Бахытжан ДҮЙСЕМБЕКОВ:
Сыр өңірінің топырағы, табиғаты ауыл шаруашылығымен айналысуға өте қолайлы екені белгілі. Осы ретте аймақ бренді саналатын күріш облыс абыройын арттырып тұр. Көктем басталысымен жерге дән сепкен Сыр диқандарының несібесін Жер-Ана биыл да молынан берді. Десек те, жылдар бойы қордаланған кейбір мәселелер әлі күнге дейін шешімін таппаған. Оның үстіне дарияның жылдағы өз деңгейінен төмендеп кетуі шаруалардың егістік алқаптарына да кедергі келтірді. Алдағы уақытта осындай кедергілер кезіксе, одан шығудың жолы қандай? Су тапшылығын сездірмеу мақсатында қандай жұмыстар атқарылуда? Осы және өзге де өзекті мәселелер туралы Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институтының директоры Бахытжан Әлішерұлымен әңгімелескен едік.
ИРРИГАЦИЯЛЫҚ ЖҮЙЕЛЕР ЖАҢАРМАҒАН
– Жасыратыны жоқ, күріш шаруашылығы аймақтың абыройын арттырып отыр. Диқан қауымы да күміс дәннен мол несібе тапты. Дегенмен, Сыр бойының егін шаруашылығы саласында көптеген проблема бар екені жасырын емес. Оның басты себебі неде?
– Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты – еліміздегі күріш шаруашылығымен айналысатын жалғыз институт. Өздеріңізге белгілі, институттың 80 жылдан астам тарихы бар. Бастапқыда станциядан басталған, одан кейін аты да, бағыты да бірнеше рет өзгеріп, қазіргі таңда Ыбырай Жақаев атындағы Қазақ күріш шаруашылығы ғылыми-зерттеу институты болып қайта құрылды. Ауылшаруашылығы министрлігінің ұлттық-аграрлық ғылыми білім беру орталығына қарасты еншілес кәсіпорын болып есептеледі. Бұл жүйеде 16-ға жуық ғылыми-зерттеу институты, 22-ден астам тұқым шаруашылығымен айналысатын орталықтар бар. 20-дан астам білім тарату орталығының бірі біздің институт базасында орналасқан. Ол 2012 жылы құрылған. Мұнда озық ғылыми жұмыстардың тәжірибелері, тәжірибелік жұмыстарды өндіріске енгізу, фермерлерді қайта оқыту, шетелден келіп жатқан технологияны меңгертіп, айлық курс ретінде шаруаларға сертификат беруге мүмкіндік бар.
Сыр диқандарының негізгі кәсібі – күріш шаруашылығы. Суармалы жерлердің 200 мыңға жуық гектарына жалпы ауыл шаруашылығы дақылдары орналастырылады. Күріш дақылына арналған жерлерде арнайы ирригациялық жүйелер бар. Бұл жүйе кеңестік кезеңде жасалған, өкінішке қарай, сол жүйелер 30 жылдан астам уақыттан бері жаңғыртудан өтпеген. Барлығы ескі қондырғы күйінше тұр. Соған қарамастан аудандардағы әр шаруашылық өз қауқары жеткенше атыздарды тегістеп, суару каналдарын, ішкі суару жерлерін тазалап, жарамды қалыпта ұстап отыр.
– Ирригациялық жүйелерді жаңарту үшін бюджеттен қаржы қаралмай ма?
– ПУИД бағдарламасы бойынша осы ирригациялық жүйелерді, дренаждарды қайта тазалап, шлюздердің ашып-жабылу қақпаларын қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Қызылорда облысында күріш егістігі 90 мың гектар жерге егілуі керек болса, соның 15 мың гектар жері осы бағдарламамен мемлекеттің есебінен егілуде. Егер осы жұмыстар оң нәтижесін берсе, өзге де аудандардағы ирригациялық жүйелер жаңғыртудан өтетін болады. Осындай ұсыныстар берілуде.
КҮРІШТІҢ ЖАҢА СҰРЫПТАРЫ ДА САПАЛЫ
– Облыс диқандарының еліміздің күріш өндірісіндегі үлес салмағы қандай? Сыр өңірінен өзге облыстарда да осы дақыл егіледі емес пе?
– Әрине, өзге өңірлерде де, Алматы, Түркістан облыстарында да күріш алқаптары бар. Жалпы республика бойынша 100 мың гектар жерге күріш дәні себіледі. Ал Қызылорда облысы шаруаларының 90 пайызға жуығы күрішпен айналысады. Бүгінде ішкі нарықты толықтай қамтамасыз етіп отырмыз, күрішшілердің жаңа технологияға бет бұрып, жер тегістеуде лазерлік тегістегішті пайдаланып, су жүйелерін реттеп, күріштің түрлі сұрыптарына мән беру арқылы осындай жоғары дәрежеге жетіп отыр. Бүгінгі күні аймақ жеріне егілген күріштің 75 пайызы – ресейлік сұрып, қалғаны – отандық саналатын «Маржан», «Айкерім», «Сыр сұлуы» сұрыптары. Бұлардың да өзіндік айырмашылығы бар. Мәселен, «Сыр сұлуы» күрішінің «Айкерімге» қарағанда өсу ұзақтығында айырмашылық бар, 105 күнге дейін піседі және суды аз тұтынады. Мысалы, биыл Шиелі ауданында сәуір айының аяғында егілген күріш тамыз айының 22-жұлдызында алғашқы ораққа түсті.
Биыл жаз мезгілінің өзінде күн райы құбылмалы, су тапшылығы сезіліп, өсімдік үшін қолайсыз жағдай болды. Соған қарамастан 530 мың тоннаға жуық Сыр дәні қамбаға құйылды. Мұның астарында күрішшілердің ерен еңбегі, халықтың ауызбіршілігі, су мамандарының су үлестіріп берудегі еңбегі бар десек артық емес. Ең бастысы – халықтың несібесі.
– Бұған дейінгі танымал брендтердің қатарын толықтырған күріш сорттарының қандай түрлері сұранысқа ие болып жатыр?
– Соңғы уақытта институт ғалымдарының істеп жатқан жұмыстары, еңбектері, ұсыныстары бар. Оған облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы қолдау көрсетіп, 019-бюджеттік бағдарлама бойынша осы біздің жасаған технологиямызды өндіріске енгізуге қаражат бөліп, конкурстық бағдарлама бойынша ұтып алып, әртараптандыру дақылдарынан бөлек, күріштің жаңа сорттарын шаруалар егістігіне ендіріп жатырмыз.
Институт ғалымдарының ұсынып отырған жаңа сұрыптарын өндіріске енгізетін болсақ, жақсы нәтижеге қол жеткізуге болады. Менің ойымша, шаруашылықтар бір ғана емес, кем дегенде 2-3 сұрыппен жұмыс істеуі керек. Мысалы, ерте, орташа, кеш пісетін түрлерімен. Яғни, кеш пісетін түрін ерте егіп, орташа уақытта пісетінін қолайлы уақытқа ыңғайлап, ерте пісетін түрлерін де ыңғайлап алу керек. Мысалы, «Сыр сұлуы» мен «Лидерді» өнімділігі жөнінен салыстыра алмаймыз. «Лидер» 100 центнерден жоғары өнім бере алатын қабілетке ие, ал «Сыр сұлуы» – биологиялық потенциалы бойынша 90 центнерге дейін өнім беретін, біздің жерге төзімді, тұздылыққа, ыстық-суыққа бейімделген сұрып. Өйткені бұл – өз ғалымдарымыздың өңірге арнап, топырағына бейімдеп жасаған сұрпы. Екінші артықшылығы, 1000 дәннің салмағы 36-38 граммға дейін жетеді және шығымдылығы мен шынылығы жоғары. Сол себепті де нарықта сапасы жағынан кем түспейді.
Ал соңғы жылдары бренд ретінде қалыптасып келе жатқан екі сұрып туралы айтсақ, «Айкерім» күрішінің пісіп-жетілу уақыты ұзақ, 125 күнге дейін созылады, суды көбірек қажет етеді. «Лидер» күрішіне сопақшалығы, сапасы жөнінен де ұқсайды. Бір артықшылығы, сабағының ұзындығы 120 сантиметрге дейін барса да, облыстың желді ауа райына және пирикуляриоз күріш ауруына да төзімді. Жергілікті тұқым болған соң осы жерге әбден бейімделген, сырттан келген сорттардың өзі аудандастырылмаса, өте қиын болады. Сондықтан «Лидер» сортынан көптеген шаруашылықтар өсіп, пісіп-жетілуінің ұзақтығынан сақтанып отыр. Өйткені, өнім мол бергенімен, су жетіспей, күн райы күрт салқындап кетсе, қыркүйектен әрі қарай шығынға ұшырап кетеді.
Бұлардан бөлек, тағы да 4-5 түрлі сұрыптағы күріш шығып тұр. Ендігі мақсат – оның тұқымын көбейту үшін біраз еңбек ету. Соңғы уақытта әлемдік нарыққа «Индико» деген күріш түрі қосылды. Пішіні сопақша. Әлемнің 85 пайыз күріш тұтынушылары осы тектес, осы пішіндес күрішті талап етеді. Дәл осы «Индико» сортына ұқсас келетін күріш сұрыптарының өсу уақыты ұзақ, 135 күнге дейін созылуы мүмкін. Сондай-ақ, «Айсара» деген сұрып шығарып отырмыз. Оның да дәні сопақ, шынылығы жоғары, шығымдылығы 75 пайыздан жоғары, 110 күнде пісетін сұрыптардың қатарына жатады. Бұл сұрыпты облыстың кез келген ауданында өсіруге болады. Алла қаласа, «Айсара» сұрпы күріш институтының брендіне айналғалы тұр. Бұлардың барлығы өндіріске енуі үшін қаражат мәселесі шешілуі керек.
ЖАСТАР ҒЫЛЫМҒА ЫНТАЛЫ, БІРАҚ…
– Күріш шаруашылығына ғылыми еңбектер бар ма?
– Бар. Өйткені біз тек күріштің сортын ғана шығарып отырған жоқпыз. Әртараптандыру дақылдары, соның ішінде малазықтық, бақша дақылдарымен де айналысып келе жатырмыз. Атап өтетін болсақ, түйежоңышқа, жоңышқаның «Түркістан – 15» деген сортын шығарғанбыз. Ауыспалы егісте топырақтың құнарын арттыратын өсімдіктермен де айналысып жатырмыз. Бақша дақылдарының «Балшекер», «НАТО» сұрыптары бар. Жүгерінің әртүрлі сұрыптарын сынақтан өткізудеміз. Түптеп келгенде, сегіз танаптық ауыспалы күріш егістігіне қандай дақылдарды өсіреміз дегенге біздің институттардың жасаған еңбектері, нәтижелері бар. Оларды өндіріске дұрыс жеткізуіміз керек. Дәнді дақыл егуде айналмалы ауыспалы егіс құрылымы сақталуы тиіс. Сол кезде ғана мол өнім алуға жол ашылады. Тамшылатып суару әдісін де алып келдік. Бұл жұмыста арық қазылып, жер жыртылмайды, тек тамшылатып суару әдісінің агрегаттары ғана қолданылады.
– Жастардың осы ауыл шаруашылығы саласына бет бұру деңгейіне көңіліңіз тола ма?
– Жастардың ғылымға көзқарасы ерекше, ынтасы да жоғары. Бір ғана кедергі бар. Ол – қаржылай, әлеуметтік-материалдық қолдаудың жоқтығы. Мен айта алар едім, қазақ жастарының идеясы ұшан-теңіз. Өткен жылы осы ғылым жолындағы 20 жасты институтқа алғанбыз. Өкінішке қарай, магистратураға түсу көрсеткіші өте төмен болып тұр. Себебі, басты талап – ағылшын тілін білу. Биыл бір ғана жас маман магистратураға түсті. Осы маманнан үлкен үміт күтеміз. Өйткені ол селекция бағытындағы тақырыпты таңдады. Өте білікті, білімді маман. Сондай-ақ, ғылыммен айналысушы жастар үшін микробиология және вирусология институтының зертханасы жұмыс істеп тұр. Өзімізде лаборатория жоқ емес, бар, бірақ өзінің ресурсын тауысқан жабдықтар. Соңғы 30 жылдағы құрылғылар. Ал дәл қазіргі ғылым талабына ең жоғары дәлдікпен анықтайтын құрылғының керегі анық. Негізгі талап бойынша материалдық-техникалық база 5-7 жылда жаңарып тұруы керек. Ал бізде соңғы 30 жылдықта жаңармаған. Мемлекет мемлекет болуы үшін ең алдымен ғылымын түзеуі керек. Сонда да Қазақстанның аграрлық державаға айналары анық.
ЕГІСТІК АЛҚАПТАРЫ НЕГЕ ТҰЗДАНУДА?
– Соңғы жылдардағы су тапшылығы мәселесінде күріш егістігі қандай қиындықтарға ұшырады. Күйіп кеткен алқап, күріш сортының сапасыздануы, майдалануы секілді факторлар болды ма?
– Өздеріңізге белгілі, биыл су тапшылығы қатты сезілді. Бұл биыл ғана басталған қуаңшылық емес және тек Қызылордаға тән емес. Сыр өңіріне судың өте аз мөлшерде келуі – 7-8 жылда қайталанып тұратын үрдіс. Соңғы 2-3 жылдықта су мөлшерінің азаятыны туралы ғалымдар да ескерткен. Сондай-ақ, ауыл шаруашылығы аймақтық агроөнеркәсіп кешенінің бағдарламасында 2022 жылы күріштің көлемін 40,6 пайызға дейін азайту қарастырылған. Бұл дегеніңіз – 186 мың гектар жердің көлемі жалпы егістік алқаптарын қамтитын болса, 75 мың гектардың көлемінде ғана күріш егілу керек деген сөз.
Сырдария өзенінің төменгі жағында орналасқандықтан күріш шаруашылығымен айналысу өте қолайлы. Өйткені топырақтың тез тұзданатынын ескеретін болсақ, жерасты суы біздің аймақта топырақ қабатына жақын орналасқан. Кей жерлерде 1-2 метрден су шығып жатады. Ауа райының ыстығы салдарынан булану процесі де тез жүреді. Осы екі себеппен жерасты қабатындағы тұз жер бетіне тез шығады. Сөйтіп, басқа дақылдарды егуге мүмкіндік бермейді. Міне, сондықтан күрішті мелиоративтік дақыл ретінде ауыстырып тұру керек. Тұзды шаю процесі 2-3 жыл қатарынан күріш егілгеннен кейін ғана басқа дақылдарға жол ашылады. Яғни, күріш тұзды шаяды. Айта кетерлігі, ауыспалы егісте күріш дақылын 3-4 жылда қайталап егіс тұрмаса, онда басқа дақылдарды өсіріп, баптай алмайтын жағдайға жетеміз. Өйткені қазірдің өзінде жердің екінші реттік тұздануы үрдісі, топырақ құнарының төмендеуі, деградацияға ұшырауы секілді процестер жүруде. Дәл қазіргі кезде егістік алқаптарының 70-75 пайызға тұздануын байқап отырмыз. 30 пайызға жуығы қатты тұзды аймаққа айналып жатыр. Оған бір ғана емес, бірнеше фактор әсер етуі мүмкін. Мәселен, биыл су тапшылығы салдарынан кейбір шаруашылықтар қашыртқы каналдардағы суды пайдалануға мәжбүр болды. Басқа амал қалмады. Бұл да жердің тұздану процесін арттырады. Бұлардың барлығы облыста егін шаруашылығын дұрыс қалыпта жүргізетін болсақ, ғылыми негізделген жаңалықтарға ден қоя отырып, соны өндіріске енгізу керек.
– Жалпы егін шаруашылығын әртараптандыру бағытында қандай жұмыстарды ұсынар едіңіз?
– Айта кетейін, биыл жүгері дақылының көлемі артып келеді. Институт ғалымдары қандай сорттармен жұмыс істеу керектігі, күріштің ауыспалы егістігінде малазықтық дақылдарды дұрыс орналастыру, мол өнім алу бағытында технологияларды ұсындық. Осындай жұмыстарды шаруа егістіктерінде демонстрациялық алаң ретінде көрсетеміз. Бүгінде осы еңбегіміз өзінің нәтижесін берді. Байқасаңыз, ірі шаруашылық субъектілері жүгері дақылын егуге бет бұрды. Одан бөлек, майбұршақ дақылы былтыр Қармақшы ауданында 20 гектар жерге, биыл облыс бойынша 240 гектарға орналастырылды. Мақсары дақылынан да 7-10 центнерден өнім алуға болатынын дәлелдеп көрсеттік.
Қаратау бөктерінде игерілмей жатқан жайылымдық жерлер бар. Сол жерлерге ылғал сақтағыш аквагель пайдаланып, өткен жылы 5 гектар жерге бидай мен мақсары егіп, өнім алуға болатынын дәлелдедік. Аквагель жауын-шашынның ылғалдылығын бойына сіңіріп, өсімдіктің пісіп-жетілуіне жағдай жасайды. Ешқандай суарусыз, тәлім жерлер дейді мұны. Технологиялық көрсеткіш бойынша 200 га жерге күздік бидай орналастырылды. Бір жақсысы, тау бөктері болған соң ол жерде жерасты суы жоқ. Малазықтық өсімдіктерді өсіруге бағытталған алқап десек те болады. Кеңес үкіметінің 1930-60 жылдар аралығында, қиын-қыстау кезеңде осы жерлерге бидай егіліп, өнім алынған. Одан кейінгі жылдары ғаламдық климаттың өзгеруіне байланысты жауын-шашын мөлшері азайды. Егінге нағыз ылғал керек уақытта, бидай болсын, мақсары болсын, дән балауызданып тұрған кезде күн райының қатты ыстық болып, маусым-шілде айларында жауын түспеу салдарынан өсімдік семіп, дән толық жетілмей қалады. Ал біздің институт ғалымдарының жасаған технологиясы негізіндегі аквасорбенттер көктемдегі жауын-шашынды өзіне сіңіріп алады да, өсімдіктің түптену, балауыздану, бас алу уақыттарында топыраққа енгізілген аквагель тамыр арқылы өсімдікке жеткізіп, дәннің пісіп-жетілуіне жағдай жасайды. Бұның өзінің технологиясы бар, сондай-ақ, оны себу үшін арнайы тұқымсепкіш керек. Бірақ біз қолда бар СЗТ техникасын пайдаландық. Сөйтіп, 200 гектар жерден 17-18 центнерден, яғни 3400 тоннаға жуық күздік бидай жинадық. Оны биохимиялық анализге беріп, оның сапасын тексерттік. Бидайдың норматив бойынша протеині 12 пайыз болу керек болса, бұл бізде 15 пайызды көрсетті. Ал қамырлылығы 25 пайызға дейін көрсету керек, бұл біздің бидайда 30 пайыздан жоғары бағанды көрсетті. Бұл дегеніңіз – ұнға жарамды өнім. Өкініштісі сол, аймақта ұн тартатын зауыт жоқ. Одан өзге нұсқаларын қарастырып, логистикалық жолмен көрші өңірлерге апаратын болсақ, ол да қосымша қаржылық шығындарды талап етті. Сондықтан сол жерден алынған биылғы өнімді шаруа қожалығы малазықтық дақыл ретінде сатып, шыққан шығынын да өтеді, пайдасын да көрді. Енді келер жылы 1200 гектарға жуық жерге дән себуді жоспарлап отыр. Бұлардың барлығы – ауыл шаруашылығын әртараптандыру бағытында атқарып жатқан жұмыстар. Айта кетерлігі, күріш институты тек күрішті ғана емес, басқа да дақылдарды зерттеумен айналысуға мүмкіндік барын дәлелдеп отыр.
– Уақыт тауып, сұхбаттасқаныңызға рақмет!
Сұхбаттасқан Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!