Halyqline.kz – үздіктер қатарында!

Командалық «көші-қон» бұрын жиі кездесетін

19.11.2020, 12:00 1018

Берікбол  БАЙҚОЖАЕВ:

«Байқасаңыздар, біздің кейбір шенеуніктерімізге жетпей жататыны – қарапайымдылық, адами қарым-қатынас. «Әкім бол, халқыңа жақын бол» деп халық бекер айтпайды. Оларға осы сөз бойтұмар болуы тиіс». Бүгінгі сұхбатымыздың «бісмілләсін» неге Президенттің сөзінен бастап отырмыз? Өйткені мемлекеттік қызметшінің мінез-құлқы мен жүріс-тұрысына дейін елеусіз қалмақ емес. Тоқаев айтқандай, олар халықпен қоян-қолтық жұмыс атқарғанда ғана көптеген өзекті мәселені тиісті деңгейде тез шеше алады.

Облыс бойынша мемлекеттік қызмет істері департаменті басшысының орынбасары Берікбол Байқожаевпен әңгіме кезінде жүйедегі өзгеріс, бейәдеп қызметшілерді тезге салу ісі, алдағы қысқарту қаупі туралы сөз қозғадық.

– Парламент палаталарының бірлескен отырысында Президент мемлекет­тік аппаратта қысқарту болатынын айтты. Бұл кімдерге қатысты? Қысқартудың құрығына бізден қанша адам  ілігуі  мүмкін?

– Былтырғы Жолдауында Президент мемлекеттік қызметшілер санын 2024 жылға дейін 25 пайызға оңтайландыруды тапсырды. Пандемия кезін­де мемлекеттік қызметшілердің 70-80 пайызы қашықтан жұмыс істеу режиміне көшкенін білесіздер. Бұл шағын мемлекеттік аппаратпен жұмыс істеуге мүмкіндік барын көр­сетті. Сондықтан мемлекет басшысы­ биылғы Жолдауына мемлекеттік қызметшілер санын оңтайландыруды жеделдетуді, яғни 2020 жылдың аяғына дейін – 10 пайызға, ал келесі жылы 15 пайызға қысқартуды тапсырды. Агенттік қысқартуға байланысты арнайы тұжырымдама әзір­леуде. Біріншіден, биыл қысқартуды бос лауазымдар есебінен, екіншіден, әлеуметтік жағынан қорғалған, яғни зейнет жасына келіп, қызметін жалғаст­ырушы және құқық қорғау органдарынан зейнетке шығып, мем­лекет­тік қызметте жұмыс істеп жат­қан қызмет­керлерді қысқартуды ұсынып отыр. Сондай-ақ, қысқартуға кент және ауылдық округ әкімдік­терінің мемлекеттік қызметшілерін қоспау ұсынылды. Біздегі ерекшелік, бос лауазым аз. Республика бойынша көрсеткіш 8,1 пайыз болса, облыста 5 пайызға жетер-жетпес. Ал келесі жылы лауазымдардың функционалдық міндеттеріне талдау жүргізу негізін­де жалғастыру жоспарланып отыр. Яғни бір-бірінің функцияларын қайталайтын органдар мен лауазымдарды біріктіру немесе қысқарту, шаруашылық, есеп-қисап, персоналды басқару, заңгерлік сияқты қосал­қы қызметтерді орталықтандыру арқы­лы жүзеге асырылады. Облыс бойынша  жергілікті  атқарушы ор­гандарда 2094 штаттық бірлік болса, соның 711-і – кент және ауылдық округ әкімдіктерінің қызметкерлері. Қысқарту қалған 1300-ден астам адамның 10 пайызына қатысты. Бүгінде бізде 70 шақты бос лауазым, қала берді, зейнет жасындағы 5 адам, құқық қорғау органдарының 15 зейнеткері  бар. Оңтайландыру мәселесі әуелі  осы  кісілерді  қамтиды.

– Олар сонда жұмыссыз қала ма?

– Жұмыс өтілі 3 жылдан кем болмаған жағдайда 4 лауазымды орташа жалақы мөлшерінде жәрдемақы беріле­ді. Одан соң әкімдіктер жұмыспен қамту орталықтарымен бірге басқа­ сектордан жұмыс көздерін қарастырады. Биылғы 10 пайыздық көлем негізінен бос лауазымдар есебі­не­н толтырылады.

– Командамен көшіп жүру – әкім­қаралардың әдеті. Мұны тексеруге, тыюға  департамент  қаншалықты  қау­қарлы?

– Мұндай жағдайлар бұрын жиі ұшырасушы еді. Бірақ жылдан-жылға азайып келе жатыр. Өйткені мемлекеттік қызмет моделі 2016 жылдан бастап позициялықтан мансаптық боп өзгерді. Позициялық үлгі бойынша қызмет барысында ауысу тәртібі қолданылды. Конкурстық іріктеу кезінд­е командалық көші-қон деңгейі айтарлықтай төмендеді. Президент әкімшілігінің тапсырмасына сәйкес кадр ауысушылығының межес­і 7 пайыз деп белгіленген, сода­н аспауы керек. Департаментпен жүр­гізілген талдау нәтижесінде Қармақшы ауданы әкімінің өзімен бұрын қызметтес бол­ған 2 лауазымды адамды  жанына алған­ын анықтадық. Олар – аудан әкімінің аппарат басшысы мен аудандық кәсіпкерлік және өнеркәсіп бөлімінің басшысы. Сонымен бірге, Жалағаш ауданының басшысы орынбасары етіп бұған дейінгі қызметтесін тағайындаған. Ескеретін нәрсе, олар конкурстық іріктеу арқылы таңдал­ған. Дегенмен, кадр ауыстыруды болдыр­мау мақсатында Қармақшы ауданы әкімінің есебін әдеп жөніндегі кеңесте тыңдадық. Кадр таңдауда мерито­кратия қағидатын қатаң сақтау, кадр ауыс­тыру деңгейін төмен­дету, жергілікті жас кадрларды дайын­дау және олардың мансаптық өсуіне ықпал жасау туралы ұсыныстар  берілді.

– Кейінгі кезде шенеунік әйелдер көбейді. Қызылордада мемқызметші қыз-келіншектердің  саны  қанша, ал ең  жас әкім  кім?

– Облыстағы мемлекеттік қызметшілердің ұзын саны 3500 шамасында. Соның 45,6 пайызы – әйел кісілер, олардың 22,6 пайызы –  басшылық лауазымда. Ең жас әкімдердің бірі – Алтынбек Асанбеков Жалағаш ауданын­ың Аққұм, енді бірі – Сағадат­ Нұрмағамбетов Сырдария ауданының Нағи Ілиясов елді мекенін басқа­рып отыр. Екеуі де – 30 жаста. Күні кеше үздік кент, ауылдық округ әкім­дерінің республикалық байқауы өтті. Облыс бойынша биіктен көрінген Сағадат ініміз де байқауда белсенділік танытты.

– Әріптестеріңізге, тіпті олардың туған-туысына сыйлық беруге тыйым салынды. Осы жөнінде тағы бір еске салсаңыз…

– Мемлекет басшысы 2020 жылдың  6 қазанында «Қазақстан Рес­публикасының кейбір заңнамалық актілеріне­ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгеріст­ер мен толықтырулар енгізу туралы­» Қазақстан Республикасының  Заңына қол қойды. Мемлекеттік қызметшілерге қатысты қабылданған заң тармақтарының бірі сыйлық­тар алуға тыйым салу мәселесі болып табылады. Енді Азаматтық кодекстің 509-бабы, 2-тармағына сәйкес мемлекеттік қызметшілерге, сондай-ақ олардың отбасы мүшеле­ріне лауазымдық жағдайына байланысты кез келген сыйлықтарды сыйға тартуға тыйым  салынды. Бұған дейін құны  10 айлық есептік көрсеткішке дейінгі рұқсат етілген сыйлықтың құны алынып­ тасталды. Мемлекеттік қызметшіге және оның отбасы мүшеле­ріне  келіп  түскен барлық сыйлықтар, тіпті олар білмей келіп түскен сыйлық­тарды қоса алғанда,        7 күн ішінде Мемлекеттік мүлік және жекешелендіру комитетінің орган­дарына тапсырылуы тиіс. Көрсетілген қызмет ақысы да 7 күн ішінде мемлекет­тік бюджетке аударылады. Бұл тыйым жұмыстағы жетістіктері үшін және қызметкерлерді көтер­мелеудің заңды тәсілі ретінде берілетін сыйлықтарға қолданылмайды. Сондай-ақ, мемлекеттік қызметшінің жеке өмірінен туын­дайтын жағдай­ларға қолданылмайды. Мысалы, лауа­зымдық жағдайына байланысты емес отбасылық-салтанатты іс-шаралар жағдайында ол жақындары мен туыстарынан сыйлық­тар  ала  алады.

– Сыйлық алғаны үшін жазаға тарты­лғандар  болды  ма?

– Мемлекеттік қызметшілердің лауазымдық жағдайына байланысты немесе олардың қызметтік міндеттерін атқаруына байланысты алынған­ сыйлықтар үшін қылмыстық немесе әкімшілік жауапкершілік көзделген. Сыйлықтың құны 2 айлық есептік көрсеткіштен асып кетсе және алдын ала уағдаластық болса, пара болып есептелініп, яғни Қылмыстық кодексіне сәйкес сыбайлас жемқорлық қылмыс ретінде бағаланады. Ал сыйлықтың құны 2 айлық есептік көрсеткіштен төмен болса, заңсыз сыйақы саналып, сыбайлас жемқорлық әкімшілік сипатындағы құқықбұзушылық ретінде бағаланады. Қыл­мыстық жауапкершілік үшін бас бостан­дығынан айыру, пара сомасының еселенген мөлшерінде айыппұл салу көзделген. Ал заңсыз сыйақы үшін алған тұлғаға 600 айлық есептік көрсеткіш, берген адамға 200 айлық есептік  көрсеткіш көлемінде айып­пұл салынады. Аталған жауапкершіліктерді қарау департаменттің құзы­ры­на кірмейді. Сондықтан сыйлық алғаны үшін жазаға тартылғандар жөнінде мәлімет бізде жоқ.

– Әдеп кеңесінің қаһарына кімдер жиі ұшырайды?

– Биыл 9 айда 11 отырыс өтіп,        49 мәселе талқыға түсті. Оның ішінде 29 тәртіптік іс негізінде 20 мемлекеттік қызметшінің жауапкершілігін қарауды ұсындық. Әдеп нормасын бұзған 11 адамның 7-еуіне ескерту,             2-еуіне сөгіс, 2-еуіне қызметіне толық сәйкес еместігі туралы ескерту жазасы­ қолданылды. Мемлекеттік қызметке кір келтіретін теріс қылық жасаға­н 9 адам соңғы айтылған жазаға­ тартылды. Әдеп нормасынан аттағандар  саны  өткен  жылғыдан        27 пайызға өсіп отыр. Тәртіптік жазағ­а тартылғандар арасында 2 облыстық басқарма басшысының орынбасары, 2 аудан әкімі аппаратының басшысы, 1 аудандық мәслихат аппаратының басшысы, 5 кент және ауылдық округ әкімі, 1 аудандық басқар­ма басшысы, 1 дербес бөлім басшысы, 8 өзге де лауазымды тұлға бар.

– Карантин кезінде талапқа пыс­қырып қарамай той жасағандар көп. Олардың арасында мемқызметшілер кездесті ме?

– Карантин талабын сақтамай салтанатты шаралар өткізу немесе оған бару сияқты жағдайлар болды. Олардың арасында Шиелі ауданы әкімдігінің 4, мемлекеттік кірістер органының 3 қызметкері, Жаңақорған кенті мен осындағы Қандөз ауылдық­  округінің  әкімдері  бар.

– Әріптестеріңіздің әр қадамы аңдулы. Әлеуметтік желі қолданушыларының көмегімен бейәдеп қылық көрсеткен немесе басқалай заң бұзған бірен-саран жағдайға тоқталсаңыз…

– Әлеуметтік желі арыз-шағым беру алаңына айналғалы біраз болды. Ондағы жазбаларды қатаң бақылап, үнемі талдап отырамыз. Бірақ қандай да бір мәселе бойынша тексеру жүр­гізуге құқығымыз жоқ. Бас прокуратураның құқықтық статистика және арнайы есепке алу комитетінің органдар­ына тіркелу үшін кез келген шағым­ жазбаша түрде немесе элек­тронды қолтаңбасы болса портал арқылы­ түсуі тиіс. Әлеуметтік желідегі жазба бұл санатта емес. Өйткені жазба иесі фейк парақша қолдануы мүмкін. Жазбаша арыздың өзі авторы­ белгісіз  болған жағдайда қарал­майды. Әйтсе де, біз қол қусырып отыр­ғанымыз жоқ. Мәселе туындаса, жоғары тұрған органға ұсыныс жолдаймы­з. Дәлел-дәйек келтіріліп жария­ланған жазба бойынша қызметтік тексеру жүргізіліп, тәртіптік іс қозғалады. Карантин талабын сақ­тамау деректерінің бірі дәл осы әлеумет­тік желі пайдаланушысының көмегімен  анықталған  еді.

– Былтыр басшылар кең сарайдай кабинеттерін босатып берген еді. Олар қандай  мақсатта  пайдаланылды?

– Бастама мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің тұсында жүзеге­ асырылды. Негізгі мақсат – басшылардың кабинеттерін оңтайландырып, бюджет қаржысын барынша үнемдеу. Акцияның алғашқы ке­зеңінде мектеп директорларының кабин­еттері тексерілді. Ереже бо­йынша кабинет пен қабылдау бөл­месінің көлемі белгіленген шектен аспауы­ шарт. Басқа мемлекеттік органдардың басшыларына қатысты да нақты нормалар бар. Босатылған кабинеттер басқа маңызды қажет­тіліктер, мысалы, білім ошақтарында­ сынып жетіспеушілігін жою үшін пайдаланылуда.

– Мемлекеттік қызметті тағы қандай­  жаңашылдық   күтіп  тұр? Бұған дейінгі реформалардың ішіндегі тиім­дісі  һәм  тиімсізі  қандай  болды?

– Тиімсіз деуге келмес, кез келген реформа заман талабына қарай өзгеріп отырады. Мемлекеттік қызмет туралы заң қабылданған кездегі жүйе басқа еді, қазіргі  жүйе басқа. Сөз басында айтқанымдай, пози­циялық үлгіден мансаптық модельге ауыстық. Өйткені алғашқыда кадр жетіспеу­шілігі қатты сезілді. Тығырықтан тез арада шығу амалдарын қарастыру қажеттілігі туындады. Кадрлық­ жүйе қалыптасқан соң команда­лық ауысу­ға жол бермеуде мансаптық модель маңызды. Әйтсе де, ауылдық округтерде, әсіресе, шалға­й елді мекендерде маман тапшылығы байқалады. Жоғары оқу бітіргендер оған баруға құлықсыз. Ендігі жерде олқылықтың орнын «Дипломмен ауылға» бағдарламасы толтырмақ. Өздеріңіз білетін­дей, бағдарл­ама бұған дейін денсаулық сақтау, білім беру, әлеуметтік қамсыздандыру, мәдениет, спорт және агроөнеркәсіптік кешен саласындағы мамандарды ғана қамтып келді. Жобан­ың  тиімділігі сол, ауылға барға­н  жастарға  көтерме  жәрдемақы төленеді, баспана алуы үшін бюджет­тік несие беріледі. Пандемия кезінде әріптестеріміз қашықтан жұмыс істеді, шаралар онлайн форматта өткізілуде. Осының тиімділігін ескере­ отырып, әлі де жалғастыруға ниет­ті­міз. Өйткені уақыт пен қаржы үнем.

– Әңгімеңізге  рақмет!

Сұхбаттасқан

Назерке  САНИЯЗОВА

Пікірлер жоқ. Бірінші болыңыз!

Пікір жазыңыз

Тағы да оқыңыз: