Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Өнерімді атақ-мансапқа айырбастамадым

13.03.2025, 8:20 106

Елмұра  ЖАҢАБЕРГЕНОВА:

Ата-баба  аманатын  жырмен жеткізіп,  саф  өнердің  өресіне көтерілу екінің  бірінің  қолынан келе  бермейді. Аңқасы  кеуіп, тынысы  тарылған  теңіздің тағдырындай  күй  кешсе  де, өмір мен өнерге өлердей ғашық. Жаны жап-жарық. Бағамдасаңыз, біз ҚР Еңбек  сіңірген  қайраткері, жыршы-жырау  Елмұра Жаңабергенова  туралы  айтып отырмыз. Сәрсенбілік сыр-сұхбатта ғұмырбаяны  жайында  жұмыр ойын  біліп,  жыраулық  жолдың  жауапкершілігін  сөз  еттік.

МЕНІ  МҮЛДЕМ  ЖОҚ  ҚЫЛҒЫСЫ  КЕЛГЕНДЕР  ДЕ  БОЛДЫ

– Уақыт зырғып, жылдар жылжыған сайын өткен мен бүгінді ой елегінен өткі­земіз. Осы тұста, әңгімеміздің әуелгі сұрағын өміріңіз бен өнеріңіздегі сүйініш пен күйініштен бастасақ… Уәдеде тұрамын деп, көп нәрседен айырылғаныңыз­ды, бұл құндылықтың жойылып кетпегенін қалайтыныңызды жазған едіңіз. Құшақтап тұрып, қабырғаңды санап кететін, күншілдікпен күңкілді көбейтетіндермен уағында қош айтысасыз ба? Айтыңыз­шы, өз өмір дастаныңыздың  атын  қалай  қояр  едіңіз?

– Өмір – өзен. Дәл осылай атайтын едім. Өмір – өзен секілді өз ағысымен кете береді. Бірақ кейбір адамдар соған кірісіп, ағысты басқа жаққа бұрғысы келеді. Өмірімді ластап, қаралап, барымды тартып алғандар да, қорлағандар да, тіпті қол салып, мені мүлдем жоқ қылғысы келгендер де болды. Жас­тық шағымнан көрген қиыншылықтарымнан жылап, өксіп, «мына өмірдің қандай қызығы бар?» деп баз кешкенім де есімде. «Ақыл-ойдың емханасы – кітап» деген ұлылардың сөзі бар. Кейін білім алып, жақсылармен араластым. Көп кітап оқып, жыр-дастан, терме-­толғауларды жаттап, өз жанымнан да шығара бастадым. Сонда менің емха­нам жүрегімнің түбінде болған ғой. Рухымды биіктетіп, санамды кірлетпеуге, жанымды жараламауға көмек­тескен екен. Әйтпесе дәл сондай қиыншылықтарды психологиялық тұрғыда көтере алмай, бәлкім, өзімді басқа жолға салып, қинап  жіберген  болар  ма  едім?!

Қазір өзенім таза, өз ағысымен, өз жолымен, ақырын келе жатыр. Ол қатты сарқырап ағып та, біреуге кедергі келтіріп те жатқан жоқ. Өз қалпында, арман-мақсатымен, жоспарлы түрде жылжуда. Ол өзеннен талай адам нәр алды, білім алды, өзін тазалады. Шәкірттерім, балаларым, бауырларым, кейбір достарым өз жолын тауып кетті. Сондықтан менің қасыма келіп адасқандар, жолымда жүріп шатасқандар жоқ. Жала жабатын дұшпандарым болмаса, жалпы, көңілім тыныш. Мені ренжітіп, көңілімді қалдырып, жала жауып, болмаған нәрсені болды, жаса­маған нәрсені жасады дейтін кейбір кісілерді біліп, көзім жеткеннен кейін үзілді-кесілді арақатынасымды үземін. Бірақ көрсем сәлемім түзу болады. Алысып-жұлыспаймын, айқайласпаймын. Ал бір адамды жақсы көрсем, құрмет  тұтамын.

Біреу сені жаралап, ренжіткеннен кейін  ол  адам мүлдем өмір сүрме­сін деген жоқ қой. Әйтеуір оның да қоғамға бір пайдасы болуы мүмкін. Сол үшін жамандық ойламайсың, жақсы болсын, жолы болсын деп қоясың. Оның үстіне жыр-толғауды оқып, оны жаттап, әдемі насихаттарды елге айтып жүргеннен кейін біреуді жаман, біреуді жақсы, бай немесе кедей, ақ болмаса қара деп айта алмаймын. Бас­тысы, ақ болсаң Құдай жақ деген. Рас, соңғы жылдары біраз қиыншылық көрдім. Бірақ өмірім солай. Бірде қина­лып, құлап, қайта тұрамын. Енді бірде «болдым ба осы» деген тұста аспанда ұшып жүргендей күй кеше­мін. Бәрі – өнердің арқасы. Өнер айдынымның, өмір  өзенімнің  тазалығы мен адалдығы шығар деп ойлаймын. Маған қамқор, тілекші жандардың  бары­на  шүкір  етемін.

ҚАРА  ДОМБЫРАНЫ  ТӨРІНДЕ  ІЛУГЕ  ҚОРЫҚТЫ

– Жыраудың қоңыр үні «қоңырау» іспетті. Рухты оятып, құндылықтың құлды­рауын  бөгеп, сананы сілкіп тас­тайды. Тарих таспасын айналдырсақ, ханның  кеңесшісі атанып, тіпті алда­ғыны болжаған дәуір дүлдүлдері бар. Бүгінгі күні жыршы-жыраудың дауысы қоғамға қаншалықты естіліп жүр? Ал, көмейіңізден күмбірлеп сөз төгіліп жатқанда жүрегіңіз не сезінеді? Нені  ойлай­сыз?

– Қоғамдағы небір саяси оқиғаға, құбы­лысқа байланысты кейде тұншы­ғып, санадан сылып тастайтындай, жырау­лық өнер жоғалып кететіндей қаупі болды. Жыршы-жырау, ақын­дарымыз сондай азапты, қиын кезеңдерді бастан өткерді. Кеңес үкіметі кезінде халық жауы атанып, халықтың алдында бүкіл жағдайын түсіріп, итжеккенге айдап, ату жазасына дейін абақтыға қамалып, қорлық көрген де солар. Тіпті қазақтың екі ішекті қара домбырасының өзін үйінің төрінде ілуге қорқатын замандар болды. Сондай кезеңде бәрінің миын улап тастағандай, жыршы-жырауды көрсе үркіп қарайтынды шығарды. Бірақ қандай қиындық болса да, халық тудырған, халықтың арасынан шыққан небір талант­ты, дарынды, бір-бірін қайталамайтын жыршы-жырау ұл-қыздарымыз дүниеге келіп, солардың қажымас қайраткерлігінің арқасында бұл өнер тәуелсіздік алған тұста қайтадан сахнаның төрінен орын алды. Кейбір кездерде бір жағдайлар болды, тіпті ол өз басымнан да өтті. Сол 1995-1997, 1998-2000 жылға дейінгі аралықта терме сөзді түсінбей, көп сахнада айтқызбай, көп жерде орындалмады.  Белімізді  бекем  буып, жыраулық өнердің әрі қарай жалғасын табуына еңбекқорлығымызбен  жетіп  отырмыз.

Бүгінгі күні жыршы бар, жырау жоқ сынды түрлі әңгіме де айтылып жүр. Ғылымға сүйенсек, бұрынғыдай жырау­ларды табу, әрине, қиын болуы мүмкін. Меніңше, әр заманның, әр қоғамның, әр уақыттың өз жырауы бар. Жоқ деп айтуға болмас. Қазақ халқы тұрғанда, оның  қаны мен жаны тірі болғанда жырау да біте қайнаса бермек. Егер, қазақ халқы түп-тамыры­мен жойылып, бір адам қалып, ол да жоқ болып кетсе, жырау өлді деп айтар едім. Ал әзірге тіліміз бен діліміз, әніміз бен жырымыз, оны орындаушы­лар мен жанынан шығарушылар барда жыр жоғалмайды. Бұрынғыдай Бұқар жырау, Асан қайғы, Қазтуған сынды хан-патшалардың қасында дауысы шығып, билік жасап, өзінің сөзін тыңдатып, халық пен ханның арасында алтын көпір бола алмай жатса да, бүгінгі жыршы-жыраудың белгілі бір мүддесі бар деп ойлаймын. Мысалы, қандай да бір жырауды тыңдаған ұрпақ салт-дәстүр мен әдет-ғұрпын, өнері мен мәде­ниетін, тарихы мен әдебие­тін, жалпы қазақ халқын танып, тектілігі мен бекзадалығын жоғары қояды. Қазір біздің білгенімізді бөлісіп, тәрбие­леп жатқан шәкірттеріміздің бірі  мықты  орындап, енді бірі әлсіз болуы да мүмкін. Бірақ олар жоқ дегенде екі-үш, көп дегенде сегіз-он дастанды жатқа білетіні анық. Кейбірін жатқа білмесе де мазмұны, оқиғасы ойы мен жүрегінде сақталған қандай да бір ұрпақ Отанын сүйетін, өнерге қамқор азамат болып өсетініне сенемін. Күймен көмкеріп, жырдан шашу шашып, термесін төкпелейтін жыршы-жырауларымыз ұрпақ пен өнер сабақтастығы үшін бірінші орында тұр деп есептеймін. Олардың дауысы қоғамда естіледі, естіліп те жүр. Сондықтан жоқ, құрыды деген  сөз  айтудан  аулақпын.

Келесі сауалыңыз бойынша, бар ойым қоғамға пайдам тисе екен деймін. Дүние жинамаған адаммын. Еш­қашан әкім-қаралардың, бай-манаптардың есігінің алдында жүріп, солардың маған шапағаты тиіп, бірдеңе жырып қалсам демедім. Жалпы табиғатым солай, қарапайыммын. Бір керемет төгіліп тұрған сұмдық емеспін. Бар болғаны ата-бабаларымның өнерін жалғастырып, қолдан келгенше Құдайдың берген өнерін насихаттап жүрмін. Көмейімнен сөз күмбірлеп, жырлап отырғанда халқымды сүйетінімді, еліме адал еңбегімді көрсеткім келеді. Жалпы адамның қандай екенін, болмыс-бітімі мен қасиетін өнері арқылы танып, біліп тұрасың. Мысалы, ол туралы біреу бірдеңе айтып жатса, өнерін байқаған кезде мүлдем бөлек болып шығуы мүмкін. Өзім өнерге шынайы берілгендіктен, оны дүние мен атақ-мансапқа айырбастамадым. Абыройым, жет­кен жетістіктерім – адал еңбегім мен маңдай терімнің жемісі. Халқыма бойым­дағы барлық жақсы қасиетті көрсетіп, ұрпақтарым сол тәлімді алса  деп  тұрамын.

МОЛ  МҰРАНЫ  ЖИНАҚТАУҒА  БІР  АДАМНЫҢ  ӨМІРІ  ЖЕТПЕЙДІ

– Айдынды Аралдан түлеп, текті өнердің төріне шықтыңыз. Ғылымдағы ізденісіңіз бен жырдың ұлы жолындағы еңбегіңіз орасан. Сіздіңше, зерттеулер жеткілікті  түрде  жүргізіліп жүр ме? Мол мұраны  жинақтауда мақұрым қалып  отырған   жоқпыз  ба?

– Иә, айдынды Аралдың айбынды қызымын. Өнермен қатар ғылымға да бет бұрдым. Мектеп қабырғасында жүргеннен қолыма домбырамды және магнитафонымды, он шақты кассетаны алып, ел аралап кететінмін. Өнердегі аға-апаларымның үйіне барып, әсерлі әңгімесін тыңдап, олардың орындауындағы шығармаларды жазып алатын едім. Кейін Алматыдағы консерваторияға оқуға түсіп, диплом қорғайтын кез де келіп жетті. Сонда «Арал, Қазалы өңірінің жыраулық дәстүрі» тақырыбын таңдап, зерттеуге кірістім. Ұстаздарымызға ұнаған, тіпті ғылыми жетекшім Саида Еламанованың «сенің қолыңнан жазу келеді екен, осыны жалғастырсайшы» деген бір ауыз сөзі жадымда. Айтпақшы, бес жылдай өнерден алыстап кеттім. Жас кезім­дегі, оқып жүргендегі білген-түйге­німді түгендеп, зерттеумен қалай айналысу керек, қандай кітаптар мен еңбектерге  зер салу керегін ұстаздарымнан  ұғынып,  зерттеу  жұмыстарына көштім. Әрине Арал, Қазалы өңіріндегі жыраулық дәстүр менің зерттеген бір ғана еңбегіммен аяқталып қалмайды. Терең үңіліп, бұл туралы жазған ғалым өте көп. Яғни, Тынысбек Қоңырат­баев, Әлкей Марғұлан, Мұхтар Мағауин, Берік Жүсіпов, Алмас Алматов, Ұлжан  Байбосынованың  және бізге дейін біраз  зерттеу  жүргізген ғалым­дардың  еңбектері  зор.

Өнертану  саласында  зерттелетін дүние де, айтылатын әңгіме де көп. Мол мұраны жинақтауға бір адамның өмірі жетпейді. Ол үшін ұрпақтан-ұрпақ­қа жалғасып, мұраны әлде де аша түсу керек. Жыраулық өнер тым терең болғандықтан, бір адамның жазған зерттеуімен, пікірімен тоқтап қалу қате. Ізденісті үзбеу қажеті анық. Демек, әлі де ашылмаған жаңалықтар алдымызда бар деген сөз. Арал мен Қазалыдағы жыраулық дәстүрдің жалпы тарихын, осы жердегі бақсыларды, өлең мен салт-дәстүрді, мақамдар құрылымы, олардың түрі мен өзіндік ерекшелігі, Нұртуған ақынның жыр мектебін ашу кезіндегі, оған дейінгі және одан кейінгі жыршы-жыраулар сынды кең ауқымды қамтитын монография алдыңғы жылы жарияланды. Оның жалғасы бар. Қазірдің өзінде елу-алпысқа тарта мақамды нотаға түсіріп қойдым, алдағы уақытта жарыққа шығады деп отырмын. Жұмыс өте көп. Тек Арал мен Қазалының аясында қалмай, басқа да дәстүрлі жыраулық мектептерді қарастырғанымыз   жөн.

– Сыр елінде көптен күткен «Жырау­лар үйінің» ашылғаны көңілге қуаныш ұялатты. Алдағы уақытта арнайы ат басын бұрып, киелі шаңырақта домбыра шерту ойыңызда бар ма? Өнердің өл­меуіне тағы қандай жанашырлық,  игі  бастама  керек?

– Әлбетте, бұл – үлкен қуаныш. Мақтанышпен айтуға болады. Жырау­лық өнерге жанашырлық танытқан азамат-азаматшаларға алғыс. Туған жерге барып, сый-сияпатыммен өнер көрсетемін  деген  ойым  бар. Ал игі бас­тамаға келсек, жыраулар үйі бүкіл қазақ өңірінде болуы тиіс. Көптен айтып жүрген сөзім, балабақша мен мектеп, кез келген жұмыс орындарында бірнеше жырауды штат ашып, алу керек. Қазақ халқы үшін жыршы-жырау­дың орны ерекше, атқаратын қызметі зор, беделі биік. Оларға көңіл бөліп, қажет етіп, қолдау білдіру аса маңызды.

– Қазір қандай да бір концерттің хабар­ландыруына қарағанда жарнамасы басым. Билет өтіп, зал лық толу үшін де осындай қадамға барады. Ал, қызыл тілді сөйлетіп, жыр-термені төкпелейтін кешке қалың қауым қалауымен қаншалықты көп келеді? Өзіңіз де Астанада үлкен концерт бердіңіз. Көңіліңізді  күпті  еткен  жайттар  болды  ма?

– Өнерде жүргеніме 37-38 жыл, жалпы мектеп қабырғасынан есеп­тесек, қырық жылдан асып кетеді екен. Иә, үш мың адам жинап, Астанада концерт бердім. Негізі  жалғыз  жүріп біте­тін шаруа емес. 2023 жылы өткен «Дүрлердің дүбірінен жеткен дауыс» атты концертім тегін болды. Зал, жарық, микро­фон, лэд мұның өзі біраз қара­жатты керек етеді. Бұған мәдениет министр­лігі, қызмет атқарып жүрген Роза Бағланова атындағы «Қазақконцерт» ұжымы қолдау көрсетті. Қалған ұйымдастыру жұмысына да біраз ақшам кетті. Сонда да ақша табуды көздеген жоқпыз, руха­ниятқа жұмыс істеуді жөн көріп, халыққа тарту еттік. Жарнамам аты шыққан шоу-бизнес­тегі әншілер сияқ­ты жер жарып, қатты болды деп айта алмаймын. Тегін ән-жыр кеші болғаны­мен, Президенттік оркестр ойнайды, «Астана сазы» ансамблі, одан бөлек Түркия, Қарақалпақстан, Өзбекстан, Қырғызстаннан келетін қонақ­тарым, шәкірттерім, өзіммен қатар құрбыларым өнер көрсеткенде концертім әдемі әрі жоғары деңгейде өтті. Оны көруге халық шын ынтасымен келеді. Осылайша, естіген, хабар құлағына жеткен көпшілік концертіме келіп, батасын беріп, ризашылығын білдіргенде марқайып қаламын. Ал айтарлықтай көңілімді күпті еткен  жайттар  жоқ.

«САҒЫНЫШ»  КҮЙІ – АТА-АНАМА  ӨНЕРДЕ  ҚОЙҒАН  ҚҰЛПЫТАС

– «Адамның заңғар ұлылығын, сен, сағынышымен есепте». Т.Айбергенов осылай дейді. Сіздің де «Сағыныш» атты шығармаңыз бар ғой. Расында, бұл – сурет­теуге келмейтін бөлек сезім. Мына өмірде  кімді  сағынасыз?

– Иә, бұл – бөлек сезім. Адам болып жаратылған соң сағыныштың болмауы мүмкін емес шығар. Соның ішінде ерекше әрі жанға бататын, тіпті сарғайып аңсайтын сағыныш болады. Өзім  шығарған  «Сағыныш» күйінің терең тарихы бар. Өмірде досым көп деп ойлай­тынмын. Бірақ, қазір досы үшін тұрып беретін, жанын берісетін заман кетіп бара жатыр ма деп қаламын. Бүгін­гі заманда дос деген біреуге зиянын тигізбейтін, шын көңілмен ниет­тес, тілеулес  болса  да  жеткілікті-ау.

2015 жылы концерт берген күні көлік қағып, екі тіземнен соғып, аспанд­а алты айналып барып, айдалада тұрған басқа көліктің астына түстім. Еш жерім сынбай, қанамай, қирамай, аман-есен тұрғаным есімде. Сонда да тіземе ауырлық батып, сіңірлерім созыл­ды. Алты ай төсек тартып жатып қалдым. Шүкір, кейін аяғыма нық тұрдым. Көлікті іздестіргенімізде әрең тауып, тапқанымызбен жібере салдық. Ол маған қасақана, әдейі жасалған. Байлығым да, дүнием де жоқ. Жұртпен ел қатарлы өмір сүріп, олардан кейін жүрмесем, алдына шығып, озған ештеңем  жоқ. Сонда да көреалмаушылық па әлде пендешелік пе білмеймін. Өзім апатқа түскеннен кейін әкем, қызым, сіңлім, інім мен келінімде де көлік оқиғасы қайталанды, көп қиналдық. Отбасыма жамандық жасалып, дуала­ған. Оның бәрін Алланың сынағы деп қабылдағаныммен, адамнан келген нәрсе екенін білдім. Сөйтіп жүргенде анам сол бір бәлекетпен алысып, құлады. «Ақ көкірегіңмен аңқылдағаныңнан, қолыңда барды шашып бере салғаннан басқа сенің қандай жазығың бар еді? Алысуға әлім келмей жатыр, мұны қалай да өзіммен алып кетемін. Бірақ жасаған адам оңбайды, өзіне барады» деп анам шырылдап, менің жолымда жанын қиып кетті. Мұны оқыған, тыңдаған адам әртүрлі қабылдауы мүмкін. Десе де, бұл – шындық, болған оқиға. Анамның менің жолымда кеткені қабырғамды қатты қайыс­тырды. Ол кісі емші еді. Қолынан келгенше жылы сөзін айтып, тарыққанға қол, адасқанға жол, ауырғанға ем берген жан болатын. Соңғы күнінде анам маңдайымнан иіскеп, қолымнан қысып, батасын беріп, өмірден өтті. Оның рухы алысқа кетіп бара жатқанын көріп, қатты сағындым. Сөйтіп, өкініштісі сол, әкем мен анамның елу жылдық тойын жасап, қажылыққа жібер­сем деген ойым орындалмады. Әлі күнге дейін сағынамын. «Сағыныш» күйі – ата-анама өнерде қойған құлпытас.

ЕЛБАСЫ  НҰРСҰЛТАН  ӘБІШҰЛЫ  ҮШ  РЕТ  «НЕ  КЕРЕК?»  ДЕП  СҰРАДЫ

– Кейде мидың да «жүрегі» болса ғой деп қаламыз… Өйткені жүрек пен ақыл арасындағы айқаста таңдау жасау қиын болып  жатады. Жүрегіңіздің үніне құлақ түресіз  бе әлде ақылыңыздың  айтқанын  қыласыз  ба?

– Көбіне ақылыма тоқтаймын. Ал кейде  жүректі  тыңдаймын.

– Неден  қорқасыз?

– Алладан  қорқамын. Сосын елі мен жеріне ие болатын ұрпақ болмай, тозып кетпесе екен деп қорқамын. Алла  екі  дүниеде қор қылмаса  екен деп  тілеймін.

– Кімнен және неге ұялуыңыз мүмкін?

– Мен ұялатын еш нәрсе жасағаным жоқ. Жүзім жарық. Біреуге жамандық жасамақ түгілі, ойлап көрмеген адаммын.

– Елмұра Манасқызының «бір кем дүниесі?»

– Кезінде Президент оркестрінде қызмет атқардым. Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы үш рет «не керек?» деп қайта-­қайта  сұрағанда  бір  үлкен  елдік  шаруа­ны  бітірмегеніме  өкінемін…

Тағы айта кетерлігі, әлі де «Жырау­лар академиясы» ашылады деген үмітімді  үзбей  жүрмін.

ФАРИЗА  ОҢҒАРСЫНОВА  АПАМЫЗ  «НЕГЕ  МЕНІ  ІЗДЕМЕЙСІҢ?»  ДЕГЕН

– Бекіре  бас  ғаламның

Шортасындай  қаттымын,

Құлаш-құлаш сазанның

Сорпасындай тәттімін, – депсіз шығармашылық кешіңізде. Бойыңызда нәзіктікпен астасқан қайсарлық бары байқалады. Сан қилы жолдан өткен Елмұ­ра  Манасқызы  өзгерді  ме?

– Жоқ, қатты өзгердім деп айта алмаймын. Өнерде қайсарлық, төзім­ділік, сабырлықпен дос болуды үйрен­дім. Даурығып, жағымпазданып, мынау бастық, мынау атақты, көзіне түссем екен деген нәрседен аулақ болдым. Бұрын ақын Фариза Оңғарсынова апамыз «сен қыз неге сәлем бермейсің, неге мені іздемейсің?» дегенінде «апау, беріп жүрмін ғой» деп жауап бергенмін. Сонда ізіне еріп, Фариза апай мен туралы бұлай айтсыншы деп ойламайтын болғанмын ғой. Әбіш Кекілбаев, Мыр­затай Жолдасбеков, Фариза Оңғар­сынова сынды аға-апаларымыздың алдында ән де салдым, жыр да айттым. Бірақ соны мақтаныш етіп жүрмеппін. Өнерімді көрген Фариза апам «өзің батыр да батыл қыз екенсің ғой» дегені бар. Расын айтқанда, ондай болайын деп те ойлағам жоқ. Өзімді қара­пайым адам ретінде көретінмін. Әлі де сол қалпымдамын.

Өнерде де осындаймын. Миссиям – бойымдағы өнерді халыққа тарату, елге жеткізу. Өнер – халықтың қазы­насы, халықтың қоймасы болғандықтан, оны иемденіп алып, ешкімге бермеймін деу қате. Тіпті өзім шығарғанды да тегін беремін, айта берсін. Шығармаларымда авторы ретінде көрсетілемін, бірақ ешкімнен қызғанбаймын, кім айтамын десе де рұқсат. Білгенімізді айта­мыз, білмесек ешкімге зиянымыз­ды тигізбеуге тырысамыз. «Бетегеден биік, жусаннан аласа бол» деп үйреткен ғой бізді. Менен де көп білетін, менен де үлкен, менен де мықты адамдар, небір жайсаңдар бар. Сондықтан болмыстағы қасиетімізге риза болып, жақсылық жасап жүрсек, керемет тәрбие деп  ойлаймын.

– Өнерге ынтық, жақын екеніңізді аңғармау мүмкін емес. Теңізді өлкеде туған талант тыныштықты тағы неден табады?

– Иә, өнерді сүйемін. Бұдан бөлек, адам жаны да, рухы да, айналасы да тыныш болу үшін екі елі ауызға ие болу керек. Құлақтың естігенін, көздің көргенін ауыздан шығарып айтудың да өз жөні болады. Сондай-ақ тыныштықты отбасымнан іздеймін. Аман-сау, жолдары ақ болса деген ізгі тілек. Өнер адамдарымен алыстан сыйласамын. Күнделікті қоян-қолтық араласып жатқаным жоқ. Шақырған жерге барамын, шақырмаған жерде не бар?! Екі немесе бес жылда, он жылдықта ел ішін аралап, өнер көрсетіп жүрсем көңілім жайланып, жаным тынышталады. Соңғы уақытта ауырыңқырап жүрмін, бірақ туған жерім шақырып жатыр. Сондықтан әртіс пен әншілер көп бара бермейтін ауылдық жерлерді аралап, халқыммен кездесіп, елге барып, рухани ләззат алып қайтпақшымын. Қазақ халқын сүйемін. Тілімді, тарихымды, әдебиетімді құрметтеймін. Халқымның амандығы мен тыныштығын тілеймін.

– Сүбелі  сұхбатыңызға  рақмет!

Әңгімелескен

Замира  ҚОНЫСЖАН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: