Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Мақсатым – 1000 психолог маман тәрбиелеу

20.06.2024, 9:40 4950

Ержан  МЫРЗАБАЕВ, 

отбасылық  психолог:

Қазақтың қасиетті құндылықтарының бірі – отбасы. Отбасы – тек ғана жақындар мен туыстардың бірігіп, бірге өмір сүретін орны емес, сонымен қатар, әр адамның рухани және әлеуметтік қалыптасуының бастауы. Дегенмен, бүгінде отбасы құндылықтарын сақтап қалу және нығайту өзекті мәселелердің біріне айналды. Осы тұрғыда жас отбасылардың психологиялық қолдауға мұқтаж болуы да – заңды құбылыс. Отбасылық психологтар бұл бағытта үлкен рөл атқарады, олар отбасындағы түрлі мәселені шешуде, шағын мемлекет мүшелерінің бір-біріне деген түсіністігін арттыруға көмектеседі. Сонымен бірге отбасының берік негізін құруға атсалысу да отбасылық психологтардың негізгі құзыретіне кіреді. Елімізге танымал, «Otbasy academy» орталығының негізін салушы, отбасылық психолог Ержан Мырзабаевтың бұл саламен айналысып келе жатқанына біраз жыл болған. Оның айтуынша, елімізде отбасылық мәселе күн сайын артып жатқан соң, отбасылық психологтардың да саны соншаға өсуде. Маманмен сұхбат жүргізіп, осы тақырыпқа қатысты сауалдарымызға жауап алдық.

ОТБАСЫ – ШАҒЫН МЕМЛЕКЕТ, АЛ МЕМЛЕКЕТ – ҮЛКЕН ОТБАСЫ

– Ассалаумағалайкүм, Ержан аға! Қазір «Онлайн отбасы академиясы» арқылы көптеген отбасына психология­лық, моральдық көмек білдіріп жүрге­ніңізді білеміз. Алдымен осы орталыққа  тоқталайық. Толығырақ айтып беріңізші.

– Уағалайкүмассалам! Бұл академия 2020 жылдың соңында құрылды. Қазір төрт жылдан бері үздіксіз түрде нарықта жұмыс істеп келе жатырмыз. Отбасы академиясын құрмай тұрып, отбасылық психолог боп жұмыс істеп жүрген кезімде жас жұбайлар, ата-ене, туған-туыс, бауырлар арасындағы байланыстың қалай болуы керегін ел білсе деген мақсатпен осы орталықты аштық. Бізде ажырасулар, ұрыс-жанжалдардың болуы отбасындағылардың сол әрекетте не істеуі керегін білмегендіктен пайда болады деп айтайық. Біздің академия осы мәселелердің алдын алу мен болдырмау қадамдарын үйретеді. Алғаш жұмысты бастағанда карантин уақытына сәйкес келдік. Сонда да сол кездегі жағдайға сай әлеуметтік желі платформалары арқылы тікелей эфирге шығып байланыс жасап, жұмысымызды онлайн бастадық. Әрине, басында техникалық базаның жетіспеушілігіне байланысты түрлі мәселе болды. Бірақ бір ұжыммен жиналып, ақылдасып, студия жасақтап, сонда сабақтар түсіріп, оқу бағдарламасын жаздық. Солай жұмысымыз жалғасып келе жатыр. Бүгінде 2000-нан аса студентіміз бар. Біздің курсты оқып, өмірге пайдалы ақпаратпен қаныққан шәкірттерімізге сертификат табыстап, өзгелердің де табыс табуына, өз ісін бастауына мұрындық болдық. Тағы бір айта кететін жайт, Астана қаласының, Алматы ауданы әкімдігімен арнайы меморандумға отырып, ынтымақтастық байланыс жасадық. Бұл меморандумның мақсаты – жаңадан отбасын құрған астаналық жастар ынтымақтастық аясында біздің орталықтың тегін курсынан өте алады. Бұл біздің қоғамға жасап жатқан пайдалы әрекеттерміздің бірі деуге бола­ды. Сонымен қатар, соңғы бір жарым жыл ішінде отбасылық психологтарды да оқытып жатырмыз. Яғни, отбасындағы құндылықтардың ауқымы кеңейген сайын, заманға сай ондағы мәселелерді шешуге арналған қадамдар күн сайын артуда. Біз отбасылық психологтар білуі тиіс ақпараттарды заман ағымына сай ұсынып  жатырмыз.

– Отбасы мәселелері – күрделі тақырып. Яғни шағын мемлекет мүшелерінің татулығы мен тұтастығы еліміз тұрғындарының моральдық жағдайын шешеді. Осы жайында сөйлессек. Жалпы, бізге отбасы­лық  психологтар  қаншалықты  қажет?

– Әрине, керек. Мемлекеттің ең бірінші міндеті – отбасы институтын сақтау, қорғау, оны дамытуға барынша жағдай жасау. Өйткені, отбасы – шағын мемлекет, ал мемлекет – үлкен отбасы. Мысалы мемлекетті сәтті басқарып, жұмы­сын адал істейтін, елге қызмет етіп жүрген азаматтарға қарасаңыз, дұрыс отбасынан шыққан адамдар. Ал жемқорлық құрығына ілігіп, жұмысына ел риза емес қызметкерлерге қарасаңыз, оларда отбасылық мәселелер бар деген сөз. Мұнан түйетініміз, отбасын басқара алма­ған, жүргізуде әлсіздік таныт­қан адам мем­лекетті де, саясатты да, халықты да басқара алмайды. Екінші  жағынан  қарасақ, отбасы – ағзаның жасушасы секілді. Жасу­ша сау болса, ағза да сау болады. Ауру жасушалар қаншалықты көп болса, ағза да соншалықты әлсірей бастайды. Алды­мен 1-2 жасуша ауырып бас­тады. Сосын өз ауруын өзге жасушаларға беріп, ағзаны  түгел  ауыруға  апаруы  мүмкін. Мұндайда сол ағза­ны кесіп тастау керек, неме­се сіз 2-3 айдан кейін өлуіңіз мүмкін. Тіпті оған нақты алты ай өмірі қалды деп дәрігерлер тікелей айтады. Демек, мемлекеттік саясат осы төңіректе құрылуы керек. Бізде жылдан-жылға оқу ақысы, ажырасу, зорлық-зомбылық, адамдардың отбасын құрмауы артып бара жатса, отбасы инсти­тутында деградация бар. Яғни біздің мемлекеттің солуы­на аз уақыт қалды. Бұл – мысал үшін айтылған дүниелер. Менің өмірлік мис­сиям – Қазақ­станға 1000 отбасылық психологті тәрбиелеп шығару. Әр өңірде, әр аудан, әр ауылда отбасы құндылық­тарын білетін, сол бойынша бағыт-бағдар көрсетіп, кеңес бере алатын адамдар қажет. Бұрын бұл функцияны ата-аналар, ата-әжелер жақсы орындайтын еді. Өкініштісі сол, қазіргі отбасы үлкендері бұл міндетін толық орындай алмай жатыр. Өйткені, олардың заманы, күнкөріс деңгейі басқаша болғандықтан, сол өмір моделін қазіргі жастарға көрсете алмайды. «Біздің кезімізде осылай болды, мен әжеммен былай сөйлестім, мен осындай болдым» деп айтумен бүгінгі жастарға ештеңе бере алмайсыз. Қазіргі жастар кәдімгідей ғылым мен зерттеулерге сүйен­ген, қоғамға логикалық тұрғыдан сәйкес келетін дүниелерді қабылдайды. Яғни  әйелі  де, күйеуі де жұмыс істеп жатыр. Заманға сай тенденцияда өмір сүріп келеді. Осы тұрғыда үлкендердің берген кеңестері  көбінде  пайдасын тигізе алмай жатыр. Сондықтан, бұл бағытта маман­дар  қажет.

БАЛА – ОТБАСЫН САҚТАП ҚАЛАТЫН ФАКТОР ЕМЕС

– Қазір отбасында дау-жанжал пайда болса, екі жас екі жаққа кетуге дайын тұрады. Көп айтылса да, әлі күнге дейін күйіп тұрған мәселе – осы. Кәсіби отбасы­лық психолог ретінде айтыңызшы, осындай  жағдайда  екі  жас  не  істеуі  керек?

– Бұл жағдайды біздің орталық­тың жеке қабылдауының қалай өткізі­летінімен байланыстырып айтып бе­рейін. Жеке қабылдау төрт этаптан тұрады. Бірінші жұпты бірге тыңдаймыз, екінші әйелін жеке, күйеуін жеке қабылдаймыз. Сосын сөйлесу арқылы мәселенің не екенін түсініп, үшінші этапта диагноз жасап, төртінші этапта жұппен бірге әрекет етіп, шешім жолдарын ұсынамыз. Негізі, біздегі тұрмыстық мәселелер ажырасуға апармайды. Сол мәселелерді бір-біріне жеткізу көбінде ұрыс-жанжалға  апарып  жатады.

– Отбасы ойрандалса, әуелі зардап шегуші – бала. Осындай жағдайды көріп өскен бала үшін бақытты отбасының формуласы түгел құрастырылмауы мүмкін. Бұған  қандай  пікір  білдіресіз?

– Мен баланы отбасын сақтап қала­тын фактор ретінде көрсетпеймін. Статис­тикаға сүйенсек, баласыз ажырасатындар 34 пайыз, 1 баламен ажырасатындар 33 пайыз, 2 және одан көп баламен ажырасатындар қалған 33 пайызды құрайды. Демек, біздегі бала тақырыбы ажырасудың алдын алады деу қиын. Яғни қайсысын алып қарасақ та пайыз­дар бір-біріне өте жақын. Бұл – бала отбасын сақтап қалатын фактор емес деген сөз. Отбасы баласыз құрылады, баласыз аяқталады. Қартайған кезде әйел күйеуімен ғана қала­ды. Қызыңыз­дың күйеуі, балаңыздың әйелі болады дегендей. Туыстық қарым-қатынас болады. Бірақ, ешкім сізге жарыңыздың орнын толтыра алмайды. Мәселен, қарттыққа бірге жеткен жұбайлар ұзақ өмір сүреді. Егер, біреуі ерте қайтыс болса, екіншісі ары қарай ұзақ өмір сүрмеуі мүмкін. Қарттыққа жалғыз жеткендерде отбасында мәселе туындайды. Ол баласының өміріне, келіннің тірлігіне араласады, жеке шекараларды сақтамайды. Өзін біреуге қажет, керек етіп сезіндіру үшін мәселелер тудырып ғана  қоймай, манипуляцияға  барады.

Яғни бала болмай үйленді. Бала болмай өмір сүруі мүмкін, соңында жал­ғыз қайтыс болады. Бала – уақытша келіп-кететін қонақ, аманат. Ол бізге берілген соң, өсіріп, қажеттіліктерін өтеп, өмірге дайындаймыз. Қоғамға пайдалы адам шығаруға тырысамыз. Ары қарай ол ата-анасының қасында мәңгі болуға міндетті емес. Өзгелер «бала үшін отбасыңды сақта», «ортада бала бар», «баланы ойла» деп жатады. Біз мынадай тенденция жасап жатырмыз, бала үшін шыдамау керек, бала үшін өзгеру керек.

АДАМ  ИДЕАЛҒА  ҚОЛ  ЖЕТКІЗЕ  АЛМАЙДЫ

– Отбасы тыныштығы мен тұрақ­тылығы – идеал өмір сүруде. Қазір қоғамдағы жас отбасылар үшін идеал өмір қандай?  Әлде бізде шүкіршілік пен қана­ғат  азайып  бара  ма?

– Адам баласы әрдайым идеалға ұмтыла­ды, бірақ оған қол жеткізе алмайды. Дегенмен, идеал жоқ екен деп өмірлік жолдан, мақсаттан жаңылысуға болмайды. Идеалды өмір сүруді қалағанымыз үшін өркениет биікке шығып жатыр. Мысалы, бұрынғы кезбен салыс­тырғанда өміріміз әлдеқайда жеңілдеді, қиынның бәрін жеңілге ауыстырып, өзімізге комфорт тудырып алдық. Адам сонда да комфортқа тоймайды.  Қарым-қатынас­та да ол нәрсе бар. Отбасында әрдайым жұбайлар идеал өмірге ұмтылады. Заман бір орында тұрған жоқ. Күн сайын жаңа дүниелер пайда болуда. Кеше идеал болған нәрсе бүгін нормаға айналды. Тағы мысал келтірейік. 90-жылдары идеал күйеу – арақ ішпейтін, жұмыс істейтін ғана еді. Осының өзі қол жетпестей болып көрінетін. Қазір ішетін жігітке ешкім қарамайды. Сондықтан, идеалға ұмтылу – қалыпты дүние. Бірақ оған жете алмайтынымызды түсінуіміз керек. Өйткені енді жеттім дегенде, ол идеал ескіріп, жаңа дүниелер пайда бола береді. Идеалды өмір ұрыс-керіссіз, айқай-шусыз өмір емес, ол – қателіктерлі қабылдап, мәселелерді шеше отырып бақытты бола алу. Ешқандай мәселе болмаса, адамдар ойына келгенін істеп кетер еді. Сол үшін идеалға жете алмауымыз, оған ұмтылуымыз қалыпты деп қабылдау керек.

– Оқырманға  айтарыңыз болса, мархабат.

– Үйленуді жоспарлап жүрген жастар өзін дамытуды, кітап оқуды, подкаст тыңдауды, курс оқуды тоқтатпасын дер едім. Өйткені отбасылық өмірде тәжірибе­лімін деген нәрсе жоқ. Мысалы, бір есепші он жыл жұмыс істесе, он жылдық тәжірибесі бар екенін айта алады. Ал отбасы­лық өмірде бір тәжірибе жыл са­йын бола бермейді. Жас жігіт үйленді дейік. Ол баласыз үйленді, ке­йін бір баласы болды, тағы уақыт өткен соң екі балалы болды делік. Он жылдан соң 4 баласы болсын, ол он жыл ішінде қаншама дүние көрді. Үйренді, тәжірибе алды. Бірақ оның ол тәжірибесі келесі өмір сүруіне жеткіліксіз. Оған әлі де мүлде жаңа дүниелерді үйрену керек. Яғни, төрт баладан соң бес баланың әкесі болуды үйренеді дейік. Солай жалғаса береді.

Мұның барлығын бұрын орыстілді психологтар айтатын еді, қазір қазақ тілінде де ақпараттар, психологтар көбейіп жатыр. Солардан сабақ алу керек. Өзіңізге қанша жұмыс істесеңіз де көптік етпейді. Отбасындағы татулық жұмысқа да, отбасыңызға да береке береді. Отбасылық мәселелер туындап, үлкен шығындарға ілікпей тұрып, отбасылық психологтың қабылдауында болып, қиындықты кеңесу арқылы шешу керек. Оқырманға жетпей жүрген дүние осы  секілді.

– Әңгімеңізге  көп  рақмет!

ТҮЙІН. Ержан Мырзабаев өз жобасы арқылы Қазақстандағы жаңа отбасы толқынын тәрбиелеуге үлесін қосып жүр. Демек, біздің қоғамда демографияның да, құндылықтың да артқанын қалайтындар бар деген сөз. Отбасы тақырыбына тоқтала берсек, оның түбіне жету мүмкін емес. Маманнан қазір қоғамда болып жатқан мәселелерге байланысты ойын сұрадық. Жауап – осы. Біз мәселені  асқындырып  алмай  шешуге дағдылануымыз тиіс. Сұхбаттан  түйгеніміз – осы.

Сұхбаттасқан 

Ердәулет  СӘРСЕНҰЛЫ

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: