бірақ, бізге демеу көрсеткен ешкім болмады, өз-өзімізбен концерт беріп жүрдік. Табыс таппаймыз, десек те халықтың көңілін көтерсек болды дедік. Ол кезде газеттен де өз еркіммен шығып кеткенмін. «Атырауға барсақ па, бармасақ па?» деп ойландық. Бір апта уақыт берген болатын. Сөйтіп, өзім қызмет еткен «Ақтөбе» газетіне барып, ағаларымнан ақыл сұрадым. Журналистерге де жаңалық керек. Газеттің бірінші бетіне «Екі езуге» Атыраудың құда түскені рас па?» деп айқайлатып тақырып қойып, мақала жазыпты. Сол уақыттағы облыс әкімінің қолына түсіпті. Мүмкін, көмекшілері жеткізді ме, қайдан білейін. Содан үйге қоңырау шалыпты, анам «сені облыс әкімінің орынбасары Амангелді Қабашұлы шақырып жатыр» деді. Неге шақыр­ғанын түсінбедім, газетке жарияланғанын  да білмеймін. Содан арты­нып-тартынып барсам, бәрі жылы күтіп алды. Газетті көрсетіп, «мынау рас па, қайда бара жатырсыңдар?»  деген сұрағына  «рас  аға, әлі  ойланып жүрміз, бірақ кете­тін шығармыз» дедім. «Жеке театр­мыз, қайда бараты­нымды өзім білемін» деймін ғой. Сөйт­сем, әкім «қалсын, қандай көмек керек, киім тігіп бе­рейік пе, жоқ әлде аппаратура алайық па, микро­автобус  керек пе?» депті. Оларды бір рет алып бергенімен, әкім де, орынбасар да бұл орыннан ауыса­тынын, басқа әкім келіп, басқаша саясат жүргізе­тінін айтып, одан да   «Атыраудың   ұсыны­сы  сияқ­ты  мемлекеттік театр етсеңіздер, қаламын» деп ойымды білдірдім. 1 сәуір «Күлкі керуені» театры­ның бес жылдығына қатысу үшін Алматыға ұшып кеттім. Сол күні түстен кейін сүйінші хабар қуантты. Ертеңіне келсем, «Екі езу» эстрадалық миниатюра театры ашылсын, 17-18 штат берілсін» деп облыс әкімі бұйрық шығарып­ты. Сол штатты әлі ұстап келе жатырмын. Тек екеуі қысқарып, 15 болды. Өз алдына мемлекеттік театр еді, қазір филармония  жанына  қосып жіберді. Бюджеттен айлық аламыз, бірақ дирек­тор деген статус жоқ. Есепшіміз болған еді, оны да қысқартып тастады. Өз алдымызға дербес болғанда дамып едік, жоспарды өзіміз құрамыз, өзіміз шешеміз, өзіміздің қаражаты­мыз болды. Мысалы, мен қызмет ететін өнер орталығында он ұжым бар. Былай қара­ғанда, бір әйелге бір бала баққан артық па әлде он бала ма? Анау-­мынау ұсақ-түйектер бізге жетпей қалады. Бірақ жаман емес­піз, әйтеуір. Тек болашақта «Екі  езуді»  қайтадан  бөлек алып шыққым келеді. Өйткені, сати­ра театры саусақпен санар­лық. Жалпы, Қазақ­станда мемлекетт­ік сатира театры екеу. Бірі – Шымкентте  қалалық әзіл-сықақ театры, екіншісі – «Екі езу». Басқа қалаларда  атымен  жоқ. Театрлар  бар, бірақ  жеке.

Бір жағынан қуанамын, кім көрінгеннің  жобасын бұлай мем­ле­кет қаржыландырмайды. Қолдап отырғанына алғыс. Біз енді тентек баламыз ғой. Арасында  ананы айтып  қаламыз,  көрсетіп  қоямыз. Осы уақытқа дейін ешкім қысым көрсеткен  жоқ. 30 жыл  болды  «неге бұлай қоясың, былай айтпа» деген әңгіме болған емес. Басқа облыс­қа жауап бере алмаймын, меніңше, Ақтөбеде  демократия  бар.

Репертуарға келсек, Шымкентте Мұхтар Шерім ағаммен жақсы байланыс­тамын. Бір-бірімізге сый­лас­тығымыз жоғары. Мықты сатирик. Ақыл-кеңесін айтып тұрады. Театр  репертуарына әзіл әңгімелерін енгіздім. Сейіт Кенжеахметов аға – әкемдей  болған кісі. Ол да білгенімен бөлісетін. Көпен көкемізбен де  жақсы  қарым-қатынаста  болдым.

– Сатирадағы қолтаңбаңызға қанық­пыз. Тіпті  бастан  өткерген оқи­ғаларды  майын  тамызып жазасыз. Бұл тұрғыда  бөлек жинақ шығару ойда бар  ма?  Жоспарыңызбен  бөліссеңіз…

– Бір оқиғаға куә болсам, соны жазғым кеп тұрады. Жазбасам, тыншымаймын. Көлікте келе жатсам да, отырсам да, тұрсам да сол нәрсе миымда маза бермейді. Толық жазып, әлеуметтік желіге жүктеп, көпшілікпен бөліскенде рақаттанамын. Жоғарыда айтып өткенімдей, екі жинақ жазып қойдым. Бірі – сатира­лық төртінші туындым, келе­сісі – балалық шағым жайындағы кітап. Жүріс-тұрысымның бәрі комедия ғой негізі. Қаражат табылса, қолдау білдіретін кәсіпкерлер болса, шығарамын. Қолжазбам дайын тұр. Мен туралы кітап жазамын деп жас қаламгер көптен бері қолқа салып жүр. Ойланып отырмын. Биыл өнерде жүргеніме 30 жыл болады екен. Жалпы, мерейтойды жек көремін, 30-40 жас деп, атап өткен емеспін. Әзіл ғана емес, ән де жазамын. Оны өзім орындаймын. Демек, шығарма­шылығыма 30 жыл толуына орай есеп  беріп,  концерт  өткізуге  болады.

ШЫНДЫҚТЫ   ҚОҒАМ  ҚАБЫЛДАУҒА  ӘЛІ  ДАЙЫН  ЕМЕС

– Аға, шындықтың табиғатына неліктен тек шырқырау  мен  шырылдау  тән?

– Қазір шындық көп айтылмайды, оны бәрі мойындайтын шығар. Шындық айтқан адам қудалауға түседі. Жеке адамның бетіне де тура сөйлесең, сені жау көреді. Өйткені, шындықты қоғам қабылдауға әлі дайын емес. Шындықты айтатын азаматтар бар, көріп те, естіп те жүрмін. Шындықты да шырыл­датып айтатын кезең туады деп ойлаймын. Себебі, өтірік өрге тез өрмеле­генімен, түбінде шындық өтірікті басып озатыны анық. Ол күнге де бұйырса жетеміз. Ол кезде Қазақстан әлемдегі ең мықты мемлекетке айналады. Сонда шындық болады. Ал өтірік бар жерде ешқандай өсу жоқ. Барынша шындықты қолдаймын. Оның да айтылу жолы бар. Тұспалдап жеткізбесең, тіке айтудан ешкімге  жақпай  қаласың.

– Сіз үшін ең қадірлі сөз қандай? Ал өмірлік ұраныңыз  ше?

– Әкем марқұм «біреудің ала жібін аттама» деуші еді. Осы сөзде қанша мән-мағына жатыр. Өмірлік ұраным – өтірік айтпау, қарапайым болу. Ешкімді жасқа бөлмей, үлкенмен үлкенше, баламен балаша сөйлесемін. Бәрімен тіл табысуға тырысамын. Өзімнің өмірдерегіме зер салып, шығармашылық жолыма үңілсем, жетістігім де аз емес. Соған қарамастан, «мен үйттім-бүйттім» деп  көкірегімді  көтермегенмін.

– Уақыт  бөлгеніңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: