Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Қарызға өмір сүруді үйреніп алдық

07.05.2024, 11:00 2569

Балдырған  МӘМЕН:

«Бай болғым келеді». Іштей қайталап, бәрібір болмайды деу – бекершілік. Табысты тұрақты түрде жинап, істің көзін тапсаңыз болғаны. Өйткені ұсақ-түйекке дейін несие рәсімдеп немесе бөліп төлеуге алу қарыз қамытынан құтқармайды. Сондықтан қаржылық сауатты арттырып, кіріс пен шығыстың есебін білген артық етпейді. Ал өмірлік стратегия мен қаржылық мақсаттың маңызы қандай? Осы ретте «Қарызсыз қоғам» жобасының қаржы сарапшысы Балдырған Мәменмен сұхбаттасқан едік.

ҮШ  АЙДА  500  АДАМДЫ  ОҚЫТТЫМ

– «Қарызсыз қоғам» жобасының жұмысы қарқынды. Жалпы, қай жас аралығындағы қатысу­шылар оқудан өтті? Сарапшы ретінде сізді ойландырған мәселе мен таңғалдырған дерекке тоқталсаңыз…

– Жоба өткен жылдан бастап пилоттық түрде жүзеге асты. Оған республикадан 8 облыс қатысты. Бірақ Қызылорда облысы болған жоқ. «AMANAT»  партиясы бастама ретінде көтеріп, Halyk Bank қолдау білдірді. Осылайша былтыр 65 мың адам оқыды. Нәтижесінде айтылған ұсыныстар арнайы заң жобаларына енгізіліп, Парламентте қаралып жатыр. Жазда қабылданады деген үміт бар. Егер мақұлданса, қыркүйек айында күшіне енеді. Мемлекет басшы­сы Жолдауында «Қарызсыз қоғам» жобасының масштабын кеңейтуді атап өтіп, кемінде 750  мың  адам оқытылсын  деген  тапсырма  берген болатын. Биылдан бастап арнайы бағдар­лама ретінде жүзеге асып, Қызылорда облысы да енді. Мәселен, республика көлемінде 150 мың халықты, бұдан бөлек 100 мың студент, 500 мың оқушы мен колледж студенттерін қамту көзделіп отыр. Еліміздің барлық өңірінде 150 қаржы сарапшысы жұмыс істеуде. Оның ішінде Қызылорда облысында 5 маман қызмет атқарады. Ақпан-наурыз және сәуір айында Қызылорда қаласы мен Жаңақорған, Шиелі, Сырдария, Жалағаш аудандары қамтылды. Мамыр айынан бастап Арал, Қазалы, Байқоңыр, Қармақшы аумағы қосылады. Биыл Қызыл­орда облысында 8 мың адамның қаржылық сауа­тын ашу жоспарланып отыр. Сырдария ауданы бойын­ша қаржы жөнінде сарапшы болдым. 3 ай­да 500 адамды оқыттым. Әр аудандағы әріптестерім де осындай көрсеткішті алып шықты.

Жобаға қатысушылардың жасына қатысты шектеу  жоқ. Тек мектеп оқушыларына сабақ өткізе алмаймыз. Оған министрліктің қарауы­нан өтіп, арнайы бағдарлама енгізілмек. Сондықтан 18 жастан жоғары оқуға ниетті қатысу­шыларды  қабылдаймыз.

Өткен жылы қаржы нарығын реттеу агенттігінің ақпараты бойынша елімізде несие қарызы бар 8 млн 400 мыңнан астам адам бар екені айтыл­ды. Қазір кімде қарыз, несие жоқ деп ойлануға болар. Дегенмен, осы азаматтардың ішінде несиесін 90 күннен кешіктірген немесе төлей алмай жүргендер саны кей деректе 1 млн 700 мың, енді бірінде 2 млн-ға дейін деп көрсетілген. Яғни қарыз 1 трлн 400 млрд теңгеден асып кеткен. Бұл – ойландыратын сан. Мәселен, елімізде жұмыс істеуге қабілетті 9,5-10 млн адам бар дейтін болсақ, осынша азаматтың несиесін төлей алмауы ойландырады. Әрине, бұл табыс көлеміне байланысты. Сондықтан көп жағдайда табысты арттыру жолын қарастыру керек. Тіпті оқытқан азаматтардың ішінде табысы жоғары болса да, ақшасын басқара алмайтындарды көрдік. Осының бәрі сарапшы ретінде толғандырады.

–  Қаржы  пирамидасынан  пайда  табамын  деу – соқыр сенім. Желге ұшқан ақша мен жер сипап қалуға қаржылық сауаттың  жоқтығы ғана себеп  пе? Шиеленістің  шешімі  неде?

– «Қаржы пирамидасына не үшін барады?», «барып жатқан кімдер?», «неге алданып жатыр?» деген сауалға баға бере алмаймын. Бірақ өзіме кездескен кейстерді айтайын. «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында 5 күн сабақ өтеміз. Бір топта 30 адамнан 70-100 адамға дейін болады. Алғашқы күні кез келген қатысушы «ақшаны басқару соншалықты қиын ба еді?», «табыс болса жұмсағанда қиындық туындамайды?» деген түсінікте болады. Дегенмен, тест жүргізіп, қаржылық жағдайы қандай екеніне баға беріп, қаншалықты ақшаны басқаратынына көз жеткізген­нен  кейін ойлана  бастайды.

 Сабақ кезінде «инфляция деңгейі қандай?», «Ұлттық Банк бекітетін базалық мөлшерлеме неге байланысты?», «несиенің пайыздық мөлшерлемесі қандай жағдайда өсіп, төмендейді?» сынды сұрақтарға жауап береміз. Бұдан  бөлек жинақ жасаған кезде үстіне берілетін пассивті табыстың көлемі қандай болады деп есептеген кезде азаматтар сыни ойлана бастайды. Мәселен, мемлекетпен сақтандырылмаған депозиттер, сақтандыру түрлері қарастырылмаған қаржы институты мен лицензиясы жоқ күмәнді ұйымдарға ақша салған кезде неден ұтып, ұтылатынын айтамыз. Мұндай сәтте нені ескермегенін, пайыздық мөлшерлеме қалай есеп­телетінін сызып көрсеткенде алданғанын түсініп, ұтылғанын  ұғынатындар  бар.

АЗЫҚ-ТҮЛІК  АЛУҒА  БАЗАРҒА  немесе  ДҮКЕНГЕ  АШ  БАРМАУ  КЕРЕК

– Маркетингтің «құрбаны» болу белең алды. Эмоция кезінде рәсімделген несие несібеден айыра­ды. Қаржыны мақсатты жұмсаудың техникасымен  бөліссеңіз…

– Сабақта қарастыратын тағы бір модуль – кіріс пен шығысты есептеу. Оны есептеу барысында қатысушыларға міндетті түрде шығысты жазыңыздар деймін. Бұрыннан жазып жүргендерге бұл мәселе емес. Ал мүлдем жазбаған кісілерде қарсылық туындайды. «Ақшаның қайда кетіп жатқанын білеміз ғой» деп мән бермеуге тырысады. Бірақ 5 күннің ішінде жазуын талап етемін. Соның нәтижесінде кіріс-шығыс­ты есептегенде артық кеткен шығындар, есепсіз жұмсалған ақшаны біліп, өздері таңғалады. Мұндайда шығынды оңтайландыру үшін кеңес береміз. Соның бірі  эмоциялық сатып алуға қатыс­ты. Әсіресе азық-түлік алуға базарға неме­се дүкенге аш бармау керек. Қарны аш адамға алатын заты аз көрінеді де, жоспарланбаған шығындарға жол береді. Тамақтануға мүмкіндік болмағанның өзінде су ішіп бару керек. Өйткені су қарынның ашқанын уақытша тоқта­тады. Ақша­ны басқарамын деген адам сатып алу кезінде тізім жасайды. Сонда ғана ақшаны жобалап, мақсатты жұмсайды. Егер тізім болмаған жағдайда керексіз заттарды алып қоюы мүмкін. Ал эмоциялық сатып алу киім-кешек, техникаға байланысты. Біріншіден, сатып алғыңыз келген затты ұзақ қарап, киім-кешекті таңдап, алуды кейінге қалдырған жөн. Сөйтіп әркім өзіне 24 сағат ойлануға мүмкіндік беруі керек. Осы аралықта  ұмыт  болмаса, қажетті  деген  сөз.  Содан  кейін  асықпай  сауда  жасауға   болады.

– Тіпті кәмелет жасқа енді толғандар да несие алуға құмар. Өз атынан біреуге несие алып бере­тіндер де жоқ емес. Қарызы жоқ қоғам болуға мұндай қадамдар кедергі емес пе? Ал есеп-қисап, қаржылық сауаттылықты мектептен бұрын отбасын­да  үйрету  қаншалықты  қолға  алынған?

–18  жасқа толғандардың басым бөлігін студенттер құрайды. Демек, олардың мақсаты – білім алу. Бірақ қазір ата-анасына айтпай, несие алатындар бар. Қандай жағдайда, қандай себептен несие алып жатқанын білмейміз. Бәлкім, эмоциялық сатып алу болуы мүмкін. Гаджетті де алатын кезі болады. Сөйтіп төлем қабіле­ті болмаған соң кешіктіріп, ата-анасы кейін біледі. Несие тарихын бүлдіру себебі де уақытылы төлей алмаудан шығады. Қазір қаралып жатқан заң жобасында бұл мәселе назарда тұр. Бүгінгі күні елімізде 18 жасқа толғандарға несие берілетін болса, жаңа заң жобасында 21 жасқа толғандарға беру ұсынысы талқыланып жатыр. Яғни жұмыс істеу қабілеті, табыс табуға мүмкіндігі болып, ойланып несие рәсімдейтін болады. Әйтпесе көбі үлкен өмірге аяқ басып, мемлекеттік бағдарламаның әлеуетін пайдаланатын шаққа келгенде салдарын білмей, қарызға батып, бар мүмкіндігінен айырылады. Бұл – болашақта жеңілдетілген несие алып, кәсіп ашуға немесе мемлекеттік бағдарлама аясында тұрғын үй  алуына  кедергі.

Бала күнімізде еңбектеуді, жүруді, тамақ­тануды, тіпті өсе келе кітап оқуды ата-ана үйре­теді. Ал ақшамен жұмыс істеуді ешкім үйрет­пейді. Қарызсыз қоғамда өмір сүру үшін де ақшамен жұмыс істеу дағдысы қалыптасу керек. Ең өкініштісі, қарызға өмір сүруді үйре­ніп алдық. Бізге қазір қарызсыз өмір сүруді үйрену қиынға соғады. Үнемі несие алып, ақша жетіспеушілігін сезген отбасыда тәрбиеленіп жатқан балаларда «қарызсыз өмір сүруге болады» деген түсініктің жоқтығы қорқытады. Ондай кейстерді көрдім. Ата-анасына қажетті затты алу керек болса, балалары «мынадай банкке барып көріңіз, осынша пайыздық мөлшерлемеде несие алуға болады» деп айтып жатады. Мені қынжылтатыны да – осы. Сол үшін ата-ана ақшамен  жұмыс  істеуді  үйреткенін  қалаймын.

«Қарызсыз қоғам» жобасы аясында «AMA­NAT»  партиясы мектепте қаржылық сауатты­лық үйретуді ұсынып, министрлік оқу құралдарын дайындап жатыр. Яғни кез келген дамыған мемлекет сияқты 18-ге толған азаматтар ақшамен қалай жұмыс істеу керегін біледі. Өздерінің брокерлік шоты бар, акция, облигация сияқты бағалы қағаздары болады. Сондай деңгейге жеткізетіндей мектептен бастап үйрететін бағдарлама енгізу көзделіп отыр. Оқушылардың бірден бейімделетіні анық. Себебі жастарға үйрету жеңіл болар еді, үлкендерде дағды қалыптасып қалған. Егер үйренуге ынталы адам болса, қатаң қағида, көзқарасты жоюға болады. Сонда нәтижеге де қол жеткіземіз.

ӘР  АДАМ  ӨЗІНЕ   АЙЛЫҚ  ТӨЛЕУІ  ТИІС

– «Үнемдеу – қарызданбауға инвестиция». Демек көрпеге қарай көсілудің айыбы жоқ. Бірақ қазір сараңдық пен жомарт болудың жөнін шатысты­ру  көп.  Бұған  не  дейсіз?

– Сабақ барысында қаржылық мақсат тақырыбын қамтимыз. Кез келген азаматтың «кім болғым келеді?», «алдағы бес жылдықта өзімді қалай көремін?» деген сұрақтарға жауабы болса, соған сәйкес қаржылық мақсаты болатын еді. Көп жағдайда үнемдей алмай, қарызға бату – өмірлік стратегияның және қаржылық мақсаттың айқын болмауынан. Карточкаға табыс түскенде 20 минут, жарты сағат ішінде жоқ болады. Қатысушылардан «ақшаны қайда жаратасыздар?» деп сұраймын. Алдымен несие, дүкендегі қарызды төлеп, азық-түлік алып, одан артылса, коммуналдық қызметті төлейміз дейді. Ал «өзіңізге айлық төлейсіз бе?» деп тағы сұрақ қоямын. «Табысты онсыз да өзімізге жаратып отырмыз ғой. Киім-кешек, дәрі-дәрмек, азық-түлік аламыз, салонға барамыз» деген жауап естимін. Егер адам өзіне киім-кешек алатын болса, материалының жібін шығаратын зауыттан бастап, сауда үйіне келгенге дейінгі адамдардың айлығын төлеп тастайды. Негізінде табыс түскеннен кейін жоқ дегенде 5-10 процентін жинақ ашып, сақтаған жөн.  Оны болашаққа құйған шағын инвестиция деп қарастыруға болады. Тіпті аяқ асты болған шығындарды өтеп береді.

Қаржылық жоспар барда артық ақша шашу дағдысы болмайды. Тапқан табыстың әр көрсет­кішін ай сайын мақсатты жұмсауға жоспарлап қояды. Ақшаға келгенде теріс түсінік қалып­тасқан. «Ақша – қолдың кірі» деп жұмсап жіберуге тырысады. Мұның артында «жұрт мені сараң деп айтып қалмасын» деген ой да бар. Шын мәнінде келесі адам сіздің болашақта қандай мақсатыңыз, қаржылық жоспарыңыз бар екенін білмейді ғой. Сондықтан көп ойымен ілеспей, қаржыны  тиімді  жұмсауды  меңгерген  абзал.

– Қарызсыз тірлік етіп, қамсыз қарттық үшін қаржылық қор қалыптастырудың маңызы зор. Десек те сылтау мен себеп көп. Сіздіңше, ақша жинауға  не  кедергі?

– «Қарызсыз қоғам» жобасы аясында мүмкіндік құны терминін таңдаймыз. Яғни осы жасқа дейін қандай мүмкіндікті жіберіп алдық. Оған мысалдар да келтіремін. Яғни «зейнет жасы­на дейін қанша уақыт қалды және оны қалай пайдалану керек?» сұрағын талқылап, есептейміз. Зейнетақы қоры, жинақтардың дәл қазіргі деңгейі туралы мәселені де көтереміз. Зейнетақыға қатысты 2 бөлім бар. 1980 жылға дейінгі туғандар үшін соңғы 3 жылдағы табыс есептеледі, 1980 жылдан кейін туғандар үшін 25 жылда зейнетақы қорына түскен жинақты зейнетақы ретінде бөліп береді. Ал мүлдем жұмыс істемеген немесе зейнетақы қорына ақша салмағандар үшін ойланатын жағдай. Жылдың басында еңбек министрлігі 1980 жылдан ке­йін туғандарға да зейнетақы тағайындайтынын айтты. Бірақ тек базалық түрде. Қазір ең минимум базалық зейнетақы – 28 мың, максимум 42 мың теңгені құрайды. Ал бұл ақшаға өмір сүру мүмкін емес. Сондықтан сабақ барысында мұның бәрін тәптіштеп түсіндіреміз. Соның нәти­жесінде 60-тан астам қатысушы үш түрлі мақсатта депозит ашты. Бірі – қауіпсіз қарттық, енді бірі – тұрғын үй, келесісі балалардың оқуына  ақша  жинауда.

– Жалпы қоғамда ақшаға қатысты критикалық ойлау қай деңгейде?

– Жобаға қатысушылардың басым бөлігі жұмыссыздар мен қоғамдық жұмыс істейтін азаматтар болды. Сондықтан критикалық ойлау жүйесінен бұрын ол кісілерде ақпараттың болмағандығынан немесе осыншалық ақпаратты ерте алмағанынан ақшаға қатысты жаңсақ пікір қалыптасқан. Тәжірибе жүзінде де қате шешім қабылдаған тұсы барын көрдік. Жобадан кейін көзқарастың өзгергені қуантты. Яғни болашақ үшін депозит ашып, қаражат жинауының өзі ойы  өзгергендігі  деп  білемін.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

Әңгімелескен

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: