Әке тәлімін сіңірген адам өмірде қате қадам жасамайды. Өнегелі тәрбие деген ұғымның бастауы, міне, осында жатыр. Ол бала күнінен әкесінің тағылымды тәрбиесін бойына сіңіріп, өміріне адами азық жинады. Асыл қасиеттерінің арқасында айналасына абыройлы болды. Өмір жолында әкесінің «кісі ақысын жеп, көңіліңді кірлетпе» деген бірауыз сөзін қасаң қағидасына айналдырып, халқының құрметті азаматы атанды. Саналы ғұмырын аймақтың әлеуметтік-экономикалық дамуына арнаған, оның ішінде экология саласына ерен еңбегі сіңген Қуанышқали Шапшаңов – осындай ардақты азамат. Қазір бір-екі жыл басшылық қызметте болғандардың дені кісіге де, кішіге де кекірейіп, түкірігі жерге түспей қалады. Ал Қуанышқали ағамызда ондай олқы қасиеттер атымен жоқ. Оның басқалардың бойынан көріне бермейтін бекзат болмысы, қарапайымдылығы, кісіге кішіпейілділігі өз алдына бөлек әңгіме. Қарапайымдылық – қағидасы. Биыл сексеннің сеңгіріне аяқ басқан ақсақалдың шаңырағына арнайы барып, сүбелі сұхбат құрған едік.
«ӘДІЛДІК, ШЫНДЫҚ ҚАЙ ЖЕРДЕ ДЕ ЖЕҢІП ШЫҒАДЫ»
– Аға, алдымен сізді 80 жасқа толған мерейтойыңызбен «Халық» газетінің ұжымы атынан шын жүректен құттықтаймыз! Деніңіз сау, отбасыңыз аман болсын! Енді алғашқы сауалымызды еңбек жолыңыздан бастасақ. Көп жылдар бойы аймақтың экологиялық мәселелерін шешуде аянбай еңбек еттіңіз. Тіпті аймақ басшысымен де «ашық айқасқа» түскен кездеріңіз болды. Сонда көтерген мәселеңіз оң шешімін тапты ма?
– Облыстың алдында тұрған ең үлкен міндеттердің бірі – «Байқоңыр» ғарыш айлағы. Бұл – қазір де күн тәртібіндегі күйіп тұрған мәселелердің бірі. Одан ұшырылатын зымырандар, олардан тарайтын улы, уытты заттар халықтың денсаулығына кері әсерін тигізеді. Айналып келгенде зымыранның зардабын қарапайым халық шегеді. Осы бір мәселені мен аймақ басшылығының алдында да көтердім. Республикаға да хат арқылы үнімді жеткіздім. Бұрыннан қалыптасып қалған дүние болған соң, сөзіме құлақ асып, мақұлдана қойған жоқ. Дегенмен, кейіннен бірте-бірте шешімдер қабылдана бастады. Экологиялық жеңілдіктерге де қатысты мәселелер болды. Облыс басшылығы оны алып тастауға бекінгенде, бұл қанша жұртқа қиянат болатынына табандылық танытып, бұл бастаманың қисық әрекет екендігін жеткізуге тырыстым. Нәтижесіз болған жоқ. Әділдік, шындық қай жерде де жеңіп шығады.
– «Байқоңыр» ғарыш айлағы жайында айтып қалдыңыз. Қазір Ресей-Украина қақтығысы әсерінен Батыс елдері Ресейге көптеген санкция салды. Бұл өз кезегінде зымыран бөлшектерін дайындауға Ресей үшін біраз қолбайлау болып қалды. Соның салдарынан зымыран ұшыру да азайып келеді. Қалай ойлайсыз, «Байқоңырымыздың» болашағы бар ма, жоқ па?
– Қазір зейнет жасындағы адам болғаннан кейін, бұл тұрғыда аймақта, республикада қандай іс-шаралар болып жатқанын білмеймін. Бірақ, Ресей «Байқоңыр» ғарыш айлағын пайдалануға байланысты жұмыстарын бірте-бірте қысқартып келе жатыр деп ойлаймын. Бұл – менің жеке пікірім.
– Осыдан екі жыл бұрын Арал өңірінде жаппай мал қырылды. Себебін қуаңшылыққа әкеліп тіреді. Бірақ, бұның астарында басқа да себептер бар сияқты. Осыған не айтар едіңіз?
– Бұны айту маған қиын. Бұл қуаңшылықтан болды деп пікір білдіре алмаймын. Оған «Байқоңыр» ғарыш айлағының әжептәуір әсері бар. Ғарыш айлағынан ұшырылған зымыранды бақылап отыратын қазір тетік жоқ. Ол бақылауда болмағаннан кейін «пәлен-түген» деп те ешкімге ештеңе айта алмайсың. Қазір көршінің (Ресейге. – авт.) көңіліне келуге болмайды деген тыйым көп. Мүмкін соған да байланысты шығар. Ұшырылған зымыраннан келетін зияндарды жеңіл-желпі қабылдамай, әлде де нақты шаралар қабылданса жақсы болар еді.
«СУДЫҢ ТАПШЫЛЫҒЫ СЫРДЫҢ ТӨМЕНГІ САҒАСЫНДАҒЫ ЕЛГЕ ОҢАЙҒА СОҚПАЙДЫ»
– Сырдария суының тартылуы аймақтың шаруашылығын шатқаяқтатып тұр. Білікті, тәжірибелі эколог ретінде болашақта су тапшылығы болмау үшін қандай шараларды іске асыру қажет?
– Бұл мәселе мені де қатты толғандырады. Бұл – аймақтық қана емес, бүкілхалықтық мәселе. Бейжай қарап, өте салатын шаруа да емес. Қызылорда облысы ауыл шаруашылығы саласымен алға жылжып келе жатқан аймақ. Енді сусыз шаруашылықтың да өне қоймайтыны бесенеден белгілі. Негізгі су қоры – қырғыз еліндегі «Тоқтоғұл» су қоймасынан. Содан соң жағалай Қазақстан аумағындағы «Шардара» су қоймасы мен «Көксарай» су реттегіші арқылы реттеліп отырады. Өзбекстан жұртшылығы да өзен суын жыл он екі ай ауыл шаруашылығына қолданады. Сол себепті, судың тапшылығы Сырдарияның төменгі сағасындағы елге оңайға соқпайды. Қазір техника, технологияның дамыған заманы. Суды үнемдеу процестері жүзеге асырылса, мәселенің сәл де болса түйіні шешілген болар еді.
– Аймағымызда көркейту-көгалдандыру жұмыстары әлі де ақсап тұр. «Атадан мал қалғанша, тал қалсын» деп ұрандататын ұлттың ұрпағы осы жұмысқа келгенде сәл кежегесі кейін тартып тұратын сияқты. Әлде экологиялық ахуалдың әсері бар ма?
– Экологиялық ахуалдың оған ешқандай қатысы жоқ. Жұмысты әркім өзінің ауласынан бастауы керек. Есігінің алдына осындай мезгілде он шақты тал егетін болса, соның кемінде бесеуі гүлдейді. «Қызылордаға тал өспейді» деген көпшіліктің көкейінде қалып қойған стереотипті алып тастау керек. Экологиялық ахуалға байланысты қарайтын тұстар да бар. Мәселен, біздің облыстың ауа райына сай келмейтін өсімдіктер бар. Оларды қанша өсірсең де, біздің құрғақ ауа райына шыдамайды, өспейді. Бірақ, аймақтың күн райына бейімделген өсімдік көп. Соларды ексе, ауласын жасыл желекке айналдырса, өзіне де пайдалы, табиғатты қорғауға да үлесін тигізер еді. Бұл мәселеге келгенде билікті немесе басқаны кінәлап отыруға болмайды. Әркім өзінен бастау керек барлық нәрсені.
«ӨМІР ЖОЛЫМДАҒЫ ӘР ЖЕТІСТІГІМ ӘКЕМНІҢ ӨНЕГЕЛІ ТӘРБИЕСІНЕН БАСТАУ АЛАДЫ»
– Сіз кешегі Кеңестік кезеңде, одан қалды, Тәуелсіздік алғаннан кейінгі жылдары да біршама басшылық қызметте болдыңыз. Сол екі дәуірдегі билік, басқару жүйесінде айырмашылықтар бар ма?
– Кешегі мен бүгіннің арасында үлкен айырмашылық бар. Ол қай кезде де солай. Бұрын Экология министрлігі, жергілікті жерлерде экология басқармалары құрылған кездегі жауапкершілік, қабылданған заң, оның шарттары, оны орындау және заң шеңберінде жұмыс істемегендерді жазалау жұмыстары өз деңгейінде атқарылатын. Қазір талай заңдар өзгеріп, талай заңдар қайтадан қарастырылып жатыр. Енді бүгінде қоршаған ортаны қорғау бойынша істеліп жатқан теріс іс-қимылдарға ешқандай шара қолданылмайды. Менің ойымша қоршаған ортаны қорғау жөніндегі заңды күшейту үшін, әсіресе халықтың өз жауапкершілігін арттыру үшін қосымша заң талаптары қосылу керек деп ойлаймын.
– Аға, сіз экосала ардагері ретінде облыста қандай жұмыстар ақсап тұр деп ойлайсыз?
– Енді заман дамып, технология алға шығып жатыр. Өмір сүру деңгейі де жақсарды, жеңілдеді. Бұрынғыдай үйге от жағып, күйелеш болып, көк түтінге малынып жүру деген жоқ. Газбен қамту жұмыстары жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Аймақ 100 пайыз қамтылмаса да, біршамасы газдың игілігін көріп отыр. Реті келсе, осы бастама жолда қалмай, ауыл-аймақ түгел қамтылса деген ойым бар.
– Өмір жолыңыз көпке үлгі. Қарапайымдылығыңыз да. Тағдыр жолыңызда «әттеген-ай» деп қалған тұсыңыз бар ма?
– Жоқ, ешқандай, ештеңеге де өкінішім жоқ. Өзім 13 жастан еңбекке араластым. Ол кезде әке-шешем еңбекке жарамсыз болды. Бізді олар есейіңкіреп барып көрген. Сондықтан болар, бала күнімнен санама «ата-анама көмектесуім керек» деген оймен өстім. Олар бізге «жұмыс істе» деп міндеттеген жоқ. Сонда да ертерек еңбекке араласып, маңдай термен еңбекақы табатынмын. Ауылда біздің үйді «үлкен үй» дейтін. Әкеміз барлығынан жасы үлкен болған соң, ауылда сапарға шығатындар үйге келіп, сол кісінің батасын алып кететін. Ауыл халқы әкемнің адалдығына сеніп, базарға сатып келуге қойларын қосып жіберетін. 50 үйден 10 қойдан айдап, қалаға қойларды сатып келуге кететін. 500 қойды айдап кетеді солай. Ол заманда ақша жоқ, сөйтіп мал сатып күн көреді. «Еділбай» қойы 75-80 сомнан сатылады. Сөйтіп үйге келген соң сатылған малдың тізімін жасап, ақшасын есептейді. Әр 10 қойды алдымен тізіп шығып, оларды қаншаға сатқанын есептеп шығарады. Сонда әкеме көмектесіп, тізім жасап отырған мен әр үйдің қымбатқа сатылған қойының үстіндегі 5 тиынын жырып қалғым келіп тұрады, баламын ғой. Барлығын жазып болғаннан кейін әкем «оқып жіберші қайтадан» деп айтады. Мен оқып келе жатамын да, біреудің 85 сомға сатылған қойының 5 сомын кем айтып, «80 сом» деп оқып жіберемін. Сонда әкемнің адалдығы және есте сақтау қабілетінің мықтылығы, «қой пәленшенің қойы 85-ке сатылды, қате айтпа» деп отыратын. Кейін әкем шақырып алып, арқамнан қағып қойып «балам, бізге артық дүние жақпайды, кісі ақысына көзіңді сүзбе» дегені бар. Бұдан бөлек, мен мектепте өте жақсы оқыдым. Ол кезде дәптер жоқ, кітаптың ашық жерлеріне жазатынбыз. Сол сабақты өте жақсыға оқығаным үшін маған марапат ретінде 10 дәптер берді. Сонда әкем мені мектептен үйге дейін иығына салып алып, «менің осы балам адам болады, менің осы балам адам болады» деп, үйге жеткенше айтып барды. Осыдан кейін әке үмітін ақтамай көр. Менің өмір жолымдағы әр жетістігім, әр табысым әкемнің өнегелі тәрбиесінен бастау алып жатыр. Тағылымды тәрбиеге қанық өскен адамның өмірде өкініші болуы мүмкін емес.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан
Әйгерім НАЖМАДИН.
Суретті түсірген Б.Есжанов
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!