Рахат БЕКБОЛАТ,
Ауыр атлетикадан жастар арасындағы
әлем чемпионатының екі дүркін чемпионы:
Өңіріміз көк туымызды желбіреткен айбынды спортшыларға бай. Оның ішінде ауыр атлетикадан талай чемпиондарды даярлап шығарған үлкен шеберхана десек те болады. Кез келген ірі жарыстарда да, Олимпиада ойындарында да ел қоржынын алтынға толтырып, мерейімізді үстем ететін – осы спорт түрі. Дегенмен, соңғы уақытта спортшыларымыздың басына қара бұлттай үйірілген допинг дауының әсерінен бұл спорттың дамуы сәл бәсеңденіп қалған еді. Илья Ильин, Алмас Өтешов секілді зілтемірді «жіптей» көтеретін жарық жұлдыздарымыздың жалғасы кім болар екен деп жүргенде, 16 жастағы ауыр атлетші Рахат Бекболат қос білектің күшімен көпті таңғалдырып жүр. Жастар арасында Азия, одан қалды әлем чемпионаттарында қарсыластарына дес бермей, оқ бойы оза шауып жүрген зілтеміршімен жеке кездесіп, спорттық мансабындағы алдағы жоспарлары жайында аз-кем әңгімелескен болатынбыз.
АЛҒАШЫНДА КҮРЕСКЕ ҚАТЫСҚЫМ КЕЛГЕН…
– Спорттың дәл осы түрін таңдауға не әсер етті? Жалпы, спортқа қалай келдің?
– Спортқа бала кезімнен қызықтым. Теледидардан өзіміздің жерлес ағаларымыз үлкен шыңдарды бағындырып жатқанын көріп қызығатынмын. Сөйтіп, бар-жоғы 6 жасымда Орталық стадиондағы спорт мектебіне бардым. Алғашында күреске қатысқым келді. Дегенмен, жасымның кіші болғандығынан мені ешқандай спорт түрі қабылдамады. Ұнжырғам түсіп үйге қайтып бара жатқанымда Нұржан Смаханов ағайым артымнан жүгіріп келіп, хал сұрасты. Жағдайды естіп, өзі баптайтын ауыр атлетикаға шақырды. Қуана келістім. Спортшы болуды армандайтын жас бала үшін бұның өзі үлкен жетістік еді.
– Демек, бастапқы кезде спорт мектебіндегі ең жас тәрбиеленуші болдың ғой?
– Иә, алғашында өзімнен ересек спортшылармен дайындалдым. Менің жігерімді арттырған да осы жағдай деп ойлаймын. Себебі, өзіңнен үлкен спортшылардың нәтижесін, шеберлігін көріп, соларға жеткім келді. Соларды басып озуға ұмтылдым. Алғашқы жарыстарда да өзімнен ересек балалармен сынға түсіп жүрдім.
– Алғашқы жарысыңды еске түсірсек…
– Жоғарыда айтқандай, өзімнен үлкен спортшылармен сынға түсетінмін. Сол себепті басында үнемі жеңілістерге ұшырап жүрдім. Қарсыластарым өзімнен 4-5 жас үлкен болды. Тиісінше, олардың күші де басым болатын. Жасым кіші болуы жеңілгеніме сылтау емес деп түсіндім. Барынша жаттыға бердім. Балалық шағымды толықтай спортқа арнадым десем де болады. Соның жемісін кейінірек көре бастадым.
«ЧЕМПИОНСЫҢ» ДЕП ТОПТЫҚ ТӨБЕЛЕСКЕ
ШАҚЫРАТЫНДАР ДА КЕЗДЕСТІ
– Балалық балғын шақты кәсіби спортқа алмастыру қаншалықты қиынға соқты?
– Аса қатты қиын емес. Себебі, мен бала кезімнен спортпен шұғылданып келе жатқандықтан қазіргі жастар қызығатын дүниелер маған таңсық. Керісінше, спортқа келгеніме қуанамын. Дегенмен, кейде отбасыңмен бірге демалғың келеді. Арасында қыдырып, серуендеу де болып тұрады. Қалаға келгенімде жаттықтырушының рұқсатымен бірнеше күнге демалыс аламын. Сонда спорттық режим сәл бұзылады. Алайда қайта жаттығып, бұрынғы қалыпқа тез оралуға тырысамын. Әлем чемпионы болғандықтан кейбір құрдастарым топтық төбелестерге де шақырады. Ондайдан бірден бас тартамын. «Кішкентай баласыңдар ма?» деп жауап қатамын. Одан соң, өздері де ойланатын шығар. Кейбіреулер «спортшы болмағанда немен айналысар едің?» деп сұрайды. Мен ол сұраққа жауап бере алмаймын. Себебі, бала кезімнен спорттан басқасына мән бермеппін.
– Алғашқы әлем чемпионаты қалай өтті?
– Ең алғаш әлем чемпионатына АҚШ-тағы Лас-Вегас штатына бардым. Ол кезде бар болғаны 15 жаста болатынмын. Қызылордадан шыққан жас балаға ондай үлкен қалаға бару үлкен жаңалық еді. Айналамда болып жатқан құбылыстардың барлығына таңғалып жүрдім. Биік ғимараттар, қаланың көркем көрінісі қатты ұнады. Әдепкіде алтыннан үмітім болмады. Алғашқы үштіктен бой көрсетсем болды деп жүргенмін. Дегенмен, алғашқы жұлқа көтеру сайысынан кейін қарсыластарымды жеңуге мүмкіндік бар екенін сездім. Серпе көтеру менің оң жамбасыма келеді. Сол сайыста үнемі үздік шығатынмын. Қарсыластарым ұпай саны бойынша көп ұзап кетпегеннен кейін серпе көтеру сайысында оңай жетіп алатынымды сездім. Нәтижесінде, алғашқы әлем чемионатымда жеңімпаз атандым. Одан кейін Азия чемпионатында Илья Ильин ағамыз орнатқан әлем рекордын жаңарттым. Бұндай жетістіктерге сол спорттағы ағаларымыздың да көмегі көп болды.
– Мәселен…
– Алғашқы әлем чемпионаты кезінде Илья Ильинмен бір жаттығу залында дайындалдық. Сонда берген кеңестері өте көп болды. Одан бөлек, Александр Зайчиков маған техниканы өзгертуді ұсынды. Ұсынысын қабыл алдым. Шынында мен қолданған техника қолайсыз екен. Ағаларым көрсеткен жол арқылы нәтижем де біртіндеп жақсара бастады. Қазіргі таңда жаттығу кезінде көтерген ең ауыр салмағым – 373 кг. Жұлқа көтеруде 163 кг-ды еңсерсем, серпе көтеруде 210 кг көтердім. Дегенмен, осы нәтижені жарыстарда қайталай алмай жүрмін. Не дегенмен халықтың алдында өнер көрсету қиынырақ.
НӘТИЖЕМДІ ОДАН ӘРІ ЖАҚСАРТҚЫМ КЕЛЕДІ
– Әлем чемпионы болудың жүгі қаншалықты ауыр?
– Алтынды жеңіп алғалы көптеген БАҚ өкілдері мен жайлы жаза бастады. Өзің жайлы сырттай оқыған қызық екен. Дегенмен, өзімді жұлдыз санамаймын. Әлі де дайындықты көбейту керектігін білемін. Себебі, Олимпиада шыңын бағындырсам деймін. Қазір ересектер арасындағы әлем чемпионаттарын бақылап, болашақ қарсыластарымды көріп отырамын. Оларға психологиялық түрде дайындықты бастап та кеттім.
– Әне-міне дегенше жылды да аяқтадық. Өткен жылға өкпе, келер жылға мақсат бар ма?
– Өткен жылға өкпе бар. Себебі, карантин кесірінен жаттығу залы жабық болды. Үйде дайындалуға мәжбүр болдық. Жаттығу болмаған соң спортшыда регресс болатыны түсінікті. Одан бөлек, соқырішек инфекциясымен операцияға түсуге тура келді. Ол кезде де жаттыға алмадым. Солардың әсерінен әлем чемпионатын жеңсем де, көрсеткен өнеріме өз көңілім толмады. Осы үшін сәл қапаланамын. Алдағы жылы осы олқылықтардың орнын толтырсам деймін. Өзімнің рекордымды жаңартып, биіктен көрінсем деген ой бар. Құдай қаласа, Олимпиададан алтын алып, ел мерейін үстем ететін боламын.
– Әңгімеңе рақмет! Алдағы спорттық мансабыңа сәттілік тілеймін.
Сұхбаттасқан Бекзат АМАНОВ
Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!