Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мұнай саласы әлем нарығына әсер етеді

03.09.2020, 10:30 746

Тұрарбек  САДАҚБАЕВ:

Еліміздің экономикалық дамуының қозғаушы күші саналатын мұнай саласының игеріліп келе жатқанына 120 жылдан асты. Осы уақыт бедерінде кен игеру ісіне араласқан тұлғалардың есімі тарих парақтарында таңбаланды. «Қара алтынды» халық игілігіне айналдыруда маңдай терін төгіп келе жатқан мұнайшылар мен мұнай-газ саласы қызметкерлерінің еңбегі қашанда зор бағаға, құрметке лайық. Осы ретте мұнай-газ кешені қызметкерлері күні қарсаңында кен игеру саласында ширек ғасырдан астам жұмыс істеп келе жатқан «ПетроҚазақстан Құмкөл Ресорсиз»  АҚ-ның  бас  механигі  Тұрарбек  Садақбаевты  сәрсенбілік сыр-сұхбатқа  шақырдық.

САЛАМАТОВТАН   ТАҒЫЛЫМ   АЛДЫМ

– Тұрарбек аға, кәсіби мерекемен қатар келген­ 60 жас мерейтойыңыз құтты болсын! Алдымен өзіңізді таныстырып өтсеңіз…

– Мен Тұрарбек Үмбетиярұлы 1960 жылы 1 қыркүйекте Қызылорда облысы Қармақшы ауданында дүниеге келдім. Кеңес армиясында борышымды өтегеннен кейін Қазақ политехникалық институтының машина жасау факуль­тетіне машина жасау технологиясы мамандығы бойынша оқуға түстім. Жоғары оқу орнын бітірген соң Өзбекстанның Самарқанд химия зауытына жолдама алып, 1990 жылы «Құм­көлмұнай» МГӨБ-ке оралып, слесарь-жөндеушіден «ПҚҚР» АҚ бас механигіне дейінгі еңбек жолынан өттім. Осы уақытқа дейін заманның ілгерілеп, технологияның дамуының тікелей куәсі болып келеміз. Әсіресе, мұнай саласына қажырлы еңбек пен төзімділік аса қажет. Тәжірибе жинақтау – өз алдына бөлек әңгіме. Мен механик ретінде «Құмкөл» кен орнын игеруді­ ұйымдастырып, оның бірінші 10 миллион тонна мұнайын өндіруге басшылық еткен Мұрат Ғазизұлы Саламатов, мұнай кен орны алғашқы ашылған жылдары басқарманың алғашқ­ы бас мамандары болған Үсен Ұлықбаев­ және Табылған Дүйсеков сынды басшылардың тәлім-тағылымы арқасында қалыптастым. Тәлімгерлермен қарым-қатынас жақсы болды, әрқашан қолдауға дайын екендерін білдіріп тұратын.

– Кеңестік кезеңде қазіргідей техникалық маманд­ық көп болған жоқ. Мұнай саласын таң­дауыңызға­  не  себеп болды?

– 1990 жылдың басында заман ағымына қарай Қызылорда облысы да бұрын бағдар­ланған аграрлық саланың Құмкөл мұнай кенішін игеруге ойысуына тура келді. Өңірде жергілікті мамандардың жетіспеушілігі өткір сезілді. Сол кезде жас мамандардың алдында мұнай саласын игеру мүмкіндігі туды. Өңірде кадрлардың жетіспеу­шілігінен Батыс Қазақстаннан мамандар шақырылып, жергілікті мамандарға бұл фактор ынталануға ықпал етті. Өз саласының сұранысқа ие кәсіби маманы­ болу басты мақсатым  болды. Мақсатыма  жеттім.

МҰНАЙ   САЛАСЫ   ТЕХНОЛОГИЯҒА  БЕЙІМДЕЛІП   КЕЛЕДІ

– Өткен жылы Қазақстан мұнайына 120 жыл толды. Сіз жұмысқа орналасқан кездегі саланың ахуалы мен бүгінгі жағдайды салыстырып, ой елегінен­ өткізіп көріңізші…

– Құмкөл кенішін игерудің бастапқы кезінде­ «Маңғышлақмұнай» мекемесінен технологиялық жабдықтар әкелінді. ҚАМ жаңа мұнай кеніш­терін игеру барысында және Батыс инвес­тор­ларының (Канада) келуімен жаңа технологиялық жабдықтармен жарақтандырылды. Сондай-ақ КУДУ бұрандалы сорғылары, электрлі ортадан тепкіш тереңдік сорғылары (ЭЦН) және т.б. секілді өндіруге қатысты жаңа технологиялар қолданылды. Сонымен қатар ілеспе газды пайдаға жарату жобалары сәтті іске асырылды. Қазір ғылым мен техниканың ілесе дамуы ғарышты да игеруге жол ашып тұр. Мұнай саласы да технологиялық түрлі жаңашылдыққа бейімделіп жатқанын өздеріңіз де көріп  жүрсіздер.

– Кеніш игеру ісіне араласып келе жатқаныңызға ширек ғасырдан асты. Осы еңбек өтіліңізді жинау кезінде кездескен ең қиын, күрделі мәселе болды  ма?

– Бұрын 1990-1993 жылдар аралығында блокты сорғы стансаларындағы сорғыларды күрделі жөндеу кезінде Ресей Федерациясының Краснодар қаласынан мамандар тартылды. Бірақ 1993 жылдың тамызында кезекті күрделі жөндеу кезінде Краснодар қаласынан қызметтерді біржақты бұзып жатқандығы туралы хабарл­ама келді. Осы қиын жағдайдан шығу үшін бізге қысқа мерзімде ішкі ресурстарды жұмылдыру қажет болды. Нәтижесінде біз техноло­гиялық процестегі жұмыстарды өз күшімізбен уақытылы және теріс салдарсыз ұйымдастырып, шешім  қабылдадық.

– Бүгінгі таңда Сіздің алдыңызда қандай негізгі міндеттер тұр?

– Бас механиктің негізгі міндеттері іс жүзінде расымен күрделі. Мәселен, жабдықтарды пайда­лану және жөндеу мәселелері бойынша бөлімшелерге техникалық басшылық жасауға жауаптымын. Өнеркәсіптік қауіпсіздік пен өрт қауіпсіздігінің қолданыстағы қағидаларына сәйкес 0,07 МПА-дан жоғары қысыммен жұмыс істейтін техникалық құрылғылардың, жүк көтергіш механизмдер мен технологиялық және айдамалау құбыр желілерінің дұрыс пайдаланылуын қадағалау да басты міндеттің қатарында.

– Техникалық бөлімнің басшысы ретінде жұмыстағы өнеркәсіптік және қауіпсіздік үшін қолданатын ережеңіз қандай?

– Негізгі міндет – жабдықтар мен қондыр­ғылардың тоқтаусыз жұмысын қамтамасыз ету. Жұмыстың техникалық қызмет көрсету жүйелеріне алдын ала уақытылы және сапалы жоспарлы жөндеу жүргізу – табыстың кепілі.

НОУ-ХАУ   –   ЗАМАН  ТАЛАБЫ

– Қазіргі жастардың дені мадақ пен мансапқа құмар. Өзіңізден кейінгі буынға, жастарға көңі­ліңіз тола ма? Оларға қандай кеңес айтар едіңіз?

– Жас ұрпаққа әрқашан жаңа нәрсені үйренуге, мақсатшыл және еңбекқор болуға кеңес беремін. Өз салаңда қандай жаңалықтар мен ноу-хаулардың болып жатқанынан әрқашан хабардар болуды заманның өзі талап етіп тұр. Өзіңді аса қажет маманға айналдыратын жаңа дағдыларды меңгеруге тырысу – жетістікке шығар  жол.

– Жұмыста білікті маман, білгір қадағалаушы екеніңізді аңғарып отырмыз. Осындай қасиетке ие тұлға отбасында қандай әке екенін оқырмандардың  білгісі  келетіні  анық…

– Отбасымда екі балам бар. Қызым Оңтүстік Кореядағы жоғары оқу орнын қаржы мамандығы бойынша бітіріп, шетелдік компанияда жұмыс істейді. Ұлым ағылшын тілінде магистратурада оқиды, болашақ заңгер.

– Бәрекелді!  Қыркүйектің  алғашқы  жексен­бісі – Мұнай-газ кешені қызметкерлері күні. Кәсіби мерекеге орай әріптестеріңізге айтатын тілегіңіз  қандай?

– Мұнай саласының әлемдік нарығының тұрақтылығы ел экономикасына, сондай-ақ, Қызылорда облысының бюджетін қалыптас­тыруға тікелей әсер етеді. Барлық әріптестеріме­ мықты денсаулық және осы алмағайып кезеңде­ мұнай өндіру жөніндегі жылдық жоспарлы көрсеткіштердің орындалуын тілеймін.

– Уақыт бөлгеніңіз үшін алғысымыз шексіз!

Сұхбаттасқан  Н.ҚҰДАЙБЕРГЕН

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: